2018 жылы еліміздің Энергетика министрлігінің қолдауымен «Шелл» компаниясы және Назарбаев зияткерлік мектептері «Мектептерге күн энергиясы» атты қанатқақты жобаны қолға алған-ды. Жобаның мақсаты – еліміздегі бес мектепте энергияның шағын қуатты жүйесін құруға бағытталған бірегей платформа жасау. Сондай-ақ жас буынның жаратылыстану ғылымдарына, технологияға, инновацияға және кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру.
Күн стансасының құрылысы өткен жылдың қараша айында қолға алынды. Енді мектептің электр энергиясына жұмсайтын жылдық шығыны орта есеппен 30 пайызға, яғни 2-6 млн теңгеге дейін үнемделеді. Ең бастысы 240 фотоэлектрлік панельден тұратын жүйелер СО2 көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Ал артылған электр қуаты қалалық желіге жөнелтіліп, энергияны үнемдеуге септігін тигізеді. Фотоэлектрлік жүйенің ұзындығы – 75 метр, биіктігі 5 метрге дейін жетеді.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бір жарым жыл бұрын ашылған білім ордасының баламалы энергия көздерін пайдалануы үлкен жетістік екенін атап өтті. «Мектептерге күн энергиясы» бірлескен жобасының жемісін көріп отырмыз. Жоба аясындағы бесінші фотоэлектрлік жүйенің Түркістанда орнатылуы – тарихи сәт. Бұл мақсатты іске асыруда зияткерлік оқу ордасының орны ерекше. Білім ұясы ашылғаннан бері Түркістан халқының зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етіп келеді. Сондықтан мұндағы алғыр да ақылды шәкірттерден экология, экономика тақырыптарына арналған тың жобалар күтеміз», деді ол.
Сонымен қатар компания жасөспірімдердің табиғи қуат көздерін зерттеуге қызығушылығын арттыру үшін мұғалімдерге арнап «Шелл NXplorers» бағдарламасын ұйымдастырыпты. 2022 жылдың қазан айында Түркістан облысының ұстаздары үшін арнайы білім беру бағдарламасы бойынша оқыту тренингі өткізілген. «Мектептерге күн энергиясы» жобасы – NIS стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл STEM-білімді енгізу мен ең бастысы, оқушылар арасында эко-мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ортаға үлкен жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеудегі табысты бастама екенін бесінші мәрте дәлелдеді. Қазіргі таңда ғалымдар экологиялық мәдениетті адамзаттың табиғатпен бірлігі негізінде қарастырып жүр. Расында, мұндай адам қоршаған ортаға қамқорлық жасап, оның жойылуы мен ластануына жол бермейді», дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Айта кетейік, ел бойынша дәл осындай күн электр стансасы Астана, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында орналасқан зияткерлік мектептерде де бар. Бұл жүйелер әр оқу ордасына 100 кВт энергия өндіруге мүмкіндік береді. Күн батареялары әр мектептің қажеттілігін қанағаттандыру үшін арнайы әзірленген металл қондырғыларға бекітілген. «Күн панельдерінің қондырылуы жас буын үшін жаңартылған энергия көздері бойынша табысты ғылыми жобалар жасаудың, мамандық таңдау мен болашақты айқындаудың қайнар көзіне айналды», дейді NIS Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Күләш Шәмшидинова.
Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдері бойынша «Шелл» концернінің корпоративтік қатынастар жөніндегі вице-президенті Джоанна Кунзберг еліміздің қоршаған ортаны қорғау мен баламалы энергия көздерін өндіріске енгізу бағытындағы бастамаларына ерекше тоқталды. «Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу үшін үлкен мақсаттар қойып отыр. Біздің компания мемлекеттің осы бағыттағы барлық бастамасын қолдайды. «Мектептерге күн энергиясы» жобасы осы өтпелі кезеңге өз үлесімізді қосуға бағытталған жобалардың бірі», деді ол.