Өндіріс • 30 Сәуір, 2023

Өңдеу өнеркәсібі өркендесін десек...

189 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда ел сенаторлары отандық өңдеу өнеркәсібі саласының өзекті мәселелерін талқылады. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев спикері болған дөңгелек үстелге комитетке мүше депутаттар және салаға жауапты бірқатар вице-министр мен тиісті мекеменің жетекшілері қатысты.

Өңдеу өнеркәсібі өркендесін десек...

– Экономикалық саясат, инновация­лық даму және кәсіпкерлік комитеті Парламент Сенатының негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Өңдеу өнеркәсібін дамыту: нақты жағдайы, проблемалары және даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып отыр. Бұл тақырыптың өзектілігін Мемлекет басшысы сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында атап өтті. Онда ол инновациялар мен жоғары технологияларды тарта отырып, ішкі нарыққа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырды.

Бүгінгі кездесу барысында пробле­малық мәселелерді егжей-тегжей­лі талқылап қана қоймай, оларды ше­шу­дің нақты жолдарын, оның ішінде қолданыстағы заңнамаға тиісті түзету­лер енгізуді де ұсыну қажет. Іс-шараға Сенат депутаттары, Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Ауыл ша­руа­­­шылығы, Қаржы, Энергетика, Эко­логия және табиғи ресурстар, Ұлт­тық эко­номика министрліктерінің, даму инс­титуттарының, сондай-ақ ірі өнер­кәсіптік кәсіпорындардың басшылары қатысып отыр, деді сенатор Сүйіндік Тасеменұлы.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту: нақты жай-күйі, проблемалары және даму перс­пективалары» тақырыбы бойынша шолу жасап өткен комитет төрағасы, дамудың ағымдағы жалпы жағдайы мен үрдістерін айқындау, сондай-ақ өңдеуші сектордың дамуына кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен кедергілерді анықтау және одан кейін нақты іс-шараларды әзірлеу – іс-шараның негізгі мақсаты болатынын айтты.

Ел ішіндегі шикізатты қайта өңдеу деңгейін арттыру және отандық өндіру­шілер шығаратын өнімді ең алдымен отандық өнеркәсіп кәсіпорындарына өткізу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау және салықтық жеңілдіктер беру кезінде технологиялық күрделі өндіріс екені ескеріле бермейді. Соның нәтижесінде ірі торапты құрастырумен айналысатын компания да жеңілдік алатын жағдайлар орын алады. Жоғарыда аталған мәселелер арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы қолданыстағы заңнамаға еңбек өнімділігін арттыру, өндірісті жаңғырту мен әртараптандыру, инвестиция көлемі, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету туралы қарсы міндеттеме белгілейтін тиісті түзету енгізу арқылы шешуді талап етеді», деді сенатор.

Депутаттар бұл салада бірқатар проб­лема бар екенін атап өтті. Оның ішін­де: өңдеу өнеркәсібінің экстен­сивтілігі мен шикізат өндіруді бағдар етуі, инно­вациялық белсенділік пен оқшаулау деңгейінің төмендігі, индустриялық саясат пен мемлекеттік қолдау тетіктерінің әлсіздігі, уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар арасында тығыз байланыстың болмауы туралы айтылды.

«Ұлттық экономиканы жан-жақ­ты әртараптандыру мен еліміздің ши­кізаттық бағыттан инновациялық және ғылымды қолдана отырып дамуына көшуін қамтамасыз ету үшін отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетуге баса назар аудару қажет. Осыған байланысты «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға түзетулер енгізу ұсынылады», деді сенатор Сағындық Лұқпанов.

Дөңгелек үстел отырысында өң­деу өнеркәсібін дамытудың жүйелі мәселе­лерінің барлығы дерлік жан-жақты талқыланды. Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында осы саланың үдемелі дамуы байқала бастағаны да назардан тыс қалмады. Соңғы 10 жылда өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 4,3 есе өсіпті. Нақты сандарды көрсетер болсақ 4,8-ден 20,7 трлн теңгеге. Сондай-ақ инвестиция сомасы 3 есеге артыпты. Яғни 482 млрд-тан 1,5 трлн теңгеге дейін.

Ал осы салада жұмыспен қамтыл­ғандар санының өсуі 13 пайыздан асып жығылған. Он жыл бұрын болған 542,2-ден 613,7 мың адамға дейін. Жанға демеу болары жаңа өнім өндірісі дәйекті түрде игеріліп жатыр екен. Өңдел­ген тауарлардың номенклатурасы кеңейіп, экспорты былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 26,5 млрд долларға жетіпті. Әйтсе де, дөңгелек үстел барысында өңдеу өнеркәсібінің дамуын тежейтін бірқатар күрделі мәселе көтерілді.

Барлық баяндаманы сара­лап қарасақ, олардың ішіндегі ең маңыз­дыларын бөліп көрсетуге болады. Әуелі, ел ішінде шикізатты өңдеудің төмен деңгейі. Өкінішке қарай, оның басым бөлігі сол шикі күйінде экспортталады. Одан әрі, әр салада жаңа қайта құрулар мен толық өндіріс тізбегін құруға тиісті іс-шаралар жеткілікті түрде қарастырылмай жүр.

Бұл мәселелерден, мемлекеттік қол­даудың және жалпы өнеркәсіптік саясаттың қолданыстағы тетіктерінің әлі де толыққанды жетілмегендігін көреміз. Нақты айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазиндустри, Қазтрейд сияқты даму институттарының осы мемлекеттік экономикалық саясаттың күретамырына айналған салаға жеткілікті түрде көңіл бөлуі кемшін түсіп жатқаны анық байқалады.

Саланың еркін дамып кетуіне отандық кәсіпорындардың шикізатқа толық қол­же­тімділігінің болмауы да көрер көзге көрініп тұр. Бұл орында өндірісті оқшаулаудың төмен деңгейі де проблемалар тудырып жатқаны мәлім. Сондықтан еліміздің «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңын, заңға тәуелді өзге де актілерді іс жүзінде іске асырудың практикалық жеткіліксіздігін мойындай отырып, тиісті іс-шараларды қолға алу қажет.

Дөңгелек үстел отырысына индус­трия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы, энергетика, қаржы, экология, геология және табиғи ресурстар министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ даму институттарының, қауымдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысып, «Өңдеу өнеркәсібін дамыту: нақты жай-күйі, проблемалары және даму перспективалары» тақырыбы бойынша өз ойларын ортаға салды. Олар жөнінде келесі бір материалымызда кеңірек айтатын боламыз.

Депутаттар кездесуді қорытындылай келіп, дөңгелек үстел отырысының нәтижесі бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленетінін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуы, осы және басқа да мәселелерді жедел шешуге байланысты екені мәлім. Сондықтан барлық өзекті проблеманың түйі­нін тарқатудың нақты іс-шаралары, бүгін­гі ұсыныстарды ескере отырып пысық­талып, сөйтіп Үкімет пен мүдделі мем­лекеттік органдарға жіберілетін ұсы­ныстарда көрініс табады», деді отырыс­ты қорытындылаған сенатор Сүйіндік Тасеменұлы.