Музей • 23 Мамыр, 2023

Қор сақтаушы

525 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көне тарихтың шырақшысы болу оңай шаруа емес. Жергілікті жердің мәдениеті мен руханиятын қолайы келген жерде паш етіп, көпшілікке тарих қойнауындағы жақұттарымыздан там-тұмдап болса да пайдалы ақпарат жеткізе білсе, музей қызметкері үшін сол – бақыт. Кез келген музейде көрмеге жарқыратып қойған жәдігерлерден бөлек, қордағы заттарды, ескі қолжазбалар мен бұйым­дарды сақтаудың машақаты мол екенін былайғы жұрт қайдан білсін.

Қор сақтаушы

Ықылым заманнан музейлер пайда болғалы бұл мәдени мекемелерде қор сақтаушы деген жауапты мамандық бар. Көбі біле бермеуі мүмкін, қор сақтаушының еңбегі үлкен есептерден, мыңдаған адамдардың есім-сойлары мен оларға қатысты жәдігерлердің атауларынан тұрады. Осының барлығын жіліктеп есепке енгізу, тиісті қор орындарына жайғас­тырып, дұрыс сақталуын ойлас­тыру, көрмеге қойылар кезде алып шығып, дайындау сияқты бір бітпейтін ұсақ-түйегі көп шаруа.

Әлия Саматова қор сақтаушы мамандығын таңдаған адамның ең әуелі есте сақтау қабілеті мықты болуы керек деп есептейді. Себебі мыңдаған жәдігерді бір мезетте жадында түйіп, өзге әріптестері сұраған мезетте тауып бере қою маңызды. Әлия Саматованың Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер му­­зейінде қор сақтаушы лауазымында тапжылмай еңбек етіп келе жат­қанына 16 жылға жуық уақыт өткен.

«Негізгі мамандығым – математика пәнінің мұғалімі. Ұзақ жыл мектепте шәкірт тәрбиелеп, жоғары білікті ұстаз атандым. Алайда ден­саулығыма байланысты мектептен кетуге тура келді. 2007 жылы осы музейге қызметке шақырғанда бұл жұмыс мен үшін аса таңсық болып көрінгені рас. Бұрын сырттай қарағанда, музей қызметкерлерінің жұмысы жеңіл көрінетін. Сөйтсем, қор сақтаушының жұмысы есеп пен есте сақтаудан тұрады екен. Сынақтан мүдірмедім. Еңбек ете келе бұл мамандықтың асқан жауапты әрі қызықты екеніне көзім жете бастады. Музей қызметкері болу – ең әуелі өзін иелік еткен тарихтың бір бөлшегіне адал әрі әділетті қарау. Себебі кез келген тарихты қаз-қалпында жеткізу, насихаттауда дәлдік қажет. Белгілі бір оқиғаларды баяндау барысында әсірелеу, жаныңнан сөз қосу деген дүниелерден аулақ болу керек»,  дейді Әлия Жикенқызы.

и

Қор сақтаушының еңбегі кез келген жаңа жәдігерді музей­ге қабылдап аларда айрықша бай­қалады. Ең әуелі артефактіні қабылдағаны туралы акті толтырылады. Соңынан ол түгендеу кітабына енгізіліп, есептік нөмір беріледі. Содан соң ғана жәдігерді насихаттауға, түрлі кітаптарға ен­гізуге рұқсат. Акті жазу, есепке тіркеу кезінде салғырттық жасасаң, оның соңы жақсы болмайды. Мұн­дай шалағайлықтың салдарынан кейбір құндылығы ерекше жәдігерлер араласып немесе елеусіз күйде сөрелерде шаң басып жатып қалуы мүмкін.

Негізі Бұқар жырау атындағы музей 1992 жылы ашылған. Мұнда ұзақ жылдар елеусіз жатып қалған аса құнды һәм бірегей жәдігердің бірі – Жанбике Шанинаның портреті. Қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған Жанбике Шанина –  қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шаниннің жұбайы. Әлгі сурет Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасында Қарагөз рөлін сомдаған киімінде салынған. Авторы белгісіз суретті музейге Ж.Шанинаның сіңлісі Мағзия Төлеубекова 1992 жылы тапсырған екен. Сурет арада 19 жыл өткенде, 2021 жылы ғана көпшілік назарына ұсынылды.

Соңғы уақытта XIX-XX ғасыр­лардағы қазақ зиялыларының түрлі қолжазбалары мен көне кітаптарын тауып, көпшіліктің көзайымына айналдырып жүрген бұл музейдің қорында бүгінде 56 мыңнан астам жәдігер бар. Музей алғаш ашылғанда облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі 4 мыңдай жәдігер тапсырған екен. Олардың саны бүгінде еселеп артып, музей қызметкерлерінің арқасында жұртшылыққа кеңінен паш етіліп келеді.

«Музейде Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған пластинка, «Молдалардың молдасы» атанған дін қайраткері Әбушахман Нұрсейітұлының (Шахман молда)  49 кітабы, Жюль Верннің 1906 жылы шыққан «В стране мехов» кітабының түпнұсқасы, 1885 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «История искусств» кітаптары сақтаулы. Шахман молданың кітаптары мен қолжазбалары араб қарпінде болған соң барлығы Құран деп ойлағанбыз. Сөйтсек, олардың бірі 1897 жылы Ыстанбұлда шыққан жалпы жағрапия, тағы бірі 1902 жылғы «Көркем шығармаларды қысқаша түсіндіру кітабы» мен түсіндірме сөздік екен.

Музей жұымысына соңғы жылдары ғалым Әділбек Әміреновтің араласа бастауы біздің ұжымға араб қарпіндегі көне қол­жаз­баларды, кітаптарды оқудың мүмкіндігін тудырды. Жоғарыдағы кі­тап­тардан бөлек, соң­ғы бір жыл дерегінде араб графикасындағы Абай­дың 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының қос кітабы, Қошке Ке­мең­герұлының «Қазақ та­ри­хынан» кітабы, бір­неше көне журналдар та­был­ды. Бұлардың құн­ды­лығын тілмен айтып жеткізгісіз»,  дейді қор сақтаушы.

Музей қорының үсті-үстіне толыға түсуі мекемедегі қор сақ­тау бөлімінде үлкен мәселе тудырып отыр. Ең әуелі, мұнда жә­дігерлерді сақтайтын арнайы орындар жоқ. Музейдің әкімшілік ғимаратының өзі көпқабатты тұр­ғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Екіншіден, мұндай жерде температуралық режім деген мүлде сақталмайды.

Әлия Жикенқызының айтуынша, көне кітаптар мен қол­жазбалардың қалыпты сақталуы үшін бөлме ішіндегі температура +17, +18 градус болуы керек. Алайда мұндағы температура жиі ауытқиды әрі ол көбіне ша­мамен 20-26 градус арасында сақ­талады. Заттарды сақтайтын үлкен кедергі. Қор сақтаушы осы мәсе­лені облыстың, мәдениет бас­қар­масының басшылығы ескеріп, шешіп берсе деген тілегін жеткізді.

 

Павлодар облысы