Ең алдымен, біз ChatGPT-тің қауіпсіздік қатерлері мен оны туындататын мәселелер туралы айтқымыз келеді. ChatGPT басқа чат-боттар негізіндегі технологияға ұқсас болуы мүмкін. Бірақ ол өз алдына ерекше өнім болып қала бермек. Егер сіз оны жеке көмекші ретінде пайдаланғыңыз келсе, септігі мол, пайдасы орасан. Ал қауіп-қатер субъектілері бар екенін ойласаңыз, көңілге алаң кіреді. Бір өкінерлігі, «дайын асқа тік қасық» болғысы келетін киберқылмыскерлер ChatGPT қолданбасын зиянды бағдарлама жазу, алаяқтық веб-сайттарды құру, фишингтік электронды хаттарды жасау, жалған жаңалықтар даярлау секілді жымысқы әрекеттер үшін пайдалана алады екен. Осы ретте ChatGPT-тің пайдадан гөрі киберқауіпсіздік қаупі басым болуы мүмкін. Сол үшін қазіргі уақытта өмірге келген әрбір жаңа технологияның артындағы залалды тұстарын да сана-сезімімен салмақтау, таразылау тұтынушының өзіне байланысты.
Сонымен қатар ChatGPT-тің өзінде белгілі бір реттелмеген осалдықтар бар деген үлкен алаңдаушылық туындап отыр. Мысалы, осы жылдың наурыз айында кейбір пайдаланушылардың басқалардың әңгімелерінің тақырыптарын, мазмұндарын көре алатыны туралы ақпараттар тарады. Сол кезде The Verge ақпарат сайты хабарлағандай, OpenAI бас директоры Сэм Альтман аталған мәселеге дереккөздердегі алғашқы қателік себеп болғанын түсіндірді. Бұл бізге нені меңзейді? Бұл өз әлеуеті бойынша деректердің көп мөлшерін жинайтын ChatGPT-пен бөлісетін деректерді шектеудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Алпауыт технологиялық ұйым Samsung мұның сырын көптеген қиындықтан кейін таразылай алды. Чат-ботты көмекші ретінде пайдаланған бір топ қызметкер оған құпия ақпаратты абайсызда таратып жібергені де анықталды.
Ал осындайда «ChatGPT сіздің жеке өміріңізге қауіп төндіре ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Қауіпсіздік пен құпиялылық бір нәрсе емес. Бірақ олар бір-бірімен тығыз байланысты әрі жиі қарым-қатынаста. Егер ChatGPT әлеуметтік қауіпсіздікке залалды болса, онда ол жеке тұлғаның өміріне де қауіп төндіреді деген сөз.
ChatGPT өзінің ауқымды дерекқорын жасау үшін біз күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген интернеттегі миллиардтаған ақпарат лезде жойылған. Бұл дерекқор үздіксіз кеңею үстінде. Өйткені ChatGPT пайдаланушылар бөлісетін кез келген ақпаратты өзіне толық сақтап алады. АҚШ-та орналасқан коммерциялық емес Common Sense ұйымы ChatGPT-ке 61 пайыздық құпиялылықты бағалау ұпайын берді. Чат-бот жеке сәйкестендірілетін ақпаратты және басқа да құпия деректерді жинайтынын атап өтті. Бұл деректердің көпшілігі сақталады немесе белгілі бір үшінші тараптармен бөлісіледі деген сөз.
Қысқасы, ChatGPT-ты пайдалану кезінде абай болу керек. Әсіресе, оны жұмыс үшін немесе құпия ақпаратты өңдеу үшін пайдалансаңыз, жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Былайша айтқанда, сіз күнделікті тұрмыста көпшіліктің білгісі келмейтін ақпараттарын аталған құрылғымен бөліспеуіңіз керек. Уақыт өте келе, чат-боттар іздеу жүйелерінің, дыбыстық жазбалар мен әлеуметтік желілердің ажырамас бөлігіне айналады. Міне, осындай нақты көзқарасты Malwarebytes киберқауіпсіздік қосымшасы білдірді. Тіпті бұл чат-боттар болашақта денсаулық сақтау мен білім беруден, қаржы мен ойын-сауыққа дейінгі әртүрлі салаларда да рөл атқаратыны айтылып жүр.
Бұл осыған дейін біз зерттеп, зерделеген қауіпсіздік шараларын түбегейлі өзгертеді. Бірақ Malwarebytes атап өткендей, ChatGPT және оған ұқсас құралдарды киберқауіпсіздік мамандары да пайдалана алады екен. Мысалы, бағдарламалық құралдағы қателерді немесе желі әрекетіндегі «күдікті үлгілерді» іздеу үшін бұл таптырмас технологиялық өнім болмақ. Осы жағдайларды білген соң, аталған өнім туралы алуан түрлі ақпаратты оқыған соң, бізге ChatGPT 5 немесе 10 жылдан кейін не істей алады деген сауал тууы мүмкін. Өкініштісі, біз тек болжам жасай аламыз. Бірақ бір анық нәрсе – жасанды интеллектілердің ешқайда кетпейтіні, оның арамызда, біздің күнделікті тіршілікте өмір сүретіні.
Жаңа өнім, жаңа технологиялардың жемісі аталатын осындай чат-боттар өмірімізге араласқан сайын, барлық сала оларды реттеуге және жауапкершілікпен пайдалануды үйренуге мәжбүр болады. Бұған жасанды интеллект қалыптастырып жатқан киберқауіпсіздік саласы да кіреді. Жасанды интеллектімен байланысты қауіпсіздік тәуекелдері туралы сақтықты күшейту маңызды болмақ. Қазір қоғам арасында ChatGPT-ті мақтап, оның насихатын жасап жүргендер де, оның пайдасынан гөрі зияны көп екенін ашық айтқандар да баршылық. Жасанды интеллектілердің чат-боттары мінсіз емес, бірақ олардан мүлдем аулақ болудың да қажеті шамалы.
Келесі мәселе ChatGPT сіздің жеке ақпаратыңызды ұрлай ма дегенге саяды. ChatGPT туралы алдыңғы қатардағы қауіпсіздік мәселелерінің көпшілігі болжамдар мен тексерілмеген есептерден туындайды. Кейде жаңа технологиялық өнімдерді пайдаланушыларда бейтаныс құралдардың құпиялылығы мен қауіпсіздігі туралы ағат түсініктердің болуы – табиғи жағдай. Аталған платформаны Microsoft және Илон Маск сияқты технологиялық инвесторлар қаржыландыратын беделді Жасанды интеллект зерттеу зертханасы OpenAI іске қосты. ChatGPT ең қысқа ақпаратты сұрайды. Сіз тек атыңыз бен электрондық пошта мекенжайыңыз арқылы тіркеле аласыз. Дегенмен OpenAI тек зерттеу мақсатында конволарды бақылай алады. Оларды үшінші тұлғаларға тарату немесе сату оның жеке пайдалану шарттарын бұзады.
BBC-дің мәліметі бойынша, OpenAI ChaGPT-ке 300 млрд ақпарат жинап берді. Ол әлеуметтік медиа платформалары, бизнес веб-сайттары және түсініктеме бөлімдері сияқты жалпыға қолжетімді веб-сайттардан деректерді жинайды. Қажетсіз кезде интернеттен шығып, деректеріңізді өшірмесеңіз, ChatGPT сіздің ақпаратыңызды алуы мүмкін. ChatGPT қауіпті болмаса да, платформаның әлі де қауіпсіздікке жол ашуы әбден ықтимал. Алаяқтар әртүрлі кибершабуылдарды орындау үшін шектеулерді айналып өте алады.
Электронды хаттарды жазуға бірнеше сағат жұмсаудың орнына, интернет алаяқтары ChatGPT-ті пайдаланады. Бұл – жылдам әрі оңай тәсіл. Аталған құрылғы бірнеше минут ішінде жүздеген үйлесімді, сенімді электрондық хаттарды жасай алады. Сол үшін ақпаратты жария етуден аулақ болыңыз. Заңды компаниялар мен ұйымдар кездейсоқ электрондық пошта арқылы құпия кілтсөз сұрайтынын ескеріңіз.
Тәжірибелі кибер-қылмыскерлер қазірдің өзінде ChatGPT-ті өз іс-әрекеттеріне пайдалана бастады. Олар аталған чат-ботты ұрланған деректердің ауқымды көлеміне ыңғайлап, платформаны интернет алаяқтығы үшін жеке дерекқорға айналдыра алады екен. Көптеген адам ChatGPT қолданбасын әлі толық зерттеген жоқ. Ал хакерлер жұртты шатастыратын ақпараттарды, электрондық хаттарды және хабарландыруларды тарату арқылы өз мақсатына жұмыс істеуі әбден мүмкін.
Бәріміз де осы қоғамның мүшесіміз, сол үшін жаңа технологиялық өнімдерден еш уақытта бас тарта алмаймыз. Бірақ мұндағы ең басты мәселе – сақтық шаралары. Сол үшін егер қажет болған жағдайда ChatGPT-ті қауіпсіз және жауапкершілікпен пайдаланыңыз. ChatGPT өздігінен қауіп төндірмейді. Жүйенің осалдықтары бар екені рас. Алайда ол деректеріңізге зиян келтіруі, келтірмеуі де мүмкін. Жасанды интеллект технологияларынан қорқа беруден гөрі, алаяқтар оларды әлеуметтік инженерия тактикасына қалай енгізетінін зерттеңіз. Осылайша, сіз өзіңізді қауіптерден қорғай аласыз.