Шаруашылық • 23 Мамыр, 2023

Танапта тіршілік қызған шақ

343 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр мол өнім алғанымен, бидайын дұрыс бағаға пұлдап өткізе алмаған шаруалар осы жолы жылдағыдай мамырдың аяғын күтіп жатпастан ерте қимылдап, тұқым себу жұмыстарына қауырт кірісіп кетті. Биыл өңірге бесқонақ кешікпей келді. Жер де дер уақытында дегдіп үлгерді. Күннің қоңыр салқын райы да топырақ қыртысындағы ылғалдың ұзағырақ сақталуына қолайлы болып тұр. Диқандар дәл қазір ылғал 70 сантиметрге дейін барады дейді.

Танапта тіршілік қызған шақ

Биыл өңірде 4 млн 960 мың гектар алқапқа егін егіледі деп жос­парланып отыр. Оның 4 млн гек­тарын дәнді және дәнді-бұр­шақ­ты дақыл алады. Сондай-ақ, 750 мың гектар майлы дақыл егілмек. Мұның сыртында, облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қам­та­масыз ету үшін 16,3 мың гектар жерге қарақұмық егіліп, 3 мың 875 гектар картоп, 1 мың 123 гектар кө­көніс отырғызылады.

Соңғы жылдары құрғақшылық пен қымбатшылық қысып, қолы қысқарған көп шаруашылықтар қаржысы жетпегендіктен, топырақ тыңайту мәселесін кері шегеріп қоюға мәжбүр болып келген. Ең бастысы, жерді аздырып алмау керек. Сондықтан биыл осы бағыт­тағы жұмыстарды қайта жан­дан­дырып, өңірге 70 мың тонна ми­не­­ралды тыңайтқыш әкелу көз­деліп отыр. Мәселен, диқандар қазірдің өзінде жалпы көлемі 37,3 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс беріп, оның 24 мың тоннадан астамын жеткізіп алған. Тыңайтқыш сатып алып жатқан шаруалардан шыққан шығынның 50 пайызын мемлекет өтеп береді.

Ауыл шаруашылығы басқарма­сы­ның мәліметіне сенсек, облыс шаруашылықтары түгелге дерлік көктемгі науқанға жететін тұқым­мен қамтамасыз етілген. Астық тұ­қы­мын жаңарту, сапасын артты­ру мәселесі де оңтайлы жолға қойы­лып отыр.

– Бидай тұқымын өсіретін шар­уа­шылықтар 2022 жылғы астық­тың есебінен тұқым жаңарту және тұқым ауыстыру мақсатында 3 жарым мың тонна бастапқы тұқым, 22,8 мың тонна элиталы тұқым және 21,4 мың тонна 1-3 репродукцияның тұқымын әзірлеп қойған. 510,9 мың тонна тұқымның үлгілері, яғни көктемгі науқанға қажетті тұқымның бәрі дерлік арнайы зертханаларда тексерілді. Биыл себілетін тұқымның 91,1 пайызы бірінші сұрыпқа жатады. Ал 7,6 пайызы – екінші, 1,3 па­йызы – үшінші сұрыпты. Ғылыми мекемелер биыл әр түрлі мерзімде пісетін бидай тұқымын сеуіп көру керек деген ұсыныс айтып отыр. Осы науқанда себілетін тұқымның 30 пайызы ерте пісетін, 50 па­йызы орташа мерзім ішінде пісіп үлгеретін, ал 20 пайызы кешірек пісетін тұқым болуы керек, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бейсенбаев.

Маңызды науқанды ойдағыдай атқару үшін облысқа 73 мың тон­­на арзандатылған жанармай бө­лінген. Мемлекет тарапы­нан жасалып жатқан бұл игі көмекті шаруашылықтардың бәрі дерлік алып отыр. Литрі 223 теңге тұра­тын арзандатылған жанар­майдың құны нарықтағы бағадан 14 па­йыз төмен.

Науқан барысында ұзын саны 22,4 мың трактор, 21,8 мың дән сепкіш техника, 1200-ден астам кең ауқымды қамтитын өнімді дән сепкіш кешен жұмыс істейді.

Көктемгі егіс науқанына қар­жы­лай қолдау көрсететін «Аграр­­лық несие корпорациясы» АҚ ар­қыл­ы 474 шаруашылық 31,1 млрд теңге жеңіл­детілген несие алған.

Наурызым ауданына қарасты Өлеңді ауылындағы шаруа­шы­лық­тың басшысы Дмитрий Исаев биыл 2 мың гектар алқапқа дән себеміз дейді. Арпасын егіп болып, енді бидай себуге көшкен шағын шаруа қожалығында 12 адам жұмыс істейді. Олардың осы науқандағы айлық жалақысы әрқайсысының атқаратын жұмысына қарай 150 мың теңгеден басталып, 4-5 млн теңгеге дейін барады. Мәселен, аспаздың жұмысы он шақты адам­ға 3 мезгіл тамағын пісіріп, асын әзірлеп берумен шектелсе, дән се­уіп жатқан тракторшыларға да таң­ғы сағат 5-тен түнгі 12-ге дейін ты­ным жоқ.

Былтыр орташа өнім алып, қор­даланып қалған қарызының бір­сыпырасын өтеп алған шаруа қожалығы биыл наурызда көктемгі науқанға деп «Аграрлық несие корпорациясынан» тағы 25 млн теңге несие алыпты. Бұл несие мемлекет тарапынан субсидияланып, жылдық сыйақысы 6 пайызға дейін түсу керек. Бірақ бағдарлама жұмыс істемей тұрғандықтан, шаруа субсидияға өтінім бере алмай отыр. Нәтижесінде, қарызы есе­­леніп, жылдық өтемақысы кор­­­порациямен отырған келісім-шарт­та көрсетілгендей 22 пайызбен есептеліп жатыр.

«Жаңа бағдарлама дұрыс­тал­ған соң, онлайн өтінім беріп, жылдық сыйақы көлемін 6 па­йыз деп көрсетіп келісім-шартты қайта жаңартуым керек. Несиені күзгі жиын-терім аяқталған соң, қараша айында өтеуім керек. Қа­зір­ше қарызымның сыйақысы 22 пайызбен тіркеліп жатыр. Екі айдың ішінде 2 млн теңгеге жетті. Ал бағдарламаның қашан іске қосылатынын ешкім нақты айтпай отыр. Ауылшаруашылық техникаларына қажетті қосалқы бөлшектер де шектен тыс қымбаттап кетті. Мәселен, К-700 тракторының бір доңғалағы 860 мың теңге тұрады. Бұрын К-700-дің өзін 3-4 млн теңгеге сатып алуға болатын. Қазір төрт доңғалағын ауыс­тыру үшін 3-4 млн теңге керек. Техника болған соң, бір жері сынбай тұрмайды. Қосалқы бөлшекті де қымбат бағамен қарызға алуға мәжбүр болып отырмыз», дейді Д.Исаев.

Өлеңдідегі санаулы қожалық­тың ішінде ең ірісі болып сана­ла­тын бұл шаруашылықтың техника­сы дерлік ескіріп кеткен. Ескі тех­­­ника жиі сынып қала берген соң, Дмитрий былтыр лизингке су жаңа «Беларус» тракторын алып­ты. Қазір танаптың шаңын бұр­­қыратып, тоқтаусыз шауып жүрген де – осы техникасы.

«Бұл тракторды да ақпан айын­да 22 пайыздық өсіммен 25 млн теңгеге алдым. Оның 25 пайызын мемлекет өтеп беруі керек. Оны біз өтінім бергенннен кейін бір айдың ішінде аудару керек еді. Бірақ баяғы бағдарлама дұрыс жұмыс істемей тұрғандықтан, әлі күнге дейін ала алмай отырмыз», дейді шаруа.

Биыл облыстың егін шаруашы­лы­ғы саласына тыңайтқыш, тұ­қым, пестицидтер мен өзге де эконо­микалық маңызы бар дақыл­дарға 10,5 млрд теңге субсидия бөлінген. Бірақ, жоғарыда атап өткендей, шаруалардың көбі суб­си­­диялаудың мемлекеттік ақ­па­­раттық жүйесі дұрыс жұмыс істе­мей тұрғандықтан, өздеріне тие­сі­лі демеуқаржыға қол жеткізе алмай отыр.

Қостанайлық диқандар 2021 жыл­дың күзінде жинап алған би­дайының тоннасын 140 мың теңге­­ден өткізген. Ал былтыр диір­мен біткенді Ресейдің сапасыз әрі арзан бидайы басып қалып, жергілікті өнімнің бағасы 90-95 теңгеге дейін құлдырап кетті. Қаржылық мүмкіндігі бар шаруашылықтар жер ырысын арзан бағаға қор қыл­май көктемде өткізбек болып қамба толы астығын күні бүгінге дейін сақтап келіп еді, өкінішке қарай, бидай қымбаттай қоймады. Есесіне, көктемгі науқанға қажет техника, қосалқы бөлшек сияқты дүниелердің бағасы шарықтап кетті. Осылайша, арзаншылық пен қымбатшылықтың арасында қалып, аузы күйген шаруа­шы­лықтардың біразы биыл бидай алқаптарын күрт азайтып, нарықта жоғары сұранысқа ие де­ген дақылдарға көшіп жатыр. Ал мыңдап егін егетін ірі шаруа­шы­лықтардың біразы алқаптарын әлде­қашан әртараптандырып алған.

Мәселен, Меңдіқара ауданын­да­ғы «Қарқын агрофирмасы» серіктестігі 50 мың гектар жерді игереді. Соның 50 пайызына бидай, арпа, сұлы, 30 пайызына күн­бағыс, зығыр, соя, мақсары се­кіл­ді майлы дақыл түрлерін егеді. Қалған алқапты шабындық алып жатыр.

«Биыл біз жақта ылғал аздау. Шамамен 50 сантиметрдей бо­лады. Негізі 1 метр 20 сантиметрдей болу керек. Бірақ жа­уын-шашын дер кезінде жауып тұрса, егін бітік шығып қалар деген үмітте отырмыз. Ең бастысы, біз өзге шаруашылықтар сияқты науқан уақытында сырттан қысқа мерзімге жұмысшы алмаймыз. Бәрі осы ауылда тұрады. Ені 18 метрді қамтитын егін қуатты егін сепкіштеріміз бар. Бір маусымда 4 жарым мың гектарға дән сіңіретін бұл агрегаттың біреуі 4-5 К-700 тракторының жұмысын атқа­ра­ды», дейді Сайран Бұқанов.

Жер өңдеу, топырақ құнарын сақ­тау мәселесін үнемі бірінші орын­­ға қоятын аталған агрофирма жылда қыруар қаржы шы­ғын­дап, қымбат минералды ты­ңайт­­қыштар сатып алып отырады.

«Субсидия алу жыл өткен са­йын қиындап бара жатыр. Бұрын «Қол­дау кз» деген бағдарлама пәле болып жабысып еді, енді тағы бір жаңа бағдарлама шықты деп жатыр. Әйтеуір шаруалар соның соңынан жүгіреді де жүреді. Субсидия деген жыл сайын сорлатады. Мен осы шаруашылықты бас­тағалы уақытында субсидия алып көрген жоқпыз», дейді тә­жіри­­белі диқан.

Ауыл шаруашылығы сала­сы­ның мамандары жазда үйірлі шегіртке, астық көбелегі секілді зиянкестер мен дән сабағын тот басу, септориоз сынды ауру­лардың көбею қаупі төнуі мүм­кін дегенді айтып отыр. Алайда облыстың оңтүстік аудан­да­рында жыл сайын рес­публика бюд­жетінің есебінен үйірлі ше­гірткеге қарсы у шашу жұ­мыс­тары жүргізіліп отырады. Бұл ба­ғыттағы өңдеу жұмыстары биыл да жоспарланып отыр.

Ал диқандар алқап аптапқа ұрынбай ауа-райы егінге қолайлы болып тұрса, биыл жылдағыдан 2-3 центнерге жоғары өнім алып қалуымыз мүмкін дейді. Көктемгі тіршілігі танапқа байланған шаруа біткеннің алдағы уақытта бидай мен майлы дақылдың бағасы тұрақталып қалар деген үміті бар.

 

Қостанай облысы