Аймақтар • 03 Мамыр, 2023

Қарабұлақтың қан-жын аққан «бұлағы»

752 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең үлкен ауыл саналатын Қарабұлақ тұрғындары елді мекен маңайындағы сарқынды су жиналатын орындардан мезі болып отыр. Ашық жатқан қалдық судың иісі қолқаны қабатыны аздай, борсығаны былай, бау-бақшаны суаратын арыққа да құйылып жатыр. Тұрғындар қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқан көлшіктерге қатысты жергілікті биліктің көп уақыттан бері нақты шара қолданбай отырғанына наразы.

Қарабұлақтың қан-жын аққан «бұлағы»

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы­ның іргесінде малдың қаны құйы­латын және шайынды сулар жиналатын осындай 8 жасанды көлшік бар екен. Мал шаруашылығы бо­йын­ша облыста ең көп бордақылау ала­ңы осы Қарабұлақта. Сонымен қатар үйлерінде 40-50 ірі қараны бор­дақылайтын жеке кәсіпкерлер де жетерлік. Жергілікті халық бұл сулардың мал соятын орындар мен ауруханалардан, түрлі мекемелер мен көпқабатты үйлерден жиналатынын айтады. Көлшіктерден аққан су егістік алқаптарға жайылса, қолқаны қа­батын иіс бүкіл ауылға тарайды. Тұрғындардың айтуынша, сарқын­ды су жиналған бұл орынның қызыл түске боялғанына кемі бес жылдай болыпты. Арнасынан асқан көл суы егіс алқабына қарай ағып жатыр. Оған қоса жайылып жүрген мал да ішеді. «Осы маңайға су сіңіп жатқандық­тан, бұлақтан да қып-қызыл су шы­ғып жатыр. Ауыл тұтынатын ауыз суға ба­рып қосылады. Жел тұрса сасық көл­ден демалу мүмкін емес. Мұнда­ғы жұрт қалдық судан денсаулыққа зиян келе ме деп алаңдайды. Ал қан суымен суарылған көкөністер жан-жаққа саудаланып жатыр. Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ олардан қайыр жоқ», дей­ді Қарабұлақ ауылының тұрғы­ны Шухрат Рахманқұлов. Ауданның ком­­муналдық салаға жауапты мамандары қанды мал соятын тұрғындар өз­дері түнделетіп төгіп кететінін айта­ды. Бірқатарына полиция айып­пұл салғанымен, әзірге тоқтам болмай тұр екен. «Қанды әкеліп төгеді. Ол кәдімгі ыстық қан. Ол жерге төккеннен кейін кәдімгі целлофан кленка сияқты қа­лып қалады жердің астына. Содан жер­ге су сіңбейді», дейді Сайрам аудан­дық ТҮКШ бөлімінің басшы­сы Бай­­мырза Бейсенбаев. Ал өңір эко­лог­тары тұрғындардан арыз-шағым түс­пегенін, онсыз тексеру заңсыз еке­нін айтады. «Мәселе бойынша то­лық­тай арыз-шағымдар түскен жағ­дайда біз өз тарапымыздан тексеру жұ­мыстарын жүргізе аламыз. Және де кәсіпкердің жұмысын сотқа беріп тоқтатуға дейін бара аламыз», дейді эко­логия департаментінің бас маманы Қазыбай Шора. Мамандар кәріз суы құйылатын орынды көшіруге қа­ражат та, мүмкіндік те жоқ екенін айтуда. Яғни бүгінде бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін ешкім дөп баса айта алмайды. Ал сарқынды су­ларды сүзгіден өткізетін орталық са­луға қыруар қаржы бөлінгенімен, ол орта­лықтың жұмысы әлі іске қо­сыл­маған. «Мал соятын мекемелер қанды арнайы орталыққа апарып төгу керек. Ол жерге өткізгенде көлікке ақы төлейді. Ал олар бассейндерге рұқсатсыз әрі тегін төгіп отырған. Сал­дарынан қан аралас су жайылып кеткен», дейді Сайрам ауданы әкімдігі­нің баспасөз қызметі.

Сайрам ауданы әкімдігінің хабар­лауынша, осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мадияр Ора­залиев жауапты мекеме басшылары­мен бірге Қарабұлақ ауылдық ок­ругі­не барып, тұрғындармен кездес­кен. Кездесу барысында «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазарт­қыш имараттарын қайта құру» нысаны­ның мән-жайын және оның сыртқы аумақтарында санитарлық талап­тар­ды сақтау, адам өмірі мен денсаулы­ғы­на зиян келтірмеу, қоршаған ортаны қорғау мақсатында мал сою орын­дарынан шығатын қанды төгіп, сон­дай-ақ мал өлекселерін тастауға рұқ­сат етілмейтіні түсіндірілген. Осы­ған байланысты аталған мәселені қада­ғалау үшін аудандық полиция бас­қармасының қызметкерлері аудан әкім­дігімен бірлесіп жұмыс жүр­гізді. Жергілікті тұрғын­дар­ға шұңқырдың айналасына бел­гі­сіз азаматтардың қан төгіп, мал қал­дық­тарын тастау секілді жасап тұр­­ған әрекеттерін ұялы байланыс арқылы бейнетүсірілімге түсіріп, құ­­зырлы органдарға жолдауға құ­қы­лы екендері де ескертіліпті. Аудан әкім­дігінің дерегінше, 2016 жы­лы кон­курс нәтижесімен «ХМСУ Шым­кент­мелиорация» ЖШС-ы анық­­та­лып, құны 791,7 млн теңгеге ке­лі­сім­­­шарт жасалған. Ал 2018 жы­лы ны­­сан­ның жобалау сметалық құ­жат­­тамасында көрсетілген құны 531,8 млн теңге тұратын тазарту құ­рыл­ғы­ларын мердігер мекеме келі­сімсіз ауыстырған. Келісімшарт бо­йынша бюджет қаржысының 95%-ы иге­рілген, ал 2021 жылға 39,6 млн теңге көлемінде бөлінген қар­жы иге­ріл­меген. «Сайрам ауданы Ақ­сукент ауылының тазартқыш имарат­тарын қайта құру» нысаны 2017 жылы мер­дігер мекеме «ХМСУ Шым­кент­ме­лиорация» ЖШС-ы тарапынан бас­талып, 2019 жылы аяқталған. Алай­­да құрылыс барысында жобаға өзге­рістер енуіне байланысты нысан құры­лысының заңдылығын анықтау үшін бүгінгі күнге дейін облыстық экономикалық мамандандырылған аудан­аралық сотында 7 рет екі жақты тараптан сотта қаралып, құзырлы органдар тарапынан 2 рет іс қозғалып, қысқартылған. Нақты айтқанда, атал­ған нысан бойынша тапсырыс бе­руші мен мердігер мекеме арасында сот процедураларының 2018-2022 жылдары 5 жылға созылуына байланысты, нысан аудандық тұрғын үй-шаруашылығы, автомобиль жол­дары және жолаушылар көлігі бөлі­міне қабылданбаған. Түркістан облысы сотының биыл 23 ақпандағы ұйғарымына сәйкес, мердігер мекемеге биылдың 31 мамырына дейін нысанда орналасқан құрылғыны іске қосып, тапсыруға міндеттеді», делінген әкім­дік хабарламасында.

Бүгінде жергілікті атқарушы ор­ган­дардың қызметкерлері аудан­­ның ішкі істер қызметкерлерімен бір­ле­­­сіп 3 механикаландырылған техника­­­­­мен нысанның сүзу алаңдарын ке­ңей­тіп, тереңдетуде екен. Сон­дай-ақ аудан әкімдігі полиция бассейн­дер­ді қадағалауға алғанын, мал қанын төгетіндерге қатаң шара қолда­ныла­тынын хабарлады. Ал облыс­тағы экология департаментінің мәліметін­ше, тексеру нәтижелері бойынша кінәлі­лерге айыппұл салынады.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Жас буын туралы зерттеу

Жастар • Бүгін, 08:45

Есірткі қылмысымен күрес

Қоғам • Бүгін, 08:40

Тағы гран-при әкелді

Қоғам • Бүгін, 08:25

Өнертабысқа өріс кең

Аймақтар • Бүгін, 08:15

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:05

Қайыспас қайыңдай қайсарлық

Әдебиет • Бүгін, 08:03

Ең құнды жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:00

Алғашқы өлең

Әдебиет • Кеше

Жас ақындар жинағы

Аймақтар • Кеше

Қыс мінезін көрсетті

Аймақтар • Кеше

«Көрім» көз (Монолог)

Сатира • Кеше