– Мақсат Қизатұлы, отандық ғылымды ұйымдастыру һәм басқару жүйесінде қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?
– Әлі күнге дейін жүйелі түрде шешілмей келе жатқан үш мәселеге тоқталғым келеді. Өйткені стратегиялық мемлекеттік жоспарлау құжаттарындағы ғылымға қатысты көрсеткіштерге қол жеткізу барысында аталған мәселелердің асқынып кету қаупі бар. Бірінші мәселе ғылыми кадрларды даярлауға қатысты. 2025 жылға қарай докторантураға жыл сайын 5 мың адамды қабылдау керек деген жоспар бар. Қазір жыл сайын шамамен 2 мың адам докторантурада оқиды. Алайда олардың дені диссертациясын уақтылы қорғай алмай жүр. Себебі білікті ғылыми жетекшілер жетіспейді және докторанттардың зерттеу жұмыстарына қаражат дұрыс бөлінбейді. Бұл ретте докторанттардың зерттеу тақырыптарына байланысты қаражат мөлшері де әртүрлі болатынын ескеру керек.
– Жоспар уақытының да төбесі көрініп тұр екен. Қазіргі жағдай сіз айтқандай болса, екі жылдан кейін жылына 5 мың докторантты дайындау қолдан келе ме?
– Жоспар тізе салса да орындалады ғой. Мәселе «кадрларды қаншалықты сапалы дайындай аламыз?» деген сұрақта болып тұр ғой. Аталған мәселені реттеу үшін ғылыми жұмыстарды жүргізуге бөлінетін, яғни гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды және докторанттарды дайындау үдерісін жүйелі түрде ұштастыру керек. Қазір гранттық қаржыландыру шеңберінде жобаның сәтті аяқталуының негізгі шарты – ғылыми мақалалар. Ал докторанттарды дайындау міндетті көрсеткіш емес. Егер әр ғылыми жобаны атқарушылардың қатарында докторант болса және сәтті қорғаған бір PhD доктор мақалалардың орнына есептелсе, онда бөлінген қаражат ұтымды пайдаланылған болар еді. Бүгінде докторанттың ғылыми кеңесшіні таңдау еркі жоқ. Ғылыми жобасы бар сырттағы кез келген институттың ғалымына бара алмайды. Бұл мәселе заңнамалық реттеуді қажет етеді. Министрлік ғылыми кеңесші бола алатын ғалымдардың ортақ тізімін жасап, докторанттар жоғары оқу орындарында міндетті білім алу кредиттерін аяқтаған соң, сол тізімдегі ғалымдарға кеңесші болуға ұсыныс жасай алатындай жүйеге көшуіміз қажет.
Мәселені шешудің тағы бір ұтымды жолы бар. Ол – ел университеттері мен шетелдің жетекші университеттері арасында бірлескен докторантура бағдарламаларын қарқынды дамыту. Сол бағдарламалардың аясында докторанттардың оқу мерзімінің жартысын шетелде өткізуді қарастыру қажет. Бұл заманауи зерттеулер жүргізуге және ғылыми кадрларды дайындау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Аталған қадам шетелдік ғылыми кеңесшілердің рөлін күшейтуді талап етеді. Ұсынысты іске асыру үшін докторантураға бөлінетін қаражат тек елдегі оқуға ғана емес, шетелде де білім алуды, сонымен қатар ғылыми зерттеулерді жүргізуді қамтуға тиіс. Докторанттардың санына емес, сапасына мән беру маңызды.
– Назар аударғыңыз келген үш мәселенің алғашқысы осы болған секілді ғой. Екінші проблема не жайында?
– Бұл да жоғарыдағы мәселемен өзектес. Яғни ғылыми инфрақұрылымға қатысты. Жасыратыны жоқ, озық ғылыми зерттеулер жүргізуді былай қойғанда, ғылыми кадрларды даярлауға инфрақұрылым жеткіліксіз. Ол «Ғылым туралы» заңның және оған тәуелді актілердің кемшілігінен туындап отыр. Ғылымды жанама қаржыландыру тетігі, яғни ресми түрдегі үстеме шығындардың жоқтығы өзекті мәселеге айналды. Ал бұл жағдайға халықаралық тәжірибеде мән берілген. Біздің базалық қаржыландыру тек ағымдағы ғылыми инфрақұрылымды қамтамасыз етуге арналған. Болашаққа арналған ғылыми инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және оған жүйелі түрде қаражат бөлу кенже қалған. Осыған орай заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Айталық, базалық қаржыландыру тұрақты және ауыспалы бөліктен тұруы керек. Тұрақты бүгінгідей бекітілген нормаларға сәйкес, ал ауыспалы жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның ғылымға кеткен қаражат көлеміне байланысты айқындалады. Мәселен, соңғы үш жылда гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру көлемінен ұйымға төртінші жылы осы соманың 20 пайызы базалық қаржыландыру арқылы өтеледі. Егер ұйым қосымша ғылымға жеке қаражатын салған болса, онда келесі жылы оның 40 пайызы қайтарылады. Өтелген қаражат үш жылдан аса көп жинақталмайды. Оны ректордың/директордың шешімімен және ғылыми кеңестің мақұлдауымен ғылымды дамытуға ғана қайта қолдануға болады. Бірінші кезекте жаңа инфрақұрылымға, ғалымдардың біліктілігін арттыруға және ішкі қанатқақты зерттеулерге гранттар бөлуге жұмсалады.
Үшінші мәселе әлемдік ғылыми үрдістерден артта қалуымызбен байланысты. Экономикада «орталық» және «шет» деген парадигманың бары бәрімізге мәлім. Мойындау керек, Қазақстан әзірше шетте орналасқан. Соған қарамастан, біздің базалық ғылымды басқаруға арналған реформалар «өзімізде дамытамыз» оймен шектеледі. Алайда «қай периферияда орналассақ та, біз үшін даму маңызды» деген рационалды ойды ұстану да ұтымды болар еді. Мұндай көзқарас мемлекеттің ғылымды дамытуға жұмсайтын қаржысын тек Қазақстанның аясында ғана қолдануды шектемейді. Керісінше елдің мүддесі үшін ғылымды шетелдің жетекші орталықтарында да дамытуға жол ашады.
– Ол үшін не істеу керек?
– Еліміздің ғылыми көкжиегін кеңейту бағдарламасы мен қажетті заңнамалық актілерді әзірлеу керек. Осының нәтижесінде ел ғалымдары халықаралық ғылыми-инновациялық бағдарламаларға қатыса алатындай мәртебеге ие болуы қажет. Ал Ғылым министірлігі бөлінетін қаражаттың бір бөлігін шетелдің ғылыми орталықтарында жасалып жатқан ғылыми жұмыстарға инвестиция құя алатындай құқыққа ие болса дейміз. Аталған бағдарламаның аясында қойылатын міндеттің бірі – әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде елімізге аса қажетті ғылымның басым бағыттары бойынша қазақстандық ғылыми зертханалардың филиалдарын құру. Әлемде мұндай тәжірбие бар. Мысалы, Германияда, Францияда, Италияда, Ұлыбританияда зертханалары орналасқан Еуропалық молекулярлық биология зертханасын алуға болады.
Бұл не үшін қажет? Бүгінде елімізде шетел университеттерін ашу үрдісі жолға қойылған. Бірақ бұл біржақты қозғалыс. Оның мақсаты – отандық білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру. Ғылымдағы кемшілікті түзеу үшін бізге екіжақты магистраль қажет. Яғни Қазақстанда шетелдік университеттер мен олардың ғылыми орталықтардың ашылуы ғана емес, сонымен қатар кері қозғалыс – әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында, университеттерінде, институттарында қазақстандық ғылыми зертханалардың филиалдарын ашу да маңызды. Мұндай екіжақты магистраль бүгінге дейін «Болашақ» және басқа бағдарламалар бойынша жеке тағылымдамадан өту және білім алу аясында қалыптасып келеді. Бірақ олар жүйелі тәсілмен дамытуды қажет етеді.
– Шетелден отандық зертханалардың филиалын ашу дейсіз бе? Оның нақты қандай пайдасы бар?
– Пайдасы өте көп. Біріншіден, филиалдың қызметкерлері – қазақ ғалымдары ғылыми дамудың алдыңғы шебіне шығады. Осылайша ғылыми инсайдтар мен тенденцияларды бірінші болып біледі, ғылыми тәжірибені тез меңгереді және шетел ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Екіншіден, бізде реагенттер мен жабдықтарды сатып алу деген мәселе бар. Олар қымбатқа түседі. Сырттан жеткізілуінің өзін айлап күту керек. Осының бәрі ғылымға кәдімгідей қолбайлау. Филиалдар шетелде орналасса, реагенттерді жедел сатып алып, қарқынды дамып келе жатқан әлемдік ғылыми ойға ілесе отырып, зерттеу жүргізуге мүмкіндік туады. Шетелдік ғылыми топтармен бірлесе отырып ірі, қымбат, елімізде жоқ жабдықты жалға алу мүмкіндігі пайда болады. Филиалдар елдің экономикасына қойылатын ықтимал санкциялары айналып өтуге мүмкіндік береді. Сонда түрлі дағдарыс кезінде логистика тізбегі бұзылса, реагенттер мен жабдықтарды сатып алу мәселесі туындамайды.
Үшіншіден, филиалдар арқылы ел ғалымдарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүзеге асыруға болады. Жинақталған тәжірибені отандық зертханалармен бөлісу мүмкіндігі туады.
Бұл бағыттағы жұмысты шетелде Қазақстанмен байланысы бар (қандастар, бұрынғы азаматтарымыз) жетекші ғалымдарды қолдаудан бастауға болады. Шетелде қазақ ғалымдары баршылық. Бірақ олар елге қайтуға әлі дайын емес. Дегенмен шетелде жүрсе де, оларды ел мүддесіне жұмыс істетуге болады. Бұған арналған бөлек қаржыландыру тетігін әзірлеу қажет. Оларға шетелде зертхана ашуға мүмкіндік жасау да маңызды. Ғылыми жұмыстарын Қазақстан мүддесі үшін шетелде жүргізіп, шығарған инновациялары мен патенттеріне біздің ел ие болуы шарт. Сыртта стартаптарды үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік бар.
Тағы бір маңызды аспект, отандық ғылыми зертханалардың шетелдегі филиалдары Қазақстанның «жүрек пен сана» бәсекесіндегі «жұмсақ күшін» кеңейтуге мүмкіндік беріп, ғылыми дипломатия қызметін атқаратын болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың үлгісі бойынша филиалды басқару және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстан елшілігінде ғылыми атташе лауазымын құрған жөн.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»