Байыптап қарағанда, бұл сөзде үлкен мән-мағына жатыр. Өйткені қоғамдағы әр азамат, этностық топ өткен тарихын өзі өмір сүріп жатқан елдің тұтас тарихының бір құрамдас бөлігі ретінде санағанда ғана өздерін халықтың бір мүшесі ретінде сезініп, бүгіні мен келешек тағдырын тәуелсіз Қазақстанмен байланыстыратыны анық. Бұл ретте, Ұлы далада ғұн, сақ дәуірі, Түркі қағанаттары, Алтын Орда, Қазақ хандығы сияқты тек түркі тектес ру-тайпаларды ғана емес, Еуразия құрлығындағы ұлттар мен этнос өкілдері мүшелерінің басын біріктірген, сол арқылы тарихи тағдыр талайы мен ортақ мәдениеті бар ел болып қалыптасқандығын ескеру керек. Мемлекет басшысы сессияда «Ассамблеяның барлық негізгі жұмысы жергілікті жерде, яғни халық арасында жүргізілуге тиіс» деп, «томаға-тұйық тіршілік ететін этникалық аудандар мен кварталдардың пайда болуына жол бермеуді» тапсырды. Осы мақсатта елдегі тұрып жатқан түрлі жекелеген этностық топтардың өткенін Қазақстан мемлекетінің тарихымен тығыз байланыстыра отырып, кешенді шаралар әзірлеу, жұмыс жоспарларын жасау, білікті тарихшы-мамандар тарапынан ғылыми жобалар ұйымдастыру аса маңызды.
Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жұмыстардың барлығы ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажет. Осы ретте айта кеткен жөн, 2018 жылы Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның тапсырмасымен «Туған жер» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы контексінде Алаш идеасы мен «Мәңгілік ел» құндылыктары: тарихи тәжірибесі, сабақтастығы және болашағы» атты бағдарламалық-нысанды қаржыландыру арқылы ғылыми жобаны іске асырған едік. Жобаның ғылыми нәтижелері: «Рухани жаңғыру: «Мәңгілік ел» құндылықтары және «Алаш идеясы» атты оқу-әдістемелік құралы мен хрестоматиясы әзірленді. Олардың электронды нұсқалары республиканың барлық облысының ішкі саясат басқармалары арқылы этно-мәдени бірлестіктерде қолданысқа енгізіліп, оң баға берілді. Сессияда Мемлекет басшысы соңғы кездегі жанжалдар негізінен ауылдық жерде болатындығын, сондықтан шалғай ауылдардың тұрғындары арасында белсенді ақпараттық жұмыс жүргізу қажеттігін, оның өзінде әсіресе, бір этнос өкілдері шоғырлана қоныстанған аудандарға тікелей қатысты екендігін атап өтті.
Аталған аудандардағы этностық топтардың өткен тарихын Қазақстан мемлекеті тарихымен тығыз байланыстырып, насихаттау және оқыту тек этно-мәдени бірлестіктерде ғана емес, мектеп, гимназия, колледж қабырғасынан басталғаны маңызды. Өйткені этностық топтардың ел тағдырымен біртұтастығы туралы тарихи сана азаматтарда жас кезінен орнықтыру Әділетті Қазақстандағы ел бірлігі мен оның алға қарай дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
ҰҒА құрметті академигі