Коллажды жасаған Алмас манап, «EQ»
Бүгін біз әңгімеге тартқан азамат Жомарт Омаров – осындай сирек кездесетін жандардың бірі. Бұлай деуімізге толық негіз бар. Өйткені әуелде қаржы-қаражат саласында қызмет етіп, кейін жеке бизнесін дөңгелетіп, қазір жеті мың гектардай жерге дән егіп жүрген Жомарт Жақсылықұлы Абайдың кітабын басына жастанып оқумен бірге, аузынан шыққан сөзін ұлы ақынның даналықты ой-пайымдарымен өрнектеп әрі оған таңғалып, өлеңдерін үнемі айтып жүреді. Осы орайда біз оны оқырманымызға кеңірек таныстыру мақсатында сұхбат алған едік.
– Жөке, қайда туып, қайда өстіңіз, шыққан ортаңыз қандай, Абай шығармашылығымен алғаш қалай таныстыңыз, хакімнің даналығына ден қоюыңызға кім, не әсер етті?
– Мен Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылының тумасымын. Бұл өңір – бірнеше көлдің айналасында, құйқалы, табиғаты ғажап, небір атақты, дарынды адамдар да шыққан жер. Басқасын айтпағанда, әйгілі жазушы Сафуан Шаймерденов те – біздің ауылдың тумасы.
Әкем ауылдың қарапайым тұрғыны, үздік механизатор болып орден-медаль алып жүрді. Отбасындағы алты перзенттің ішінде ұлдан жалғызбын. Шешем де қарапайым, от басы, ошақ қасының адамы болды. Ағарып алға түспей, қарайып артта қалмай, орта деңгейде, қарапайым тіршілік еткен. Атам Қажымұрат соғыс мүгедегі, 1943 жылы бір аяғын Курск доғасында қалдырып, елге аман келген. 1944 жылы әкем туғанда, енді жақсылық болсыншы деген ниетпен оның есімін Жақсылық қойыпты. Арғы атам Омар молда болған кісі екен. Ал әжемнің әкесі Тапан молда атанған ғұлама, танымал адам болыпты.
Мектепте үздік оқыдым, сегізінші сыныпты бітірген соң Целиноградтың қаржы-экономикалық техникумына түстім. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», деген ғой Абай. Сол айтқандай, маған өмір жолымда жақсы адамдар кездесті, егер мені жұрт жақсы адам деп танып жатса, бұл сол кісілердің арқасы екені анық.
Шешемнің әкесі Қабдолбәри деген кісінің аузынан: «Мен Тапан молдадан бата алғанмын» деген сөзді үлкен дәрежедей көріп айтып отырғанын естідім. Маған алғаш Абайды білдіріп, оның есімін танытқан осы Қабдолбәри нағашым. Ол бес жасынан суқараңғы, зағип болып қалған кісі. 1915 жылы туып, 2002 жылы 87 жасында дүниеден өтті. Бұл кісі «соқыр қари» атанып, Құранды жатқа айтатын. Сол кісіден «мен Абайдай қари болсам» деген сөзін естіп, алғаш рет таңғалдым. Әрине, Абайды мектепте оқыдық, оның ұлы ақын екенін мұғалімдерден білдік, екі-үш өлеңін жаттадық. Бірақ нағашымның Абайдың атын ауызға алып, оның барлық өлеңі мен сөздерін жатқа айтатын қари болсам деген арманы маған қатты әсер етті. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов ауылға келгенде нағашымды алдырып, ұзақ сөйлесетін. Сафуан Шаймерденов келгенде де қасында бірге келген ақын-жазушылар нағашы атамның зейініне таңырқап кететін. Соның ішінде Тахауи Ахтановтың таңғалғанын естіп қалған едім.
– Өзі зағип болса, Абайдың туындыларын қалай жаттаған?
– Атам балаларына Абайдың өлеңдерін оқытып, содан бәрін жаттап алған ғой. Сапар, Жапар деген балалары әкелерінің Абайды оқыта бергенінен шаршайтын да кездері болады екен. Терең ойлы сөз болған соң оны бала ұқпайды, ал әкелерінің жаны қалайды. «Мен Абайға ғашықпын» дейді екен жарықтық. Абайдың сөздерін кеудесі зерек нағашым ақылдың шыңы деп бағалады. «Осыған дейін де, осыдан кейін де сөзді Абайдан артық ешкім айта алмайды», дейтін еді жарықтық.
Ауылға бертінірек келгенде Сафуан ағамызбен ұзақ әңгімелесіп отырып: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашуың – ашыған у, ойың – кермек. Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп, болады ермек?» деп отырғанын естідім. Міне, осындай сөздер мені Абайға біртіндеп жақындата берді. Әрине, мен бала кезімде ақын шығармаларының терең сырларын, дана мазмұнын ұға қоймайтынмын, бірақ сөздің асылы Абайда екенін сезіндім. Бізді отбасында «ұят болады» деген тыйыммен тәрбиеледі ғой, осының өзі жүректерге иман ұялатады. Абай сөздерін нағашым ұқтырып кетіп, тағы келгенде сұрап қалса, білмей қалғаным ұят болар деп, тереңіне бойламасам да сөзінің әдемілігіне қызығып, Абай өлеңдерін жаттап жүрдім...
– Өз бойыңызда да бір даналыққа құштарлық болуы керек, әйтпесе Абайға деген махаббат оянбас еді ғой...
– Енді нағашым көкірек көзі жарқырап жатқан дариядай болғанда содан бізге де бір ұшқыны жұққан шығар. Мен көп уақыт орнымды таппай, тыным алмай, аласұрған жүрекке жауап іздеген жанмын. Мұның тағатын қайдан табамын, жүрегім неге елеуреуін қоймайды, мұның байлауы не екен деп ізденумен, шарқ ұрумен болдым.
«Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін.
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін..», деп Абай айтпақшы күнделікті тірлікте жүрекке кір жұқтыра берген секілдімін. Менің жүрегіме мейірім мен шапағат, парасат пен ұлағат дарытқан «Абай жолы» эпопеясы болды. Осы уақытқа дейін мен оны жиырмадан астам рет оқыдым. Бала Абайдың дана Абай болып қалыптасу жолдарын ұлы жазушы соншалықты нанымды, соншалықты сенімді етіп бере білген. Даланың кемеңгер ұлдары Құнанбаймен өзара тартысып жүрсе де, оның баласының алар асуы биік екенін бірден танып, «Ендігінің жүгі сенде қалар, балам. Жолың болсын» деп Бөжей батасын берсе, сол Бөжейдің асына араласып, бетін ашқан жас жігітке Құнанбайдың мықты қарсыласы Байсалдың өзі: «Жақсы ағаның зор дәмесін әмсе өстіп ақтағайсың! Ақтарсың деп білемін, шырағым! Тек өмір деген ит жаңсақ бастырмаса екен. Өрісің алда, бетің дұрыс!» деп бата беріп, Абайдың бетін айнытпай болжағандары қатты әсер етуші еді... Бірақ Абайдың өзін терең танып, бойыма сіңіріп, жүрегіме қондырғаным соңғы екі жылдың мұғдарында ғана...
– Сіз мені таңғалдырдыңыз... Мен сізді Абай мұхитына көптен бері бойлаған адам екен деп ойласам... Қазіргі заман ағымы даналыққа емес, керісінше тасырлық пен топастыққа бұрылып бара жатқанда сіз қалай Абайға бет бұрып жүрсіз?
– Ішімдегі ақ пен қараның арпалысы, неге бұлай деген сұрақтың жауабы табылмай жүргенін жоғарыда айттым емес пе? Жүрегім бірдеңені аңсайды, бірақ тағат тауып, тынши алмайды. Көп уақыт жаным сергелдеңде жүрді. Рухани азық таппадым. Солай, жан-дүнием тебіреністе жүріп ар ілімі туралы әңгімелер естідім. Қазақтың «ардан аттамау» деген ұғымына ден қоя бастадым. Алмас Алматов, Тұрсын Жұртбай, Ұлықбек Есдәулет сияқты терең ойлы, айтатыны мол ағаларымның әңгімесін тыңдадым. Содан ләззат алып жүрдім. Алла адамды жаратқанда көкірек көзін ашық қылады екен, ал адам оны мал деп, дүние деп немесе басқа да пендешілік ластықтармен өзі кірлетіп алады екен. Абай: «Осынша ақымақ болғаным Көрінгенге қызықтым. Ғаділетті жүректің Әділетін бұзыппын», деп айтады ғой, мен де біраз жыл қаржы бақылау саласында, одан қаржы полициясы қызметінде, одан жеке бизнесте істеп жүріп, жүрек көзін бітеп алғанға ұқсадым.
«Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін.
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін», деп данышпан айтқандай, мен де пендешілікке көп айналыппын. Ал жүректі кірден тазалап, пендешілік ұсақтықтардан аршысаң, барлық қазынаның өзі іште тұрады екен. Абай тағы бір өлеңінде: «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме», дейді емес пе? Демек бар асылдың бәрі өзіңнің жүрегіңде екен, тек соны бұлақ көзін ашқандай арши білу керек. Ал жүрек көзін ашу үшін адамға терең ой, білмекке құмарлық керек. Адам өзінің жалқаулыққа, жамандыққа үйір қылатын нәпсісін жеңіп, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты бес асылды бойына құйса, жүректің көзі ашыла түседі.
– Абайды тану жолында Шәкәрімнің, Мағжанның, Сұлтанмахмұттың және басқалардың сөздерін, олардың да Абай туралы пікірлерін үнемі айтып жүресіз...
– Бұлақтың көзі ашылып кетті ғой. Олардың сөздері де ойларымды толықтыра түсті. Жайшылықта байқамаймыз, ал терең ойдың шапағаты күшті ғой. Олардың бұлтартпас, дана сөздері мен үшін Абай әлемін аша түсті. Әрбір сөздің мағынасы, ішкі иірімі бар. Мағжан айтады ғой: «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе – дәмі кетпес. Қарадан Хакім болған сендей жанды Дүние қолын жайып енді күтпес», дейді... Ақын Абайдың тамырын танытып тұр емес пе? Ал Шәкәрім:
«Кел, жастар, біз бір түрлі
жол табалық,
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік.
Бір білімді данышпан жан табалық,
Ал енді олай болса, кімді алалық,
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек – табармыз шыны ғалым,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық», – деп Абайдың білімді данышпан екенін танытып тұр...
– Ал Абайды танытқан кеңес заманының да зерттеушілері көп қой, Мұхтар Әуезовті айтпағанның өзінде «Абайды оқы, таңырқа» деген Мекемтас Мырзахмет сияқты ғұламалардың да еңбегі бар. Солармен таныстыңыз ба?
– Жоқ. Мен Абайды өзімше, өзінің сөздерінен танығым келеді. Абай еңбектерін талдағандар, пікір жазғандар бәрібір өздерінің зерттеу алабына бұратын секілді. Оның үстіне кеңес заманындағы зерттелген еңбектердің үстінен социалистік реализм бақылап отырғандықтан олар таптық мүдделерді көздейтіні де анық. Осы әдіспен Абай ілімін бұра түсіндіруі де мүмкін. Мен барлық қазынаны Абайдан өз жүрегімнің танымымен, өз түсінігімше алғым келді. Оның үстіне Абайдың өзі:
«Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз...
...Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі – тұл...», деді емес пе? Әрине, Абайды зерттеген ғалымдар да, ғұламалар да түзу жолда шығар-ақ, бірақ мен әлі оларды оқып көрген жоқпын. Сонымен бірге оларды оқуға ұмтылып та көрмедім. Мен Абайға өздігімнен пісіп баруым керек. Мен абайтанушы емеспін, тек жан дүниемді жадыратушымын. Біреудің айтқанына ерсем, менің мөп-мөлдір ойыма, таза дүниеме кір жұғуы мүмкін ғой. Қазір Абайды тереңдеп таныған сайын оның құдіретінің күштілігі сондай, мен қазір үйде де, түзде де Абайсыз сөйлей алмай қалдым.
– Абайды танымайтын адамдар хақында не айтасыз? Олардың да жүрегі, ақылы, қайраты бар, ендеше неге олар Абайды ұға алмайды?
– Мұндайларды жай адамдардың ғана емес, оқыған, білімді, тіпті ғылыми атағы зор адамдар арасынан да көріп қаламын. «Өзім болдым» дейтін көптеген шенеунік әкім-қаралар да Абайды ұға алмай, жүрегіне апара алмай жүріп, ақылдымсып, кісімсіп жүреді. Ондайларға қарап айтылған Абайдың мына сөзінен артық жауабым жоқ:
«Ол «болдым-ақ» дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.
Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға...»
Ондайларға сөз өтпесін мен де білемін. Жүректерін басқан кірді аршуға тырыспаса, даналық қайдан жетсін... Абай ондайлар туралы тағы да былай дейді:
«Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі...», дей келіп, әрі қарай:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», дейді. Барлық пенде өз жүректерінің пердесін ашуға тырысуы керек, сонда өмір сүруің де оңай, қиындық та жеңілдейді, өзін де, өзгені де мүжуден, пәле-жаладан да қашық болады, жолы да ашылады.
– Жүректің кірі ашылып, Абайды танығаннан бері өз басыңызда қандай өзгеріс бар?
– Маған өмір сүру жеңілдеді. Күйгелектік, күйініш, күйректік, уайымшылдық сияқты өзіңді өзі күйдіретін жаман әдеттерден арылдым. Соның арқасында жүрегіме салмақ түсірмейтін болдым. Кәсібімді жүргізгенде Абайдан алған ірілік, кеңдік әрқашан кең пішуге, кең толғауға бастайтын болды. Жан дүнием жадырады, бойымдағы мейірбандығым артты, айналама шапағатымды шашқым келіп тұратынын сезінемін. «Жан аямай кәсіп қыл» дегенін істеп, еңбекке деген құлшынысым артты, бойкүйездігім жоғалды. Жалқаулық, надандық дегендерге шошына қарайтын болдым. Санама жалған дүниеде тек жақсылық жасау керек дегенді әбден түйдім. Мен Абайды мектепте бір жыл емес, кем дегенде бес жыл оқыту керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет, Алла сіздің рухани танымыңызды басқа да жандарға бұйыртсын.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»