Елорда • 10 Мамыр, 2023

Астана Сарыарқадан басталды

463 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Е.Рахмадиев атын­дағы мемлекеттік академиялық филармониясында Сарыарқа ауданының 25 жылдығы қар­саңында «Ширек ғасырдағы сырлы Сарыарқа» атты салтанатты іс-шара өтті.

Астана Сарыарқадан басталды

Мерекелік іс-шараға Сарыарқа ауданын қалыптастыруға, оның дамуына үлес қосқан мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, депутаттар жә­не ауданның белсенді тұрғындары қатысты.

– Бүгін – біз үшін ерекше күн, Са­ры­арқа ауданының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Елорданың тарихы Сарыарқадан бастау алды. Сарыарқа – өзіндік тарихи келбетін сақтай отырып, ескі мен жаңаны ұштастырған сәулетті аудан. Оның дамуына ауданның белсенді тұрғындары мен білікті кәсіби мамандардың үлесі зор. Тағылымды тарихы бар, ерекше ауданның әкімі болып қызмет ету – мен үшін айрықша абырой және үлкен жауапкершілік. Ауданның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосқан әрбір азаматқа алғыс білдіремін! Сүйікті Сарыарқамыздың мерейтойы құтты болсын! деді аудан әкімі Бауыржан Ералы.

Салтанатты шарада Астана қа­ласы мәслихатының төрағасы Ер­лан Каналимов сөз алды. Ол аудан жұртшылығына лебізін білдірді. Сон­дай-ақ жиында Сарыарқа ауданы туралы деректі фильм көрсетіліп, «Менің сүйікті ауданым» атты фото­конкурс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мере­келік концертке Астана қаласы әкім­дігінің Мем­лекеттік академиялық филармония және Лұқпан Жолдасов, Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов, Зарина Омарова, Фариза Жолдасова сияқты эстрада жұлдыздарымен қатар «Наз» би театры, «Айналайын», «Шал­қыма» би ансамблі өнер көрсетіп, жұрт­шылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.

Қазақтың белгілі ақыны, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Несіп­бек Айтұлы:

– Бұл – «Боз жусаны омырау қаққан Сарыарқа, бозторғайы қоңыраулатқан Сарыарқа! Аңыз дала, абыз дала, қобыз дала Сарыарқа!» – деп өлеңдетіп бастады ақын, құттықтау сөзін. – Қазақ үшін бұл Сарыарқадан асқан, Сарыарқадай шалқар, Сарыарқадай дүниеде жер жоқ шығар. Соның ішінде Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы байтақ Сарыарқаның атауын алғаны оң шешім болды. Сарыарқа ауданы елорданың жүрегі десе де болады. Халықтың игілігі үшін жасай берсін!

Сарыарқа ауданы әкімнің орынбасары болған, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы ауданның тарихи жө­нінде естеліктер айтып, сол кездерді сағынышпен еске алды.

– Ол кезде Астананың барлық мә­де­­ни ошақтары осы Сарыарқа ауда­нында орналасқан еді. Оның бірі – Конгресс холл (қазіргі Астана концерт залы). Қазақ театры, орыс театры, Айман Мұсақожаева құрған Музыка академиясы біздің ауданда болды. Аудан алғаш құрылған кезде «Көше мерекесі» деген мәдени іс-ша­ра өткіздік. Оған ауданның байырғы тұрғындары, ақсақалдар мен әжелер қатысып, батасын берген еді, дейді ол.

Сонымен бірге 1998-1999 жылдары ауданды басқарған Александр Литвинов және Серік Рустамбеков, Теміртас Исабеков қатарлы архитек­тор­лар қаланың алғашқы құрылу кезеңі және сәулеті жөнінде сыр шертті.

– Сарыарқа ауданына көшіп келгеніме 15 жыл болды. Содан бері ауданның жыл санап дамып, көркейіп келе жатқанын көреміз. Алғаш «Агрогородок» деген жерде тұрдық. Біз секілді үлкен кісілерге демалатын, балалармен қыдыратын саябақтар бар. Өмір сүруге өте ыңғайлы аудан. Біздің Сарыарқа ауданынан басқа ауданға көшіп жатқандарды көрмейміз. Көшсе де қайта айналып келеді, дейді аудан тұрғыны Роза Шарапи апа.

Сарыарқа ауданы туралы айтылар сыр таусылар емес. Ауданың төл құр­да­сы Әділжан Сағындық әрі әкімдік өкілі:

– Мен – осы Сарыарқа ауданының тумасымын. Ауданның барлық даму сатысы көз алдымнан өтті. Біз осы ауданның балалар ойнайтын алаң­дарында ойнап өстік. Мен үшін ерекше ыстық бола­тыны да содан шығар. Осы ауданда мектепті бітірдім. Өз ауданымды көркейту үшін оқу бітірген соң, әкімдікке жас маман ретінде жұмысқа орналас­тым. Қазіргі таңда Инфрақұрылым және перспективті даму бөлімінің басшысымын. Ауда­нымыздың жолдарын, аялдамаларын дамытуға және халықтың ыңғайлы өмір сүруіне жағдай жасауға атсалып жатырмыз. Биыл, міне, өзіммен түйдей құрдас сүйікті Сарыарқа ауданымыздың құрылғанына 25 жыл толып отыр. Барша аудан халқын осынау мерейлі жылмен құттықтаймын! деді.

1998-2023 жылдар аралығында Сарыарқа ауданының қалыптасу тарихы ерекше. 1998 жылғы 6 мамыр­да Президент Жарлығымен құ­рыл­ған аудан­да тұңғыш Президент Рези­денциясы мен 16 министрлік ғимараты орналасқан.

Аудан бүгінде мүлде өзгеріп, өркен­деп кеткен. Қазір ауданның жал­пы аумағы – 6 775 гектар. Сондай-ақ аудан аумағында ұзындығы 314 ша­­қырым болатын 315 көше болса, оның 93%-ына асфальт төселген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аудан енді құрылған кезде халық саны 152 648 мың болса, қазір 355 мыңға жуық адам өмір сүреді. 2000 жылдың басында ауданға Көктал, Ағаш егу орамы (ЛПУ), Агрогородок тұрғын алаптары қосылған. 25 жыл ішінде 20 жалпы білім беретін мектеп, 16 мемлекеттік балабақша, 4 жаңа емхана пайдалануға берілген екен.

Әкімдіктің мәліметінше, ауданда Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония, «Жастар» театры, Музыкалық жас көрермен театры, М.Горький атындағы Мем­лекет­тік академиялық орыс драма театр, Сәкен Сей­фуллин музейі т.б. мәдениет ошақтары, Астана қала­сының әкімдігі, «Астана» темір­жол вокзалы т.б. тарихи маңы­зы бар ғимараттары орналас­қан. Сон­дай-ақ Керей мен Жәнібек, «Үш би» (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би), Кене­сары хан, Сәкен Сей­фуллин, Талғат Бигел­динов, Мән­шүк Мәме­това, Әлия Мол­дағұ­лова, т.б. қазақ халқының тарихи тұлғаларына арнал­ған ескерткіштер бой көтер­ген.

Сарыарқа ауданының баспасөз қызметінің мәліметінше, «Арбат», «Орталық саябақ», «Ақжайық» гүлба­ғы, «Көктал саябағы», «Сарыарқа», «Музы­калық» гүлбағы, «Қалалық алаң» маңы, «Қорғалжын» саябағы және қоғамдық кеңістіктер абаттан­дырылған. Егемен елдің елордасы Астананың алғашқы аудандарының бірі, жұртшылықтың жүрегінен орын алған ұйық мекен бұдан әрі де қарыштап дами бермек.