«Біз тек жұмыла жұмыс істеуіміз керек»
Ел егемендігі жолында еселі еңбек етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген, Отанымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаны қалай мадақтасақ та жарасады. Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке жеті түрлі тапсырма беріп, «Біздің стратегия 2050-дегі басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға негізделуі тиіс», деп түйіндеді. Жолдауда әлеуметтік мәселелерге аса мән берілген. Қазақстанды әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосуымыз керек деп қадап айтты. Аса маңызды бұл құжатта құрылыс саласына да баса көңіл бөлінген. Жылма-жыл елімізде құрылыс салу қарқынды дамып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлерді қолдауға басқа елдерде жоқ жеңілдіктер мен жағдайлар жасалып жатыр. Біз тек баршамыз болып жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қазақстан – ерекше мемлекет, бай мемлекет. Оның ерекшелігі де, байлығы да көпұлттылығында. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүру кез келген елде бола бермейтін бақыт. Біз – татулығы мен тұрақтылығы, достығы мен бірлігі жарасқан елміз. Сондықтан да, осындай бақытты бағалау, оны құрметтеу баршамыздың міндетіміз. Батыс Қазақстан облысы. Әділет ЕЛЕУСОВ, «Самұрық» жастар қоғамдық бірлестігі қамқоршылар кеңесінің төрағасы:«Астанамен бірге асқақтаудамыз»
Еліміздің жастары Астананы жақсы көреді және мақтан тұтады. Өйткені, біздер бүгінгі тамаша елордамызбен бірге өсіп, қанатымыз бірге қатайып келеді. Осы себепті де ол бізге аса ыстық. Біз үшін Астана еліміздің бас қаласы деген ұғымнан да жоғары тұрады. Бұл – өсіп-өркендеп келе жатқан Қазақ елінің символы, оның тұрғындарының мақтанышы, Елбасымыздың ерік-жігері мен ерлігінің мысалы. Мемлекет басшысы қиындықтардан еш қаймықпай, егемен еліміздің тарихын оның жаңа елордасынан бастаған жөн деп шешті. Осы арада айрықша атап көрсететін бір жәйт, Президент бұл идеясын Отанымыздың орталық бөлігінде орналасқанымен, ең бір кенжелеп қалған қаласында жүзеге асыруға бел байлады. Бәріміз де білетіндей және көріп отырғанымыздай, іс жүзінде тақыр жерден заманауи қала тұрғызу оңайға соққан жоқ. Бірақ тамаша елорда салу туралы асқақ арман барлық қиындықтарды жеңіп шығуға жәрдемдесті. Бұл іс барлық қазақстандықтарды осы тамаша бастаманы түпкі мәніне дейін жеткізуге жұмылдырды. Яғни, елорданың бүгінгі келбетін иеленуіне мемлекетіміздің барлық өңірлері өз үлестерін қосты. Бүгінде Астана – әлемдік сәулет өнері мен қала салу саясатының керемет үлгісі. Мұны елордаға келіп, оның архитектуралық ансамбльдерін көрген шетелдік меймандар да мойындайды. Сонымен бірге, елорда қазіргі таңда түрлі геосаяси, мәдени, спорттық, конфессиялық және басқа да сан алуан шаралардың дүниежүзілік орталығы болып табылады. Бұған мысал ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, экономикалық және қоғамдық форумдарды, және, әрине, ЭКСПО-2017-ні атасақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын. Бүгінде Отанымыздың бас қаласына тек шетелдік туристер ғана емес, сондай-ақ, түрлі жастағы қазақстандықтар да күн құрғатпай келіп жатады. Олардың көпшілігі үшін осы сапарлар армандарын жүзеге асырғанмен бірдей бағаланады. Міне, Астана күні мерекесі де кең көлемде аталып өтті. Барлық адамдар тағы да елорданың әсемдігі мен әлемдік маңызы, осы қаланы тұрғызып, Қазақстанды дүниежүзілік қоғамдастықтағы құрметті елдер қатарына қосқан Елбасымыздың тұлғалылығы туралы жан-жақты сөз қозғады. Және бұл сөздер өте дұрыс сөздер болды. Өйткені, бұл – орындалған арман. Ал біз сияқты жастар үшін өсу мен өркендеудің ерен үлгісі. ПАВЛОДАР. Күлия ТҰРТАҚЫЗЫ, көпбалалы ана:«Бақ-берекеміз»
Елбасымыздың даналығы жыл сайынғы Жолдауларынан айқын аңғарылады. «Қазақстан-2030» Стратегиясында Нұрсұлтан Әбішұлы ана мен балаға, қыз балалар тәрбиесіне ерекше орын берген. Халқымыз қаншама нәубетті бастан өткерді. Десек те, еңсесін тіктеп, етегін жия білді. Бүгінгі экономикамыздың ілгерілеп, әлеуметтік ахуалдың жақсарып, ел ордасы Астананың асқақтауы осы іс-әрекетіміздің айқын дәлелі. Мұның бәрі де ең алдымен тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегімен байланысты екенін терең тебіреніспен ұғынамыз. Еліміздің ресми кездесу орталықтарына, экономика, білім және мәдениет мекеніне айналған Астанамыздың ажары күннен-күнге көркейіп келеді. Ата-бабаларымыздың көрмеген жақсылығын, ынтымақ-бірлігін көру − бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылған бақ. Осынау бақты қастерлеп, қадірлей білу − жастардың міндеті. Ертеңгі өмірдің жалғасы болар ұрпақтың өнегелі өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында қалыптасқан тұрақтылықтың рөлі зор. Көп балалы ана ретінде мен Елбасымыздың ана мен балаға, жалпы әйелдерге деген қамқорлығы, келешекті көздеген кемел бастамалары үшін шексіз алғысымды білдіремін. Жүрегіміз қуанышқа, жүзіміз жылылыққа тола берсін. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Құтарыс ауылы. Шоқан ӘМІРХАНОВ, Қостанай қалалық мешітінің имамы:«Арқамнан қаққанын әлі ұмытпаймын»
Еліміз тәрізді, әр әулеттің, әр отбасының тарихы бар. Менің арғы аталарым бүкіл Торғай өңіріне белгілі жандар. Торғайдың шежіре қарттары Шақшақ Жәнібек ислам дінін таратып, халқын имандылықта ұстау үшін 17 жасар Азын абызды Бұхарадан өзі алып келгенін жыр етіп айтатын болған. Менің арғы атам Оспан қожа сол Азын абыздың нәсілінен екен. Ол кісінің діни терең білімімен қатар, сәуегейлігі де болыпты. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғына дейін өмір сүрген ол дүниеден өтер алдында «Зұлмат заман келе жатыр, оны көрмей кетсем екен», депті. Ол 1928 жылы қайтыс болған соң, артынша байларды тәркілеу, молда-қожаны қуу, ашаршылық нәубеті басталады, оның арты 1937 жылдың қырғынына ұласады. Оспан қожаның Мұхамедуәли, Әмірхан, Хамза атты үш ұлы болады. Әмірхан мен Хамза дін адамы және Оспан қожаның балалары болғаны үшін ғана 37-ші жылы жазықсыз қуғындалып, Сібірге айдалады. Әмірхан атам сол кеткеннен қайтып оралмайды. Кейін іздестіріп, анықтағанымыздай, ол кісі Карелияда кебінсіз, көрсіз қырылғандардың бірі болған. Әкем Ғазиз әкесінен он үш жасында жетім қалыпты. Елді имандылыққа ұйытқан менің арғы атам Оспан қожаның атын халық Тәуелсіздік келгеннен кейін дәріптеді. Оның еңбегін бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Өмір бойы ұстаздық етіп, Торғай өңіріндегі білім беру саласына үлес қосқан әкем Ғазиз Әмірханұлы құрметті демалысқа шыққан соң, имандылық жолына қызмет етті. Айтпақшы, әкемнің Торғай кентіндегі музейлер кешенінің іргетасын қалаудағы, оған жәдігерлер жинаудағы еңбегін де ел біледі. Сонымен, Торғай кентінде алғашқы мешіттің салынуына, оның салтанатты түрде ашылуына әкем Ғазиз ақсақалдың еңбегі зор еді. Менің дін жолын қалауыма да марқұм әкем себепкер болған-тын. 1992 жылы тамыздың аяғына қарай Торғай кентінде алғашқы мешіт есігін ашты. Содан он күннен кейін, яғни қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жангелдин ауданын аралады. Ол кісі жаңа ашылған мешітке келіп, жиналған халыққа арнап сөз сөйледі. Тәуелсіздік қазақ халқының шөліркеп жеткен арманы, елдің ертеңгі нұрлы болашағы екенін айтты. Уақыттың оңай жүк артып отырмағанын еске салды. Расында, ол нарықтың қиындығы төніп қалған кез еді. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Өзге ұлт өкілдеріне достықпен, сыйластықпен қарауымыз қажет, оларды көкіректен итергеніміз қателік болады. Тәуелсіз елдің дамуы үшін бізге ең керегі – бірлік, береке, тыныштық», дегені есімде. Сол жолы Президент мешітті аралап көрді, риза болды. Мен ол кезде Тәуелсіздік алғаннан кейін Торғай өңіріндегі алғашқы ашылған мешіттің жас имамы болатынмын. Өзімнің де өрімдей жас кезім. Нұрсұлтан Әбішұлы мешітті аралап көргеннен кейін мен халқымыздың Тәуелсіздік үшін арпалысып өткен ардақтыларының, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарының аруағына бағыштап, құран оқыдым. Елбасы да тізе бүгіп, қол жайды. Ол жаныма келіп, арқамнан қағып, діни білімді қайдан алғанымды сұрады. Мен Меркедегі медресені бітіріп келгенімді айттым. Елбасының Тәуелсіздіктің елең-алаңында уақыт тауып, Жангелдин ауданына келіп, халықты рухтандырып кетуі мені де жұмысқа аса ынталандырған еді. Біз әкем екеуміз мешіт жанынан топ ашып, шәкірттер тәрбиеледік. Олар қазір жер-жердегі мешіттерде имамдық қызмет атқарып жүр. Тәрбиелік мәні зор діни дәстүрлерді жаңғырттық. Мешіттің жұмысы елдің бірлігіне, тұтастығына ықпал етті. Дәстүрлі исламды елге сіңіруге, жастардың жат топтардың ықпалына түсіп кетпеуіне, рух тазалығына қызмет жасадық. Қазір Қостанай қаласындағы кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев салдырып, халыққа сыйға тартқан қалалық мешітті басқару тізгінін қолыма алдым. Мұнда да жұмысты бастап кеттік. Елдің имандылық кәусарынан сусындауына, жастардың жат ағымдар жетегінде кетпеуіне бар күш-қуатымды, білім қарымымды саламын. Өйткені, дініміздің тазалығы мемлекет іргесін мықтайтын күштің бірі екенін мен жақсы түсінемін. ҚОСТАНАЙ.