Францияға жұмыс сапарымен барған еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сапардың сәтті өрілгенін айтты. Мұндағы негізгі мақсат – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар салалардағы ынтымақтастықты тереңдету әрі инновацияларды дамыту. Кездесулер аясында цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ қолжетімділігі қиын локациялар үшін интернет қызметтерін ұсынудағы инклюзивтілікті дамыту мәселелері пысықталған. Осылайша, еліміздің Франциядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған сапар қос тарап арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтудағы маңызды қадам болды.
Сапар аясында Бағдат Мусин Экономикалық даму жөніндегі Қазақстан – Франция үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы, Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат Оливье Бештпен, сондай-ақ цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындардың басшыларымен және аэроғарыш технологиялары саласындағы сарапшылармен кездесу өткізді.
– Қазақстан Франция үшін елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық әріптес саналады. Сонымен қатар ғарыш өнеркәсібі және цифрландыру сияқты ғылымды қажет ететін салалардағы байланыстарды дамыту да маңызды, – деді Оливье Бешт.
Сонымен «Thales Alenia» өкілдерімен кездесу барысында «KazSat» спутниктерін және пайдалану мерзімін аяқтайтын қашықтан зондтау спутниктерін алмастыру үшін байланыс спутниктерін құру саласындағы бірлескен жобалардың перспективалары, ал «Airbus Defence and Space» өкілдерімен болған басқосуда құрастыру-сынау кешенін дамыту және спутниктерді өндіру мәселелері талқыланды. Нәтижесінде, Қазақстан француз мамандарымен бірлесіп, байланыс спутниктерін шығаруды көздеп отыр. Алғашқы отандық құрастыру аппаратын 2026 жылы іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар Б.Мусин француз әріптестерімен екі елдің цифрландыру саласын дамытуға бағытталған жоспарлар мен бағдарламаларды талқылады. Атап айтқанда, министр цифрлық инфрақұрылымдардың, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық платформаларды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ біздің делегация «One Web», «ReOrbit» және «SES» компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді. Онда шалғайдағы елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін цифрлық мүмкіндіктерге тең қолжетімділік жасау жолдары пысықталды. Аталған компаниялар ұсынатын төмен орбиталық спутниктік топтардың көмегімен қолжетімділігі қиын локацияларды интернетпен қамтамасыз ету үшін әртүрлі стратегиялар мен технологиялық шешімдерді талқылады.
Б.Мусин бұл кездесулер мен келіссөздер Қазақстан мен Франция арасындағы цифрландыру, ғарыш, аэроғарыш технологиялары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың барлығы үшін неғұрлым қолжетімді және инклюзивті цифрлық ортаны құруға серпін беретініне сенім білдірді.
Оливье Бешт әуе жолаушылары туралы деректерді жинау жүйесін іске асыруға жәрдемдескені үшін біздің тарапқа алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, «Idemia» компаниясы Қазақстанда «Qazaqstan Identity & Security» (QIS) бірлескен кәсіпорны арқылы әуе жолаушылары жайлы деректерді жинау бойынша ақпараттық жүйені (APCAS) енгізу жобасын іске асырып жатыр. Қазіргі уақытта бұл жоба тәжірибеден өту үстінде.
– Министрлік цифрлық дәуірде тұрақты өсу мен дамуды қамтамасыз етіп, келісілген идеялар мен жоспарларды іске асыруға белсенділік таныта отырып өз жұмысын жалғастырады. Қазақстан мен Франция арасындағы цифрландыру, ғарыш, аэроғарыш технологиялары және шалғайдағы елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету саласындағы әріптестікті нығайту – біздің ел үшін цифрлық трансформация мен тұрақты дамуға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам, – деді Б.Мусин.
Сондай-ақ осы сапар аясында отандық жобалар Францияда орналасқан әлемдегі ең ауқымды «Station F» стартаптар инкубаторының құрамына кіргенін атап өтейік. Сапар барысында біздің делегация «Station F» және «Thales Digital Factory» цифрлық фабрикасына барды. Онда француз стартаптарының өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ «Astana Hub» мүмкіндіктері мен жетістіктерінің тұсаукесері өткізілді. Отандық «iDos Games», «Verigram», «Cerebra» және «Alaqan» секілді стартаптар да кездесуге қатысып, өз жұмыстарын таныстырды. Сыртқы істер министрлігінің инновациялар және серпінді технологиялар жөніндегі кеңесшісі Джереми Эль Хатиб стартаптарға жеке қолдау көрсетуді және инвесторлар мен Францияның акселерация бағдарламаларына шығаруды ұсынды.
Осы кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Францияның одан әрі ынтымақтастығы туралы келісімге келді. Атап айтқанда, отандық стартаптар үшін «Station F» инкубациялық және активациялық бағдарламаларына «Fast track» ұйымдастырылады. Бұл біздің жобаларға ерекше назар аударылатынын көрсетеді. Яғни отандық жобалар жеке тәртіппен қаралып, француз инвесторлары мен корпорацияларына ұсынылады әрі Франция нарығына шығуға көмек алады.
Бұдан бөлек «Astana Hub» және «Station F» арасында өзара тәжірибе алмасу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл бізге еуропалық сарапшылармен ынтымақтасуға және еуропалық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан «Astana Hub» базасында «Thales Digital Factory» тәжірибесін енгізуге ниетті. Бұл қадам отандық корпорацияларға компаниялардың қажеттіліктерін өтейтін стартаптарды іріктеуге, компания сарапшыларымен бірлесіп әзірленген акселерациялардан өтуге және жеделдетілген үлгі бойынша корпорациялармен бірге өсуге, келісімшарттар жасауға жол ашады.
«Station F» – әлемдегі ең ірі стартап-кампус әрі Париж қаласында орналасқан жетекші халықаралық кәсіпкерлік және инновациялық орталық. 34 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан «Station F» стартаптардың, инвесторлар және корпоративтік серіктестердің өсуін ынталандыратын және инновациялық идеялардың дамуын қолдау үшін жиналатын ынтымақтастық орта саналады. Оны президент Эммануэль Макрон 2017 жылдың маусымында ресми түрде ашқан болатын.
Ал «Thales Group» – аэроғарыштық, әскери және теңіз қолданбаларына арналған ақпараттық жүйелерді шығаратын халықаралық өнеркәсіптік топ. Бас кеңсесі Париж маңындағы Курбевуа коммунасында орналасқан. Компанияның 50-ден астам елде кеңсесі бар. Ал қызметкерлер саны 80 мыңнан көп. Әскери мақсаттағы өнімді сату көлемі бойынша (кірістің 53 пайызын құрайды) компания 2021 жылы әлемде 16-орынға ие болды.