Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жалпы, БАҚ медиа этика талабын сақтап, отбасы құндылықтарын дұрыс дәріптеп жүр ме? Алқалы жиында бас қосқан сарапшылар осы сұрақ төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.
«Qazaqstan» – еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтын, кең аудиторияны қамтып отырған телеарналардың бірі. «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджановтың айтуынша, ұлттық арна редакциясы отбасы құндылықтарын дәріптеуге, соның ішінде балалар құқықтарын сақтауға жіті мән береді.
«Бір ғана мысал айтайын. Ақтаудағы бір отағасының балаларына көрсеткен қорлығын көптеген ақпарат құралы жаңалық ретінде берді. Ал біз бұл оқиғаны мүлдем экраннан көрсетпейміз деп шештік. Неге? Өйткені ақпараттың арғы жағында жатқан жантүршігерлік оқиға балалардың да, жалпы қоғамның да психологиясына әсер ететінін жақсы түсіндік. Қазір ұлттық арнада «Қазақстан дауысы» балалар жобасы өтіп жатыр. Ел көлемінде өтіп жатқандықтан сайысқа қатысушылар саны да өте көп. Осы жерде балалардың жеке қауіпсіздігі мәселесі туындайды. Әр баланың қасында міндетті түрде ата-анасы немесе жетекшісі, тәлімгері болуына аса мән беріп отырмыз.
Корпорация құрамындағы «Balapan» телеарнасында көрсетілетін әр бағдарламаның сценарийі де мұқият тексеріледі. Бағдарламада балалардың психологиясына әсер ететін буллингтің болмауын, ата-анаға құрметсіздік байқалатын, ұстаз бейнесінің баладан төмен тұратын көріністердің кетіп қалмауын жіті назарда ұстаймыз. Продакшн компанияларға қоятын ең басты талабымыз – олар ұсынған өнімде ата-ана образы биік, баланың ата-анаға деген құрметі шексіз және ата-аналар тарапынан балаға қатынастың менталитетімізге сай болуы ескерілуі керек», деді Еркін Мұхамеджанов.
Жиында сөз алған «Atameken Business» телеарнасының директоры Қанат Сахариянов балалар суицидін жаңалық қылып жариялау дұрыс емес екенін алға тартты. «Осыдан бірнеше жыл бұрын жасөспірімдерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін «Көк кит» пайда болды. Әсіресе әлеуметтік желіде жылдам тараған ойын тез арада бұғатталғанымен, 1 айдың ішінде бірнеше жасөспірім суицид жасады. Мен ол кезде КТК телеарнасында жұмыс істеймін, бұл оқиғаны эфирден көрсетуге мүлдем тыйым салдым. Мұндай оқиғалардан рейтинг жасауға болмайды. Әрине, біз еркін қоғамда өмір сүріп жатырмыз, сондықтан мұндай оқиғаларды өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтындай етіп жариялаудың жолдарын қарастырдық. Онда балалардың, жасөспірімдердің сана-сезіміне әсер етпей, оларды құқық бұзушылық, оның арғы жағында суицидке апармайтындай етіп көрсету қажеттігі басты назарға алынды», деді Қанат Сахариянов.
Ал Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция департаменті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров БАҚ-та адами қасиеттер, отбасы құндылықтары, оның ішінде моральдық, рухани құндылықтарды дәріптейтін дүниелер аз жарияланатынын айтады. Есесіне отбасында жанжал туындап, зорлық-зомбылық болған кезде, құқық қорғау өкілдерінің тергеу құпиясын сақтап, жария етілмейтін ақпараттарды таратпаған кездері олардың өздерін кінәлап шығатын оқиғалар жиі орын алатынын да қынжыла жеткізді.
«Мәселен, бір отбасында зорлық-зомбылық фактісі болып, осыған байланысты ақпарат беретін болсақ, тек жалпы оқиғаны ғана баяндауға тура келеді. Тергеу құпиялығы деген бар, қанша жерден құқық бұзушылыққа тап болса да отбасына, оның мүшелеріне зияны тимеу қажет. Осы тұста БАҚ өкілдерімен түсініспей қалатын кездеріміз жиі болады. Қазір адамдарға рухани байлық жетіспейді, мәселен отбасында әкелердің, үлкеннің кішіге, әлдінің әлсізге көрсеткен қорлығы олардың адами қасиеті мен рухани жұтаңдығынан туындайды. Сондықтан БАҚ-та құндылықтарды көп насихаттау керек», деді ІІМ өкілі.
«Amanat» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі өңірлік кеңестің төрағасы, «Қасиетті жол» қорының құрылтайшысы Динара Зәкиева қоғамда отбасылық құндылықтардың қалыптасуы идеологиялық жұмыспен қатар әр шаңырақтың әл-ауқатына да байланысты деген пікірін білдірді.
«Отбасыларға көбіне қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалармен де көмектесуге, қиын жағдайдан шығаруға болады. Алайда көптеген мемлекеттік бағдарлама қарапайым халыққа жетіп жатқан жоқ. Біз бұған 3 жыл бойы өңірлерге барып, 286 елді мекенді аралағанда көз жеткіздік. Қазіргі таңда аймақтардағы жергілікті атқарушы органдардың ішінде отбасыларға жауапты бөлім не басқарма жоқ. Сондай-ақ инфрақұрылым жетіспейді. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істеп жатыр, отбасын қолдау орталықтары да бар. Бұлардың бәрі бір жүйеде болуға тиіс. Бүгінде еліміз бойынша тек 47 отбасын қолдау орталығы бар. Былтыр 38 орталықты ашу үшін құзырлы министрлік, аймақтармен жұмыс істедік. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Мысалы, Маңғыстау облысында 5 аудан және 2 қалаға 2 отбасын қолдау орталығы ғана бар. Ал Түркістан облысындағы 14 ауданда – 2 млн халыққа тек 2 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Екеуі де Түркістан қаласында», деген Динара Зәкиева бірнеше мәселені санамалап өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда елімізде 6 млн 700 мың отбасының жартысы көмекке мұқтаж. Атап айтқанда, 1 млн 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында, 1 млн 600 мың отбасы қиын шұғыл жағдайда тұрып жатыр. Ал «отбасылардың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі көптеген қайғылы оқиғаға, қиын жағдайға әкеліп, отбасылық құндылықтарға теріс әсер етіп отыр», дейді мамандар. Мәселен, жыл сайын 4 мыңнан астам бала балалар үйі мен бейімдеу орталықтарына түседі. Жылына балаларға қатысты 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Бұл – күн сайын 6 бала зардап шегіп отыр деген сөз. Ал бір күнде 342 адам отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.