Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
«Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген ұстанымды ту көтерген халқымыз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ұлтаралық және дінаралық татулық пен толеранттылықты ел дамуының басты желкені қылды. Келісім жоқ жерде келешек, бірлік жоқ жерде болашақ болмайтынын ұғынған жұрт үшін бұдан өзге жол да, бағыт та жоқ еді. Қонақжай қазақ жерін мекендеген әрбір ұлт өзінің тілі мен дінін, мәдениеті мен дәстүрін еркін ұстанып, заман ағымына сай дамытуға алғашқы күннен мүмкіндік алды.
Күні кеше 1 мамыр мерекесі қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген атаумен өткен ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ынтымақ пен келісімнің арқасында жеткен табыстары мен бейбітшілігін тағы бір шегелеп айтты.
«Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз», деген Мемлекет басшысы ел халқының бірлігін арттырып, ауызбіршілігін нығайтатын факторлардың бірі – мемлекеттік тіл екенін де тағы бір еске салды.
«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді», деп атап көрсетті Президент.
Бүгінде Қазақ елін әлем жұртшылығы «бейбітшілік бесігі» ретінде танитыны бесенеден белгілі. Біздің міндетіміз – осы татулығымыздың тұнығын лайламай, тұрақтылығын бұзбай, одан әрі нығайту, бірлігімізді арттыра беру. 1 мамыр секілді елдік маңызы бар мерекелердің артықшылығы мен құндылығы осындайда көрінсе керек.