«Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде жігерлі әскери мамандарды даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Бұл ретте ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс екені айтылды.
Президенттің пайымдауынша, әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға да сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет.
«Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет. Сарбаздарымыз қайсар, батыл, сондай-ақ білімді болуы шарт. Жауынгерлердің бойына отаншылдық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Олар нағыз азамат деген атқа лайық болуы қажет. Бір сөзбен айтсақ, армия – бұл рухани тәрбие орталығы», деп атап өтті Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Қазақстан азаматтары қатігездік, әлімжеттік сияқты қоғамға қауіпті үрдістерге жол бермеуі қажет.
«Бүгін осы жерде ардақты ардагерлеріміз отыр. Олардың тәжірибесі, көрген-түйгені мол. Біз ардагерлерге зор құрмет көрсетеміз. Аға буынның тәжірибесін жас сарбаздарды тәрбиелеу ісіне тиімді пайдаланған жөн», деп түйіндеді Мемлекет басшысы.