Марапат • 24 Сәуір, 2023

АҚШ-тан олжалы оралды

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық оқушылар АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен дүниежүзілік «FIRST World Championship» чемпионатында үш аталымда үздік атанды.

АҚШ-тан олжалы оралды

6 жастан 10 жасқа дейінгі ең жас санаттағы алматылық «Adeptus Mechanicus» командасы жоғары ынта-жігері, ынтымақтастық рухы және өзара сыйластығы үшін «Core Values Award» марапатын иеленді. Бастауыш сынып оқушыларының ин­но­вациялық жобасы мен техникалық әзірлемелері үздіктердің қатарынан табылды.

«Play 4 Energy» коман­дасының са­пында өнер көр­сеткен «LEAS» мек­­те­бінің оқушылары 10-16 жас ара­лы­ғындағы орта санаттағы «Robot Design Award» жоғары техникалық сыйлығын жеңіп алды. Олар күрделі тапсырмаларды орындай алатын берік әрі тиімді робот жасау арқылы тамаша бағдарламалау және инженерлік дағдыларын паш етті.

12 жастан 18 жасқа дейінгі жо­ға­ры санаттағы «Motivate Award Finalist» төрешілердің ерекше ма­ра­па­тына Алматы қаласындағы Рес­пуб­ликалық физика-математика мек­те­бі­нің «AENTA» командасы ие болды. Роботтардың керемет ойынын жасаумен қатар, балалар «STEM» мәдениетін белсенді түрде насихаттап жүр және өз мектептерінде «FIRST» негіздерін енгізген. Халықаралық қазылар ал­қа­­сының мүшелері атап өткендей, бұл команда әлем­дік аренада жоға­ры кә­сібилік көрсетті. Айта кете­йік, бұған дейін оқушы­лар тегін фестивальдар мен тренингтер өткізіп, өз құрдас­та­рына роботтехника мен бағ­дар­ла­ма­лау негіздерін үйрет­кен болатын.

– Оқушылар тамаша нәти­желер көрсетіп, еліміз­дің абыройын асырды. Шәкірт­те­рі­міздің жеңісіне ықпал еткен жандарға алғысымыз шексіз. Бұл Қазақстандағы «STEM» дамуындағы үлкен әрі жемісті жолдың басы ғана, – дейді «USTEM Robotics» қоғамдық қорының негізін қалаушы Нұрдәулет Досмағамбет.

Еске сала кетейік, біздің құрама осы жылдың ақпан айында Оқу-ағарту минис­трлігінің қолдауымен өткен «FIRST Central Asia» Орта­лық Азия ойын­дарында жасақ­талған болатын.

– Жарыста 110 елдің өкіл­дері бақ сынады. Балала­ры­мыздың жоғары кәсібилік көрсетіп, лайықты мара­пат­тар­ға ие болғанына қуа­ныш­тымыз. Олардың жар­қын жеңістері өзге оқу­­шылар үшін мотивация болары даусыз, – дейді «Дарын» рес­­пуб­ликалық ғылыми-прак­тикалық орта­лығы Педа­гогикалық шеберлік зерт­­ханасының жетекшісі Айгүл Қарақұлова.

Роботтехника бойынша әлемдік чемпионатқа барлығы 36 мың бала қатысқан. Ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғады.