Инвестиция • 23 Мамыр, 2023

Инвестор тартуға икемді өңір

403 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қойнауы «қара алтынға» толы Атырау облысына қызықпайтын инвестор жоқ. Алыс та жақын шет елдердің компаниялары әр саланы дамытуға инвестиция салуды қолай көреді. Өйткені облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, Атырау – өндіріске, логистика саласын өркендететін инвестициялық жобаларға үлкен мүмкіндік ашатын аймақ.

Инвестор тартуға икемді өңір

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төр­аға­сы Ардақ Зебешевтің мәлі­ме­­тінше, 2005 жылдан бері Ат­ы­рау облысында 30,2 млрд тең­­­генің жобасын іске асыру үшін 9 инвестициялық келісім­шарт жасалған. Қазір 2 млрд тең­ге­ні құрайтын 5 инвести­ция­лық жоба аяқталған. Ал қол­да­ныс­та­ғы инвестициялық ке­лі­сім­­шарт­тар­дың ішінде машина жасау зауытын дамыту, Доссор кентінде қуаты 48 МВт жел электр стансасын салу және мұ­най өндіру цехын іске қосу жобалары бар. Аты­рау фронт-офисіне жалпы сомасы 249,3 млрд теңгенің 27 жаңа жобасын іске асыруға байланыс­ты 31 өтініш түскен. Әлеуеті мол инвесторлардың өтініш­те­­ріне сәйкес инвестициялық келі­сім­шарт жасау, жер учаскесін бөлу, сондай-ақ арнайы эко­но­ми­­калық және индустриялық ай­мақ­тардың қатысушы болу үшін құжаттарды ұсыну мәселе­ле­рі қарастырылған.

Бұл өңірге өзге елдерден іс­кер­лік топтар жиі келеді. Қазір әлем­нің 50-ден астам елімен экономикалық, іскерлік байланыс нығайып отыр. Барыс-келіс те, алыс-беріс те, тіпті сау­да айналымы да қарқын алды. Мәселен, былтырғы 9 айда Аты­рау облысының экономикасына 7 479,1 млн АҚШ долларын құраған шетел инвестиция­сы салынған. Оның ішінде кен өндіру және карьерлерді қазуға – 6 966,9 млн, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерге – 16,5 млн, ал басқа салаларға 495,6 млн АҚШ доллары бағытталған. Ұлттық банктің дерегіне сүйен­сек, мұнайлы өңірге өткен жылы шетелден тартылған инвестиция көлемі 2021 жылдың 9 айындағы көрсеткіштен 36,7%-ға өскен.

Ал биылғы үш айда Атырау облысы мен Түркия Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 528,5 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт 519,6 млн, ал импорт 8,9 млн АҚШ долларына жеткен. Осы кезеңде АҚШ-пен арадағы сауда айналымы 50,1 млн долларды құрады. Алпауыт елге 436,9 мың доллардың тауары экспорт­тал­са, 49,6 млн АҚШ дол­ла­рына бағаланған импорттық өнім­­дер жеткізілген. Облыстық ин­дус­трия­лық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбае­ва­ның мәліметінше, 43 кәсіпорны жұмыс істейтін Қытаймен сырт­қы сауда айналымы биылғы бірін­ші тоқсанда 4 557 млн дол­ларды құраған. Күн шығыс елі­мен арада экспорт көлемі артып, 434,9 млн АҚШ долларына жетті. Бұл елге мұнай, газ, мұнай коксы және битум экспорт­та­лады. Ал құ­бырлар, киім, син­те­ти­ка­лық тал­шықтардан жа­сал­ған маталар, кі­лемдер, тоқы­ма ма­териал­д­ары­ның импорты 20,8 млн АҚШ долларына жеткен.

Жергілікті әкімдік шетел инвестициясын тарту мақсатында түрлі форум мен көрмені өткізуді қайта жандандырды. Соның бірі – Atyrau Oil&Gas – 2023 ха­лық­аралық форумы. Жақында бұл форумға елімізбен бірге Аустрия, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Қытай, Нидерланд, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей Федерациясы мен Түркиядан 86 компания қатысты. Оның ішінде Атырау облысында жұмыс істей­тін 31 компания бар.

– Атырау облысында еліміздің өнеркәсіптік өндірісі көлеміндегі үлесі шамамен 24 пайызын құ­рай­тын, оның ішінде 30 пайыздан астамы шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын 600-ден астам орта және ірі кәсіпорын жұмыс істейді. «Atyrau Oil&Gas–2023» халықаралық форумы – ел экономикасы мен мұнай-газ саласындағы баламасы жоқ іс-шара. Биыл көрмеге ал­ғаш рет қатысқан 34 компания өз өнімдерін ұсынды. Ком­па­ния­лардың басым бөлігі ха­лық­аралық көрмеге қатысу ар­қылы инвестиция салатын аймақ­ты таңдады. Өйткені Атырау – әлем мемлекеттерінің ең ірі 18 ша­һа­ры кіретін дүниежүзілік энер­гети­ка­лық қалалар серіктес­ті­гі­нің мүшесі, дейді Серік Шәпкенов.

Мұнайлы өңірде ірі жобаны іске асыруға ынта білдірген ин­вес­торлардың қатарында Түр­­­­кия­ның инвесторлары көп. Соның қатарында «Er-Bakir» компания­сы да бар. Компания директоры Маджит Ташкынның айтуынша, кейінгі үш жылда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі арқылы қа­зақ елінің экономикасына ин­вес­тиция салу туралы шешім қа­был­данған. Бұл компания алты жылдан бері АҚШ экономикасына да инвестиция салып келіпті. Енді Атырау облысында мыстан электр энергиясына қажетті сым өн­діру жобасын қолға алуды көз­депті.

– Шетел экономикасына ин­­­вес­тиция салуда жеткілікті тә­­­­жірибе жинадық. Біз Жез­қаз­­­ған облысынан жылына 20 мың тонна мыс экспорттаймыз. Бірақ Қазақстанның бір өңірі­мен шектеліп қалмай, өзге аймақ­тарына да бет бұруды көздеген едік. Әсіресе Атырау облысын логистикасы тиімді аймақ ре­тін­де қарастырып отыр­мыз. Осы­ған байланысты инфра­құ­ры­­лымы жүргізілген үш гектар жер бөлінсе, осы өңірден мыстан электр сымын өндіретін зауыт са­луға дайынбыз, дейді Маджит Ташкын.

Облыс әкімінің айтуынша, Аты­рау – инвестиция салуға қо­­лайлы жағдай қалыптасқан өңір­­дің бірі. Мұнда шетелдік ин­­весторлармен бірлескен жоба­ларды жүзеге асыруға мол мүм­кіндік бар.

– Инвесторлар тек өздерінің пайдасын ойлап қана қоймай, екі тарапқа да қолайлы жобаны ұсынуы керек. Мәселен, Атырау облысының көлік логистикасы Ресей Федерациясына, Әзербайжан мен Түркияға мыс тасымалдау үшін ыңғайлы деп ойлаймын. Сол себептен, мыс­тан электр сымын шығаратын жаңа жобаның тиімділігі болары даусыз. Электр жарығы үздіксіз болуы үшін генератор қоюға да болады. Жер телімі мен газ желісін тарту мәселесі шешімін табады. Зауыт салуға үш гектар жер бөлінсе, оның жанынан тұ­ты­нушылар үшін қо­сымша үш гектар жер телімі қарас­ты­ры­лады. Біз бұл жобаға қолдау біл­діреміз, деп мәлім етті Серік Шәпкенов.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың мәліметінше, 2027 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалардың саны 27 жобаны құрағалы отыр. Инвестициялық жобалардың жал­пы құны – 6 трлн теңге. Бұл жобалар іске асқанда 4 мың­нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Былтыр облыс­та 5 жоба іске қосылып, 570 жаңа жұ­мыс орны ашылды. Оның ішінде 3 жоба шетелдік компа­ния­лардың инвестициясымен іске асты.

Ал биыл өңірде шамамен 65,6 млрд теңге сомаға 8 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 560-тан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалардың қатарында бута­диен каучуктарын өндіретін зауыт, ин­тег­рацияланған газ-химия ке­­ше­нінің екінші кезеңі, Қашаған кен орнынан өндірілген газды өңдеу зауытының құрылысы, ет бағытындағы құс фабрикасы, жылыжай кешені бар.

Инвестициялық жобалардың ішіндегі ірі өндіріс ошағының бірі – бутадиен каучугын өндіретін зауыт. «Бутадиен» ЖШС жүзеге асыратын жобаның құны 888 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында 440 адам жұмыспен қамтылады. Зауыт жылына 83 мың тонна каучук шығаруды көздеп отыр. Өйткені бутадиен каучук – химиялық, физикалық, техникалық қасиеттерінің өзгер­гіш­тігімен ерекшеленетін заманауи синтетикалық материал.

– Қазір өнеркәсіп саласында мұндай синтетикалық каучукке сұраныс артып келеді. Сол себептен, Атыраудан шығарылатын бутадиен каучугі жол жабындыларында, желім мен пластик, шина өндірісінде, басқа да хи­мия­лық өнімдерге пайдаланылады, дейді Қайрат Нұртаев.

Тағы бір ірі инвестициялық жоба – интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңі. Кешен аумағында полиэтилен өндірісінің жобасы 2027 жылы толық іске қосылмақ. Құны 3 265,8 млрд теңгеге бағаланған жоба іске қосылғанда, мұнда 740 жаңа жұмыс орны ашылады. Жо­баның қуаты жылына 1,250 млн тонна полиэтилен өндіруге жетеді. Жобаға сәйкес этанды өң­деуден алынатын полиэтилен өнімдер түрлі құбыр мен қап шы­ға­руға қажетті шикізат ретінде бағаланып отыр.

Үшінші ірі жоба – Қашаған кен орнының газын өңдеу зауыты. GPC Investment ЖШС жүзеге асыруды бастаған жоба­ның іске қосу 2025 жылға жоспар­лан­ған. Құны 380,8 млрд теңгеге баға­лан­ған жоба аясында 550 адам үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның қуаты – 719 млн текше метр тауарлы газ өңдеу. Сол арқылы 114 мың тонна тех­ни­калық пропан, бутан, 14 мың тонна газды конденсат, 204 мың тонна түйіршіктелген күкірт шы­ға­рылады.

– Газ өңдеу зауытын салудағы басты мақсаты – Қазақстанның тауарлық газ өндірудің ресурстық базасын ұлғайту. Осылайша, тауарлы газ нарықты реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу. Бұл Қа­­­ша­ған кен орнындағы мұнай өнді­ру көлемін арттыруға, газды жер­ас­тына кері айдау көлемін азайтуға серпін береді. Аталған жоба өнеркәсіптік көрсеткішпен бірге өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық өркендеуіне оң әсерін тигізеді. Нақтылай айтқанда, зауыт құрылысын жүргізу кезінде қосымша жұмыс орындары ашы­лады. Әрине, құрылыс және пай­далану кезеңінде мемле­кет­тік бюджетке салық төлем­де­рі ұлғаяды, деп мәлім етті Қ.Нұртаев.

 

Атырау облысы