Экономика • 17 Сәуір, 2023

Шығыс қақпасы: Кедендегі кептеліс азая ма?

215 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір елдің қай шекарасында болсын кедендік тексерісті күтіп, қаз-қатар тізілген көліктер тұрады. Әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қорғас» шекара бекетінде сағаттап кезекте тұрған жүк көліктері жүргі­зушілерінің шағымы орынды. Бұл мәселе мемлекеттік дәрежеде қозғалса да, түбегейлі шешілмей келеді. Жақында екі елдің делегация­сы «Қорғаста» қайта кездесті. Келіс­сөздердің нәтижесі қандай? Кедендік шекарадағы кептеліс қашан азаяды?

Шығыс қақпасы: Кедендегі кептеліс азая ма?

2020 жылы басталған әлемдік пандемия Қазақстан мен Қытай арасындағы та­уар тасымалы мен көлік қатынасын барынша қиындатып жіберді. Отыз-қырық шақырымға созылған көлік кептелісі тамыр-таныстық пен жемқорлыққа жол ашты. Сонымен қатар та­уарлар бағасының қымбаттауына, қара­пайым тұтынушыға да, тауарлары қытай нарығында бәсекелесе алмайтын отандық өндірушіге де әсер етті.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шекарадағы «былықпен» күресуді қатаң талап етті. Президент шекара маңындағы саудаға және Қазақстанның транзиттік әлеуетіне айрықша мән беріп, тауарлардың экспортын, импортын және транзитін шекарадан барынша жайлы, қауіпсіз және жылдам өткізу міндетін қойды. Мемлекет басшысы өз сөзінде көлік коммуникациялары Үкімет саясатындағы басым бағыт болып отырғанын да баса айтты.

Бұл тұрғыда Қазақстанның шекара маңы ынтымақтастығының аса маңызды нүкте­лерінің бірі – «Қорғас» болып отыр. Сондықтан осы шекара бекетіндегі мәселені шешу үшін кездесуге қытайлық делегация тарапы өте жоғары дайындықпен келді. Екіжақты кездесуге негізінен мемлекеттік дәрежедегі лауазымды тұлғалар қатысты. Атап айтар болсақ, ҚХР бас кеден басқармасы басшысының орынбасары, өткізу пункттерін басқару бойынша ұлттық канцелярия басшысы Чжао Цзенлянь, Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік шекара және теңіз мәселелері бойынша департамент директорының орынбасары Чжао Лицзянь, өткізу пункттері мемлекеттік басқармасының басқарма басшысы Хуа Чженхун, ШҰАР төрағасының орын­басары Ван Ган, Үрімші кеден басқарма­сының басшысы Шень Ян, «Қорғас» темір жол станциясының бастығы Ван Юн, «Қор­ғас» кеденінің бастығы Мао Жунган, тағы басқа да кеден саласының басшылары мен министрлік өкілдері және шекара қыз­мет­кер­лері бар. Ал Қазақстаннан Қаржы минис­трлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төр­ағасы Д.Жаналинов, департамент директоры Е.Саудабаев, халықаралық қатынастар басқармасының басшысы Е.Қожабергенов, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Т.Қозбеков, Алма­ты облысы бойынша мемлекеттік кіріс­тер департаментінің басшысы Қ.Исақов, «Қазақ­стан теміржолы» Алматы филиалы жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Н.Жаниязов, «Алтынкөл» стансасының бастығы Қ.Жақсы­беков, «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшысы А.Қожасбаев, ШМХЫО «Қорғас» кеден бекетінің басшысы М.Шайғалиев, «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының міндетін атқарушы Қ.Шымырбаев, «Қалжат» кеден бекетінің басшысы Е.Қонаев және шекара қызметінің өкілдері қатысты.

Кездесуде негізінен екі ел арасындағы автокөлік кептелісін реттеу мен тауарларды кедендік тексеру және рәсімдеуді жеделдету, сондай-ақ ҚХР тарапынан Қазақстан азаматтары үшін виза алуды жеңілдету мәселе­лері талқыланды. Жетісу облысы бойын­ша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметовтің айтуынша, бүгінгі күні «Нұр жолы»-«Қорғас» кеден бекетінде күнделікті көлік қозғалысы 300-400, «Қалжат»-«Дулаты» кеден бекетінде 90-100, «Алакөл»-«Алашанькоу» кеден бекетінде 120-150, «Май­қапшағай»-«Зимунай» кеден бекетінде 25-35, «Бақты»-«Пакиту» кеден бекетінде 55-60 ав­токөлікті құрайды. Бұл цифрлар пандемия шек­теулері алынғалы бері екі ел арасындағы көлік қозғалысының әлдеқайда ұлғайғанын көрсетеді.

– Бұл көрсеткішті болашақта бұдан да бірнеше есе ұлғайтуға мүмкіндік бар, әрине. Мәселен, 17 наурыз күні «Нұр жолы» кеден бекетінде жеңіл автокөліктер мен жаңа жүк көліктерін өткізуде жасалған оңтайландыру шаралары негізінде бір күнде 500 автокөлік шекарадан өтті. Бұрын 150-200 автокөлік қана өтетін. Сонымен қатар аталмыш кеден бекетінде жүк тиелген көліктерді шығару уақыты кешкі сағат 20:30-ға дейін ұзартылды, – деді Бекен Нұрахметов.

Сонымен қатар кездесуде электронды кезек мәселесін жүйелендіру жөнінде біраз ұсыныс жасалды. Осы орайда, Қытай жағы электрондық кезектен ауыл шаруашылығы өнім­дерін таситын рефрижераторларды алып тастап, «жасыл дәлізбен» өткізу және тор­лан­ған жеңіл көліктерді таситын жүк көлік­терін кедендік тексеру мен рәсімдеуді оңтай­ландыруды ұсынды. Ал Қазақстан тарапы элек­трондық кезекті еш кедергісіз жылжыту үшін көлік жүргізушілеріне виза ашу мәселесін жедел­дету қажеттігін айтты. Себебі виза алу мәсе­лесі уақыт алғандықтан жүргізушілер тап­шы болып отыр. Осыны пайдаланған визасы бар көлік жүргізушілері өздерінің қызмет ақы­сын бірнеше есеге көтеріп жіберген. Айналып келгенде осындай кедергілердің барлығы тауардың өзіндік құнына әсер ететіні сөзсіз.

– Мәселен, 14 наурыз күні «Нұр жолы» кеден бекеті арқылы Қытайға 500 жүк көлігін кіргізу көзделді. Өкінішке қарай, 188 жүк көлігі ғана кірді. Себебі қалған жүргізушілердің визасы жоқ болып шықты. Міне, басты кілтипан осында. Бұған қоса электрондық кезектен халықаралық тасымал жасауға рұқсаты жоқ және құжаттары тиісті талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді электрондық кезектен алып тастау мәселесі де осы кездесуде өз шешімін тапты, – деді «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің өкілі.

Қазір кедендік шекарадағы көлік кептелісін азайту үшін водомствоаралық комиссия құрылып, өз жұмысын бастап та кеткен. Оның құрамында кеденшілер мен шекарашылар ғана емес, көлік прокуратурасы қызметкерлері мен «Атамекен» ұлттық палатасының өкілдері бар. ҚХР-ға кіру үшін шетелдік рұқсат бланкілерін беруді автоматтандыру мен халықаралық тасымалға рұқсат қағаздарын жүйелендіру және технологиялық схемаларды қайта қарау мәселелері де қолға алынған.

– Бұған қоса тиісті рұқсат қағазынсыз жүк көліктерін электронды кезекке тіркемеу мәселелері де жан-жақты қарастырылды. Бұл – жағдайлар екіжақты кездесу барысында оң шешімін тапқан негізгі мәселенің бірі. Себебі электрондық кезекке заңсыз тұрған автокөлік иелері өз кезектері жақындаған кезде оны басқаға сату фактілері жиілеп кеткен болатын. 16 сәуірден бастап тиісті құжаттары дұрыс емес жүк көліктері электрондық кезектен алынып тас­талып, мыңдаған жүк көлігі кезектен шеттетіліп жатыр. Осылайша, екі жақты кездесу барысында көптеген түйткілді мәселелердің түйінін шешуге оң қадам жасалды. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы осындай келісімдер мен қолға алып жатқан нақты іс-шаралар нәтижесінде кедендік шекарадағы көлік кептелісі мен басқа да проблемалар көп ұзамай өз шешімін табады деп үміттенеміз, – деді Бекен Нұрахметов.

Кеден бекетіндегі олқылықтар мен кедергі­лерге қарамастан статистикалық мәліметтер екі ел арасындағы тауар айналымы жылдан-жылға ұлғайып жатқанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылы тауар айналым рекордтық көрсеткішке жетіп, 24 миллиард доллардан асқан. Әсіресе Қазақстаннан ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелту – 133,7, ши­кі­заттық энергетикалық өнімдер – 58 және химия­лық өнімдер 25,2 пайызға өскен. Бұл цифр­­лар елде өндіріс орындары мен тауар шығару саласы дамып, экспорттық потенциа­лының кеңейіп келе жатқандығын көрсетіп отыр.

Ал 2030 жылға дейін екі ел арасындағы тауар тасымалы мен тауар алмасу көрсеткішін 35 мил­лиард долларға дейін ұлғайтып, тран­зиттік әлеуетті де бірнеше есеге арттыру көзделіп отыр.