Қазақстан • 25 Сәуір, 2023

Тоғысқан тағдырларды тұтастыратын тіл

332 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық орган ретінде этномәдени бірлестіктерді ұйыстырып, түрлі этностардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамытуға ықпал етеді.

Тоғысқан тағдырларды тұтастыратын тіл

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мемлекет басшысы да Ассам­б­лея халықтың тұтасты­ғын ны­ғай­туға, Қазақстан аза­маттарын қоғамдық-сая­си өмірге жұ­мылдыруға, мем­ле­кет­тік тіл мен оның мәрте­бе­сін іл­герілетуге зор үлес қос­қа­нын айтқан еді. Олай болса, Ассам­б­­леяның мемлекеттік тілді дамытуға қосқан нақты үле­сі мен мемлекеттік саясатты жүр­гізу­­дегі бағытына тоқталсақ. Өйт­­­кені қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны артқан. Бұл – Ғылым және жоғары білім министр­лігіне қарасты Тіл сая­саты комитетінің ресми мәлі­меті. Олар мемлекеттік тілдегі мәтіндерді еркін оқып, жаза біледі, диалогте ойын толық жеткізе алады.

Қазір «Ашық НҚА» порталында Қазақстанда тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рымдасын қоғам талқылап жатыр. Аталған жобада елдегі қазіргі тілдік ахуалға сипаттама берілген. «Қазақстанда азаматтардың тілдік құзыреттілігі әртүрлі қалыптасып отыр. Атап айтқанда, қазақтілділер, қазақ-орыстілділер, орыстілділер, этникалық қазақша, этникалық орыс­ша тілділер немесе этникалық орысша-қазақша үш тілді білетіндер және қазақ-орыс-ағылшын үш тілді меңгергендер», деп жазылған тұжырымдама жобасында. Десе де Тіл саясаты комитеті елімізде қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны көбейгенін айтады. Комитеттің статистикалық мә­лі­меті бойынша, өзбектердің – 72, ұй­ғыр­лардың – 71,7, қырғыздардың 58,5 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады, сондай-ақ аталған ұлттардың 12 па­йызы қазақша оқып, жазуды жоғары деңгейде меңгерген.

сро

Ал славян диаспорасы ішіндегі орыстардың – 25,1, украиндардың – 23,7, белорустардың – 22,8, поляктардың – 22,1, неміс диаспорасының 25,2 пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. «Аталған диаспоралар ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі 2,9 пайыз­ды құрайды. Көрсетілген сан­дық өзгерістер мемлекеттік тіл қол­да­нысының сапасын әлі де болса жақсартуды талап етеді», деп жазыл­ған тұжырымдама жобасында.

Аз ба, көп пе бұл әрине – Қазақ­стандағы Ассамблеяның да үлесі. Кейінгі жылдары Ассамблея қоғам­дағы өзекті мәселелерді де қозғап, оның шешімін табуға қомақты үлес қосып келеді. Мәселен, ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиация институты құрылды. Ас­самблея өкілдерінің айтуынша, бұл мекемелердің барлығы заңға сәй­кес ұйымдастырылып отыр. Атал­ған мекемелердің жиындары мемлекеттік тілде өткізіліп, құжат­тары да қазақ тілінде жазылады.

Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері мем­­лекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге заман талабына сай жұмыс ұйымдастырып, жүргізіп келеді. Мәселен, ақын, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Татьяна Валяева «kaz-tili.kz» сайтын жасаған, онда ол түрлі ұлттарға қазақ тілінің грамматикасын қарапайым жолмен түсіндіреді.

«Қазақ тілін үйренгісі келетін­дерге оны толық меңгеруі үшін түрлі деңгейдегі аудио мәтіндер мен диалогтар, қазақ субтитрлері бар қазақ тіліндегі телехикаялар мен мульт­фильмдер қажет деп есептеймін. Қазақ елінде тұрып жатқан соң, мен де мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосуым қажет. Осы орайда 2007 жылы қазақ тілінің грамматикасына арналған «kaz-tili.kz» сайтын аштым. Онда қазақ тілінің грамматикасын қарапайым және ұғынықты түрде түсіндіремін, бұл әрбір оқырманға жұрнақтар мен жалғауларды қосудағы жалпы заң­дылықтарды көріп, ереже­лерді тез түсінуге мүмкіндік береді. Оқыр­мандарым уақыт өте күрделі грамматиканы түсіндіруімді сұрады. Қазіргі уақытта сайтты күніне 4 мың­нан астам адам қарайды», дейді тіл жанашыры.

Сондай-ақ ол қазақ тілі мұғалім­дерімен және тілді дамытуға мүдделі басқа адамдармен бірлесіп, сайтта әртүрлі бөлімдер ашқанын, со­ның арқасында тілді үйрену үдерісі қызықты бола түскенін айтады. Он­да әңгімелер, анекдоттар, фразе­о­ло­гиялық бірліктер, сөздіктер, ән мәтіндері орналастырылған.

«Сонымен қатар «Сөйлесейік» Telegram арнасын және бірнеше WhatsApp топты жүргіземін, онда біз аудиторияларды қазақ тілін үйренуге шақырып, грамматика негіздерін түсінуге көмектесеміз. Қазақ тілі­нің грамматикасына арналған кітап­тарым 2012 жылдан басылып келеді, әр басылым сайын материалдарды толықтырып, жетілдіріп отырамын. Өлеңдер мен суреттерден құралған «Балаларға арналған грамматика» кітабым жарық көрді. 2017 жылы «kaz-tili.kz» сайты мемлекеттік тілді дамыту қорының «Білім бұлағы» аталымы бойынша конкурсының жеңімпазы және үздік білім беру сайты атанды. Осылайша, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге барынша үлесімді қосып келеміз. Бұл – азаматтық парызым», деді Татьяна Валяева.

Өткен жылы ҚХА Кеңесінің кеңей­тілген отырысында Мемлекет бас­шысы «Жаңғыру жолы» қозға­­лысын Ассамблея жанындағы респуб­ликалық жастар ұйымы ретін­де қайта құру мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынып, жастармен жұмыс жүргізудің маңызды екенін айтқан еді. Президент жастар саясатының өзектілігіне баса мән берді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев се­нім артқан осы Ассамблея жаста­ры қазақ тілін дамытуға да зор үле­сін қосып жатыр. Мәселен, жуырда «Ас­самблея жастары» РҚБ тұңғыш қазақ тілінің аулалық «Үйде сөйле» жобасын іске қосты. Алғашқы іс-шара Астана қаласының сол жаға­лауын­да орналасқан «Dream City» тұрғын үй кешенінің ауласында ұйымдастырылды.

смчи

Жоба қазақ тілін оқыту мен қол­дануға, сондай-ақ этносаралық қа­рым-қатынас тілі ретінде дамытуға кең мүмкіндіктер жасауды көздейді. Осылайша «Ассамблея жастары» тұр­ғындарға үйден алыстамай-ақ қазақ тілін қолжетімді және қы­­зық­ты форматта қолдануға мүм­­кін­­дік жасап отыр. Сенатор Ген­на­­дий Шиповскихтің айтуынша, қа­зір­гі заманауи технологиялар мен мүмкіндіктерді пайдалану мем­лекеттік тілді меңгерудің ең тиімді тәсілі.

«Үйде сөйле» жобасы сияқты азаматтық бастамалар қарапайым азаматтар тарапынан тікелей кері байланыс алады. Біздің әрқайсымыздың міндетіміз – қазақ тілін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгері­летуге ықпал ету. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары мұндай жобаларды тек жастарды ғана емес, әр­түрлі жастағы өкілдерді де тарта отырып, табысты жүзеге асырып жатыр», деген пікірде Геннадий Шиповских.

«Ассамблея жастары» РҚБ төраға­сы Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, «Үйде сөйле» жобасы алғаш рет осы айдың басында Алматыда басталған, енді аталған бастама еліміздің өзге өңірлерінде де іске асырылмақ.

Жалпы, Президент өз Жол­дауын­да Ассамблеяның ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін, осы маңызды бағытта ҚХА басты рөл атқаратынын ерекше атап өткен еді.

«Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этникалық топтарды қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі оның мәні зор екеніне берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құру­дың арқасында өте күрделі проб­леманың – этникалық мәселені саяси­ландырудың алдын алу тетіктері пайда болды», деді Мемлекет басшысы.

ҚХА-ның қандай мақсатта құ­рыл­­ғанын айтар болсақ, бұл инс­титутты құру қажеттілігі саяси тұр­ғыдан, сондай-ақ жаңадан құ­рыл­­ған, тәуелсіз, полиэтносты, по­ли­конфессиялық мемлекеттің тұ­рақты дамуы тұрғысы­нан туын­даған еді. Ассамблея құрылған 1995 жылы елдегі қазақтың саны 50 па­йыз шамасында ғана болған еді. Осы кезде түрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанған еліміздегі ұлтаралық тату­лықты сақтап, жағдайды тұрақ­тан­дыру үшін Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы қажет болды. Бұл бастама мәдениетаралық диалогты нығай­тудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлем­дік тәжірибедегі тың бағыт еді. Жиыр­ма жылдам астам тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өз­герісті бас­тан кешірді. Оның да­муы барысында этносаралық толе­ранттылық және қоғамдық келісімнің ерекше үлгісі қалыптасты. Осы жыл­дар ішінде Қа­зақстан халқы А­с­сам­блеясының институционалдық құ­рылымы ны­ғайып, қоғамды ұйыс­тырушы әлеуеті толысты, ол ха­лық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея – 2007 жылдан бас­тап ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Осыдан кейін ҚХА Парламенттің төменгі палатасы – Мәжілістің тоғыз депутатын сайлау құқығына ие болды. Бұл оның қоғамдық-саяси рөлін біршама күшейтті.

ТҮЙІН. Ассамблея мүшелерінің басым көпшілігі Қазақ жеріне депортацияланып немесе басқалай тағдыр айдап келген түрлі этностың өкілдері. Осыған қарап бұл институт этностық азшылық топтардың құқығын ғана қорғайды деу – қателік. Оған тереңірек мән беретін болсақ, Ассамблеяның ең алдымен, елдің мүддесі үшін құрылғанын көреміз. Ел ішін­дегі тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім, оның өркендеуі мәңгілік болуы үшін қажет, Ассамблея ұста­нымы осыған саяды.