Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұзындығы 1511 шақырымды құрайтын Теңіз-Новороссийск құбырымен экспортқа жеткізілетін біздің барлық мұнайымыздың үштен екісінен астамы, сондай-ақ ресейлік кен орындарынан, оның ішінде Каспийдегі шикізат тасымалданады. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалы жағадан біршама қашықтықта, соның ішінде қолайсыз метеожағдайларда танкерлерді қауіпсіз жүктеуге мүмкіндік беретін үш жылжымалы айлақ құрылғыларымен (ЖАҚ) жабдықталған. Мұнай құбырының ағымдағы қуаты (қазақстандық бөлігі) жылына 72,5 млн тоннаны құраса, мұнайдың өту жылдамдығын жеделдететін майлағыштарды қолдану кезінде ең жоғары (РФ аумағында) – 83 млн тоннаға жетеді. Өткен жылы құбыр жүйесінің Қазақстан аумағынан жылына 72,5 млн тонна және Ресей Федерациясы арқылы жылына 81,5 млн тонна мұнай тасымалдауға механикалық дайындығы қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін Тар жерлерді жою бағдарламасы (ТЖЖБ) жүзеге асырылған болатын. Оның мақсаты ‒ ағымдағы қуаттылықты жетілдіру арқылы КҚК жүйесінің мұнай айдау көлемін ұлғайтуға дайын болуын қамтамасыз ету.
Жақында Атырау қаласында өткен ірі мұнай-газ көрмесі аясындағы баспасөз мәслихатында «КҚК» АҚ бас директорының Үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин қазірде ТЖЖБ бойынша барлық жұмыс консорциумның 10 мұнай айдау стансасында (МАС) және Новороссийск түбіндегі теңіз терминалында жүргізіліп жатқандығын айтты. Қазақстандағы ТЖЖБ нысандары ‒ «Теңіз» және «Атырау» мұнай айдау стансалары. Биыл «Теңіз» бен Ресейдегі «Астраханская» мұнай айдау стансалары аумақтарында КҚК мұнай құбыры жүйесіне Теңіз кен орнынан шикізаттың қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік беретін барлық нысан іске қосылған. ТЖЖБ объектілеріндегі жұмыстар еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғаудың жоғары талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.
Консорциум өкілі мәлімдегендей, «Теңіз» МАС электр қуатын ұлғайту мақсатында биыл сырттай электрмен жабдықтау жаңа объектілерін іске қосу жоспарланып отыр. Оған қоса көлемі 20 мың текше метр екі жаңа резервуар іске қосылмақ. Олар айдау көлемінің ұлғаюы барысында 120 мың текше метрге дейін мұнай қорын сақтауға мүмкіндік береді. Жаңарту жұмыстарының арқасында КҚК құбыр жүйесіне шикізат жеткізудің негізгі көзі болып табылатын Теңіз кен орнында өндірілген мұнайды тасымалдау қажеттілігін толығымен қанағаттандыратын көлемі бар алты жаңа РВС-20000 резервуары жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ «Теңіз» терминалында мұнайдың саны мен сапасын өлшейтін үш жаңа жүйенің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Нысандарды соңғы сынақтан өткізу және қажетті тіркеу олар мұнаймен толтырылғаннан кейін басталмақ. Бұл арқылы мұнайды бір уақытта үш танкерге тасымалдауға болады. Консорциумның жақын арадағы жоспарларында КҚҚ учаскесіндегі (203 км) – «ҚазТрансОйл» компаниясының «Қасымов» мұнай айдау учаскесінде ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрған және істен шыққан ескі қосқышты ауыстыру бар. Құбырдың жаңа бөлігін салу мәселесін осы реконструкцияға бастамашы болған «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ холдингі талқылайды.
Жалпы, мұнай құбыры жүйесі бойынша ТЖЖБ 2025 жылдың ортасына дейін жүзеге асырылады. Оған дейінгі Кеңейту жобасындағы секілді ТЖЖБ аясында да бөлінген қаражаттың бір бөлігі Атырау облысындағы әлеуметтік бағдарламаларға және инфрақұрылымды дамытуға, білім беру, денсаулық сақтау салаларын қолдауға арналған қайырымдылық жобаларға бағытталатын болады. КҚК пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі менеджер Виктор Мирошниченконың сөзінше, бағдарламаны жүзеге асыру үшін 599,9 миллион доллар инвестицияланған. Оның 156,4 миллионы КҚК-Қазақстанға және 443,5 миллионы КҚК-Ресейге тиесілі. Өткен жылы жалпы сомада негізгі қызмет бойынша күрделі жобаларға салынған инвестициялар 46,6 миллион долларды құраса, биылға акционерлер 88,1 млн доллар көлемінде күрделі салымдар бюджетін бекіткен.
Бүгінде санкциялар салдарынан шығын материалдары мен қосалқы бөлшектерді жеткізуде проблемалар туындап отыр. КҚК жобасының өзі санкцияға ұшырамаса да, Ресейге бірқатар тауарлар мен жабдықтарды жеткізуге қойылған шектеулер аясында консорциум шығын материалдарын сатып алуда және шетелдік жабдықтарды жөндеу мен ауыстыруда қиындықтарға тап болды. Бұл тауарлар құбыр жүйесінің қауіпсіздігі мен беріктігін сақтау үшін қажет. Оның ішінде әңгіме негізгі жабдықты пайдалану кезінде қолданылатын шығын материалдары туралы болып отыр. Сондай-ақ өткізу қабілетін арттыру үшін қажет химиялық депрессорлар да жетіспейді. КҚК нысандарында орнатылған импорттық жабдыққа арналған қосалқы бөлшектерді күтіп ұстауға және жеткізуге қатысты мәселелер де бар. Консорциум басшылығы қатысты халықаралық қауымдастықтың Ресейге санкцияларына байланысты жабдықты жеткізу мен жөндеуден туындаған барлық мәселе шешіледі деген үмітте. Қазір балама өндірушілерді талап ететін номенклатуралық заттардың шамамен 80%-ы үшін өндірушілер Ресейден табылды. Ал КҚК үшін маңызды жабдықтың кейбір түрлеріне баламалар іздестіріліп жатыр.
«КҚК» АҚ бас директоры орынбасарының айтуынша, мұнай құбыры Қазақстан мен Каспий-Қара теңіз өңірінен мұнайды әлемдік нарықтарға тасымалдаудың ең оңтайлы, үнемді және сенімді бағыттарының бірі болып қала береді. «Шикізатты тұтынушыларға жеткізудің қандай тәсілдерін қолдану керектігі КҚК акционерлері мен жүк жөнелтушілерінің өз еркінде. Жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мақсатында ширек ғасыр бұрын құрылған халықаралық консорциум осы уақыттарда табысты жұмыс істеп келеді және қандай да бір саясаттан алшақ. Ал мұнай айдау тарифіне келетін болсақ, бұл – консорциумның барлық мүшесі мақұлдаған оңтайлы шешім. Оны қайта қарау акционерлердің жоспарында жоқ», дейді Қ.Қабылдин.
Еліміз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндірілетін мұнайдың 80 пайызын Новороссийск қаласындағы КҚК арқылы тасымалдайды. Алайда Украинадағы жағдайдан кейін КҚК жұмысының тоқтауы жиілеп кеткені көрер көзге айқын. Батыстың ақпарат құралдары Ресей қазақстандық мұнайды Еуропа нарығына жеткізуді әдейі бұзған болуы мүмкін деп болжады. Өткен жазда Ресей соты «Ространснадзор» аудит барысында анықтаған өндірістік нысандардағы экологиялық бұзушылықтарға байланысты консорциумның жұмысын бір айға тоқтатқаны мәлім. Кейін жұмысты тоқтата тұру түріндегі санкциялар айыппұлға ауыстырылды. Бірқатар сарапшылар Мәскеу осылайша санкциялық қысымды жеңілдету үшін осы құбыр арқылы мұнай алуға мүдделі Батыс компанияларына ықпал етуге тырысты деп пайымдады. Сондай-ақ 2022 жылдың жазында Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған бірнеше ондаған оқ-дәрінің табылуына байланысты Новороссийск портында жөнелтулер тоқтатылды. Сол кезде бақылаушылар КҚК акваториясының жабылуы Ресей-Қазақстан саяси қарым-қатынастардағы қайшылықтар аясында өтіп жатқанына назар аударды. Өткен жылғы көрсеткіштер консорциумның Қара теңіз объектілері мен Қазақстан кен орындарындағы аварияларға байланысты шектеулер салдарынан алдыңғы жылмен салыстырғанда тиісінше 58 танкер мен 2 млн тонна мұнайға төмен болды.
КҚК-да апаттар қайталана берген соң ел басшылығы Транскаспий дәлізін негізгі балама деп атай отырып, шетелге мұнай жеткізу бағыттарын әртараптандыру қажеттігін мәлімдеді. Былтыр еліміз жол картасын әзірлеп, өз мұнайын экспорттаудың балама жолдарын табуға шешім қабылдады. Сөйтіп, жаңа бағыттар сынала бастады. Биыл бірінші тоқсанда еліміздегі мұнай тек Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы ғана емес, сонымен қатар Германия бағытында «Дружба» құбыры арқылы да өтті. Бұл ретте еліміз биыл БТД арқылы 1,5 миллион тонна мұнай экспорттауды және болашақта бұл жүйеге жеткізуді жылына 6-6,5 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бірақ әзірге мұнай құбырына құю көлемі аз. Өткен тоқсанда Әзербайжан арқылы отандық транзит небәрі 27 мың тоннаны құрады. Бұл Дружба бойымен Германиямен шекарадағы Адамова застава мұнай жеткізу пункті бағытында тасымалдаудан ‒ ақпан-наурызда барлығы 40 мың тонна және сәуірде жоспарланған 100 мың тоннадан бірнеше есе аз. Бірінші тоқсандағы жөнелту жоспарларына Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан Жейханда жүк тиеу жұмыстарының тоқтатылғаны әсер етті. Отандық мұнайды БТД-ға жөнелту бойынша сәуірдегі жоспар ‒ 125 мың тонна. Қазір жылына 50 миллион тонна мұнай өткізу қабілеті бар БТД небәрі 40 пайызға ғана жүктелген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол арқылы 29,7 млн тоннадан астам мұнай айдалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6%-ға артық, оның ішінде транзиттік мұнай 5,1 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 41,8%-ға жоғары. Сондықтан болашақта құбырды жетіспейтін шикізатпен қамтамасыз ету арқылы экспортты арттыруға мүмкіндігіміз бар. Мұндай транзитті ұйымдастыруға бұрын да бірнеше рет әрекет жасалған болатын.
Бүгінде Ресей арқылы тасымалдарға толыққанды балама болуға жарамаса да, Транскаспий дәлізі, шын мәнінде, отандық мұнайды Ресейді айналып өтіп экспорттаудың нақты жобасы саналады. Тек мәселе тараптардың өзара тиімді шарттар жөнінде келісе алуына келіп тіреледі. Мысалы, бұған дейін «Теңізшевройл» акционерлері мұнайды Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы жеткізуге тырысты және Болашақ кеңейту жобасы да БТД-мен Каспий арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндігі ретінде қарастырылды. Сол кезде келіссөздер, басқа жер қойнауын пайдаланушылардың сынақтық жеткізілімдері Батыс компанияларының (ТШО мен БТД негізгі акционерлері –америкалық және еуропалық мұнай алпауыттары) өзара келісімге келе алмағанын көрсетті. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, теңіз жолын КҚК арқылы қолданыстағы тасымалдау бағыттарына тек қосымша ретінде қарастырған жөн. Өйткені КҚК тар жолдарды жою бағдарламасын іске асырғаннан кейін Қазақстаннан 72,5 миллион тонна мұнай жеткізе алады. Ал қаралып жатқан теңіз нұсқасы шамамен 5 миллион тоннаны құрайды. Бұл тұста тасымалдау экономикасы қай жағынан алып қараса да қолданыстағы құбырлар арқылы тартымдырақ. Өйткені негізінен Каспий консорциумының құбыры арқылы өтетін отандық мұнай экспортының жалпы көлемінің (өткен жылы 64,8 млн тонна) қасында Ресейді айналып өтетін бағыт бойынша жеткізілімдер мардымсыз болып көрінеді. Оған қоса кез келген баламалы бағыт екі рет қайта тиеу және теңіз арқылы тасымалдау қажеттігіне байланысты бірнеше есе қымбатқа түседі. Тағы бір мәселе ‒ Новороссийскіде қазақ мұнайы ресейлік мұнаймен араласып, одан әрі CPC Blend брендімен сатылып жатыр. Мұнай сапасының айырмашылығына байланысты жаңа жеткізу жолында шикізатты еліміздің мұнайымен араластыру Әзербайжанға тиімсіз. Мұнай құбыры арқылы айдау үшін БТД акционерлеріне химиялық сипаттамалары бойынша Әзербайжанға жақын мұнай маркасы қажет. Ал отандық қара алтынның мәселесі ‒ оның күкіртті сорттарға жататындығында.
Алайда Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың созылмалы сипаты, тәуекелдердің көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Бұл жанжал немен аяқталатыны, санкциялық саясат қалай қарай ойысатыны белгісіз. Қандай геосаяси орта болсын, көлік және экспорттық бағыттарды әртараптандыру стратегиясы ‒ кез келген ел үшін ұтымды ұстаным. Осылайша, бір кездері бар күш-жігерді жақсы табыс әкелген бағытқа тоғытып тастаған болсақ, енді қолайлы нұсқалардың кең ауқымына жедел жүгінетін кез туды.