ЭКСПО – Бүкіләлемдік әмбебап жетістіктер көрмесі. Бүкіләлемдік әмбебап көрмелер тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркәсіптік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алады. Бір сәт зейін салып, ойланып көрейікші, барлық халықтардың еңбектері жетістіктерінің ұлы көрмесі! Яғни, енді үш жылдан кейін егемен еліміздің елордасы – Астана қаласында адамзат ақыл-ойының қазіргі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктерінің озық үлгілері паш етілетін болады.
ХХІ ғасырдың өркениет биігіне батыл қанат қаққан тәуелсіз Қазақстанның 2012 жылғы басқа жетістіктерін былай қойғанда, әлемнің алдыңғы қатарлы 161 мемлекеті мүше болып табылатын Халықаралық көрмелер бюросының аламан бәйгесінде қара үздіріп, Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме өткізу құрметін жеңіп алуы төрт құбыласы түгел дамыған елдердің де маңдайына бұйыра бермейтін бақыт еді. Бұл жеңіс – егемен еліміздің еркіндік алғаннан бергі жылдар ішіндегі салиқалы саясатын, «Қазақстан феномені» атанған экономикалық жетістіктерін мойындау, төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналған Астананың ашықтығының жеңісі. Иә, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған Астананың айтулы эстафетасы енді Дүниежүзілік көрмелер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласпақ.
Дүниежүзілік шаралар тұрғысындағы өзіндік маңызы жағынан бұл көрме осы уақытқа дейін Астана қаласында өткізілген жаһандық оқиғалардың ешқайсысынан артық болмаса, кем емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпия ойындары немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен бара-бар шара болып табылады. Оның үстіне бұл – Қазақстан экономикасының болашақ дамуына үлкен септігін тигізетін, дүниежүзілік тәжірибелерді Қазақстанға алып келетін, елімізге инвестицияны еселеп тартуға ықпал ететін шара», деп атап көрсеткен болатын.
Соңғы 16 жылдан бері Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросының тұрақты мүшесі болумен қатар, осы дүниежүзілік беделді ұйым өткізетін іс-шараларға да белсенді қатысып келеді. 2008 жылы Испания Корольдігінің Сарагоса қаласында «Су және тұрақты даму» айдарымен ЭКСПО-2008 көрмесі өткен болатын. Оған қатысушы әлемнің 104 мемлекеті павильондарының арасында Қазақстан Республикасының павильоны «С» дәрежесі бойынша қола жүлдені жеңіп алған еді. Осы «ЭКСПО-2008, Сарагоса» Халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан Елбасы сол жылы алғаш рет Қазақстанда Бүкіләлемдік көрме өткізу идеясын жария еткен-ді.
Елбасының бұл бастамасы төрт жылда ақиқатқа айналып, 2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) штаб пәтері орналасқан Париж қаласында осы бір беделді халықаралық ұйымға мүше 161 мемлекеттің 100-ден астамы дауыс беріп, Қазақстан елордасы – Астана қаласы 2017 жылғы Бүкіләлемдік көрмесін өткізетін орталық құрметін жеңіп алды. Содан бері елімізде Мемлекет басшысы «Ұлттық жоба» деп атаған осы бір жаһандық шараны өткізуге әзірлік жұмыстары басталған еді. Биылғы жылғы 11 маусымда Парижде ХКБ Бас ассамблеясының 155-ші сессиясы өтіп, қалыптасқан дәстүр бойынша осы сессияда «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көрмесін ресми түрде тану және ХКБ ұйымының туын 2017 жылы осы әлемдік шараны өткізетін ел – Қазақстанға салтанатты түрде тапсыру шарасы болып өтті. Сөйтіп, Астанадағы болашақ көрме қалашығы құрылыс алаңында Халықаралық көрмелер туы желбіреді. Елордамызда Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі қалашығының құрылысы заңды түрде бастау алды.
Қала күні мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысымен танысып, осы ғасыр құрылысын салу міндеті сеніп тапсырылған мердігерлік құрылыс ұйымдарының басшыларына ерекше жауапкершілік және келелі міндеттер жүктеді. «Бұл – әлемдік ауқымдағы ірі шара. Бүкіл әлемге өз мүмкіндіктерімізді көрсету үшін сіздерге, мердігерлерге оның дайындығына қатысуға сенім білдірілді. Сіздер өз қабілеттеріңізді өзге нысандарда дәлелдедіңіздер. Отандық компаниялар, сондай-ақ, біздің елімізде жұмыс істейтін шетелдік мердігерлер бұған дейін ешқашан ұятқа қалдырған емес, қазір де бәрін уақытында және сапалы атқаруға тиіс», деп атап көрсетті осы кездесуде Президент.
Сонымен, егемен еліміз үмітін үкілеген ғасыр құрылысын салу міндеті «Sembol Uluslararasi» (басқарма төрағасының орынбасары Феттах Тамеджи), Mabetex (президенті Африм Пакколи) компанияларына, BI-Group (холдингтің басшысы Айдын Рахымбаев) холдингіне, «СК Базис» ЖШС-на (бас директоры Александр Белович), AstanaGroup (компания президенті Нұрлан Смағұлов) компаниясына жүктеліп отыр. Осы кездесуде Мемлекет басшысының алдында есеп берген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Талғат Ермегияевтің айтуынша, көрме павильондарының негізгі құрылымдарын салу 2015 жылдың қазан айында аяқталып, одан әрі павильондар ішіндегі әрлеу жұмыстары басталмақ. Орталық көрме павильонын әрлеу жұмыстарын 2016 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделіп отыр. Келер жылдың қазан айында халықаралық павильондардың негізгі құрылымдарының құрылысы аяқталмақ. ЭКСПО қалашығының «нөлдік кезеңін» мердігерлік құрылыс ұйымдары белгіленген кестеден ерте бітіруді жоспарлап отыр.
Ұлттық компания басшысының мәліметінше, Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, Қазақстан көрмені ұйымдастырушы ел ретінде халықаралық қатысушылардың тұрғылықты жерлерін қамтамасыз ететін болады. Қонақтарға 1300 пәтер қарастырылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 300 техника мен 700 құрылысшы жұмылдырылған. Кешеннің жалпы ауданы –173,4 гектар. Ал көрме аймағы – 148,5 гектар. Көрме аймағы құрылысының негізгі нысандары – Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сондай-ақ, сауда және ойын-сауық ғимараттары болмақ.
Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы» бүгінде бұл бүкіл адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе екендігі даусыз. Дүниежүзілік көрмелер шежіресін саралайтын болсақ, сол заманның озық жетістіктерін паш еткен бұл көрмелердің басты ұраны – адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселелерді шешу болып табылады. Мәселен, 1851-1900 жылдар аралығындағы көрмелер ХІХ ғасырда экономика мен сауданың бұрын-соңды болмаған өсу толқынында туындаған өндірістік жаңалықтарды жария етті. Ал 1900-1939 жылдар аралығындағы Дүниежүзілік көрмелер сипаты «Дағдарыстан – болашақты көруге дейін» ұранымен өтті. 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс, орыс төңкерісі, 1929 жылы басталған ұлы күйзеліс, тоталитарлық жүйелердің орнығуы, демократияға деген сенімнің жоғалуы, жаппай қарулануға ұмтылу – осының бәрі үлкен соғыс қарсаңындағы дауылдың салдары еді. Міне, осындай жағдайда дүниежүзілік көрме әлемді құрсаулаған күйзелістен қорғанып, жаңа технологияларды өмірге әкелетін жасыл аралға айналды. 1958-1970 жылдар аралығындағы Дүниежүзілік көрмелер «Бейбіт уақыт және жаңғыру» ұранымен өтті. Адамзат екінші дүниежүзілік соғыстан қатты күйзеліспен шығып, экономикалық және рухани жаңғыру қажеттігін барынша сезінді. Адамзат шынайы экономикалық жетістіктерге ұмтылды. Ғарыш дәуірі басталды. Сөйтіп, дүниежүзілік көрмелер бұрынғыдан да әртараптанған сипат алды. 1974-1998 жылдардағы Дүниежүзілік көрмелер ұраны «Жаңа технологиялар дәуірі» сипатымен өтті. 2000-2010 жылдар аралығындағы көрмелер «Ертеңгі күн бүгіннен де жақсы болуы керек» ұранын күн тәртібіне шығарды.
Енді 2017 жылы елордамызда өтетін Халықаралық мамандандырылған көрмесінің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы» болып отыр. Жұмыр жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзат планетамызда энергетикалық тапшылықтың күннен-күнге белең алып бара жатқанын, барған сайын сұранысы артқан экономика үшін энергия өндірудің экологияны тығырыққа тірегенін ашық мойындап, ұрпақ болашағы балама қуат көздеріне тікелей байланысты болатынын күн тәртібіне барынша батыл қойып отыр. Ендеше, «Астана ЭКСПО-2017» аясында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын энергетикалық қуат көздерінің болашағы шешілмек.
Қазақстанның балама энергия көздері бойынша әлеуеті зор. Экспорттық зерттеулер негізінен алғанда, еліміздің құрамына гидроэнергия, жер және күн энергиясы кіретін ресурстық әлеуеті 1 триллион кВт/сағат мөлшеріне тең деп жобалануда. Қазір елімізде өндірілетін электр қуатының көлемінде «жасыл энергияның» үлесі аз. Сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстанды индустрияландыру стратегиясында «жасыл энергияға» сара жол ашып отыр. Елімізде соңғы деректер бойынша «жасыл энергия» қуатын 2000 МВт-ға жеткізу жөніндегі бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы қолға алынды. Күні кеше, Астана күні мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпірде Ерейментау қаласының маңында өнеркәсіптік жел паркінің құрылысы пайдалануға берілді. Елбасы бұл жобаға оң бағасын беріп, инновациялық сәтті қадамның маңызы орасан екендігін атап өтті. «45 мегаватт деген Көкшетау мен Петропавл қалаларында тұрған электр стансаларымен бірдей. Сондықтан Астананың іргесіндегі Ерейментауда салынып жатқан тұңғыш жел энергия стансасы құтты болсын!», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елімізде тұңғыш рет қолға алынған жел энергиясы стансасының құрылысын «Самұрық-Энерго» АҚ жүргізуде. Алдағы уақытта оның қуатын 300 мегаваттқа жеткізу көзделінген. Мұның өзі 80 мың пәтер жел қуатымен өндірілген электрмен қамтамасыз етіледі деген сөз. Бүгінгі күні жел электр стансасының 85 метрлік 3 мұнарасы мен аумағы 93,2 метрлік роторлары бой көтерген. «Алып қанаттар» желдің жылдамдығы секундына 3 метр болса болды, жұмыс істей береді.
Өркениет өріне ұмтылған адамзаттың ақыл-ойы әлемге барлық ұлттар жетістігін паш ететін ұлы көрмені берді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өзінің 160 жылдан астам тарихында өркениет шежіресіне алтын әріптермен жазылған сәулет өнерінің жауһарларын қалдырды. ЭКСПО мұралары – Лондондағы Хрусталь сарайы; Париждегі Эйфель мұнарасы; Париждегі Александр ІІІ көпірі; Лион вокзалы; Венадағы Ротонда – әлемдегі ең үлкен күмбез астындағы павильон; Мельбурндегі патшалық көрме павильоны нақ осындай мәңгілік өнер ескерткіштері болып табылады. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме қалашығында да әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы – көрме символы нысанының бой көтеретініне сенеміз.
Астанада 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу елорданың, жалпы бүкіл еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін береді. 2017 жыл Қазақстанның бас қаласы – Астана үшін айрықша айтулы жыл болмақ. Бұл жылы Астана қаласының 20 жылдық мүшел тойы аталып өтіледі. Арқа төсіндегі ару қала төрткүл дүние көз тігетін жаһандық оқиға алаңына айналады. Яғни, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында көрмеге әлемнің 100 елі мен 10 халықаралық ұйымнан 5 миллионға тарта турист келмек. Бұл Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін бұрынғыдан да арттырып, Астананың атағын тағы да жаһанға жария етеді. Ұзағынан болғай!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».