Өндіріс • 04 Мамыр, 2023

Қант өнеркәсібінің мәселесі қалай шешіледі?

570 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде қант тапшылығына байланысты мәселе тағы көтеріле бастады. Сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерде аталған өнімге қойылған бағаға өзгерістер енген. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде көктем өтіп, жаз шығысымен қантқа сұраныс
артып, сауда сөрелеріндегі бұл өнім қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналатыны бар.

Қант өнеркәсібінің мәселесі қалай шешіледі?

Ал сала мамандары өткен жылдары орын алған олқы­лық­тарға жол бермеу үшін қа­жетті іс-шаралар жүзеге асы­ры­­лып, шешім қабылданып жат­­қандығын айтады.

Еліміз жақында Еуразиялық эко­номикалық комиссиядан үшін­ші елдерден шикі қантты бажсыз әкелуге рұқсат алды. Бұл зауыттарды шикізатпен толықтырып, 2026 жылдың соңына дейін қант саласын қо­л­дауға мүмкіндік бермек. Өткен аптада Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі елге шикі құрақ қантын әкелуге ар­налған квотаның мөлшері мен ұзақтығы туралы бұйрық жобасын жариялады. Жоба 12 мамырға дейін қоғамдық талқылауда қаралатын болады. Еуразиялық экономикалық комиссия елімізге шикізатты бажсыз әкелуге 30 нау­рыздан бастап рұқсат берген. Сонымен биылғы жыл соңына дейін 350 мың тонна шикізатты баж салығы түріндегі ешқандай төлемсіз жеткізу көзделіп отыр. Өткен жылы қабылданған «Қант өнеркәсібін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ке­шен­ді жоспарына» сәйкес, отандық қант өндірушілерге қант қызылшасын көбірек егіп, жинап алу, өз шикізатымыздан қантты артығымен өндіріп, шеттен келетін қантты жергі­лік­ті қантпен алмастыру бо­йынша жұмыс жүргізу қажет.

Қазір отандық шикізаттан жа­салған қант небәрі 7 па­йыз­ды құрайды (2021 жылғы мәліметтер бойынша – 35,7 мың тонна). Қалған 93 пайызы (497 мың тонна) дайын қантты импорттау және импорттық шикі құрақ қант өндіру есе­бі­нен жабылған. Ресей өз қантымен өзін қамтамасыз етіп қана қой­май, оны елімізге белсенді түрде саудалай бас­тады, бұл им­порттың жалпы көлемінің 88,3%-ын құрап, былтыр өнім­ге сұраныстың артуы мен баға­ның өсуіне әкелгені бар. Осы жылдың наурыз айынан бастап Ресей қантты экспорттауда шекарасын алты айға жабатынын мәлімдеді.

Еліміздің шеттен келетін қантқа тәуелділігін нарық қа­ты­­сушылары 2000 жыл­дар­дың ортасында айта бастады. Олар сырттан әкелінетін дайын қант пен шикі қанттың үлесі артып, ақ қызылша алқабы азайып бара жатқанын сол кездері де құлаққағыс еткен еді. Өткенге көз жүрітсек, 2007 жылы еліміз 148,2 мың тон­на қант импорттап, дәл осы уа­қыт­та қант қызылшасының гек­тары қысқара бастаған. Елу жылдан аса тарихы бар Же­тісу өңіріндегі Ақсу қант зауы­тының мамандары сол кез­дің өзінде қант өнер­кә­сі­бі деградациясының басты се­беп­терін ішінара айтып жүрді. Зауыттарға жергілікті қы­зыл­ша­дан гөрі бразилиялық және кубалық қамыстан қант өндіру тиімді болып, қамыс­тың өн­ді­рістік циклі 30%, дайын өнімнің шығымы 98,5-99,2%, ал қызылшадан тек 12%-ды ғана құраған. Мамандар түй­нек­терге қарағанда, шикі қа­­мыспен проблемалар аз дей­ді. Өңдеу алдында ақ қы­зыл­­ша шіріп кетпес үшін бел­гі­лі бір жолмен сақталуы керек, бұл да қосымша шығын. Қант қызылшасына сұраныс азай­ған­дық­тан, диқандар осы тамыр дақылын азырақ өсіре бастады.

Сапалы тұқымдардың мәсе­лелері тәтті түйнектер өн­ді­­рісі­не әсер етті. Тұқымның басым бөлігі (95%-ға дейін) шетел­ден тасымалданғандықтан осы­ған қарап өнімнің құн­ды­лы­ғын бағамдауға болады. Кейбір шаруа қожалықтары жақсы тұқым алуға шамасы жетпегендіктен, өздеріне керектісін егіп отыр­ған. 2020 жылдың басында республикадағы 7 қант зауы­ты­ның тек үшеуі ғана жұмыс істегендіктен, ел ақыры брази­лия­лық қамыс пен украин қы­зыл­ша қантының импорты­нан бас тартып, Ресей мен Беларусь қан­тына ойысты.

Белгіленген жоспарға сәй­кес жұмыстарды жүзеге асыру аясында әуелі шикізат база­сын дамыту, одан кейін ішкі на­рық­ты сыртқы әсерден қор­ғау өте өзекті болып тұр. Үкімет қант қызылшасының егіс көлемін жыл сайын орта есеппен 6,5 га, 2026 жылға қарай 38 мың гектарға дейін ұлғайтуды қа­рас­­тыруда. Сонымен қатар 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерді айналымға енгізуді, қант қызылшасын өсіру, жинау және тасымалдау жөніндегі агротехникалық қызметтерді одан әрі жетілдіруді қолға алуда. Жоспар жүйелі түрде орындалып, өз нәтижесін берсе, қант зауыттарының иелері де елімізде сенімді шикізат базасын қалыптастырып, ал өндірісті жаңғыртуға мемлекет те қолдау көрсетері анық. Сонымен қатар 2025 жылы ке­ңей­тілген шикізат базасы Пав­лодар облысында салын­бақ­шы. Бұдан бұрын да, яғни 2019 жылы аталған өндіріс жөнінде сөз қозғалып, 2022 жылы зауыт жұмысы басталу керек болған.

Сонымен 2026 жылға қарай шикі­зат базасын дамытуға тұ­қымдар, тыңайтқыштар, өсім­дік­терді қорғау құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу және көктемгі дала жұмыстарына 297 млрд теңге, жеке инвестициялауға 129 млрд теңге бюджеттік субсидия қажет деп есептелініп отыр. Жұмыс істеп тұрған зауыттарды жаңғыртуға әрі жаңа зауыт салуға 200 млрд теңге, бюджеттік субсидиялар көлемі 40 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы «Агроөнеркәсіптік ке­шен­ді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» арқылы («Бәйтерек» холдингі мен «Даму» қорының қара­жатын тарту арқылы) жүр­гізіліп, суды тиімді пайдалану және суару желілерін дамытуды қаржыландыру «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бо­йынша жүзеге асырылады.

Салықтық преференцияларды беру мақсатында Салық кодек­сіне тиісті өзгерістер енгі­зіп, субсидиялауды ұлғайту ар­қы­лы тұқым сатып алуға және қант қызылшасын өсіруге, шық­қан шығындардың бір бөлі­гін шикізат өндірушілеріне өтеу бойынша реттеу іс-ша­ра­лары қабылданып, алдағы бес жылда отандық шикі­заттан қант өндіру көлемін 250 мың тоннаға, ал қант қы­зыл­­шасының жалпы өнімін 1 800 мың тоннаға жеткізу негізделген. 2026 жыл­ға қарай 2021 жылмен салыс­тыр­ғанда импорттың үлесі 58-ден 17%-ға төмендеп, отандық шикізатты өңдеу есебінен қамтамасыз ету 7-ден 43%-ға дейін артатын болады.