Пікір • 22 Мамыр, 2023

Зерттеудегі зәрулік

531 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екінші тынысы ашылған ел ғылы­мының жоқ-жітігі мен кем-кетігі біртіндеп бүтінделе жатар. Бірақ батыл шешімдер әлі де керек секілді. Мәселен, отандық ғалым­дар зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде қолды байлайтын зәрулік­терге мән берілсе дейді.

«Ол қандай зәрулік?» дейсіз ғой. Нақты мысал келтірейік. Осы жылдың ақпан айында біздің газетке жаһан назарындағы экологиялық жобаны қолға алған жамбылдық ғалым Маржан Қалмаханова туралы мақала шықты. Тілшімен тілдескен химик бір сөзінде зертханада зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Португалияға аттанғалы жатқанын айтыпты. Сөйтсе, біздің елде тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған зертхана құрылғылары жоқ екен. Оларды шетелден тапсырыс арқылы алдыру керек. Алайда сол тапсырыстың өзін тапжылмай бірнеше ай күтуге тура келеді. Бұл аралықта қаншама уақыт зая кететіні түсінікті. Сондықтан жұмысты тоқтатпауға ниетті ғалым Португалиядағы Браганса политехникалық университетін бетке алуға бекінген екен.

Одан бері де бірнеше ай өтті. Маржан әлдеқашан елге оралған да шығар. Ал шетелден тапсырыс берген құрылғыларының аман-есен жеткені я жетпегені бізге беймәлім. Бізге мәлімі – бұл бір ғана Маржанның ба­сындағы жағдай емес. Біздегі іргелі ғылымда жүрген ғалымдардың біразы уақыт­ты текке жоғалтпас үшін шетелмен екі ортада дәл осы­лай сабылуға мәжбүр. Демек ғылыми инфра­құрылымды дамыту маңызды. Бұған ел билігі ерекше көңіл бөліп отырғанын да білеміз. Енді нәтижесін күтейік.

Дәл осы мәселеге басқа қырынан кел­сек дейміз. Қайсыбір күні бір әріптесім Назарбаев университетінде жұмыс істейтін аты алыс­қа тараған атақты ғалым Нұршат Нұ­ра­жымен дидарласып қайтты. Бұл кісі де сөз арасында зерттеу жұмысындағы зәру­лік­терге тоқталған екен. Сөз жоқ, қазір Қазақстанда Назарбаев университетінің ғылы­ми инфрақұрылымымен таласқа түсетін зертха­налар жоқтың қасы. Бірақ кез келген дамыған елдің ғылыми әлеуетімен иық тіресе алатын, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған бұл университетте де ғылыми жұмыстар жүргізудің өз қиындығы бар екен. Мәселен, мұнда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге қажетті реагенттер жетіспейді. Былайша айтқанда, құрылғы бар, шикізат жоқ. Біле білсек, бұл – мемлекеттік мәселе. Елде жоқ реагенттерді сырттан алдырудың машақаты көп. Ең жаманы – ғалымдардың оны айлап емес, жылдап күтетіндігі. Ал пандемия кезіндегідей логистикалық тізбек бұзылса қайтеміз? Алыс-берістің бәрі аламат қиындыққа айналатын мұндай қысылтаяң шақта ғалымдар не істеуі керек? Биліктің назары ғылымға ауып тұрған қазіргі сәтте осы бір мәселені де реттеп алғанның артығы болмас.

Бұл мәселені шешудің түрлі жолы бар. Соның бірін бізге генетик Мақсат Жабағин айтып берді. Ғалымның айтуынша, зерттеу жұмыстарындағы зәрулік мәселесін уақытша айналып өтіп, отандық ғылымды дұрыс жолға түсіргенше шет мемлекеттерден біздегі зертханалардың филиалдарын ашу керек. Сонда зертханалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, зерттеу жұмыстарына қажетті реагенттердің тапшылығы секілді мәселелер өздігінен реттеледі. Керек жабдықты, қажет реагентті филиал ашылған мемлекеттен-ақ сатып ала салуға болады. Оның үстіне құрал-жабдықты сол елдегі зертханалардың бірінен жалға алуға да жол ашылады. Ең бастысы, біздің ғалымдар үнемі ғылыми дамудың алдыңғы шебінде жүруге мүмкіндік алады. Шетелдік ғалымдармен қатар жүріп, қатар қимылдаудың өзі үлкен олжа ғой. Сонымен қатар мұндай қадам әзірге елге қайтқысы жоқ шетелдегі қазақ ғалымдарын отандық ғылымға жұмылдырудың да таптырмас жолы емес пе?!

Біздің халықтың таным-түсінігіне сал­сақ, әдетте шетелден филиалды тек үздік мекемелер ғана ашады. Сол таным-түсінікпен қарасақ, отандық зертханалардың АҚШ-тан я Франциядан филиал ашуы әлі орындалмайтын дүние секілді болып көрінеді. Әрі мұны ел халқының қабылдай қоюы да қиын. Қаржы жымқырудың кезекті бір амалы деп қарауы да ықтимал. Дегенмен отандық ғылым үшін осы бір қадамға барғанның да айыбы жоқ секілді. Оның үстіне бұл өзі әлемдік тәжірибе болса несі бар. Мәселен, Еуропалық молекулярлық биология зертханасы Гер­маниядағы, Франциядағы, Италиядағы, Ұлы­британиядағы филиалдарын аяқтан қаз тұрып кеткеннен кейін емес, дамуға енді бет алған елең-алаң шақта ашып, іргелі зертханаға айналған. Үздіктердің үлгісін біздің де қолданғанымыз жөн-ау. Сонда Президент айтқан «көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын» ел атануға мүмкіндігіміз артары анық.