09 Шілде, 2014

Қазақстан – халықаралық қоғамдастықтың белді де беделді әрі белсенді мүшесі

860 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
МИД РК-1 Биылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметінің құрылғанына 22 жыл толды. Бұл дата қазақстандық дипломатияның қалыптасуына жол ашып қана қоймай, еліміздің жаңа тарихы символдарының біріне айналды. Сонымен қатар, Қазақстан субъектілігінің  халықаралық аренада жас тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуын қамтамасыз етті. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баевтың жоғары беделі мен көшбасшылық қасиеттерінің, сон­дай-ақ, ел азаматтарының кең қол­дауының арқасында Қазақстан бүгінгі күні халықаралық қоғам­дас­т­ықтың сенімді және құрметті мүшесі, тегеурінді азаматтық инс­титуттары, дамыған экономикасы және алыс болашаққа арналған жос­парлары бар мемлекет болып отыр. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақ­стан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру жөнінде жаңа мін­деттер қойды. Оның басты мақсаты – елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу. «Дамыған елдер клубына» кіру біз үшін қара бастың қамын күйт­тейтін емес, мемлекетіміз бен халқымызды жоғары даму дең­гейіне шығара алатын эволю­цияның жаңа сапалы сатысы екендігін түсіну өте маңызды. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, бұл мақсат Қазақстанның ұлт­тық идеясына айналуға тиіс, өйткені, онда халықты біріктіріп, жұ­мылдыра алатын зор әлеует жатыр. Алға қойылған ұлы мақ­сат қана қандай да бір ұлттың жаһандық бәсекелестік пен даму жағдайында шынайы ілгерілеуін қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, бұл маңыз­ды міндетті орындау барлық мем­лекеттік, сондай-ақ, мемле­кет­тік емес институттардың және ең алдымен қазақстандық дип­ло­маттардың жұмысқа жан-тәнімен берілуін талап етеді. Себебі, бұл жұмыстың негізінде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің ең озық тәжірибесі мен білімін өзімізге тарту мәселесі жатыр. Осыған орай Президент Н.Ә.Назар­баев «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақстандық дипломатияның рөліне ерекше мән береді және Қазақстанның дүниежүзіндегі барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынасы мен өзара тиімді ынтымақтастығын нығайта отырып, сыртқы саяси қызметке жіті көңіл бөледі. * * * Қазақстан Президентінің 2014 жылдың бірінші жартысындағы белсенді халықаралық қызметі бірқатар маңызды және жарқын сыртқы саяси іс-шаралармен есте қалды. Биылғы жылдың басы­нан бастап Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен 50-ден астам халықаралық іс-шара болып өтті. Катар, Бахрейн, Малайзия, Корея Республикасы, Италия, Қыр­ғызстан, Иордания мен Албания ел­дері­нің басшылары Қазақстанға келіп кетті. Елбасы үш шетелдік сапарға – еліміздің алдыңғы қатарлы сауда және инвестициялық әріптестері болып саналатын Қытай, Ресей және Нидерландқа барып қайтты. Жарты жылдың ішінде Прези­дент Н.Ә.Назарбаев 11 ірі халық­ара­лық іс-шараға қатысты. Атап айтсақ: - Дүниежүзілік Давос эконо­микалық форумының жыл сайынғы кездесуі; - Сочидегі XXII Қысқы Олим­пия ойындарының ашылу рәсімі; - Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің отырысы; - Гаагадағы Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммит; - Азия даму банкі басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысы; - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің IV саммиті; - VII Астана экономикалық форумы; - Түркітілдес мемлекеттер ын­тымақтастығы кеңесінің IV саммиті; - Шетел инвесторлары кеңесі­нің отырысы және т.б. Ұлттық мүдделерді ілгері­летудің маңыздылығын ескере отырып, еліміздің шетелдегі сыртқы саяси қызметінің аясын кеңейту жөніндегі жұмыстар жалғаса түсті. Осы жылдың басында Президент Қазақстанның Кувейт, Мексика және Эфиопияда жаңа елшіліктерін ашу жөніндегі Жарлықтарға қол қойды. Астанада орналасқан диплома­тиялық корпустың құрамы да ішінара жаңартылды. Қаңтар айында Ауғанстан, Пәкістан, Нидерланд, Жапония және Оманның Қазақстанда резиденциялары бар елшілері Мемлекет басшысына өздерінің Сенім грамотасын тапсырды. Мемлекет басшысының Қазақ­станда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен жыл сайынғы кездесу тәжірибесі көпшілікке танымал болуда. Президент Н.Ә.Назарбаев шетел­дік дипломаттармен ақпан айындағы кезекті кездесуі барысында мемлекеттің болашақ даму жоспарлары жөнінде ой бөлісіп, жуырда қабылданған Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасы аясындағы елі­міз­дің басты басымдықтарын атап өтті. * * * Мемлекет басшысының биылғы сыртқы саяси қызметіндегі өзекті мәселе Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің қатысуымен еуразиялық экономикалық интеграцияны ілгерілету болды. Астанада өткен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт­қа қол қою рәсімі Қазақстан тарихының жарқын парағы болып қалды. Мемлекет басшысы айтқандай, «Еуразиялық эко­номикалық кеңес біздің елдері­міздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер аша­ды. Бұл – ЕАЭК-ке мүше мем­лекет­тер­дегі бизнесті дамыту үшін қо­лай­лы жағдайлар. Бұл – кәсіби деңгей мен еңбек өнімділігін жо­ғар­ылатудың маңызды факторы болып саналатын еңбек ресурс­тары нарықтарының бірлестігі. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінің білім беру қызметі мен әлеуметтік инф­рақұрылымына қол жеткізу үшін бірдей алғышарттар қалып­тастыру». Осылайша, Қазақстан, Ресей және Беларусь өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, ТМД кеңістігіндегі ең ірі 170 миллионнан астам халқы бар бірыңғай нарықты қалыптастырып, эконо­микалық ықпалдастықтың жаңа сатысына аяқ басты. Осы жерде ЕАЭК – мүше елдер­дің тәуелсіздігіне қол сұқпай­тын және олардың егемендігіне нұқсан келтірмейтін экономикалық бір­лес­тік екендігін атап көрсеткен жөн. *** Жақын және алыс шетелдермен берік, сындарлы және өзара тиімді екіжақты қарым-қатынастарды нығайту Мемлекет басшысы қызметінің тағы бір маңызды бағыты болды. Ресей Федерациясымен өзара ықпалдасудың дәстүрлі белсенді сипаты сақталып келеді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың сәуір айындағы Мәскеуге сапары барысында екі мемлекет басшы­лары Қазақстан мен Ресей ара­сындағы Мәңгілік достық пен одақ­тастық туралы декларацияға сәйкес, стратегиялық әріптестікті жан-жақты нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра түсудің маңыздылығын атап айтты. Жо­ғары сенімділік пен тең құқық­тық қағидаттары негізінде екіжақты қарым-қатынасты нығайту үшін бірлескен жұмыс жүргізуге ниеттестік мақұлданды. Бүгінгі біздің қарым-қатынас­тары­мыздың негізінде түрлі бағыт­тағы экономикалық жобалар, жоғары ғылыми қамтымды технологияларды дамыту, энергетика, ғарыш, білім беру салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ, сан ғасырлық тарихтан тамыр тартатын халықтарымыз арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мәселелері жатыр. Биылғы жылы ынтымақтас­тықтың азиялық векторы едәуір қарқын алды. Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары бұл бағыттағы маңызды оқиғаға айналды. Қазақстан мен Қытай өнеркә­сіп, инфрақұрылымды дамыту, транзиттік сауда мен энерге­тика салаларында белсенді ын­ты­­мақтастық орнатты. Екі ел ара­сын­дағы ғылым және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастық ау­қымы қар­қынды түрде арта түсуде. Мемлекет басшысының ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен мамыр­дағы келіссөздері нәтижесінде жалпы сомасы 8 миллиард долларға жуық 15 екіжақты құжатқа қол қойылды. Қазақстанның өнімдерін әлем­­дік нарықтарға экспорттау үшін Ляньюньган портындағы терминалдың бірінші кезегін салуды бастау жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Болашақта бұл жоба Қазақ­стан­ның көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі жос­парларды іске асыруда жетекші рөл атқарады деп күтілуде. Инвестициялық ынты­мақ­тастық тұрғысынан тараптар Қазақстанның Азияның инфра­құрылымдық инвестициялар банкін құруға қатысуы жөнінде уағдаласты. Қазақстанның Оңтүстік Корея­мен өзара әрекеттестігі нәтижелі ілгерілеу үстінде. Маусымда өткен Президент Пак Кын Хенің Астанаға сапары барысында энергетика, автомобиль және машина жасау, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларында жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бүгінгі таңда корей әріптестері­мен жалпы сомасы 22 миллиард доллар тұратын бірлескен 15 индустриялық жоба іске асырылуда. Солардың ішінде Балқаш ЖЭС-ін, Атырау облысында газ-химия кешенін салу, «Жамбыл» кен орнын игеруді айтуға болады. Малайзия Премьер-министрі Н.Разактың Астанаға сапары кезінде де жағымды өзгерістер байқалды. Сапар нәтижелері бойынша сомасы 1 миллиард доллардан астам коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Биылғы жылы Қазақстанның араб әлемі елдерімен қарым-қатынасында айтарлықтай қарқын алу байқалды. Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің, Бахрейн Королі шейх Хамад бен Иса Әл Халифаның және Иордания Королі Абдалла II бен әл-Хусейннің Аста­наға осы жылғы сапарлары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа парағын ашып, еліміздің күрделі өңірлік және халықаралық мәселелерді шешуге қосқан үлесі­нің мойындалғандығын дәлелдеді. 47 мемлекет пен халықаралық ұйым өкілдері қатысқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің IV саммиті (Шанхай) жалпыазиялық ынтымақтастыққа тың серпін берді. Ол қатысу ауқымы жөнінен Кеңестің даму тарихындағы ең үлкен форум болды. Саммит кезінде Кеңеске екі жаңа мүше – Катар мен Бангладеш қосылды, осылайша АӨСШК-ге қатысушылар саны 26-ға дейін өсті. Бұл тағы да Қазақстан баста­ма­сының уақытылығын және қажет­тілігін дәлелдеді. Президент Н.Ә.Назарбаев Сам­миттің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде АӨСШК негі­зін­де Азия өңіріндегі ЕҚЫҰ баламасы – Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құруды ұсынды. Мемлекет басшысының пікі­рін­ше, бұл қадам АӨСШК дең­гейін көтеріп қана қоймай, Кеңес­ті Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін толыққанды халықаралық ұйымға айналдырады. *** Мемлекет басшысы Еуропа ел­дерімен және АҚШ-пен ауқым­ды ынтымақтастық аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлді. 2014 жылғы қаңтарда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Давостағы Дүниежүзілік экономикалық фо­рум­ға қатысуы аясында Швей­ца­рия Федерациясына сапары болды. Бүгінгі күні Швейцария Қа­зақ­станның Еуропадағы ең ірі сауда серіктестері тізімінде жетек­ші орын алады. Біздің елде швей­цариялық экономиканың флагмандары – «Algroup», «Rieter», «Glencore» және басқа да компаниялар жұмыс жүргізеді. Мемлекет басшысының Швей­цария Президенті Д.Буркхаль­термен кездесуі барысында сау­да-экономикалық, қаржы және банк салаларындағы ынты­мақтастықты дамыту перспек­ти­валары талқыланды. Қазақ­стан мен Швейцарияның халық­ара­лық қаржы институттары және ұйымдары аясында ықпал­дастықты тереңдетуге дайын екендігі қуатталды. Еуропалық Комиссияның Пре­зи­денті Ж.Баррозумен (Давоста) бол­ған кездесу кезін­де Қазақстан-Еу­ропа қарым-қатынастарын жаңа сапа­лы деңгейге шығаратын ҚР-ЕО кеңейтілген серіктестігі мен ын­тымақтастығы туралы келісімге қол қою мәселесі бойынша келіссөздер үдерісін қарқындату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы ҚР мен ЕО арасын­дағы сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты тереңдетуге негіз болатын Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөнінде келіссөздерді жақын арада аяқтау қажеттілігін атап өтті. Биылғы жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі сам­митке қатысуы маңызды оқи­ғаға айналды. Бұл еліміздің ядро­лық қарусыздану және таратпау саласындағы жетекші рөлін тағы да көрсетті. Саммит барысында Мемлекет басшысы АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Финляндия басшыларымен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспектива­лары мен көкейкесті халықаралық проблемаларды, соның ішінде Украина, Орталық Азия, Ауған­стан, Таяу және Орта Шығыстағы жағдайды талқыға салды. Атап айтқанда, АҚШ Прези­денті Б.Обамамен болған кездесуде Астана мен Вашингтон арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық әріп­тестіктің беріктігі баса айтылып, Таратпау және ядролық қауіп­сіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды. Алдағы уақытта мемлекет­теріміз арасындағы сауда-эко­номикалық және инвести­циялық бай­ланыстарды кеңейтуге деген өзара мүдделілік көрініс тапты. АҚШ Президенті Қазақстанның жақын арада ДСҰ-ға кіруіне көмек көрсетіп, қолдауға дайын екендігін мәлім етті. Мемлекет басшысы 1 шілдеден бастап Еуропалық Одақтың төрағасы қызметіне кіріскен Италия­мен қарым-қатынастарды дамытуға ерекше мән берді. Биылғы маусымда (Бурабайда) Президент Н.Ә.Назарбаевпен өт­кен кездесуінде Италия Премьер-министрі М.Ренци ЕО-ның Қазақстанмен және жалпы Орта­лық Азия өңірімен өзара әрекет­тестігін жандандыруға Римнің барынша көмектесетініне сендірді. Италия Үкіметі басшысының сапары нәтижесі бойынша тараптар бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойып, Миланда ЭКСПО-2015 және Астанада ЭКСПО-2017 көрмелерін өткізу жө­нінде бірлескен үйлестіру жұ­мыс­тарын қолға алуға уағдаласты. Албания Премьер-министрі Эди Раманың елімізге тұңғыш сапарын Еуропа бағытындағы тағы бір маңызды оқиға ретінде айтуға болады. Қазақстан-Албания қарым-қатынасын барынша нәтижелі ілгерілету үшін тараптар екі мемлекет арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыру, сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық саласындағы негізгі келісімдерді дайындап, оларға қол қою жөнінде уағдаласты. Халықаралық ахуалдың күрделі­лігі жағдайында Мемлекет басшылары жаһандық саясаттың өзекті мәселелерін шешуге баса көңіл аударды. Атап айтқанда, Украинадағы шиеленіс өршіген алғашқы күндерден бастап-ақ Қазақстан Президенті бұл елдегі дағдарысты реттеу жөнінде қолайлы шешімдер іздестіруге белсене қатысты. Украинадағы оқиғаларға байланысты жағдайдың шиеленіс­кен кезеңінде Президент Н.Ә.На­зарбаев АҚШ, Ресей, Германия, Ұлыбритания және басқа да бірқатар Еуропа мемлекеттері басшыларымен телефон а­р­қылы сөйлесті. Бұл Мемлекет басшысының биік беделін және Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды дамытудағы ерекше рөлін дәлелдеп шықты. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының 2014 жылдың 1-ші жартыжылдығындағы сыртқы сая­си қызметі ұлттық мүдделерді ілгерілетуге және Қазақстанның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы сенімді және жауапты серіктес ретіндегі ұстанымын нығайта түсуге септігін тигізді. 2014 жылдың алдағы жарты­жыл­дығына жоспарланған ірі халықаралық іс-шаралар арасынан ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысын, Каспий маңы елдері басшыларының саммитін, ҚР-РФ өңіраралық ынтымақтастығы форумын, ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің отырысын, Иран Президенті Х.Руханидің, Чехия Президенті М.Земанның, Қырғызстан Прези­денті А.Атамбаевтың, Франция Президенті Ф.Олландтың Қазақ­станға сапарларын, сондай-ақ, Қа­зақстан басшысының Түрік­менстанға сапарын бөліп көрсетуге болады. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі, Еуроодақпен кеңейтілген әріп­тестік туралы келісімді әзірлеу, еліміздің БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшелері құрамына сайлануы, сондай-ақ, ЕАЭО туралы шартты ратификациялау жөніндегі келіссөздер үдерісін аяқтау ісіне жіті көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының жетек­шілігімен жоғарыда аталған және басқа да сыртқы саяси міндеттерді іске асыру Қазақстанның халық­аралық шебін күшейтуге, мемлекеттілікті және тәуелсіздікті нығайтуға, сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясы шеңберінде еліміздің тұрақты дамуы үшін қажетті сыртқы қолайлы жағдайлар туғызуға мүмкіндік берері сөзсіз. Ержан ҚАЗЫХАНОВ.