Карнатака штатында өткен заң шығарушы ассамблеясын сайлауда оппозициялық Үндістан ұлттық конгресі (INC) жеңіске жетті. Партияны электораттың 48,88 пайызы қолдаған. Осылайша, Конгресс Ассамблеядағы 134 мандатты иеленді. Бұған дейін Карнатаканы Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди басшылық ететін Үндістан халқы партиясы немесе «Bharatiya Janata party» (BJP) басқарып келген еді. 65 миллион адам мекендеген аймақ тұрғындарының 36 пайызы ғана «BJP»-ға дауыс берген екен. Сайлау 10 мамыр күні өтті. Дегенмен сенбі күні дауыс берудің аралық нәтижесі белгілі болды. Соған сәйкес Ұлттық конгрестің басым түскені анықталды. Көп ұзамай-ақ «BJP» жеңілгенін мойындады. Ал «INC» өкілі Паван Хераның айтуынша, халық елді бөлетін саясаттан шаршағандықтан осындай таңдау жасаған.
Әлемдегі халық саны көп екі елдің біріне қызығатындар үшін Карнатакадағы саяси бәсеке маңызды еді. Өйткені Үндістанда келесі жылы парламент сайлауы өтеді. Онда қазіргі премьер-министр Нарендра Моди үшінші мерзімге қалуды көздейді. Осыған байланысты саяси сарапшылар Карнатакадағы бәсекені келер жылға дайындық ретінде есептейді.
«BJP» партиясы 2018 жылдан бері аталған аймақта басымдық иеленіп келген. Дегенмен штатта билеуші партияның саясатына қарсылар жетіп-артылатын. Соған қарамастан, Модидің ізбасарлары барын салды. Өйткені Карнатака оңтүстік Үндістандағы «BJP»-ның негізгі тірегі саналды. Оның үстіне, көршілес штаттарда Нарендра Модидің ұстанған үнді ұлтшылдығына келіспейтіндер өте көп. Сол себепті партия аталған өңірдегі билікті уысынан шығармауға тиіс еді. Осыған байланысты Модиді сайлауалды науқанына тартып, бірнеше рет шеру мен митингке қатыстырды. «BJP» Карнатакада 9 мыңнан аса шеру өткізген екен. Алайда премьер-министрдің танымалдылығы тұрғындардың пікірін өткізуге күш сала алмады. Мұның басты себебі мынада. Кейінгі кезде штат үкіметіндегі партия мүшелері жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін деген әңгіме тараған. Оған қоса, инфляция да алқымнан алып тұр. Аймақ орталығы Бенгалурудан басқа жерде жұмыс табу өте қиын. Жығылғанға жұдырық демекші, штатта басымдыққа ие лингаят кастасы да партияны қолдамайтынын жеткізді. Нәтижесінде, Ұлттық конгресс партиясы күтпеген жерден жеңіске жетті. Бұған дейін оппозициялық тарап үш штатта ғана басымдыққа ие еді. Енді Карнатакада табысқа кенелген Ұлттық конгресс келесі жылы парламент сайлауына белсене кірісетіні анық. Өйткені аталған бірлестік «BJP»-ға басты бәсекелес саналады. Дегенмен партия басшылығы «жалғыздың үні шықпас» деген ұранды ұстанып, басқа да оппозициялық партияларды коалиция құруға шақырып жүр. Сарапшылардың айтуынша, Карнатакадағы жеңіс «INC»-ға үлкен мүмкіндік сыйлап отыр.
Жалпы, Үндістанда 28 штат пен 8 одақтас аумақ бар. Заң шығарушы ассамблея сайлауы штаттардың бәрінен бөлек 3 одақтас аумақта ғана жүргізіледі. Негізі Болливудтың отанында сайлау өте көп. Жергілікті аймақтық әкімшіліктерден бастап, вице-президент пен президентке дейін дауыс беру арқылы таңдайды. Биыл штаттардың бәрінде Заң шығарушы ассамблея немесе «Vidhan Sabha» сайлаулары өтіп жатыр. Әлі алда бірнеше өңірде саяси бәсеке қызбақ.
Үндістан 1992 жылғы ақпанда Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнатқан кезде Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. Үндістан елшілігі Алматы қаласында 1992 жылы мамырда, ал Қазақстанның Нью-Делидегі елшілігі 1993 жылы ашылды. Қазақстан –Үндістанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар саласындағы ірі әріптесі. Тауар айналымы жылдан-жылға өсіп келеді.