Аймақтар • 24 Мамыр, 2023

Қара шіркей қаптаса, инелікпен жылап көрісесің

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Керекуде сары масаны жоюға бағытталған биологиялық және химиялық өңдеу шаралары нәтижесін бергені байқалады. Биыл айтарлықтай дүрбелең жоқ. Мамыр айының әдеттегіден салқын болып тұрғаны әрі Ертіс өзені жайылмаларына судың аз жайылғаны да өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігердің «айын оңынан тудырып» тұрған сыңайлы.

Қара шіркей қаптаса, инелікпен жылап көрісесің

Мамандар кейінгі жылдары суда дамитын қансорғыш жән­діктердің саны азайып келе жатқанын, бұған химиялық және биологиялық өңдеу шарала­рының тұрақты жүргізілуі жағ­дай тудырғанын айтады. Био­логия ғылымдарының докторы Қанат Ахметовтің сөзінше, сонау 2001 жылы судың бір дециметр көлемінде 6 мың дернәсіл кездессе, қазіргі күні ол 800-ге дейін қысқарған. Негізі шыбын-шіркейдің даму үдерісі сыртқы ортаның әсеріне тікелей байланысты. Күн күрт ысыса, өзен-көлдегі, шалшықтағы судың температурасы да жоғарылап, дернәсілдер тезірек қанаттанып кетеді. Кейінгі екі жылда мамыр айының салқын болуынан шыбын-шіркейдің қанаттану үдерісі кідірген. Соның нәтиже­сінде облыс орталығының тұр­ғын­дары шіркейдің шабуылына аса ұшырай қойған жоқ. Жыл сайын көктемде қансорғыш жәндіктерге қарсы биологиялық және химиялық өңдеу шаралары басталып, ол жаз бойы жалғасатыны белгілі. Олардың қай уақытта іске кірісіп, қай кезеңде кідіруі тиістігін дернә­сілдердің дамуын зерттеумен айналысатын ғылыми топ мүшелері белгілеп отырады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде кейінгі уақытта Ертіс-Баян өңірінде өңдеу жұмыстары жүйеге түсе бастаған.

Қазір өңірде сары масаға қарсы биологиялық және химиялық өңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Биыл әуе­ден өңдеу жұмыстары 90 па­йыз­ға дейін нәтижелі болды деп бағаланып отыр. Мердігер ком­пания өкілдері енді шіркей дернәсілдерін жою бойынша шараларға қызу кірісіп кетті.

«Биылдың жаңашылдығы, өңделетін аумақтардың ауқымы бірнеше есеге күрт көбейді. Яғни жайылмалар бойынша препараттар шашылатын жерлер 27 мың гектардан 71,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында әуеден өңдеу жұмыстары жиі жүргізілді. Әуелі су тасу кезеңінде Ертіс өзені мен өзге шағын өзендердің жайылмаларын «Бактицид» биологиялық препаратымен өңдедік. Ал су қайтып, Ертіс өзені табиғи ағы­сына оралған соң жайылма аумақтарындағы су айдындарында ұшақ арқы­лы химиялық өңдеу жүр­гізіл­ді. Жоғарыда аталған аудан­дар­ға қоса, Павлодар мен Ақсу қала­ларының маңайы, Кенже­көл, Атамекен кенттерінің аума­ғы өңделді. Бір ғана облыс ор­та­лығында 26,1 мың гектар жер­де дернәсілдерге қарсы сұйық­тық шашылды. Ұшақ жетпеген жерлерге қол бүріккіш ар­қы­лы «Бактицид» препараты шашылды әрі химиялық өң­деу де жүргізілді. Шағын ұшақ­тарды қолдану арқылы сары масаны дернәсілдік ке­зеңін­де жоюға мүмкін болды. Де­ген­мен маса дернәсілдерінің екін­ші толқынын жою үшін әлі де фенологиялық бақылау жалғасып жатыр. Енді мердігер компанияның қызметкерлері біздің мамандардың нұсқауымен Ертіс өзеніне биологиялық препараттарды төге бастайды. Бұл жұмыс өзен бойындағы барлық нүктеде атқарылады», деп түсін­дірді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қор­ша­ған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Әдеттегідей препараттар Ақ­қулы ауданы Бесқарағай ауы­лының бірінші нүктесінен бас­тап, Тереңкөл ауданы Жаңа­бет ауылының соңғы нүктесіне дейін төгіледі. Биыл Ертіс өзе­ні­нің Белая, Түлкі, Талинка, Подстепка, Каратун және өзге де сағаларында шіркейлердің шы­ғуы мүмкін негізгі арналары анықталды. Өзеннің облыс ау­мағындағы барлық арнасына сыйымдылығы 20 тонна болатын 4 баржа мен 5 моторлы қайық тартылмақ. Жалпы ұзын­дығы 1130,6 шақырымға 166,7 мың литр биологиялық өнімнің 30 пайыз суспензиясын пайдалану жоспарланып отыр. Жалпы, елді мекендердің маңайлары мен жайылмаларды әуеден, жерден және су арқылы өңдеу шараларына жалпы сомасы 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса қалалар мен аудандардың жергілікті қазынасынан барьер­лік өңдеуге қосымша қаражаттар қарастырылған.

Шіркейдің бір қанаттанса ырық бермей кететінін жақсы біле­тін мамандар қазіргі күні қан­сорғыш жұмыртқаларының әр даму кезеңін кірпік қақпай бақылап отыр. Күніне бірнеше мәрте су айдындарының температурасы, ондағы дернәсілдердің даму үдерісі өлшенеді. Ғылыми топтың ұсыныстары бойынша әрекет ететін өңдеушілер бүгінде Ертіс өзені бойында орналасқан қала-аудандарда жоспарлы шараларды жүргізіп жатыр. Биолог ғалымдардың сөзінше, шіркейдің дүр етіп көтерілуі көктем-жаз айларында әр 7-8 күн сайын қайталанып тұрады екен. Био­логиялық дәрі дернәсілдер өз бе­тімен қоректене алатын да­муы­ның үшінші деңгейінде ғана нәтижелі. Ал мердігерлер бұл уақытты өткізіп алса, қара бұлттай топтанып ұшатын шір­кей жылдағыдай адамдар мен жан-жануардың мазасын алатыны анық. Қара шіркей қаптаған жылдары Кереку жұрты маусым айының соңын ала ұшатын инелікпен жылап көрісетін.

 

Павлодар облысы