Жүректі шым-шым сәулелі сезімдерге толтыра, жылда шіліңгір шілдеде келер бір бүкілхалықтық мереке бар. Ол – Астана күні. Арқа төсіне орнаған елорда мен Елбасы есімі егіз ішектен шыққан күй күмбіріндей үйлесіп тұр бүгінде. Астана мен Нұрсұлтан Назарбаев дүйім дүниеге қазақтың елдігін, Қазақстанның мәртебесін танытар дара нышандарға айналған. Осы орайда біз «Егемен Қазақстанның» Алматы бөлімшесіндегі дөңгелек үстелі басындағы салиқалы әңгімеге Ұлттық ғылым академиясының академигі, атақты географ-ғалым Әлия Бейсенованы, Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаеваны және Алматыдағы Ұлттық кітапхананың директоры, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаровты тартқан едік. Тақырыпты тарқатып айтар ендігі сөз кезегі – осы кісілерде.
Әлия БЕЙСЕНОВА: – Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен саяси орталық болып табылатын Астана – әлем мойындаған қала. Тарихи тұрғыдан қарағанда Вашингтон, Париж, Лондон, Рим сияқты әлемдік астаналармен қатар әлемдік мәселелерді шешуге де атсалысуда. Қазақстанның Астанасы қазір ол Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен татулықты шендестірген ғаламдық мәні зор шаһарға айналып отыр. Орталық Азияда саяси-экономикалық тұрақтылықтың сақталуына Қазақстанның бас қаласы айтарлықтай үлес қосып келеді.
«Барлық жол Мәскеуге апарады» деуші еді бұрынғылар. Қазір бізде барлық жол Астанаға апарады, Астанадан тарайды. Дүниежүзілік мәні зор жиындардың көбі Астанада өтетін болды. Өмірі басы қосылмайтын дін өкілдерінің өзі Астанаға жиналып, жыл сайын Бейбітшілік және келісім сарайынан тіл табысып тарқайды.
Жұбайым академик Серік Қирабаев екеуміз елордада жиі болып тұрамыз. Бізді Астана – еліміздегі классикалық өнер орталығы ретінде де тартады. Мұнда әлемдік деңгейдегі «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры салынды. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» спектаклімен ашылған бұл театр тек Арқа жұртын ғана емес, еліміздің халқын, кең-байтақ даласын әуезді әнге, классикалық музыкаға бөлеуде. Әр маусым сайын театр репертуары жаңарып, классикалық шығармалармен толықтырылады. Осындай халықтың рухани азығына айналған іс-шараның Астанада жүзеге асырылуы да Елбасы ұлағатының бір көрінісі. Еліміздің рухани дамуына, рухын көтеруге мәдениет қайраткерлерінен Айман Мұсақожаева мен Жәния Әубәкірова секілді қазақтың аяулы қыздары да айтарлықтай үлес қосуда.
Еліміздің білімі мен ғылымының дамуына да ендігі жерде Астана қаласы ұйытқы болып, көш бастауда. Экономиканың барлық салаларына қажетті жоғары білікті мамандар даярлауда «Назарбаев Университеттің» орны бөлек. Бұл университет болашақта еліміздің инновациялық орталығына айналары сөзсіз. Қаланың жаңа жоғары оқу орындарында еліміздің инновациялық индустриясына қажетті мамандар даярлануда. Дүниетанымы жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеп өсіруде арнайы маманданған мектеп-гимназиялар мен дарынды балаларды оқытатын, даярлайтын «Оқушылар сарайының» маңызы зор. Яғни, мұның бәрі – еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға жасалып отырған үлкен қамқорлық.
Астана – Қазақстан Республикасының саяси, іскерлік және мәдени орталығы, адамзат дамуы мәселелерінің кең спектрі бойынша халықаралық симпозиумдар, конференциялар, саммиттер, семинарлар, тренингтер, көрмелер өткізу орталығы. Сонымен бірге, бүгінде Астанада бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау жағы толықтай жолға қойылған. «Сарыарқа» республикалық велотрегі, Орталық футбол стадионы, «Қазақстан» спорт сарайы, «Алау» спорт сарайы қала халқының спортпен айналысып, денсаулығын нығайтуға зор септігін тигізуде. Халықаралық талаптарға толықтай сай келетін бұл спорт кешендері тек Астана халқының игілігі болып қана қоймай, бүкіл ел спортының өркендеуіне жақсы негіз екендігі күмәнсіз.
Еліміздің қорғаныс саласын нығайту орайында Астана қаласында орын тепкен генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің рөлі зор. Ержүрек батырларымыз бен хандарымыздың келешек ұрпаққа аманат еткен жерін сақтап қалу болашақ ұрпақтың бабалар алдындағы парызы. Олай болса, Отанымыздың қауіпсіздігі мен егемендігінің бір айғағындай «Астана» өңірлік қолбасшылығын да мақтан етіп, медет тұтуға тиіспіз.
Астана республикалық автокөлік, теміржол және әуе жолдарын тоғыстырып тұрған ірі көліктік-логистикалық орталық десек, бұл да бүгінгі өркендеген өміріміздің ақиқаты. Қала экономикасының негізін сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары құрайды. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау саласы төңірегіне шоғырландырылған, яғни, Қазақстанның инновациялық келбетін танытады. Бұл жерде бұрын-соңды тарихымызда болмаған жаңа өнеркәсіп салалары – жолаушы вагондарын шығаратын «Тұлпар-Тальго» зауыты, «Eurocopter» тікұшақ құрастыру зауыты , «Astana Solar» күн нұрынан қуат алатын батареялар өндірісі құрылып, жемісті жұмыс жасап жатқанына өз басым қатты сүйінемін.
Алдағы уақытта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниеттеніп, жасыл энергетиканы паш еткен Астана келешекте әлемдегі «жасыл экономиканың» ошағына айналуды мақсат тұтып отыр. Халықаралық мәні зор көрмені өткізу арқылы біздер еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыратын боламыз. Ал, осы істің басында астаналықтар тұратыны және мерей дер едім.
Динар НӨКЕТАЕВА: – Батыр бабаларымыз бізге тұлпары шапса – тұяғы, қыраны ұшса – қанаты талатын кең-байтақ даланы мирас етті. Сол қайсар, рухты батырларымыздан мұра боп қалған киелі жердің шынайы егемендігіне, нағыз дербестігіне ХХ ғасырдың аяғында қол жеткізіп, әлем аренасында жаңа мемлекет пайда болды. Ел тарихына қарағанда сондай ұзақ жасаған, ал Тәуелсіздікке қол жеткізгенде жас мемлекет ретінде танылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таңдаған дара жолымен, сара бағдарламасымен дамуға бағыт алды.
Сарабдал саясаттың дүйім жұртты таңғалдырған тұсы – жаңа астана салу болғаны жасырын емес. Елбасының ерекше идеясының шынайы түрде жүзеге асқанына, Есілдің жағалауын бойлай салынған жаңа қаланың қарқынды жүрген құрылысына мен сол кезде Мәжіліс депутаты ретінде таңдана куә болған едім. Айта кететін жайт, осы Астанада тұңғыш рет Қазақстанның территориялық аймағы нақтыланып, шекарасы бекітілгені белгілі. Әлемдік білім кеңістігіндегі озық үлгілердің бірі – «Назарбаев Университеті», зияткерлік мектептер және қоры туралы заңдар қабылданды. Осы секілді еліміздің дамуына зор үлес қосқан көптеген тарихи құжаттардың Астана төрінде қабылдануына өзім де Мәжіліс депутаты болып тұрғанымда дауыс берген болатынмын.
Міне, бүгінде жазиралы Сарыарқаның сайын даласына, тоғыз жолдың торабына ғаламат жылдамдықпен кескін-келбеті бөлек мәртебелі шаһар тұрғызылды. Бұл күнде «Астана» деп айшықтап атау берген елордамызға 16 жыл толып, ажарлы қала Тәуелсіз Қазақ елінің бет-бейнесіне айналды.
Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Ежелден рух еркіндігін ерекше қастер тұтқан халқымыздың асыл дәстүрлерін жаңа заманға жарасымды жалғастыруымыз қажет», деп айтқан болатын. Кең ауқымды, терең толғамды ойды Астанамен байланыстырар едім. Себебі, заманауи дамыған елдердің ірі мегаполистерінің үлгісінде әрі ұлттық, қазақы нақыштар тоғыстырылып салынған ғимараттардың, архитектуралық, дизайндық озық құрылыстардың арқасында Астана көз тоймас көрікке ие болды.
Астана – қалыптасқан, дамыған Қазақстанның ажары. Жасыратыны жоқ, Астанаға қарап дүние жүзі Қазақстанның болмыс-бітімін таниды. Мемлекет басшысының бастамасымен дүниежүзілік маңызы зор басқосулардың, атап айтқанда әлемдік діндердің саммиті, Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форум және де көптеген ірі-ірі шаралардың дәл осы Астанада ұйымдастырылуы – Қазақстанның әлемнің саяси сахнасындағы рөлін айқындайды. Ендігі кезекте ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің біздің елордамызда ұйымдастырылуының өзі мақтан тұтатын үлкен қуанышты оқиға. Париждегі «EXPO» көрменің нәтижесінде атақты Эйфель мұнарасы Францияның келбетіне айналса, ертеңгі күні, Астанада өтетін жасыл экономикаға арналған көрме де еліміздің атын жер жүзіне паш ететініне сенімдімін.
Қазіргі күннің өзінде Қазақстанды – Астанасыз, Астананы «Бәйтерексіз» елестете алмайтын деңгейге жеттік. Елбасының идеясымен халықтық аңыз бойынша тұрғызылған «Бәйтерек» – Астананың символы. Астанада бой көтерген әрбір ғимараттың, мейлі ол әкімшілік басқармалардың кеңселік орындары болсын, мейлі ол қоғамдық-мәдени демалыс орындары болсын, қай-қайсын алсаңыз да түс-тұрпаты ерекше.
Тәуелсіз Қазақстанның тірегі мен жүрегі болған Астана – әлемдік деңгейдегі озық қала. Білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің ошағы Астана – Мәңгілік Қазақстанның мәңгілік елордасы болып қала береді.
Әлібек АСҚАРОВ: – Мемлекет өмірінің кемел келешегін айқындайтын тарихи кезеңдер болады. Біздің еліміз үшін сондай жарқын кезең – астанамыздың Арқа төсіне қоныстануы болғаны даусыз.
Көгімізде Тәуелсіздіктің Көк Туы желбіреген күннен кейін, тағдыры талайлы қазақ елінің жаңа тарихының беті осыдан басталды. Күйреген империяның қалдығынан Тәуелсіз мемлекет құра отырып, оған жаңа астана таңдау – тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі.
Астана қаласы туралы толғауында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, 1992 жылы туған еді. 1992 жылы Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайлағаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан», – деп жазады.
Астана қаласының тарихы одан бес шақырым жерде орналасқан Бозоқ қаласымен тығыз байланысты екенін кейін білдік. Бозоқ – Қыпшақ хандығының астанасы болған екен. Осы аймақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өтіпті. Елбасы «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп тұжырым жасайды.
Алматыдан жаңа астанаға көшкен ең алғашқы мемлекеттік орган – Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі екенін біраз адам біледі. Мен де осы министрліктің құрамында 1997 жылғы 2 маусымда Ақмолаға бет түзегендер сапында болдым. Алматы-2 теміржол вокзалында үлкен митингі болып, аузы дуалы ақсақалдар бізге ақ жол тілесті.
Ақмоланы вагонның терезесінен көрген бетте-ақ көңіліміз жабырқап салғаны есімізде. Қала бұрқыраған шаң-тозаң, қаптаған құрылыс, свай қаққан тарсылдар. «Ару Алматыны тастап осы біз қайда келдік» дегендей өкініш жүрегімізді тырмалағаны рас.
Әлі есімде, вокзал алдында митинг жасап, қарсы алушылармен амандасып, шүйіркелесіп жатқан кезде сіркіреп жаңбыр жауып берсін... Жаңбыр ұзаққа созылған жоқ, жарым сағатқа жетпей қоя салды. Бұл жаңбырды сол жерде тұрған жұрттың бәрі Алланың ақ нұрына, жақсылыққа балап жатты.
Сол жаңбыр біз үшін шын мәнінде Алланың ақ нұры болыпты. Жылдар өте жаңа қала бәріміздің ғажап мекенімізге айналды. Осы қалада тұрып құдандалы-жекжатты болдық, достар таптық, туыс таптық. Бүгінде Арқа өңіріне судай сіңіп, тастай батқан жағдайдамыз. Қала тарихының тірі куәгеріміз, бұрынғы облыс орталығы қалай мемлекет астанасына айналды, қалай өсті, қалай өнді, гүл-гүл жайнап қалай көркейді. Сол өзгерістердің бәрі әлі күнге көз алдымызда өтіп жатыр.
Қазір Астанаға аяқ басқан адам бұл қалаға қызықпауы, оны жақсы көрмеуі мүмкін емес. Күн көзінде сан құбылып жарқыраған сәулетті ғимараттар, тынысыңды ашқан кең даңғылдар өзіне еріксіз баурап алады. Айнадай таза көшелер, жасыл желек бульварлар. Астананы жақсы көретініміз сондай, көшеде кетіп бара жатқан біреу темекі лақтырса да, қоқыс тастаса да, тіпті, түкірсе де жанымыз ашитын халге жеттік.
Балаларымыз да Астанамен бірге ержетіп, қанаттанды, азамат болысты. Біз көшіп келген жылдары Ақмола халқы 300 мыңның төңірегінде еді. Бүгінде астаналықтар қатары 826 мыңға жетті. Қазақстан қалаларының ішіндегі ең жасы да – біздің елорда тұрғындары екен. Астаналықтардың қазіргі орташа жасы 32-ні құрайды.
Дүниежүзі қазақтарының Астанада өткен 4-ші құрылтайында бір топ қандастарымызды түнгі Астананы қыдыртқанымыз есіме түсіп отыр... Сонда, Парижден келген Мехмет Зенгин деген фабрикант досымыз: «Қазағымның астанасы Азияның Парижі болып кеткен екен», деп таңдай қағып, бас шайқағаны бар.
Шындығы да солай болар... Елбасы азиялық та емес, еуропалық та емес, еуразиялық қала жасаймыз
деп еді
. Сөзінде тұрды, ақыры жасады! Елбасының асқақ арманы артығымен орындалды. Қазір Астанадан әлемдік сәулет өнерінің нелер бір тамаша үлгісін көруге болады.
Егер сөзімізді тұздықтап, цифрға жүгінер болсақ, 1998 жылы Астанада мектепке дейінгі 48 мекеме
жұмыс істеген екен. Бүгін оның саны 125-ке жетті. Тағы сондай 19 мекеменің құрылысы жүргізілуде. Соңғы үш жылда ғана 8 аурухана
және емхана ашылған. Бала тууына келсек, 1000 адамға шаққанда: 1999 жылы – 11,2 бала болса, өткен жылғы дерек 25,7 балаға жеткенін көрсетті. Бұдан 15 жыл бұрын астаналықтың орташа өмір сүруі
67 жас еді, қазір 73,5 жасқа жетті дейді мамандар. Он жыл бұрын қалада бар-жоғы 37 мектеп
еді, қазір оның саны 82-ге жетіпті. Үстіміздегі жылы тағы 9 мектеп оқушылар игілігіне берілмекші екен. Бұл көрсеткіштер қалай көкірек қақсаң да, қалай мақтан етсең де лайық жетістіктер.
Ерке Есілдің жағасында, Сарыарқаның кең төсінде қоныс тепкен Астана қаласы сәулетімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты деп айтуымызға әбден болады.
– Мазмұнды әңгімелеріңізге рахмет. Астана күні баршамызға құтты болсын. Мәңгілік мұратын көздеген елордамыз елімізбен, халқымызбен бірге мың жасасын!
Дөңгелек үстел
басындағы әңгімені жүргізген
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.
Ғасырға бергісіз ғажайып жылдар
Халқымыздың әлмисақтан өз азаттығы үшін арпалыса білгенін, ар-ождан жолында басын бәйгеге тіккенін әманда мақтан тұтуға болады. Ықылым заманның ырқына көніп, тарих тереңіне енген Асан Қайғы, Қорқыт бабалардан қалған ғибратты сөз, ұлағатты ұстындар мәні мен мағынасын жоймай, өзінің асқан өміршеңдігімен әлі де мәңгілік мекенге қарай бастау ала беретініне көз жете түседі.
Қазақ елі алғаш тәуелсіздік алып, «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышты сәттерде, осы бір құбылысқа күдікпен теріс қарап, күңкілдегендерді көз көрді. «Ресейден кеткеннен соң күнімізді көру ауырлап кететінін» айтқан «сәуегейлердің» де дәурені жүріп тұрған шақ болатын. Тәуелсіздік деген ұғымның тәубесін айтып тіршілік кешіп жатқан жұртшылық үшін маңызы тым жоғары болуы керек. Ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшын қару қылып, ата-бабаларымыз осынау азаттық үшін күресті. Бұл жолда мыңдаған, миллиондаған құрбандар жер жастанып, мәңгілік сапарға аттанды. Ол осынау Күлтегін, Тоныкөк замандарынан (бәлкім, одан да ілгерірек) бастау алады.
Қашанда жауға қарсы тұрар азаматын ардақтаған қазақ халқы мұндай жорықтар мен күрестерден мыңдаған жылдардан бері әбден қажыған-ды. Бұл Тәуелсіздік – төгілген ата-бабалар қаны мен терінің өтемі. Бүгінде Қазақ елінің дәурені жүріп, мейманасы тасыған шақ. Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктеріміз бен шыққан биіктерімізге дос сүйсініп, дұшпан күйінеді. Өз алдымызға тәуелсіз ел атанып, мұны дүниежүзінің мемлекеттері мойындады. Елбасының қаулысымен Семей ядролық полигоны жабылып, енді жерасты сынақтары жасалмайтын болып, әлемге өзіміздің бейбітшілік сүйетін ел екенімізді дәлелдедік. Кезінде Наполеон: «Елдің саясаты географиясында», деген екен. Сондықтан, көршілес мемлекеттермен шекарамызды анықтап алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де салиқалы саясатының арқасында Қазақстан атты алып кеме әлем айдынына шықты. Қос палаталы кәсіби Парламент құрылып, ұлттық валютамыз айналымға шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, әлемнің көптеген белді де беделді ұйымдарына мүше болдық.
Менің есімнен ауыл ақсақалының: «Қарағым, Нұрсұлтанды дүниеге әкелген Анаға мың рахмет деуіміз керек», деген сөзі кетпейді. Жарықтық, Тоқтарбай атам да: «Нұрсұлтандай тұлға қазақ жерінде ғана емес, әлемде бір-екі ғасырда бір-ақ рет келеді», деуші еді. «Өтпелі кезеңде өмір сүрме», дейді көршілес қытай даналығы. Қиындығын айтқан ғой. Сол қиыншылық жылдарда астанамызды Алматыдан Ақмола қаласына ауыстырғанда, көптеген саясаткерлердің өзі түсініңкіремей, әрі-сәрі күйде қалғаны жасырын емес. Заман талабына сай дұрыс қабылданған шешім екенін бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазір Астананың әлемдегі ең әдемі 30 жас қаланың санатына кіруін зор мақтанышпен айта аламыз
Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконидің сәулеті мен салтанаты артқан Астанамызға «Азияның таңғажайыбы» деп баға беруі тегін емес. Сонымен қатар, еліміз өзінің бейбітшілік сүйетін мемлекет екендігін де ісімен дәлелдеп келе жатқаны шындық. Елордасы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін төрт рет өткізіп іштей де, сырттай да қырғи-қабақ ел өкілдерінің басын қоса білді. Оларда бейбіт өмір мәселесі жайлы әңгіме қозғалуының өзі жақсы нышан. Мұның бәрін 2001 жылы Астанаға Елбасының шақыруымен арнайы келген Рим Папасы сапарының жалғасы деуге болады. Қазақ ежелден-ақ бейбітшілікті сүйетін, досын жауға сатпайтын мәрт халық. Сондықтан да барлық атқарылып жатқан іс-шаралардың түпкі берекесі баянды болмақ.
Береке дегеннен шығады, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген мақалдың мәні жойылған емес. Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болып қана қоймай, төрағалық ету мәртебесіне ие болдық. Мұндай мәртебе ТМД елдері ғана емес, бүкіл Азия мемлекеттеріне бұйырмаған. Ең алғаш түрен салған Қазақстан. Осынау ұлы істің қорытындысы ретінде 56 мемлекеттің президенттері мен премьер-министрлері, саясаткерлерінің басын қосып, 11 жыл өтпеген Астана Саммитін өткіздік.
Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауы барша халықтың жүрегіне жылулық, болашаққа сенім сыйлаған құжат болды. Дамудың даңғыл жолын нұсқаған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы қазір Қазақстан халқы үшін басты мұрат, басым бағыт. Жуырда ғана Ресей, Беларусь, Қазақстан секілді мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Біртұтас экономикалық кеңістік интеграциялық одақтың шартын бекітіп, экономикалық одаққа біріккен үш елді ынтымақтастыққа жетелеп келеді.
Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарып, Қазақстанның өсіп-өркендеу даңғылына түскені Елбасының сарабдал саясаты екені екібастан. Солардың бірі – бір кездегі солақай саясаттың кесірінен елімізден ауа көшкен қандастарымызды атамекенге тарту. Оларды осынау кең-байтақ жерімізге қоныстандыру, яғни этностық қазақтарды өз жерімізде орналастыру. Бұл да өз жүйесін біртіндеп тауып келе жатқан шара. «Елге ел қосылса құт, елден ел көшсе жұт», дейді бабаларымыз.
Осының бәрін бір ғана тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты мен көкжиекті бағамдаған көреген көшбасшылығының арқасы деп білу керек.
Ғалым ТАБАНОВ,
Үржар аудандық
әділет басқармасының басшысы.
Шығыс Қазақстан облысы.