Форум • 01 Мамыр, 2023

«Qazaq Forum»: жаңа медиа мүмкіндігі

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың VІ форумы өтті. Жылдағы дәстүрге сай танымал блогерлер мен медиа саласы мамандарының басын қосқан алқалы жиынға биыл «Жасанды интеллект дәуірі: қазақ медиасын қайта зерделеу» тақырыбы арқау болды.

«Qazaq Forum»: жаңа медиа мүмкіндігі

Форумға қатысқан Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ғаламтордағы мем­ле­кеттік тіл аясының кеңеюі үшін жасалып жат­қан ауқымды жұмыстарға тоқ­тал­ды. Министр­дің айтуынша, қазіргі күні мем­ле­кеттік медиадағы қазақ тілінің үлесі 83 пайызға жеткен.

– Мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесі арта түсті. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83 пайызды құрады. Атап айт­қанда, телеарналардағы қазақ тілінің үлесі 77 пайызға жетсе, бас­па БАҚ-та – 85 пайыз, интернет-ре­сурс­тарда 87 пайызға жетті, – деді ол.

Дархан Қуандықұлы медиа нарықта қазақтілді БАҚ-қа жарнама берушілер қатары да артып келе жатқанын жеткіз­ді. Оның сөзінше, отандық ресурс­тарда PR мақалаларды орналастыру көлемі өсіп жатыр.

– Осы ретте, интернет-жарна­ма­ны реттеу, әлеуметтік желі­лер­дегі интерфейс пен жарна­ма­лық алгоритмдерді, мо­не­ти­зациялау жүйесін қазақ тілін­де жа­сау өте маңызды. Аталған мә­се­ле министрлік әзірлеп жатқан «Ин­­тер­нет жарнама және онлайн платформалар туралы» заң жобасында қарастырылып жатыр. Жалпы, бұл заң жобасы бірінші кезекте азаматтардың құқығын қорғауға, онлайн ортаны қа­уіпсіз және ашық түрде дамытуға ба­ғыт­­талған. Бүгін­де БАҚ саласындағы заңнаманы жетіл­ді­ру жұмыстары жүріп жатыр, – деді министр.

«Qazaq Forum» отан­дық кон­тент жасаушылар форумы қазақ тіліндегі жаңа медианың дамуына серпін беретін жиын екенін айтқан Дархан Қыдырәлі министрлік тарапынан әлемдегі соңғы үрдістерді ескере отырып, жаңа цифрлық медиа мен креативті индустрияны дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандыру көзделіп отырғанын жеткізді. Қазіргі күні «Meta», «TikTok», «Google», «Mail.Ru Group», «LinkedIn», «Netflix» компанияларымен келіссөз жүр­гі­зіліп, тығыз қарым-қатынас ор­на­тылған.

– Келіссөздер нәтижесінде «Мета» компаниясына қарасты Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің еліміз бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ «TikTok» корпорациясының аймақтық кеңсесі ашылды. Facebook пен TikTok-тің ин­тер­фейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды. TikTok ком­пания­сымен 13 жасқа тол­ма­ған балалардың платформаны пайдалануын және зиян­ды мазмұнды контенттерді бірлесіп анық­тайтын боламыз. Мұның бәрі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді министр.

Форумға қатысқан спикер­лер­дің айтуынша, қазіргі күні ел халқының 45-50 пайызы әлі күнге дәстүрлі медианы тұтынады. Яғни теледидар көріп, радио тыңдап, газет-журнал оқитын адам­дар қатары азайған емес. Осы­ған орай Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрі соңғы уақытта қол жеткізілген жағым­ды жаңалықпен бөлісті. Бұдан былай халық газет-журналға жазылу үшін пошта бөлімшесіне барып жүрмейді, үйінде отырып-ақ kaspi.kz қосымшасы арқылы жазыла алатын болды.

– «Kaspi Bank»-пен әріптестік байланыс орнатып, баспасөзге онлайн жазылу бойынша келісімге келдік. Мұн­дай қадамдар жазы­лу­шыларға оңтайлы жолдар ұсы­нып, олардың қата­рын арттырады деген сенімдеміз, – деді министр.

Оның айтуынша, әзірге қосымша арқылы 18 басылымға жа­зылуға мүм­кіндік бар. Со­ның ішінде оқыр­ман­да­ры­мыз «Қазақ газеттері» ЖШС-на қа­рай­­тын «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» және «Ana tili» газеттеріне де онлайн жазыла алады. Аталған газет-журналдарға жазылу үшін Kaspi.kz қосымшасына кіріп, «Тө­лем­дер», оның ішінде «Бас­қа­сы» деген батырманы басып, «ҚР Баспа басылымдары» деген бөлімге өтесіз, әрі қарай қажет басылымды таңдап, төлем жасай аласыз.

Биылғы «Qazaq Forum»-да «Моне­ти­зация. Неге бәрі мұз?», «Im­mer­siveness. Қазақстандық журна­лис­ти­ка жаңа трендтерге дайын ба?», «From TV to YouTube: бейімделу, тенденция және жаңа мүмкіндіктер», «Та­ным­дық контенттің әлеуеті» тақы­рып­тарында панельдік сессиялармен қатар, «Подкасты қалай жүзеге асыру керек?», «Медиа желіде жасанды интеллекті қол­дану тәсілдері» атты шеберлік сы­нып­тары өтті.