Елорда • 23 Мамыр, 2023

Астанадағы ауруханада жаңа бөлімдер ашылды

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы №2 қалалық көпсалалы ауруханада бірден бірнеше бөлім ашылды. Олардың бәрі де емделушілерге инновациялық бағытпен сапалы қызмет көрсетуге арналған.

Астанадағы ауруханада жаңа бөлімдер ашылды

Әуелі аурухананың кіреберісінде жаңа фронт-кеңсе ашылды. Мұнда елорда тұрғындары өзіне қажетті сұрақтарына жауап алып, мамандардан кеңес ала алады.

– Мемлекет басшысының айтып жүр­ген тұжырымдамасына сәйкес «Ес­ти­­тін мемлекет» қағидаты бойын­ша келуші­лерге қолайлы болсын деп біз фронт-кеңсені кіреберіске орналастырдық. Өйткені көп меке­мелерде бұл қызметтің адамдары 2-3-қабатта отырады, оны табу қарапайым жұртшылыққа қиын, – деді Медициналық және фармацев­тика­лық бақылау департаментінің басшы­сы Дархан Тұрлыбеков.

Сонымен қатар аталған ауруханда фар­мация бөлімі ашылды. Оның ерек­ше­лігі барлық препарат ортақ жүйе­ге цифр­ландырылған. Нәтижесінде, тұрғын­дарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетілмек.

«OGF» компаниясы ақпараттық жүйе­сінің директоры Жұлдыз Дақымбаева­­ның айтуынша, цифрландырылған препа­рат­тардың орталық жүйесі – бірегей жоба. Өйткені мұндай жоба әлі бірде-бір көп­салалы ауруханада ашылған жоқ. Астана­да профильді емдеу мекемелерінде ғана бар.

– Бұл үрдіс жаһанның біраз жұртын­да бұрыннан қолданылып келеді. Және бұл халықаралық талаптардың бірі болып саналады. Жобаны іске асыру­дың сынақ кезеңінде көптеген оң нәтиже берді. Біріншіден, дәрілерді пайдалануды оңтайландыру және шығындарды азайту, сондай-ақ дәрілік заттарды пайдалануды бақылау есебінен бюджет қаражатын үнемдеу сияқты өзгерістер байқалмақ, екіншіден, қате қаупі барынша азайтылады. Өйткені жасы, салмағы, қарсы көрсе­тілімдері, тәуліктік дозасы және т.б. сияқты көрсеткіштер бойынша әрбір емделушіге арналған рецепт бақылауда болады, – дейді Ж.Дақымбаева.

Оның айтуынша, цифрландырылған препараттардың орталық жүйесі дәрігер­лердің нұсқауы бойынша емдеу жұмысы уақтылы және сапалы дайындауға зор септігін тигізеді.

– Біз 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Қазір елімізде 160-тан аса медициналық мекемеге қызмет көр­се­теміз. Бұл жүйенің тиімділігі өте мол. Оның пайдасын біздің ел әлі түсі­не қойған жоқ. Бұл ең бірінші дәрі жетіс­пеушілікті жояды. Мысалы, бір бөлімде аналгиннің 100 данасы жатады, ал ол бір бөлімде жоқ болуы мүмкін. Міне, осының бәрі бір орталықта болады. Мәселен, дәл осы ауруханада 1 минутта 8 науқасқа ем-шара жасалады екен. Оның үшеуі ауыр жағдайда келеді. Міне, осындай кезде дәрі-дәрмек дайындауға уақыт үнемделеді, – дейді ол.

Маманның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыруда емханада жұмыс істей­тін препараттардың орталықтандырыл­ған ақпараттық жүйесінің дайындығы маңыз­ды рөл атқарған. Алдын ала есеп­­теулер бойынша, №2 қалалық көп­са­лалы ауруханадағы препараттардың орта­лықтандырылған ақпараттық жүйесі жылына 400 млн теңгеге дейін бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Басты мақсат – емделушілерге препараттарды жеткізу жүйесін цифрландыру, дәрілік заттардың дербестендіріл­ген есебін жүргізу. Мұнда берілетін дәрі-дәрмектердің саны автоматты түрде бақыланады. Бұл бөлімшенің бірегей­лігі – медициналық дәрі-дәрмектерге жұмса­латын шығындарды үнемдеу. Соны­мен қатар қате емдеу қаупі азаяды, – дейді Астана қаласы Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Ауруханада модельді дамыту мақ­сатында емделушілерді қолдау қызметі бойынша электрондық кезек енгізіледі. Жиында науқастарды жоспарлы емдеуге жатқызу алгоритмі пысықталды. Жақын арада барлық ниет білдірушілер онлайн режімде бос төсек-орындардың санын көре алады, оның барлығы аурухананың сайтында да қолжетімді болмақ.

– Жобаның негізгі міндеті – дәрі­герлердің тағайындауы бойынша дәрілік заттарды уақтылы және сапалы дайындау, сондай-ақ оларды медицина­лық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне жеткізу. Клиникалық фармаколог әр пациентке жас, салмақ, қарсы көрсетілімдер, тәуліктік доза және т.б. өлшемдері бо­йын­ша тағайындайды. Бұл жобаны іске асыру кезінде біздің клиникада жұмыс істейтін цифрландырылған госпитал­дық фармация ақпараттық жүйесінің дайындығы маңызды рөл атқарды, – деді №2 көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев.

Бас дәрігердің айтуынша, ауруха­на­ның жанынан балаларға арналған жаңа травматологиялық пункт ашу жоспар­ланған.

– Қала бойынша бізде мұндай 9 аурухана бар. 3 ересектер мен 3 балаларға арналған көпсалалы ауруханалардың барлығында мұндай цифрландырылған препараттардың орталық жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Сондай-ақ ауруханада жаңа бөлімге арналған ғимараттың құрылысы бас­талатыны айтылды. Ол акушерлік және клиникалық блог­тарды біріктіретін қа­был­­дау хабы болмақ.