Саясат • 17 Мамыр, 2023

Асқар Ақаев, саяси қайраткер, академик: Қазақстан БРИКС-ке мүше болуға лайықты...

691 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алматыға Ақаев келді. Иә, бауырлас Қырғыз елінің тұңғыш президенті. Саяси сахнадан әлдеқашан кеткенімен, саясат жөнінде дәріс оқиды. Әлемнің көптеген жоғары оқу орны шақырады. Бұл жолы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де дәріс оқыды. Ұлттық университетіміздің құрметті профессоры ретінде екінші келісі екен.

Асқар Ақаев, саяси қайраткер, академик: Қазақстан БРИКС-ке мүше болуға лайықты...

Асқар Ақаев 2006 жылы Бра­зилия, Ресей, Үндістан, Қытай сынды 4 елді біріктірген БРИКС мемлекетаралық ұйымы туралы кеңінен әңгімеледі. Кейін Бұл ұйымға Оңтүстік Африка Республикасы да қосылғанын атап өтті. Бұл бес өркениетті, атап айтқанда, Латын Америкасы (Бразилия), Еуразия (Ресей), Қытай, Үндістан, Оңтүстік Африка елдерін қамтыған мем­ле­кеттердің бірлестігі. Спикердің пікіріне қарағанда, БРИКС – қазіргі уақытта көптеген мемлекет мүше болғысы келетін танымал халықаралық ұйымның бірі. Ол мемлекеттердің ішкі істеріне араласпайды, бірақ олардың дамуын демократиялық және тең негізде қолдайды. Спикер Орталық Азиядағы түркі өрке­ниетінде Қазақстанның көш­бас­шы саналатынын айрықша атап өтті. БРИКС болашақта көп­бағыт­ты әлемдік тәртіптің негізін қалыптастыратынын жеткізді.

«Қазақстан – Еуразиялық өрке­ниетте келешекте Орталық Азия, түркі өркениетінің көшбасшысы ретінде кіруге лайықты кандидат. Сіздер барлық көрсеткіші бойынша болашақ көпполярлы әлемдік құрылымның бастауын көтеретін перспективалы және келешегі мол ұйымның құрамында болуға лайықтысыздар деп санаймын», деді лектор.

А.Ақаев КСРО ыдырағаннан кейін әлемде АҚШ үстемдік құрға­нын, бір полярлы жүйе құрып, жаһандық тәртіпті қалып­тастыруға ұмтылғанын жеткіз­ді. «Бірақ АҚШ аталған мақсат­ты 90-жылдары да, 2000-жылдары да орындай алмады. Оның себебі әр қырлы. Оған тоқтал­май­мын. Бұл АҚШ-тың өз кінә­сі. Олар одақтастардың да, қарсы­ластардың да ішкі істе­ріне араласып кетіп отырды. Proxy соғысқа да, нағыз соғысқа да қатынасты. Ауғанстан, Сирия, Ирак, Ливияда қан төгілді, мемлекеттер күйреді. Алайда олар уәде еткен демократия орнамады», деген спикер әлемнің күйреткіш бір полярлы жүйені қолдамайтынын, оған арқасын бергенін, қазір мойы­мас адамзат өркениеті жаңа көп полярлы тәртіпке қарай бет алғанын атап өтті.

«Бүгінде де қақтығыстар, қан­тө­гістер, қарсылықтар тоқта­ған жоқ. Бұл жекелеген көшбасшы­лар­дың тәкаппарлығы мен келіс­пеушіліктерінің салдары мен зия­ны. Қазіргі кезде Батыстың 500 жыл­дық басымдығы аяқталып келе­ді. Соңғы 100 жылда АҚШ басым болса, оған дейін Ұлы­британия, Нидерланд, т.б. Батыс елдері әлемге ықпал еткені бел­гілі. Бүгінде бұл циклдің ауысуы жүріп жатыр. Шығыс елдері мен өркениеті қайта көтерілді. Әсіресе Қытай мен Үндістан өр­кениеті 1990-жылдардан бас­тап жедел дамып келеді. Парсы шығанағындағы Иран 30 жыл бойы қатаң санкция­дан көз ашпаса да экономикада, ғылымда, технологияда жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Екі тектоникалық плита соғылса, жер сілкінісі болады. Өркениет те осы сияқты. Қазір осы өркениеттер соқтығысы жүріп жатыр. Батыс өркениеті құлдырап келеді. Саяси, эконо­ми­калық, гуманитарлық қаты­настарда тоқырау байқалады. Бұл – заңды құбылыс. Л.Гумилев айтқандай, бәрінің бастауы болады, бәрінің ақыры болады. Шығыс өркениетінің де гүлденген, күйреген кездері болған. Қазір қайта бас көтерді. Бұл – табиғат, эволюция заңы. Өрке­ниеттер­дің осындай соқты­ғысуын­да қақтығыстар тумай қал­май­ды. Біз Украинадағы proxy соғысты, ҚХР-ға қарсы Тай­вань­дағы арандатушылықты т.б. көріп отырмыз. Оған әрқа­лай баға беруге болады. Мұның бәрі заңды құбылыс. Бұл да өтеді. Біз болашақтағы әлемдік теңгерімді БРИКС елдері қалыптастыратынын көріп отырмыз. Мен осы ретте БРИКС туралы әңгімелегім келіп отыр. Қазақстан – БРИКС-ке мүше болуға лайықты үміткерлердің бірі», деді А.Ақаев.

Экс-президенттің айтуынша, БРИКС – бұл толысып келе жатқан күш. Оның көшбасшысы – Қытай. «Қытай ұйықтап жатқан алып, ол оянғанда әлем шайқалады» деген әйгілі қолбасшы Наполеонның сөзі бар. Бұл ел расында оянды. 2010 жылы әлемнің екінші державасы тұғырына бекіді, сол кезде оның дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі 10 пайыз болса, бүгінде 20 пайызға жетті. Ал АҚШ-тың дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі – 16 пайыз. Қытайдан 4 пайызға кем. 30 жылдық реформадан соң Қытайдың ІЖӨ-і 1980-2010 жылдар аралығында 100 есеге өсті. Жыл сайын орташа өсім 10 пайызды құрады. 2020 жылы юань әлемнің негізгі қосымша валюталарының біріне айналды. Қазір көптеген ел мұнайды долларға емес, юаньға сатады. Ал АҚШ экономикасын демеп келген негізгі тіректердің бірі доллар болғаны белгілі. Қытай бүгінде әлем мұнайының 15 пайы­зын сатып алады. Қара алтынды экспорттаушылар да қазір юаньға сатуға құмбыл. Сон­дықтан Қытай 2030 жылы әлемдік көшбасшылықты АҚШ-тан тартып алатынына сенімді. Бұл рас. Көпшілігі осыдан он жыл бұрын ғана экономикалық тұрғыдан аларына сенгенімен, технологиялық жағынан басым түсеріне күмәнді болатын. 2019 жылы Шанхайға барған сапарымызда ғылыми, ғарыштық технологияларымен және басқа бағыттағы зерттеулермен танысып, олардың бұл салада да көші ұзап кеткенін көрдік.

Қытай – «әлемдік фабрикаға» айналды. Үндістан – ақпарат­тық қызметтің әлемдік кеңсесі болып отыр. Әлемдегі қолдан­балы бағдарламалардың 80 па­йызға жуығы тиесілі. Бұл елдер соңғы он жылда ғаламат жыл­дамдықпен дамып келеді. Олардың күш-қуаты – дәстүрлі құн­дылықтарды сақтап қалуында. Қытай сияқты әлемнің бірде-бір елі отыз жылда осындай ғажайып қарқынмен дамыған жоқ. Қытай – кедейлікті жеңген ел. Бүгінде бұл елде 600 млн орта тап өкілі бар. Яғни Батыс әлемінің қалталы тұтынушыларына тәуелді емес. Осыдан отыз жыл бұрын Орталық Азияда тәуелсіз мемлекеттер құ­рыл­ғанда бізге даму жолы тек Батыс моделі арқылы жүзе­ге асады деп үйретіп келген-ді. Бі­рақ Қытай мен Үндістан Батыс моделінсіз де ғажап жетістік­терге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.

Әрине, БРИКС елдерінің проблемалары да жетерлік. Оған тоқталмаймыз. Баршаға белгілі, бұл – кедейлік, әлеуметтік қысым т.б. қиындықтар. Бұл – Бра­зилия­да, Оңтүстік Африка Рес­пуб­ликасында, Үндістанда кең етек алған күрделі жағдай. Деген­мен БРИКС басқа елдерге бәрібір тартымды бола түседі. Айталық, он жыл бұрын Индонезия, Малайзия, Нигерия секілді мұсылмандары көп елдер ұйымға енуі мүмкін екенін болжаған едік. Бұл бүгінде іске асып жатыр. БРИКС-тің жалпы біріктіруші сипаттамасына тоқталайық. 2000-жылдардың басында олардың бәрі де әлемнің жедел дамыған ірі экономикалары болды. Бұл тарапта Қытай мен Үндістан көшбасшылығын әлі де сақтап келеді. Ірі экономиканың қарқынды дамуы мәселелерді де тез шешеді. Қытай осы арқылы қордаланған талай түйткілін шешіп алды. Өмір сүру сапасын арттыру, теңгерімге қол жеткізу үшін қажетті технологиялық прогресс ұдайы өсіп отырды. Соңғы екі онжылдықтан бұрын олар сыртқы сұранысқа тәуелді еді. Халық кедейленіп, ішкі сұраныстың үлесі аз болды. Он жыл бұрын сапалы, жоғары технология­лы тауарды АҚШ-қа, Еуропаға тасыды. Қытайдың бүгінде АҚШ-пен, Еуроодақ елдерімен сауда айналымы жарты трлн долларды құрайды. Бұл – Ресейдің ІЖӨ-мен тең үлкен көрсеткіш. Бүгінде жағдай өзгерді. БРИКС елдерінің халқы да сапалы және жоғары технологиялы тауарды сатып алатын хәлге жетті. Сондықтан олар бұл тәуелділіктен арылды. Он жыл бұрын БРИКС көшбасшы елдері позицияларын жоғалтады деген сенім болған, ал жетпіс жыл бұрын тіптен оларға еш ел назар аудармаған еді. Бүгінде БРИКС елдері қайта гүлденді. Көптеген сарапшы бірауыздан алдағы он жылда БРИКС елдері әлемде экономикасы өрлеген, жоғары технологияға ие көшбасшы елдерге айналады деп отыр. Бұрын бұл тарапта экономиканы ғана айтатын.

Бірнеше жыл бұрын Иммануил Валлерстайн бастаған еуропалық танымал әлеуметтанушы ғалым­дар «Капитализмнің бола­шағы бар ма?» деген еңбегінде бірауыз­дан қа­зіргі қаржылық капита­лизм­нің келешегі жоқ деген ұйғарым­ға келді. Бірақ қайда бара­мыз, бағытымыз қалай? Бүгін­де көптеген көрнекті ғалым гуманистік интеграция ая­сын­дағы әлемге қадам басуымыз керегін құптайды. Соңғы 30 жыл­дағы әлемдік тепе-теңдіктегі дағда­рыс, Батыс­тың тоқырауы мен Шы­ғыс­тың жандануы, өрке­ниеттердің талас-тартысы жаһандық тұрақты дамуға мүм­кіндік бермей тұр.

2008-жылдары Үлкен жетілік елдері Үлкен жиырмалық елдеріне енетін Қытай бастаған, Үндістан қостаған әлемнің көптеген дамушы еліне дағдарыстан шығуға көмектесті. Жағдай қалай жылдам өзгереді? Былтыр БРИКС-тің ІЖӨ-нің ауқымы (әлемдік ІЖӨ-нің 31,5 пайызы) Үлкен жетілік елдерінің ІЖӨ-нен (әлемдік ІЖӨ-нің 30 пайызына жуық) асып түсті. Он жыл бұрын ғана әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі бойынша БРИКС елдері бар-жоғы 10 пайызды, Үлкен жетілік 40 пайызды еншілейтін. Қазір Батыс әлемі өздеріне тиімді болмағандықтан протекционизм саясатына көшті. Бұрын олар жаһандануды бетке ұстап еркін сауданы қолдайтын. Менің ойымша, енді Үлкен жетілік елдері БҰҰ арқылы Үлкен жиырмалықтан шығуды заңдастыруды ойластырады. «Жиырмалық» форматы – ХХІ ғасырдағы әлемдік үкіметтің ізашары» деген Франция пре­зи­денті Никола Саркозидің сөзі бар. Үлкен жетілік бүгіннің өзін­де БРИКС елдерінің қысымын сезініп отыр.

«БРИКС-тің негізгі өзегі – гуманистік өркениет. Кеңес кезінде біз коммунизмге жетуді арманда­дық. Демократия, тең­дік, әділдік туымыз болды. Қытай мен Үндістан сияқты экономикада индустрияландыруды, ақпараттандыруды табыс­ты жүргізген көшбасшы елдердің қуаты мен қадамын нық басуы – Батыс жоғалтып алған дәстүрлі құндылықтардан айырылмауында. Сондықтан әлем елдері БРИКС консенсусына шоғырланады. Мәселен, 80-жылдары Вашингтон консенсусы құрыл­ды. Осы арқылы сау­да еркін­дігі, жаһандану өзектілігі артты. Ол кезде бұл АҚШ пен Батыс елдеріне өте тиімді еді. Алай­да соңғы он жылдағы Вашингтон консенсусының көптеген елге себілген күйреткіш дәні қауіп төндірді. 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан соң Батыс өз мүдделері үшін әлемдік нарықты манипуляциялауға арналған қар­жылық спекулянттық операцияларды жүргізіп келеді. Олардың бүкіл өндіріс орындары Қытай, Вьетнам секілді Шығыс елдерінде орналасқан. Бұл да оларды сақтай алмайды. Қазір АҚШ алдағы жылдары өз экономикасын терең рецессияға әкелетін банктік дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Әділ халықаралық саудаға қол жеткізу де әлемнің қуатты елдерінің міндеті саналатыны белгілі. Дамушы елдер үшін ең маңыздысы – азық-түлік өнім­­дері бағасының тұрақтылығын бақ­ы­­лау. Осы мәселелер БРИКС елдері­нің алдымен шешетін түйткіл­дері. Бұл дамушы елдерді көп қызықтырады. Олар да БРИКС-пен бірге болуға бел байлайды. Өйткені әлемге әділ, үйлесімді жаһандану өзекті. АҚШ қазір ұпай Қытайға ауа бастаған соң жаһандануды тежеп отыр. Яғни бүгінде гегемондығын сақтап қалуға бар күшін салып отыр. Сондықтан БРИКС елдері өзге елдердің ішкі ісіне қол сұқпай, жұм­сақ күш – экономикалық және гу­ма­нитарлық жобалар арқылы ұс­танымдарын нықтай алады.

Бүгінде әлемде 8 млрд халық­тың ішінде 2,5 млрд адам орта тапқа жатады. Олардың 900 млн-ы Батыста болса, қалғаны дамушы елдерде тұрады. Яғни сұранысты қамтамасыз ететін орта табысты адамдардың әлеуеті БРИКС-те жеткілікті. Қазір БРИКС ел­дерін­дегі экономиканың даму ор­та­лығы Шығысқа ауды. Қытай мен АҚШ өндірістік капиталдың жи­нақталуы жағынан 2000-жылдары шамамен тең болса, 2010 жылы Қытай 20 есеге көбейтіп, әлемді қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті. Ежелгі Қытай жібек, фарфор, қағаз және т.б. инновация­лық өнімдерін Ұлы Жібек жолы арқылы Батысқа қалай тасымал­даса, 2050 жылға қарай қазіргі Қытай да жаңарған, жаңғырған Жібек жолымен тауарын, қызметін, жаңа технология­ларын жеткізіп, әлемді толық қам­тиды. Экономикалық өсім­нің тағы бір өзегі – демография мен еңбек өнімділігі. БРИК тұжы­рым­дамасының авторы Джим ОʼНил осылай дейді. Бұл тұр­ғы­дан да БРИКС-тің даму келе­шегі жарқын. Тіпті ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конст­рук­торлық жұмыстарды жетілдіру мен ІЖӨ траекториясы бойынша 2050 жылға қарай бірқатар Батыс­тың авангард елдері кейін қалады, олардың арасында Жапония мен Оңтүстік Корея да бар. Халық өсімі ұзақмерзімді жоспарларды жасауға, моделдеуді жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді.

Қазақстанның да бұл тұрғы­дағы әлеуеті жоғары. Қазір қазақ елінде жоғары демографиялық өсім байқалады. Қуатты, білім­ді жас ұрпақ өсіп келеді. Демо­графиялық дивидендті дұрыс пайдаланып, кадрлар даярлап, жаңа технологияларды игерер болса, Қазақстан Орталық Азияның алғашқы жолбарысына айналады. Оңтүстік-Шығыс Азияның 7-8 пайыздық өсімімен дамыған елдерін «Азия жолбарысы» деп атайтыны белгілі. Мен де Қазақ елінің Орталық Азиядан шыққан алғашқы жолбарыс болғанын қалаймын. Жуырда жариялан­ған статистикалық көрсеткіштер Қазақстанда туудың, демогра­фиялық өсімнің артқанын көрсе­теді. Сондықтан халық өсімі мен техникалық дамуды модельдеу­ге бола­ды. Біз бұл тарапта бүгінде дү­ние жүзіне кеңінен танымал әрі барлығы пайдаланып жүр­ген модельдеулерді енгіздік. Жер биосферасының адамдарға қыз­мет көрсету мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан ғылыми есептеулер арқылы «қызыл сызықты» есеп­тейміз. Бұған БҰҰ да назар аударып отыр. Біздің матема­тикалық модельдеуіміздің дұрыстығын Қытай мен Үндістан халқының теңе­суін болжауымыздан да бай­қауға болады. Осы есеппен қа­рағанда, Қазақстанның көрсет­кіші жақсы деңгейде», дейді А.Ақаев.

Спикер Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің «Егер Америка үкіметі халықтың әлеуметтік мәселелерімен айналыспаса, онда екінші социалистік революция 2017 жылы Вашинг­тонда болады» деген сөзін кел­тір­ді. Америка қоғамы да буыр­­қанған қоғам. Әлеуметтік айыр­машылықтың арасы жер мен көктей өскен сайын олардың нара­зылығы да күшейе берді. Сондықтан БРИКС әлеуметтік әділдікті алға шығарады. Бұған тұрақты экономикалық өсім арқылы қол жеткізетініне сенімді. Бұл ретте БРИКС-тің жаңа даму банкінің үлкен маңызға ие болуы да мүмкін екенін жеткізді.

 

Думан АНАШ