Оның үстіне еліміздегі ағын судың 45%-ы шет елдерден келеді. Мәселен, республикадағы су ресурсының 40%-ынан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл жəне Шу секілді өзендер көрші Ресей, Қытай, Тəжікстан, Қырғыз елінен бастау алады. Ал Сырдарияның Тəжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетіні Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Түркістан, Қызылорда сияқты облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отыр. Бұған еліміздің мақта өсіретін Түркістан облысының жағдайы дәлел бола алады. Сонымен бірге сырттан келетін су ресурстары аяқ су, ауыз су және өндірістік су ретінде де пайдаланылуда. Яғни трансшекаралық суды пайдалану біз үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесімен тікелей байланысты. Сондықтан Президент ауылға қатысты сөз қозғағанда жерден кейін су мәселесін жүйелі түрде шешуді екінші орынға қоюы кездейсоқ емес. Ол Қазақстанда судың 65%-ы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатынын ескертіп, соның 60%-ға жуығының құмға сіңіп, ысырап болып жатқанына алаңдаушылдық білдіріп, «Сусыз егіншілік те, бау-бақша да, мал шаруашылығы да алға баспайтыны белгілі» деп, мәселенің өзектілігін атап өтті.
Судың жетіспеушілігі Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында қатты сезілсе, Түркістан облысының оңтүстік аудандарында көп көтеріліп жүрген мәселелердің қатарына ағын суды жатқызуға болады. Алайда суармалы егіншіліктің одан əрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіруде. Ирригация жүйелері жаңғыртылмай, кейбір су арналары өткен ғасырдың 70 жылдарының ортасында іске қосылып, содан бері қайта жөндеуден өтпеген. Еліміздегі гидротехникалық құрылғылардың 90%-ының техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Бір өкініштісі, қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып, оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар екен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезінде су шығынының едəуір артатындығы да белгілі. Заманауи гидротехникалық құрылғылармен жабдықтап, ескілерін жаңғырту мәселесінің бұрынғыдан бетер күрделене түсуде. Су тапшылығының жиі сезілетіндігін түсіне отырып, суды аз қажет ететін өнімдерді егу және заманауи су үнемдеу технологиясын, тамшылап суару жүйесін пайдалану проблемасы осы күнге дейін толығымен шешіліп, ауыспалы егіс әдісін сақтау сияқты шаралары қолға алынбауда. Көп аудандарда әуелі техникалық су да жоқ. Жерасты сулары да тартылып барады. Бұл жағдай кәсіп бастауға кедергі жасап отыр. Оның үстіне өңірлерде жерасты суларын пайдалану арқылы суармалы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту да қиындап отыр. Елдің жайылымдық алқаптарының 42%-ы судың жоқтығынан пайдаланылмай тұр. Осыдан барып су тапшылығы күн санап күшейіп, ел экономикасы мен оның экожүйесін дамытуға кері әсерін тигізіп, қоғамда əлеуметтік-экономикалық проблемалар мен шиеленістер туындауда. Өйткені ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын су қандай мөлшерде жоғалса, кемінде соншама ақша тиімсіз пайдаланылып, қолды болды деген сөз. Тек ендігі жерде су шаруашылығына тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар мен жауапты адамдар осыны түсінсе игі еді... Бұған су мәселесіне деген кешенді көзқарастың болмауы мен су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесінің болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен бірге су шаруашылығы инфрақұрылымының əртүрлі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің қарауында болуы ведомствоаралық үйлестіру жұмысын нашарлатып, су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатуда.
Жалпы, су тапшылығы мен оған тәуелділікті төмендетудің мәселелері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен қабылданған Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары мен «Жасыл Қазақстан» сияқты ұлттық жобасында көрініс тауып отыр. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанның тұрақты дамуының басты көрсеткіші ретінде сумен тұрақты қамтамасыз ету және еліміздің ішкі жалпы өніміне жұмсалатын су шығынының мөлшерін төмендету мен су ресурстарының қолжетімділігін арттыру жатқызылмақ. Олай болса, Президенттің суға қатысты проблемаларды шешудің жолдарына арнайы тоқталып, «судың да сұрауы бар» деуінен аталған мәселеге деген жаңа көзқарастың пайда бола бастағанын көруге болады.