
Өткенде Ирак түрмесінде өмір бойына бас бостандығынан айырылған әйелдер аштық жариялады. Олардың арасында қазақ әйелдері де бар. Егер Ирак билігі сотталғандарға рақымшылық жасаса, Сыртқы істер министрлігі оларға қатысты келіссөз жүргізуді жалғастырады. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Ирактан «Русафа» операциясы аясында бір топ бала елге жеткізілген. Алайда олардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айырылып, Бағдат түрмесінде жазасын өтеуге үкім шыққан.
«Биыл 24 сәуірде Қазақстанның Иорданиядағы елшілігіне террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы Ирак билігінің үкіміне наразылық ретінде Бағдаттағы «Русафа-6» атты түрмеде отырған шетелдіктер, оның ішінде Қазақстан азаматтары да аштық жариялау акциясын бастағаны туралы хабарлама түсті», деді А.Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Істі болған адамдар өз мемлекеттеріне тезірек экстрадициялауды талап етіп отыр. Аштық акциясы Ирак билігінің «Рақымшылық туралы» заңға қол қоюы туралы қауесет тараған кезде басталған.
«Қолда бар ақпаратқа сәйкес Ирак билігі биыл барлық санатта қылмыс жасаған адамдарға «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қоюды жоспарлап отыр. Бірақ бұл нақты ақпарат емес. Айта кетейік, рақымшылыққа ілігетін адамдар өз жазасының үштен бірін сол елде өтеуге тиіс. Қазір жоғарыда аталған мекемеде ДАИШ террористік ұйымына қатысқаны үшін сотталған 6 Қазақстан азаматы өз жазасын өтеп жатыр. Жалпы, наразылық білдіріп отырғандар әділетсіз үкімге, негізсіз айыптауларға қатысты шағым айтып отыр», деді СІМ өкілі.
Әйелдер аштық жариялап, наразылық танытқан соң Қазақстанның Иорданиядағы елшілігінің бастамасымен 26 сәуірде «Русафа» түрмесінің судьясы және прокурор орынбасарымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Ирак кеңсесі балаларды қорғау жөніндегі маманымен кездесу өткен. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтарының құқықтарын сақтау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілген. «Егер Ирак билігі рақымшылық акциясын қабылдаса, онда біз тиісті келіссөздерді жалғастырамыз», деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, 2017 жылы Иракта еліміздің алты азаматы 25 жылға сотталған еді. Ирак соты әйелдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру – Ирак заңы бойынша 25 жыл түрме жазасын тағайындады. Олар лаңкестік әрекеттерге барған, атап айтқанда ДАИШ ұйымының мүшесі болған. ДАИШ – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым. Сыртқы істер министрлігі олардың жазасын өтеп болған соң, Қазақстанға қайтатынын айтты. Сотталғандар – Орал қаласы, Түркістан, Алматы және Қарағанды облысының тұрғындары. 2019 жылдың қарашасында Ирактан 14 бала елімізге жеткізілді. Олардың аналары сотталып, террористік әрекетке қатысы үшін түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Шетелдік БАҚ дерегіне сүйенсек, «Русафа» түрмесінде шетелдік 494 әйел отыр. Олар Иракқа 18 елден келген.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ел азаматтарының Тайланд пен Мьянма арасындағы «алтын үшбұрыштағы» еңбек құлдығынан қалай құтқарылғанын да айтты.
«Сәуір айының ортасында азаматтарымыздың бірі Бангкоктағы консулымызға телефон соғып, өзінің және тағы төрт жігіттің Мьянмада еңбек құлдығында жүргенін жеткізді. Әрине, азаматпен сөйлескеннен кейін оның айтып отырғаны қандай компания екенін анықтай бастадық. Оларды ұстап тұрған шетелде тіркелген қытайлық компания екен», деді А.Смадияров.
СІМ өкілінің айтуынша, компания әрбір Қазақстан азаматы үшін 6 миллион теңге сұраған, содан кейін ғана оларды жіберетінін айтқан. Олар аталған соманың әуе билеттеріне, тұруға, жол жүруге, визаға және басқа да құжаттарға кеткен шығын екенін алға тартқан.
«Біздің консул өте тәжірибелі адам, өкінішке қарай, мұндай оқиғалармен жиі кездесіп, ел азаматтарын құтқарып жүр. Консул оларға не істеу қажеттігін айтып, нұсқау берген. Содан соң бұл жігіттер сол жерден қашуды ұйғарады. Тайланд жағынан көмек сұрап, дипломаттарымыз оларды күтіп алмақ болады. Алайда жігіттер біздің консулға қашып бара жатқандарын алдын ала хабарламаған. Олар қашып кетпес бұрын жарты сағат қалғанда хабар берген. Ал олар баратын шекараға жету үшін Бангкоктан 7-8 сағат жол жүру керек. Осылайша, консул олармен кездесіп үлгермеді.
Бес жігіт компания аумағынан қашып, Мьянма мен Тайланд шекарасын бөліп тұрған өзенге қарай жүгіреді. Төртеуі суға түсіп, арғы бетке жүзіп өтеді де, бір жігіт жүзе алмай қалып қояды. Күзетшілер оны қуып жетіп, компания аумағына қайтарады. Сондай-ақ Тайланд аумағына өтіп кеткен жігіттерді де өзеннен жүзіп өтіп, Тайланд аумағында ұстап алады. Біздің жігіттер консулға хабар беріп үлгереді. Консул дереу Тайланд шекара қызметі мен жергілікті полицияны хабардар етіп, олар 4 жігітті құтқарып алады», деді Айбек Смадияров.
А.Смадияровтың айтуынша, қазақ жігіттері Тайландтың иммиграциялық заңнамасын бұзғаны үшін сотқа берілген, бірақ Қазақстан елшілігінің араласуымен олар ауыр айыппұлдардан босатылып, елге депортацияланған. Алдағы 3-4 күнде олар Бангкоктан Қазақстанға оралады.