
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынымын қараған сенаторлар басқа жұмысқа ауысуына байланысты Дана Тоқмырзинаны Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бұл мәселені Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті алдын ала талқылаған еді.
Бұдан өзге отырыс барысында Палата депутаттары «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді қолданудың ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл Келісім ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін дамытуды және тауар тасымалдау үшін қажетті жағдайларды жақсартуды көздейді. Сондай-ақ құжат Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауар тасымалдау кезінде міндетті кедендік және өзге де төлемдерді төлеуге қатысты құқықтық қатынастарды реттейді. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін жекелеген кедендік рәсімдерді жеңілдету мәселесі де қарастырылған. Алдағы уақытта жаңа нормалар ЕАЭО аясындағы тауар транзитінің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға оң әсерін тигізуге тиіс.
Отырыста депутат Сәкен Арубаев Жер кодексіне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Сенатордың айтуынша, бұл бірінші кезекте, ауылдардың маңындағы жайылымдық жерлердің тапшылығына қатысты проблемаларды шешу үшін қажет. Сондай-ақ депутат субсидия алуға балық шаруашылықтарының мәртебесін бекіту мәселесі де өзекті екенін айтты. Ол балық өсірумен айналысатын фермерлер шығындарының 50%-дан астамын жабатын субсидия ала алмайтынын алға тартып, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Депутат атап өткендей, бұл проблемалар Жер кодексіндегі қайшылықтар мен балық шаруашылықтарының мәртебесі айқындалмағандықтан туындап отыр. Осыған байланысты шаруалар шығындарының жартысынан көбін жабатын субсидияларды рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болады.
«Балық шаруашылығы құрылысы үшін жер учаскесін табыстауға да және балық шаруашылығы қай салаға жатқызылатындығы да Жер кодексінде, басқа да құқықтық-нормативтік актілерде нақтыланбаған. Соның салдарынан Жамбыл облысының балық шаруашылықтары 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде шығыстардың 50 пайызына дейін жабатын аса қажетті заңды субсидиялар ала алмайды. Еліміздегі балық шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесін табыстау және олардың нысаналы мақсатын ауыстыру мәселелері бойынша қолданымдағы жер және су заңнамаларына тиісті түзетулерді енгізуді сұраймын», деді сенатор.
Ал Закиржан Кузиев Қазақстан этностарының тілдері оқытылатын лингвистикалық мектептерде оқулықтардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдірді. Депутат бұл мәселе өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тілдерінде оқытылатын мектептерге қатысты екенін атап өтті.
Сенатор Ақмарал Әлназарова болса обаға қарсы қызметті жеке мекеме ретінде қайта құру мәселесін қозғап, осы сала қызметкерлерінің жалақыларын көтеруді сұрады. Қазіргі уақытта еліміздің обаға қарсы қызметін Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының құрамына енгізу үрдісі жүріп жатыр. Бұл орталықты осыған дейін «QazBioPharm» ұлттық холдингінің құрамына енгізу жоспарланған еді. Алайда дәл қазір Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде орталықты қайта құру, атап айтқанда обаға қарсы қызметті жеке мемлекеттік мекеме ретінде бөлек шығару мәселесі қолға алынып жатыр.
«Қазақстанда обаның соңғы жағдайы 20 жыл бұрын тіркелгеніне қарамастан, кейінгі жылдары адамзат биологиялық әлемдегі тұрақсыздыққа тап болды. SARS, COVID-19, құс тұмауы және шошқа тұмауы – патогендік мутациялар көбейген кезде трансшекаралық сипаттағы жұқпалы аурулардың таралу аймағының кеңеюіне нақты қауіп төндіретін және жаһандық жылынуға әсер ететін инфекциялардың бір бөлігі ғана. Сондықтан қолайсыз аумақтарды бақылауды әлсірету және осылай бөлшектеу республика халқына ауыр соққы беруі мүмкін», деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатордың айтуынша, обаға қарсы қызмет саласы қызметкерлерінің жалақысы өсуіне қарамастан, оның қорытындысы бойынша медициналық және медициналық емес білімі бар қызметкерлердің арасында жалақы мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық пайда болды.
«Даладағы биологиялық материалды өңдеу және зарарсыздандыру, биосынақ жұқтырған жануарларға күтім жасау, күшті әсер ететін улы дәрі-дәрмекпен және далалық жағдайларда жұмыс істеу кезінде биологиялық тәуекел қатері үшін қосымша ақы ескерілмеген. Соның нәтижесінде обаға қарсы қызмет қызметкерлерінің тек 23%-ы ғана кәсіби қызметке байланысты тәуекел үшін лауазымдық жалақының 50% мөлшеріндегі қосымша ақымен қамтылған. Бұл дайындалған кадрлардың саладан кетіп қалуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты барлық қызметкерлер мен биологиялық тәуекелге барып қайта байланыс жасайтын адамдар үшін ерекше еңбек жағдайы үшін қосымша ақыны қалпына келтіру қажет», деді сенатор.
Депутат осыған байланысты Үкімет басшысына обаға қарсы қызмет салысындағы тәуекелге бел буатын қызметкерлердің биологиялық қауіп-қатерге ұшырау деңгейін ескере отырып, еңбекақы мөлшерін қайта қарау мүмкіндігін қарастыруды және мемлекеттік жеке мекемеге бөлінбестен «QazBioPharm» холдингінің құрамында М.Айқымбаев атындағы «Аса қауіпті инфекциялардың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК-ге берілуін жеделдетуді сұрады.
Сондай-ақ сенатор Советбек Медебаев ауылда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруды ұсынды. Сенатордың айтуынша, ауылдық медицинадағы проблемалар аясында Жамбыл облысының Меркі аудандық ауруханасында іске асырылып жатқан, ауылдық мұраға заманауи сапалы медициналық қызметтер көрсететін пилоттық жобаның жұмысы оң нәтиже береді.
«Меркі аудандық ауруханасы дәрігерлердің, қаржыландыру мен дәрі-дәрмектердің, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігіне және тапшылығына қарамастан, ұйымның негізгі көрсеткіштерін жақсартып, жалпы халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген қарым-қатынасын оңтайлы өзгерте білді. Біз тек қана кемшіліктерді ғана тізбектемей, жасалып жатқан осындай республика деңгейінде үлгі боларлық жаңа және қанатқақты жобаларды жақсылап тұрып қолға алуымыз қажет. Осы орайда, ауылдық медицинаны дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірінде медицина мекемелеріне енгізу үшін ұсыныстарды жолдай отырып, осы мәселеге ерекше назар аударуыңызды сұраймын», деді С.Медебаев.
Депутат «Үздік тәжірибе орталығы» жүйесі «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Олар енгізген жобалар медициналық қызмет сапасына риза болған емделушілердің 34%-ға артуының, шағымдар санының 60%-ға төмендегені туралы оң нәтиже көрсетіп отыр. Ал «Денсаулық мектебі» жобасы медициналық сауаттылық деңгейін арттырып, ауруханаларға шұғыл жатқызу жағдайының санын азайтты.
«Жаңадан ашылған «Денсаулық мектептері» медициналық сауаттылық деңгейін көтеріп, шұғыл емдеуге жатқызуды төмендетті. Учаскелік дәрігерлердің жүктемесін және жұмысын жеңілдету мақсатында медбике қабылдауы енгізілді. Елімізде ауылдық медицинаны жақсарту және қанатқақты жобаларды барлық өңірлерге тиімді енгізу мақсатында Жамбыл облысында «Ұлттық демонстративті платформа» құруды және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің озық тәжірибесін енгізу және трансферттеу жөніндегі республикалық үйлестіруші орталық ретінде түрде бекітуді ұсынамыз», деді сенатор.