Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қазақ-орыс қолөнер мектебін ашу үшін жергілікті халықтан жиналған қаражатқа музей орналасқан ғимарат құрылысы 1879 жылдан басталған көрінеді. Орынборлық архитектор Эвальд Корфтың жобасын оралдық әріптесі Иван Тец жетілдіріп, ғимаратқа шығыстық сипат берген. Қолөнер мектебінде сабақ 1884 жылы басталған. Орал облысының әр түкпірінен келген қазақ балалары осы жерде жатып оқыған. Таңғажайып сәулет ескерткішінің қазіргі жайы туралы сәл кейінірек тоқталамыз.
Батыс Қазақстан өңірінің бай тарихын жинаған музей бүгінде 18 филиалы бар ғылыми кешенге айналған. Бұл жерден сан түрлі оқиғаға куә болып, ғажап жәдігерлердің сырына қанығасыз. Мәселен, Орал қаласының талайғы тарихынан мәлімет беретін Емельян Пугачев музей-үйі Ресейді дүр сілкіндіріп, ІІ Екатеринаның ұйқысын қашырған «жалғанпатша» күйеу болып түскен шаңырақта орналасқан. Ал 1833 жылы қазан айының үш күнін Орал қаласында өткізген ұлы орыс ақыны түскен ғимаратта қазір Пушкин музейі тұр. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражайы орналасқан ғимарат – 1930 жылдары қаһарман қыздың әкесі, қазақтың айбоз арыстарының бірі, баспагер, дәрігер Ахмет Мамытұлы тұрған, жеткіншек Мәншүктің табанының ізі қалған баспана. Ерекше өнерімен есте қалған суретші Сәкен Ғұмаровтың музейі де қылқалам шебері өмірінің соңғы кезінде еңбек еткен, шеберханасы болған үй. Жымпитыдағы Алаш мұражайының 1918-1920 жылдары Күнбатыс Алашорда кеңсесі отырған, Жаһанша мен Халел бастаған арыстардың ізі қалған ғимарат екенін білсеңіз, бойыңызды ерекше сезім билейді. Ал енді Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы да тарихи топырақта – XIX ғасырда Жәңгір хан ту тіккен Ордада, құм ішіндегі қарағай арасында тұр. Музейдің ішіндегі жәдігер ғана емес, сыртқы ғимараты да осындай тарихи сырға тұнып тұр.
Ел болу – мәдениетіңді түгендеу
Ата-бабасынан қалған дүниені «тәбәрік», «атамның көзі» деп қастерлейтін қазақ үшін музей ұғымы әу бастан жат емес қой. Тек көшпелі тұрмыс ол жәдігерді жарқыратып жайып қойып, халыққа көрсетуге мұрша бермегені рас. Алайда пәлен батырдан, түген әулиеден қалған жәдігерді бір көріп, маңдайына тигізіп қайту үшін арнайы жолға шығып, зиярат қылатын жұртпыз. Кезінде Жәңгір ханның сарайында бір бөлме қару-жарақ көрмесі болған екен. Аласапыран кезде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен сол жәдігердің кейбірі қияндағы Қырымнан, Бақшасарайдан табылып жатыр.
Ақ патша тағынан құлап, еркіндік лебі ескенде қазақ оқығандары «енді өз ісімізді өзіміз қолға аламыз» деп қуанды ғой. «Халықты ағарту жолында медресе ашумен ғана қанағаттанбай, тағы да түрлі шараға кірісу керек. Кітапхана, театр, музейлер ашу, газет-журналды көбейту қажет. ...Музей деп әр халықтың түрлі замандарынан келешектеріне мирас болып қалған дүниелерін һәм ...түрлі тиын салымдарын, аспап құралдарын, ...қолөнерлерін халыққа көрсету үшін қойылған үйді айтады. Осы үйдегі заттарды көріп, ол халықтың оқу-өнерін қандай дәрежеде екенін білеміз, үлгі аламыз. Енді басқа мәдени халықтардағы сықылды біз де музей ашамыз деген үміт бар» деп жазған еді Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1917 жылы «Ұран» газетінде. Ерікті ел болуды ешкімге ұқсамас өз мәдениетіңді түгендеу деп ұққан Алаш арыстарының көрегендігінен қалай айналмассың!
Жанкешті жандардың мекені
Музей – осы бір тылсым әлемнің тұңғиығына бойлап, кіндігі байланып қалған жанкешті жандар қызмет ететін ерекше мекен. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін 1965-1982 жылдар аралығында басқарған Ұрқия Ершориева, 1984-2008 жылдары осы мекемеге жетекшілік еткен Сара Танабаева апаларымыздың саналы өмірі музей саласында өткен. Өлке тарихының көзі тірі шежірешісі Сара Есқайырқызын кейінгі жастар «Оралдың музей апасы» деп атайды. Шын мәнінде мұндай жандардың халық қазынасын, терең тарихын түгендеуге қосқан үлесі ұшан-теңіз!
Облыс аумағындағы музейлердің тарихына көз жіберсеңіз, музей ісі кейбір әулеттің төл ісіне, игі дәстүріне айналып кеткенін көреміз. Әйгілі Орда музейін ұзақ жыл басқарып, қиыр шеттегі ауылдың мәдени ошағын бүгінгі Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы деген дәрежеге жеткізіп кеткен Темірболат Мақымов ағамыздың өнегелі өмірі бір кітапқа жүк. Бүгінде музей-қорықты Ғайса Темірболатұлы басқарып отыр.
Қазталов ауданына қарасты Көктерек деген шағын ауылдың музейін құрып, тірнектеп жәдігер жинаған Төлеген Сейіткереев мұғалімнің ісі де аңызға бергісіз еді. Қолға алған ісіне шексіз махаббат Төлеген ағайдың ұлына қанмен, тәрбиемен жұққан. Бүгінде Жайсаң Төлегенұлы басқарып отыған Көктерек музейі де іші кірсе шыққысыз, әр бұйымы сөйлеп тұрған руханият ошағы.
Осы Қазталов ауданында жергілікті басшы Кәрім Өтеғұлов 2008-2012 жылдары жасақтаған Ақпәтер өлкетану музейі бар. Бұл ашық аспан астындағы техникалық музей деуге болатын ерекше орталық. Мұнда ауыл тарихынан бөлек, тың игеру кезінде пайдаланылған 60-қа жуық техника түрі қойылған.
Музей дегенде тіл ұшына алдымен оралатын жанның бірі – «Үздік өлкетанушы» белгісінің иегері Аманжол Сәлімов. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен Аманжол Саясатұлы жас кезінен-ақ өлке тарихына құмартып, көне жәдігер десе ішкен асын жерге қоятын. Өзі жинаған аса құнды бұйымдардың бір тобын ертеректе Ұлттық музей қорына ақысыз-пұлсыз сыйлаған ағамыз әуелі өзі туып-өскен Базартөбе ауылында, кейін Жаңақала ауданының орталығында тыңнан музей ашты. Дәл қазір Теректі ауданының орталығында жаңа музей құрып жатыр. Ол жақында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір филиалы ретінде ашылып, қызметке кіріспек.
Жеке адамның еңбегі дегенде Ақжайық ауданына қарасты шағын ғана Атамекен ауылында «Жерұйық» атты шағын музей ашып, жергілікті мектеп оқушыларына рухани-патриоттық тәрбие беріп отырған Жәнібек Әбілпейісовті айналып өте алмайсыз. Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Тілеген Қалиев те туған жерінің тарихын түгендеуде жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жанның бірі. Ал 2020 жылы Қаратөбе ауданының орталығында өз қаржысымен Алаш және өлкетанушы, ақын-журналист Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейін ашқан ағайынды Хасановтардың еңбегі де айта қалардай ерлік еді. Музей ісі – жанкешті жандардың тағдыры дегенде осындай тұлғалар алдымен ойға оралады.
Көне мұражай көмек сұрайды
Ақ Жайық өлкесінің барлық ауданында 18 филиалы бар Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – өңірдің арғы-бергі тарихын түгел «жырлап беретін» аса үлкен мәдени кешен. Музейді он жылға таяу уақыт басқарып келе жатқан Мирболат Ерсаевты да осы саланың майталманы, өз ісіне жан-тәнімен берілген азамат дер едік.
– Бүгінде Батыс Қазақстан облысы музейінің қорында 117 374 жәдігер бар. Жалпы, облыстық музейлер бойынша жәдігер саны – 211 421-ге жетеді. Орталық музей отырған ғимаратымыздың көлемі – 839,3 шаршы метр. Осы жерде 8 залда түрлі тақырыпқа экспозициялық көрмелер жабдықтап, көрермен назарына ұсынамыз, – дейді Мирболат
Бижанұлы.
Айта кетейік, музейде археология, ортағасырлық Алтын Орда кезеңі және Жайық қалашығының пайда болуы, Кіші жүз тарихы, Бөкей Ордасы дәуірі, Кеңестік дәуір кезеңі, Батыс Қазақстан облысының білім мен ғылым, өнер мен мәдениет салаларының даму тарихы, этнография, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тарихы секілді залдар бар. Бұл залдардың қай-қайсысы да қайталанбас құнды жәдігерлермен көз тартады. Әсіресе көне сармат-савромат дәуіріне қатысты бұйымдар, әйгілі Тақсай ханшайымы, ортағасырлық Жайық қалашығынан табылған жәдігерлер, Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасу тарихы, қазақ тарихындағы соңғы хандық құрылым – Бөкей Ордасы кезеңі келушілердің асқан қызығушылықпен қарайтын тақырыбы. Сондай-ақ Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Оразалыұлы, т.б. өнер тарландары, Сырым Датұлы және Исатай-Махамбет бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі, Алаш қозғалысы, кеңес дәуірінде осы өлкеден шыққан айтулы тұлғалар хақындағы әрбір дерек, әрбір жәдігер де ерекше қымбат.
Статистикалық деректерге қарасақ, музейге келушілер саны 2001 жылы 76 мың адам болыпты. Кейін жыл сайын төмендеп, 2008 жылы 31 342 адамға түсіп қалған. Алайда сол жылдан бастап қайта көтеріліп, келуші саны көбейе бастаған. Бұл музей жұмысын қайта құрып, заманауи технологиямен жабдықтау, жаңаша ұйымдастырудың арқасында болғаны анық.
Әйткенмен, орталық музей отырған орын ХІХ ғасырда салынған көне ғимарат екенін айттық. Музей қорында сақтаулы 100 мыңнан аса жәдігерді толық көрсетуге мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар музей ғимараты көптен жөндеу көрмегендіктен тозығы жетіп, төбесінен су кетіп тұр. Оралдың орталық көшесінің бойында тұрғандықтан, даңғыл бойлап өткен ауыр көліктердің салмағынан музей ғимараты дірілдеп, орнынан қозғалып кете жаздайды. Музейге үлгі жобадағы арнайы орын қажеттігі талайдан бері айтылып келеді. Тым болмаса қазіргі ғимаратқа күрделі жөндеу жасау қажет-ақ.
Музей көптік етпейді
Сонымен музей мәдениеті – мемлекеттің іргетасын бекітіп, тарихи тереңдігін танытатын маңызды сала екенін түсіндік. Тұлғаның бойында музей мәдениетін қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталады. Алғашында мектепте ашылып, кейін өз алдына үлкен мұражайға айналып кеткен мысалдар да жетерлік. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында мектеп музейлерінің қозғалысы жақсы дамыған. Бұлардың ішінде Қазталов ауданы Қошанкөл ауылы Ғали Бегалиев атындағы орта мектептің тарихи-өлкетану музейі, Жәнібек ауданы орталығындағы №1 мектеп мұражайы, Ақжайық ауданы Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектеп музейі, Орал қаласына қарасты Круглоозерный орта мектебінің мұражайы, Ақжайық ауданы Атамекен ауылындағы Жерұйық музейі секілді атағы алысқа кеткен нысандар аз емес.
Көпшілік көп назар аудармайтын ведомстволық, салалық музейлер де өлке тарихын түгендеу ісіне үлкен үлес қосып жүр. Мысалы, Орал қаласында теміржол тарихы музейі, оба ауруларымен күрес мекемесінің, өрт сөндіру мекемесінің, облыстық полиция департаментінің өз мұражайы бар екенін білеміз. 2017 жылы 100 жылдығы қарсаңында «Жайық Пресс» медиахолдингінің жанынан ақпарат музейі ашылған болатын. «DANA» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Жантас Сафуллин Орал қаласында Ұлттық баспасөз тарихы музейін ашу жөнінде бастама көтеріп, тиісті орындарға бірнеше мәрте ұсыныс хат жолдаған еді. «Бұған толық негіз бар. 1911 жылы Батыс Қазақстан облысында, Орал қаласында «Қазақстан» атты газет басылып, 1913 жылға дейін шығып тұрды. Бұл басылым – қазақ зиялыларының өздері бас қосып, ұйымдасып шығарған, барынша жүйелі шығып, қазіргі қазақ жерінің барлық аумағына тараған тұңғыш газет болатын», дейді Жантас Набиоллаұлы.
Айтпақшы, осыдан біраз жыл бұрын Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылында «Сәйгүлік» атты музей ашылғаны хабарланды. Қошанкөл орта мектебінің мұғалімі Гүлназ Айтқалиеваның ұйымдастыруымен, ауыл кәсіпкері Меңдіхан Қалықұлы сынды азаматтардың қолдауымен ашылған музейде тек қана жылқыға қатысты жәдігерлер қойылған. Осынау керемет идея кейіннен тұрақты демеуші болмауы салдарынан сәл тоқырап қалғандай.
Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген Дәдем ата – Жұмағазы хазірет зираты басында былтыр Дін тарихы музейі ашылған еді. «Дәдем ата» қоғамдық қоры және белсенді азаматтар күшімен жасақталған бұл музейде репрессияға ұшыраған дін қайраткерлері туралы көрме ашылды. Бұл да бір ерекше, қолдарлық бастама!
Жалпы, музей жұмысын тірілтетін – оған бас тіреп келетін көрермен халық екені сөзсіз. Сондықтан елеулі тарихи орынға байланысты болмаса, музей негізінен халық саны көп елді мекендерде ашылады. Дегенмен, музейге жан бітіретін – жанкешті музейші, өз ісін сүйетін маман екені сөзсіз.
P.S. Осы мақала газетке басылып жатқанда Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мирболат Ерсаев сүйінші хабар жеткізді: облыстық музей ғимаратын күрделі жөндеуге қаржы бөлінетін болыпты.
Батыс Қазақстан облысы