Қоғам • 02 Мамыр, 2023

Ардагерлердің алқалы жиыны

474 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің кезекті пленумы өтті. Іс-шараға Орталық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, өңірлік ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.

Ардагерлердің алқалы жиыны

Жиында әңгіме арқауына айналған ең басты тақырып – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жол­дауының орындалуына арда­герлердің ықпалы. Соңғы бір жыл­да елімізде 5 ірі саяси нау­қан, атап айтқанда референдум, Пре­зидент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлаулары өтіп, Жаңа Қазақстанды құру жолын­да маңызды да қажетті қа­дам­дар жасалғанын тілге тиек еткен Орталық кеңес төрағасы Бақ­ты­қожа Салахатдинұлы ел арда­герлері бұл үдерістердің бәріне үмітпен қарап, қолдап отырғанын жеткізді.

– Шынайы бәсеке орын алған Президент сайлауына елмен бірге ардагерлеріміз де атса­лысып, дауыс беріп, белсен­ділік танытқанына осы отыр­ған баршамыз куәміз. Қасым-Жомарт Кемелұлының Әді­летті Қазақстан құру бағытын­дағы реформаларын ардагер­лер бірауыздан қолдап, халық­қа ағалық ықпал етіп жүр. Жақын­да Мәжіліс сайлауы Пре­зи­дентіміздің реформаларына сәйкес өтті. Барлық партиялар­ға сайлауға қатысуға бірдей мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, Мәжіліске саяси ұстанымдары әртүрлі 7 партия өтті. «Amanat» пар­тиясы ұсынған тізіммен маған Мәжіліс депутаты мандаты тапсырылды. Оны ардагерлер қауымына көрсетілген зор сенім деп қабылдадым, – деді ол.

сми

Қазіргі әлемдік саясаттың сынаптай сырғып, аумалы-төк­пелі болып тұрған уағында Мем­лекет басшысының айна­ла­сына ұйысып, Жаңа да Әділет­ті Қазақстанды бірге қалыптас­тыруға шақырған Мәжіліс депутаты елдегі бірқатар игі өзгеріс пен кезек күттірмес проблемаға тоқтал­ды. Мәселен, жалақы мен зей­нет­ақыны өсіру, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қолдау ми­нистрлігі әзірлеген «Бел­сен­ді ұзақ өмір» ұлттық жоспа­ры, қарияларға арналған герон­тологиялық медицина бөлім­шелерін ашу, оларға берілетін әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, жастар тәрбиесі, т.б. жайттар туралы айтты.

– Биыл 2 ақпанда Президент қабылдауында болғанымда бірнеше ұсыныс жасаған едім. Соның бірі – «Іскерлік және жанашырлық» жобасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсыныс­тарымды зор ықыласпен қабыл­дап, Үкіметке тапсырма беретінін айтты. Ұзамай, 6 ақпанда ұсы­ны­сым қабылданғаны және осы жұмыстарды үйлестіру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелгені туралы жауап алдым. Қазіргі уақытта ұсынысыма байланысты жоба жұмысы Атырау облысында бас­талып кетті. Нәтижесі – уақыт еншісінде, – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Тамара Дүй­сенова ел өміріндегі арда­герлердің орны ерекше екенін атап өтіп, алда келе жатқан Отан қорғаушы және Жеңіс күндеріне орай олар­ға мемлекет тарапынан көр­сеті­летін көмек туралы мәлімдеді.

– Жылдан-жылға майдан­гер­леріміздің саны азайып барады. Биыл елімізде соғысқа қатысқан 237 қариямыз ғана қалыпты. Олардан бөлек, 50 мыңға тақау тың ардагері бар. Сонымен қатар әр салада еңбек етіп, бүгінде ел ағасы болар жасқа жеткен сіздердің де орындарыңыз ерекше, – деді министр.

Жуырда Президенттің ТМД елдеріндегі тұңғыш Әлеуметтік кодекске қол қойғаны белгілі. Күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы осы кодекс мақсаттарына кеңінен тоқталғанын атап өткен Тамара Қасымқызы жаңа құжат ел халқы үшін барлық қолдаулар толыққанды қамтылғандығымен құнды екенін жеткізді.

– Бала дүниеге келгеннен бастап кәмелет жасқа толғанға дейін балаға, ата-аналарға, отбасына қатысты, сонымен қатар зейнеткерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері де ол жерде жан-жақты қарастырылған. Биыл 1 қаңтардан бастап еліміздегі 6,3 миллион отбасының толық базасы жасалды. Олардың қай­сысында қанша бала бар, кім қандай көмекке мұқтаж, қай отбасында мүгедек балалар бар, кімге жұмыс керек, осының бәрі базаға енгізілді, – деді министр.

Тамара Дүйсенова биыл орташа зейнетақы 125 мың теңгеге өскенін, ал ең үлкен зейнетақы 182 мың теңгені құрайтынын, сонымен қатар мүгедек адамдарға берілетін жәрдемақы жыл басында 8,5 пайызға өсіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 шілдеден бастап тағы 14 пайызға көбейетінін айтты.

– Президент өз Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту мәселесіне тоқталды. Шын мәнінде, ең алдымен осы елдің, халықтың қауіпсіздігі болмаса, біз өмірді жақсарта алмаймыз. Елдің қорғаныс саласында, әскерінде қандай өзгерістер болып жатыр? Қазіргі күні 20 мыңнан астам ардагеріміз бар. Солар елді қорғау, қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың жандануына қандай үлестерін қо­сып жатыр, мен осы мәселеге тоқ­талғым келеді, – деген генерал-лейтенант Абай Тасболатов қор­ғаныс саласында жасалып жат­қан жұмыстар туралы баяндады.

Бұдан өзге, пленум барысында Ұлытау облысы ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы Сағындық Қо­жам­сейітов, Қызылорда облысы ардагерлері кеңесінің төра­ға­сы Серік Дүйсенбаев сөз алып, ой-пікірлерін ортаға сал­­ды. Жиында «Ардагерлер ұйымы» ре­с­пуб­ликалық қоғамдық бірлес­ті­гі Орталық кеңесі құрамына то­лық­т­ырулар мен өзгерістер енгізілді.

Жиында қабылданған маңыз­ды құжат – «Ардагерлер ұйы­мы» мен Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау министр­лігі арасындағы өзара ынты­мақ­­тас­тық туралы меморандум. Құ­жатқа ұйым төрағасы Бақты­қо­жа Ізмұхамбетов пен министр Тамара Дүйсенова қол қойды.

Іс-шара соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек арда­гері» медалімен Ұлы­тау об­лы­сы ардагерлер кеңесі­нің төр­ағасы Сағындық Қожам­сейітов, «Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төс белгісімен Алматы қаласы ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Ахан Бижанов, Ақ­төбе облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаң­ғұтов, Батыс Қазақстан облысы арда­герлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, Қостанай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов марапатталды.