Спорт • 16 Мамыр, 2023

Мырзағали АЙТЖАНОВ: Арық сөйлеп, семіз шыққанды жақсы көремін

1422 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында төрт алтын, бір күміс медальмен толағай табысқа жеткен Қазақстан бокс­шыларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, чемпиондарымызға сәттілік тіледі. Осы іс-шара аяқ­тала Қазақстан ұлттық құ­ра­­ма­сының бас бапкері Мыр­зағали АЙТЖАНОВТЫ әңгі­меге тартқан едік.

Мырзағали АЙТЖАНОВ: Арық сөйлеп, семіз шыққанды жақсы көремін

– Мырзағали Құланұлы, Таш­кенттегі толағай табыспен құттық­таймыз. Жаңа ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабыл­дауында болдыңыздар. Бұл ерекше сәттеріңіздің бірі екені сөзсіз...

– Иә, құрметтеп, қошеметтеп жат­қан барша қазақ халқына дән ризамыз. Ташкент төрінде де еліміздің түкпір-түкпірінен келген жерлестеріміз, жер­гі­лікті қазақтар қолдау көрсеткенде құдды өз елімізде жүргендей сезіндік. Бокс халқымыз ерекше сүйетін ма­ңызды спорт түрі ғой. Президенттен бас­тап, қарапайым халыққа дейін құт­тықтап, жылы лебізін білдіріп жатыр.

Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Құ­раманың өзге боксшылары қазір­дің өзінде түрлі жарыста қолғап түйіс­тіріп жүр. Ал әлем чемпионаты­на қатысқандар сәл ғана үзіліс алып, кезекті оқу-жаттығу жиынына қа­тысады.

– Дұрыс екен. Мұндай жетістік бірден келмейтіні белгілі ғой. Оның үстіне әлем чемпионатында төрт алтын алу қиынның қиыны емес пе?

– Қаңтар айында бас бапкер болып қайта тағайындалғаннан кейін бірінші кезекте бапкерлер құрамына тәжірибелі Марат Жакиевті ша­қырдым. Ол кісіні таныстырудың өзі артық. Ол – Әділбек Ниязымбетов секілді Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегерін, сондай-ақ Ердос Жаңа­бергенов, Бекзат Нұрдәулетов сынды әлем чемпиондары, Берік Әб­ді­рахманов секілді әлем бірін­ші­лігінің қола жүлдегерін шың­даған бапкер. Мен бас бапкерліктен кеткеннен кейін ғылыми топ өзінің жұмысын тоқтатқан екен. Сол ғылыми топты қайта жандандырдым. Кезінде Олимпиадаларда, әлем және Азия ойындарында­ бізге көмектескен Ғалия Нұр­бек­­қызын шақырып, сол кісімен жұ­мыс­ты қайта бастадық. Командада физиолог жоқ еді, соны алдық. Одан бөлек физикалық дайындығымызды күшейту үшін кезінде Украина бокс­шылары Ломаченко, Усик секіл­ді Олимпиада чемпиондарын даяр­ла­ған жаттықтырушы Донатас Януше­вичусты АҚШ-тан арнайы шақырттық. Ол біздің балалардың дайын­дығына көңілі толып, бізбен бірге жұмыс істеуге келісім берді. Әрине, мұның барлығы қосымша, көзге көріне бермейтін жұмыстар ғой. Бұл атқарылған жұмыс та жігіттердің жеңіске жетуіне септігін тигізері анық.

– Әлем чемпионатына дейін құрама жігіттері аралас құраммен Еуропаның бірнеше мемлекетіне жарысқа қатысты. Нә­ти­желері де әртүрлі болды. Сын­дар да айтылды. Бұған не дейсіз?

– Ең бастысы, жігіттеріміз осы жарысқа тыңғылықты дайындалды. Өте сапалы жаттығулар болды. Бұл ретте барлық жағдай жасаған Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышевқа, сондай-ақ бізге қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрлігіне үлкен алғыс айтқым келеді.

Сондай-ақ жылдық күнтізбелік жаттығуларды дұрыс жоспарладық. Қажетті жарыстарға ғана қатыстық. Біз өз жұмысымызды, кімге, қайда да­йын­далып жатқанымызды білеміз. Өзге елдің мықты деген боксшыларына арнайы дайындалдық. Жігіттер ерінбей тер төкті, жемісін көрді.

– Сонда жүлдесіз қалған шәкірт­теріңіздің дайындығы ойдағыдай болмады ма?

– Жеңілген жігіттерге ешқандай өкпе жоқ. Барлығы тең дәрежеде бокс­тасты. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Нағыз кәсіби спортшы сондай сындарды көтере білуі керек.

– Әлем чемпионатында әттеген-ай деген сәттер болды ма?

– Әрине, ондай сәттер болады. Соқыр жеребе командамыздың көш­басшысы Қамшыбек Қоң­қабаевтың ширек финалда өзбек боксшысы Ба­ходир Жалоловпен кездестіріп қойды. Әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновтың жеңімпаздар қатарынан көрінбеуі де көңілді қынжылтады.

– Әлем чемпионаты алдында­ құ­рама жігіттері екі алтын ал­са,­­ со­ның өзі үлкен же­тістік деген­ пі­кірлерді бокс ма­ман­да­ры­­ның
ау­зы­нан естідік. Ал өз­де­рі­­ңіз қан­ша­ медаль аламыз деп жос­пар­ла­ды­ңыз­дар?

– Негізі, арық сөйлеп, семіз шық­қанды жақсы көремін. Жоспар бо­йынша бұдан да көп медаль алуымыз керек еді, оған қауқарымыз жетеді. Іштей 7-8 медаль аламыз деп бардық. Кейбір жігіттердің бағы жанбады.

– Ташкентке баратын боксшыларды таңдауда қандай қиындық болды? Мысалы, биылғы әлем біріншілігіне 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов бармады.

– Құрамада әр салмақта бәсе­келестік бар. Екі-үш мықты үміткер болды, оларды жарыстарға жіберіп алдық. Нәтижесінде, шын мықтыны таңдадық. Кейбір салмақтарда таңдау өте қиын болды. Мысалы, өзіңіз айтқан 48 кг. Бұл жолы тәжірибелі Теміртас Жүсіповтен гөрі жас Санжар Тәшкенбайға сенім артылды.

– Қазақ боксы қазір өзінің биік деңгейіне шықты деп ойлайсыз ба?

– Олай деп айтуға әлі ерте. Бірақ төмен деп те айта алмаймыз. Тыңғылықты жұмыс істесек, бұрынғы өз деңгейімізге көтерілетініміз анық.

– 2009-2018 жылдар аралы­ғын­­да Қазақстан құра­масының бас бапкері болға­ны­ңызды біле­міз. 2023 жылға дейін­ жеке шәкірт­те­рі­ңізді дайын­да­ды­ңыз. Осындай үзіліс сізге кө­мегін ти­гізген сияқты ма, қалай?

– Мен құраманың бас бапкер­лі­гінен кеткенменен құрама жат­­­­­т­ы­ғ­у­­ларынан қалған емеспін. Се­бе­бі жеке шәкірттерім Азия, әлем Олим­­­пиа­­­даларында жүлде алып жүр. Бір­ жағы­нан үзіліс жасаған, демалған адам­ тың оймен, жаңа күш-қуатпен келе­ді­ емес пе? Енді Токио Олим­пиа­да­сында кеткен есе­мізді Парижде қай­тарамыз деп отырмыз.

– Бәрекелді! Әлем чемпионатына қатысқандар күзде өтетін ли­цензиялық Азия ойындарына баруы мүмкін бе?

– Бізде кезек күтіп отырған құра­маның екінші, үшінші немесе төртінші нөмірлі боксшылары да бар екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан Азия ойындары қарсаңында кім дайын, сол ел намысын қорғайды.

– Азия ойындарында 7 салмақта ғана медаль үлестіріледі. Яғни 48 кило­да Санжар Тәшкенбай, 54 кило сал­­мақтағы Махмұд Сабырхан, 67 кило салмақтағы Дулат Бек­ба­уов­­тың тағдыры не бол­мақ? Олар басқа сал­маққа ауы­са­ ма, қалай?

– Сәуегейлік жасап немесе болжам­ айт­қанды көңілім қаламайды. Сіз менен төрт-бес ай алдағы жос­парды сұрап отыр­сыз. Біз енді ғана әлем чемпионатынан оралдық. Барлығы – уақыт еншісінде.

– Жалпы, бапкер ретінде қанша әлем чемпионатына қатыстыңыз?

– 2009 жылғы әлем чемпионатын есептемегенде, 2005 жылдан­ бас­тап жеке бапкер ретінде, бас жат­тық­тырушы ретінде барлық жаһан­дық­ додаларға бардым. Жеке бапкер ре­тін­де­ екі шәкіртім Олимпиаданың қола жүл­дегері болды. Үш әлем чемпионын­ шы­ғардым. Ал бас бапкер ретінде бір­не­ше Олимпиада мен әлем чемпиондарын даярладым.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»