Үкімет • 11 Мамыр, 2023

Скутер де көлік құралы санатына енеді

382 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар электрлі скутерлердің мәселесін қозғап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, қабылдады. Енді электрлі скутерлер мен самокаттарды пайдаланудың тәртібі заңмен бекітіліп, бұл құрылғылар көлік құралдарына жатқызылмақ.

Скутер де көлік құралы санатына енеді

Елдегі электрлі скутерлер мен самокаттардың қозғалыс ережесін депутат, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндады.

«Электрлі самокат та көлік құралы. Олар веложолақтар мен жол жиегінде шектеусіз жүре алады. Ал тротуарларда сағатына 6 км-дан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Өйткені бұл жерде жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі бірінші орында тұрды. Сонымен қатар элекрлі самокатты жолдың жүру бөлігінің он жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне рұқсат беріледі. Алайда жүргізуші 18 жасқа толған болуы қажет және арнайы бас киім киіп, қандай да бір санаттағы жүргізуші куәлігіне ие болуы шарт. Оларға жүк пен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Өйткені электрлі самокаттар тасымалдаушы құрал, олар жаяу жүргінші жолақтары мен жол өткелдерінен жаяу өтуге тиіс», деді Е.Смышляева.

Депутаттың айтуынша, скутерлер мен самокаттардың еркін қозғалысы үшін ең қолайлы тәсіл осы. Өйткені елдегі жолдар әу бастан тек жаяу жүргінші­лер мен ара-арасында веложүр­гізушілерге арнап салынған. Ал оларға арналған жолақты жаңа инфрақұрылымға енгізу үшін де көп тер төгу қажет.

Осы орайда, депутаттар бірқа­тар сұрақ қойды. Мәселен, депутат Руслан Берденовті жеке ком­паниялардың тағдыры алаңдатады.

«Бүгінгі таңда электрлі самокаттар қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл экологиялық көліктің заманауи түрі. Бағасы да жеке пайдаланушыға қолжетімді. Сонымен қатар қазір нарықта каршерингтік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Өткен аптада біз Алматыда осы компаниялармен ауқымды жиналыс өткіздік. Олардың айтуынша, кез келген шектеу енді пайда болып жатқан іске кедергі келтіреді. Жүргізушілерге талап қою мен жылдамдықты төмендетудің орнына олар сақтандыру жүйесімен жұмыс істесек деген ұсыныстарын айтып отыр», деп депутат Р.Берденов мәселенің екінші жағын ашып көрсетті.

«Кез келген бизнес біздің азаматтар үшін қауіпсіз болу керек. Біз осы қағиданы басшылыққа алдық. Ал сақтандыру тек төтенше жағдай болған кезде ғана көмекке келеді. Қол-аяғын сындырған балалар мен денсаулығына зақым келген үлкен адамдарға бұл сақтандырудың қаржысы қаншалықты пайдалы? Бұл жерде жаяу жүргіншілерге келер зардапты айтып тұрмын», деп жауап берді Е.Смышляева. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, егер электрлік скутерлер мен самокаттар жүк немесе адам тасымалдау құралы ретінде пайдаланылса 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электрсамокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды.

«Заңның басты  мақсаты – азамат­тар­дың арасында туындайтын қарым-қаты­насты реттеу. Статисти­каға сүйенсек, скутерлер мен самокат­тар­дың кесірінен бір жыл ішінде 43 адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болған. Сондықтан күтіп отыруға болмайды, жаз кезінде мұндай көлік құралдары тіпті көбейе түседі. Мысалы, скутерлердің жылдамдығын шектедік, бірақ әлемдік тәжірибеге қарап 6 км деп қойдық. Ендігі мәселе, белгілі бір шектеу қойып, заңмен белгілеген уақыт беруге қатысты. Біз азаматтарға мүмкіндік берейік деп 60 күн уақыт деп белгіледік. Осы арқылы жеке азаматтар ғана емес, компаниялар да, самокаты бар отбасылар, әкімшіліктің де өз жұмыстарын реттеп алуларына жағдай жасап отырмыз», деді Мұрат Әбенов.

Бұл ұсынысты депутат Мақсат Толықбай да қолдады. «Самокат, мопедтерден жа­рақат алатындардың дені – жасөс­пірімдер. Оларды ешкім бақылап отырған жоқ. Сондық­тан бұл заң жобасын тез арада қабылдауымыз керек. Заң жоба­сы­ның жетілмеген тұстар бар, мәселен сағатына 6, 8 немесе 11 км жүрді ма, оны бақылауға алу қиын. Арнайы құрылғы орнату қажеттігі де айтылып отыр», деді ол.

Сондай-ақ отырыста депутаттар 1998 жылдың 24 қыркүйе­гінде қабылданған Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы Қосымша келісімді ратификациялады.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сөз алды. «Аталған шарт католик қызметшілерінің санатын, тиісті субъектілерін және құзыретті органдарын нақтылайды. Тұрақты тұру тәртібін де қарастырады. Атап айтқанда, банк шотында ақша болуын, тұратын жерін растау туралы талаптар алынып тасталады. Олардың орнына католик шіркеуінен жазбаша растау жеткілікті. Аталған ұсыныстар кон­фе­ссияара­лық келісімді нығай­туға, халықара­лық деңгей­дегі еліміздің құқықтық мемлекет ретінде абыройын арттыруға септігін тигізеді», деді министр.

Негізгі мәселелер қаралғаннан кейін депутаттар Үкімет мүше­леріне депу­таттық сауалдарын жолдады. Мәсе­лен, депутат Азат Перуашев Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігін мұнай-газ сала­сындағы машина жасауды дамытуда әрекетсіз отыр деп айыптап, мұнай-газ өнімдерін бөлу туралы ірі келісімдерді қайта қарауды ұсынып, бірінші вице-министр Роман Склярға сауал тастады.

«Өкінішке қарай, отыз жылда мұнай мен газымызды шығарып жат­қан бірде-бір шетелдік инвестор осы күнге дейін елімізде бірде-бір мұ­най өңдеу зауытын салған жоқ. Сон­дай-ақ осы табиғи ресурс­тарымызды өн­діру үшін инвесторлардың өздері алып келетін құрал-жабдықтарды шы­ға­ратын отандық бизнеспен бір­де-бір бірлескен кәсіпорын құ­рыл­­ған жоқ. Машина жасаушылар одағы­ның деректері бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мұнай-газ жабдықтарын импорттауға жыл сайын 2 миллиард АҚШ долларына дейін, яғни 1 триллион теңгеге жуық қаржы жұмсайды, жалпы алғанда олар жылына 8 құны триллион теңгеге жуық өнімді импорттайды. Мұның көп бөлігін отандық зауыттарда да өндіруге болады. Бұл жұмыс орындарын ашып, салық және экономиканың технологиялық дамуына ықпал етері сөзсіз», деді Азат Перуашев.

Депутаттың айтуынша, үш жыл бұрын бизнес-қоғамдастық пен Үкіметтің қысымымен жетек­ші мұнай-газ консорциумдары (ТШО, Қарашығанақ ВР және NCOC (Қашаған) Мұнай және газ көлік құрылысын дамыту­­дың халықаралық орталы­ғын құрды. Осы Орталықтың құрылуы нәтижесінде мұнай-газ жабдықтарын шығаратын кемінде 10 жаңа ірі өндіріс орны пайда болады деп күтілді. Мұндай жоспарлар Үкімет сайтында жарияланған. Алайда Орталықтың барлық жұмысы деректер жинау, жағдайды бақылау және жоспарлар жасаумен шектелген. Осыған орай депутат Конституцияға мен ұлттық мүдделерiмiзге сай келмеуі себепті аталған мұнай-газ консорциумдарымен өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң қолданылу мерзiмiн ұзартудың орынсыздығы туралы мәселені қарастыруды ұсынды.

Ал депутат Нартай Сәрсен­ғалиев Бөкей ордасындағы 245 км күре жолдың тек 124 шақырымы ғана жасалып, қалғаны шұрқ тесік, батпақ болып жатқанын ашық жеткізді.

Негізі өткен жылдың сәуірінде Президент Қ.Тоқаев Үкімет пен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне өңірдегі жол мәселесін тез арада шешуді тапсырған еді. Бұған қоса 2021 жылы аяқталуға тиіс болған Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын жолға әлі асфальт төселмегенін айтты. Тіпті «тиісті жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалмауына кінәлілер жазалануға тиіс», деді Президент. Дәл осы сыннан кейін сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінен де босатылды.

Бірақ депутаттың айтуынша, жолдың бүгін-ертең бітетін түрі жоқ. «Жол құрылысын аяқтау үшін биыл 1 931 тонна қиыршық тас керек. Оны әкелуге 28 мың вагон қажет. Бірақ биылға тек 7,5 мың вагон қарастырылған, бұл жолға қажетті материалдың жетіспеушілігіне, жол құрылысы мерзімінің ұзаруы­на және жоба құнының өсуіне әкеледі. Біздің ұсынысымыз, облыстар­дың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін битум тасымалдай­тын БҚО аумағын­да орналасқан бір трейдер-меке­мені анықтау керек. Себебі Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Қостанай және БҚО-на бір трейдер ғана битум жет­кізеді. Бұл мәселе облыстық маңызы бар Ақжайық, Жаңақала, Сайқын жолдарының құрылысын кешеуілдетіп тұр. Бұл жолдар жуық арада салынса, отандық туризмнің дамуына да үлес қосар еді», деді Нартай Сәрсенғалиев.

Сондай-ақ жалпы отырыста Айдар Қожаназаров, Бауыржан Смағұлов, Елнұр Бейсенбаев, Ерболат Саурықов және Гүлдара Нұрымова бірқатар мәселе бойынша сауалдарын жолдады.