
Жалпы, Р.Ердоғанның тұсындағы екі жақтың келісіміне және басты салалардағы қазақ-түрік қатынасына тоқталсақ, Атажұрт пен Анадолының арасын байланыстыратын маңызды дүниелер өте көп екенін аңғаруға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркия – Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі», деген еді. Түркия – жаһандық және аймақтағы проблемаларды шешуге белсенді қатысып жүрген ел. Өткен жылы екі ел Қазақстанда өткен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысы нәтижесінде бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық – біздің байланыстарымыздың өзегі. Сондықтан алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, екі ел үшін көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың даму перспективасы маңызды. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалды ұлғайтуға екі ел де мүдделі. Өңірдегі тұрақтылықты сақтау үшін бұл стратегиялық жобаның маңызы зор. Өткен жылдың 7 айында осы бағыт арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион тоннаға жеткен. Енді екі ел «Орта дәлізді» дамытуды көздеп отыр.
Қазақстан мен Түркияның халықаралық аренадағы ұстанымдары да астарласып жатыр. Бір-бірінің халықаралық бастамаларын өзара қолдап келеді. Екі елдің серіктестігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамып жатыр. Астана үдерісі де жаһандық тұрақтылыққа үлес қосып отырған тиімді тетік екенін дәлелдеді. Түркі елдерінің жақындасуының басты саяси ұйымы саналатын Түркі кеңесі екі елдің бастамасымен құрылды. Бүгін Қазақстан мен Түркия Еуразиялық кеңістіктің маңызды да беделді ойыншыларына айналды.
Екі елдің қарым-қатынасы сауда, инвестиция, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, білім беру және әскери салалар сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімділік негізінде дамып, маңызды деңгейге жетті. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ең төменгі деңгейде болған экономикалық қатынас бүгіні күні 100 еседен аса артқан. Түркия Қазақстан экономикасының энергетикалық емес секторларына ірі инвестор елдердің бірі болып саналады. Бұдан бөлек, Түркия – Қазақстандағы алғашқы 10 инвестордың бірі. Мәселен, 1994 жылдан бері Қазақстанда 3 мыңға жуық шетелдік бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, Түркия 1,5 миллиард долларға жуық инвестиция көлемімен елімізде АҚШ-тан кейінгі екінші орынды алады. Түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанға салған инвестициясы негізінен сауда, телекоммуникация, қонақүй шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру болса, олар негізінен супермаркеттерді басқару, полиграфия, мұнай өнімдері, тамақ, кірпіш, темір және болат, мыс, тоқыма және қызмет көрсету секторларына бағытталған.
Алдағы уақытта Қазақстан мен Түркия әскери ынтымақтастықты қарқынды дамытуды көздеп отыр. Оның ішінде өңірлік қауіпсіздік, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық, кадрлар даярлау және әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, оқу-жаттығуларға қатысу мәселелерін қамтиды. Жалпы, Түрік Қарулы Күштері мен Бас штабы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуының бастапқы кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетті. Мәселен, Түркия 2000 жылдардың басында ұйымдастыру техникасын, картографиялық жабдықтарды, байланыс құралдарын, жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомобильдерді қоса алғанда, отандық Қарулы Күштер үшін өтеусіз негізде әскери мүлік жеткізді. Бұдан соң екі ел көпмақсатты жеңіл броньдалған автомобильдерді, оптикалық-электрондық құралдарды жеткізу және бірлесіп өндіруге ден қойды. Әскери білім беру шеңберінде Түркияның әскери училищелерінде курсанттарды оқытып, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері түрлі оқу орталықтарында даярлықтан өтіп келеді. Тіпті біздің елдің өтініші бойынша «киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша оқыту үшін квоталар бөлініп жатыр. Бұған қоса жауынгерлік даярлыққа жататын арнайы операциялар күштерін де (диверсияға қарсы, тау-кен, сүңгуірлік даярлық, қалалық жағдайлардағы іс-қимылдар) даярлайды.
Соңғы кездері Түркия әлемдік қару экспорттаушы елдердің қатарына енді. Өткен жылы түрік қаруының экспорты 4 миллиард доллардан асты. Түрік қару экспортының 98 пайызы «Байрактар» ұшқышсыз ұшақтары құрайды. Осы бағытта да еліміздің Түркиямен маңызды стратегиялық ынтымақтастықта болғаны сөзсіз маңызды. Соңғы 9 жылда Түркия «Байрактардың» «Bayraktar tb2», «Bayraktar tb3» және «Bayraktar Kizilelma» мен «Bayraktar Akıncı» деп аталатын төрт моделін шығарған.
Негізі «Байрактардың» дрондарына қызығушылық танытушылардың басым бөлігі – Орталық Азия елдері. Өйткені басым бөлігі бұл дрондардың ұрыстағы тәжірибесін көріп отыр және Анкарамен өзара әріптестік орнатқан.
Қазақстан да соққы жасаушы дрондарды иемденуге ұмтылып отыр. Қазір қытайлық соққы жасаушы «Wing Loong» дрондары еліміздің әуе кеңістігін күзетіп жатыр. Сондай-ақ «SkyLark» дрондары барлау және бақылау қызметтерін атқарып отыр. Енді Астана түркиялық «Байрактарды» сатып алуға келіссөздер жүргізіп жатыр.