Тарих • 24 Мамыр, 2023

Қолмерген

296 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ай-жұлдыз жасырынған қап-қараңғы түн. Қоржын тамға кіргені сол еді, помещиктің келіні шыға келді. Шошынған ол шыңғырмақ болып аузын ашты, бірақ даусы шықпады. Демі ішіне түсіп кетті-ау. Бір қарғып барды да, зіл темір жұдырықпен кеудеден солқ еткізіп соққанда, қабырғаға жабысып, талды да қалды. Алақ-жұлақ айналаға қарады, сұлық жатқан келін денесін жасыра қоятын жер жоқ. Ойланбастан екі бүктеді де, баяу жанған ошаққа тықты да жіберді. Етжеңді екен, дәу қара қазан қозғалып кетті.

Қолмерген

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бір сәтке кідіріп, қонақтар дабырлап, қызыл кеңірдек болып жатқан үй жаққа құлақ тосты, дауыстары бәсеңдемеген. Демек ештеңеден сезіктенбеген. Қарсы бөлмедегі қара құлыпқа сом темірді салды да тартып қалды, опырылып түсті. Есікті ашты. Қараңғыдан түк көрінбейді. Келін алып шыққан майшамға көзі тіре­ліп, соны алды.

Айқасқа кең бөлменің төрінде байлауда тұр. Жануар мұны танығандай оқыранып қалды. «Тыс-с!» деген бұл бар­ды да, арқанды ағытты, жай жетелеп есікке келді. «Адамнан есті жануар» де­гені рас-ау... Айқасқа жағдайды ұққан­дай мұның ыңғайына көніп, жетегі­не жүрді. Ауыз бөлмеге қайта түсті. Ошақ­та­ғы келіннің киімі бықсып, көк түтін қаптаған. Көзі шоқтай жанған жануар түтін иісіне шошынып дірілдей бас­тады. Далаға шықты да ат тұмсығын бас­қан алақанын алып, жүген салды. Осы кезде ғана тықыршыған Айқасқа бар­ даусымен кісінеп жіберді. Бұл сәтте бір-ақ қарғыған ол аттың үстінде еді. Дар­база ашық. Бір ытырынып, заулады да жө­нелді. Әудем жер ұзағанда артынан бес-ал­ты рет мылтық атылды. Қара жолдың то­пырағын бұрқыратып қара түнді қақ жарып ұшып барады. Екі жылда бойы биік­теп, тұрқы ұзарып, жон арқасы жалпайып, кеудесі кеңіп қалған шұбар аттың жа­лаңаш үстінде жалға жармасып әрең отыр.­ «Нағыз тұлпар атқа айналыпты», деді.

Айсыз түнде Айқасқаны ұрлап, сол күн­нен бастап қарақшы атанған Қаракө­се­нің Болтай атасынан шыққан 19 жастағы Сақ еді. Екі жыл бұрын нақақтан жала жабылып, Бекабаттың тас зынданына түс­кенде бозбала еді. Әзір зіңгіттей жігіт. Нағыз түйе қабырғалы Қаракөсенің нақ өзі. Ұзынша бойы атты кісіні иектейді, екі иығына екі кісі мінгендей кеуделі, жауы­рыны қақпақтай. Қарасұр түр-әл­петі кім-кімді де ықтырғандай ызғарлы. Жал­пақтау беттегі үлкендеу көздері зілде­не қараса, жерге тығып жіберердей тым сұс­ты. Әйтсе де, балуанға шақ келісті дене бі­тімі көрген жанды «Паһ, шіркін!» дегізетіндей.

 

* * *

«Әттең дүние, біреуге кең, біреуге тар!». Бұрнағы жылы Болтай жылқысы Иван помещиктің картоп салған жерін жиектеп, қамауға алынған. Сот пен ауыл ақ­сақалдары ырғаса келіп, егінге ерні де тимеген, зиян да шектірмеген жыл­қы­ның бес-алтауын айыпқа кескен. Қосақта шұбар құнан да кетті. Ақса­қал­дар көп дәлелмен қанша айтса да пат­ша заңы помещик уәжін дұрысқа шы­ғар­ды. Бұған өкпелі Сақ дәм сызбай жатып қалған. Бала беті бері қарамауға ай­налған соң әкесі Садықбай екі жылқы жете­леп барып, «айыпты» шұбар құнанға айыр­бас­тамақ болды. Оған Иван помещик көнбеді. Ақымақ емес қой. Мал тани бі­ле­ді. Шұбар құнан екі-үш жылда бір үйір қылқұйрыққа да айырбастамайтын алапат тұл­парға айналарын жалмауыз жүрегі сезіп тұр.

 

* * *

...Сақ әлі күнге шұбар құнанға ер салмаған. Дөнен шыққанда бір-ақ ерттемек еді. Негізі Айқасқа жаңа туғанда қап-қара құлын болатын. Өсе келе құнан шығарда басы мен мойыны, төрт аяғы жуан санға дейін шымқай қара күйінде қалды да ұлы денесі шұбарланып кетті.

...Тұрқы бөлек Айқасқаны қолына қалай түсірерін білмей көз қадап жүрген Иван помещик Болтай жылқысының бір бөлігі картопты алқапқа жапырылып бара жатқанын көргенде алақан ысқылап, «О-о, Исус, арманымды алдыма айдап әкелдің!» деп қуанған. Дереу шоқынып, құдайына тәу еткен.

Егін етегінде Айқасқа мойнын аққу­дай иіп, ойнақтап билегенін көргенде Иван құдайына солай сыйынбаса да болмас еді. Таң жарығында күн шуағына малынып, жал-құйрығы төгіліп, төрт тұяғын маң-маң тастап, маңғаз ғана билеп жүрген Айқасқа көрер көзге сұлу еді. Помещик қатты қуанғаннан жирен сақалды иегі кемсеңдеп, шағыр көзіне жас тығылды. Бырт-бырт етіп бір-екі тамшысы ытқып та шықты.

Кенет есін жиып, айғайға басты. Төрт-бес жалшыны атқа қондырып, мән-жайды түсіндірді. Үш жүзге жуық жылқыны қай қораға сыйдырсын. Он бес шақтысын кіргізіп, қалғанын айдатып тастады. Қо­радағы жылқы арасында айқасқа құнан да бар. Көзі жасаураған Иван құнанға қара­ған сайын құмары қанар емес. Енді бұл асыл текті жануардан өлсе де айырылмас.

Келесі іс тез тындырылуы ләзім. Жал­шы­­ны саба қарын стражникке жұмса­ды. Болған жайды бұрмалап, про­токол­ды өзі тол­тырып, қосымша хаттамаға «пәленбай гек­тар жердің картобы жылқы тұяғына жа­нышталып, шеккен шығыным – 15-20 сом орыс ақшасы», деп өзі жазып берді. Ал саба қарын стражник бір бөшке самогоннан мелдектете ішіп, танауы тершіп отырған.

«Ваня, сот өкілдері тексерсе, өтірі­гім шықпай ма? Мал тұяғы картопқа жетпегенін қызметшің маған айтты», деді ол Иванға тіке қарап.

Помещик саспады. Стражниктің қалтасына бір уыс пұл салып: «Сот та пен­де. Оның да аузы бар», деп миығына ке­кесін іліп күлді.

Тиісті мекемені паралап, қулығы мен сұмдығын асырған помещик сотта болтайлықтарды жеңді. Патша заңын өз керегіне пайдалана алатынын көрсет­кен кеудемсоқ орыстар қазақтарға өк­тем сөйледі. «Сауатсыз сасық қазақтар, әкелеріңді таныттық па?» деді. «Күні бойы самогон ішіп, езуінен махорка түс­пейтін, үнемі сасып, бықсып жүретін сор­лы күнінде бір рет бетін шаяды ма, жоқ па? Сөйте тұра бес мезгіл намазы бар кә­міл мұсылманды сасық дегені несі!» деп кейіді ауыл молдасы.

Шенеунікке пара беріп, өз керегіне пайдаланудың арам әдісі алғаш рет біздің елге осы помещиктермен келді.

 

* * *

Тұлпар тұрпатты құнаннан қапыда айырылған Сақ тағаттан да айырылды. Күндіз-түні помещик үйін торуылдап, жаздың бір күні Айқасқаны Жайма көлге апарған атшы жігітті ұрып жығып, құнанды мініп қашқан. Көл жағалай шауып отырып, жыңғыл мен тораңғыл қаптаған үлкен сайды өрлеп, адам аяғы сирек баратын қу далаға кеткен. Үш-төрт күн жасырынып жан бақты, азығы қат болғанда, көрші ауылдағы нағашыға тартқан. Балалық қой.

Бұл кезде ауылды шулатқан помещик пен стражниктер Садықбай мен туыстарға қоқан-лоқы көрсетті. Бірақ түк шығара алмады. Құнанның орнына екі жылқы ұсынып еді, Иван оған қарамады да. Әйтсе де ел ішінен бір сатқын тапқан. Сөйтіп, екі ауылды кірпік қақпай күзетті. Әккі стражниктер құрған қақпанға бала өзі келіп түсті. Түн жарымда нағашы ауы­лына таяп қалғанда он шақты стражник қаумалап, тұтқындапты. Мойынға қыл бұрау лақ­тырып, қылқындырып ұстаған көрінеді.

Нешеме күннен бері ашынған помещик тұтқынды бірден Бекабатқа айдатты. «Ұры-қарақшыны» зынданда ші­рітпек. Қажетті құжат-хаттаманы қат­тап қойған. Ол хаттама бойынша, Сақ жыл­қы ұрлап қана қоймай, жалшыны аямай соқ­қыға жығып, өлтірмекші болған. Көзін шығарып, басын жарған, аяғын сын­дырып, мүгедек қылған. Қазір атшы Са­ша­ның ақыл-есі кіресілі-шығасылы-мыс.

Әлі бозөкпе баланың шын жасын жасырып, «жасы 20-да, нақ қаскөй қарақшы» деп көрсеткен. Оқиға басында Саша мен Сақтан басқа ешкім болмады. Атшының таяққа қалай жығылғанын еш­кім көрмеген, білмеген. Бірақ стражник бастығы қолдан екі-үш куәгер жасап, олар­дың оқиға туралы баянын қағазға түсір­тіп, бармағын бастыртып алды. Осы­мен Сақ зын­данға нақ түсіп, келмеске кетері хақ болды.

Анығында, Саша шұбардан айырылып, ойбайға салып үйге барған. Қо­жа­­йы­ны жынданып кете жаздап, қат­ты ақырды. Ақыры көзіне қан толып, бұзау­тіс қазақы қамшымен тартып-тар­тып жіберген. Ауыр соққылар көз шы­ғарып, басты жарған. Тағы құлаштай ұрып, тізесін талқандады. Енді осының бәрін бейкүнә бозбалаға жала қылып жапсырмақ.

Сақтың іздеушілері артынан жетіп барғанша қауіпті қылмыскер ретінде тез соттап, зынданға тастап үлгеріпті. Әкесі әкелген марқа етін де бергізбеді. Жазған хатты мың тексеріп, әйтеуір алып қалды. «Бала жас, мейірімді боларсыз!» деп берілген бір жылқының ақшасын зындан бастығы қуана, қулана қалтасына басты. Әкесі көп өкінішке көміліп серіктерімен елге қайтты. Күзде тағы бармақшы.

Арада екі ай өткенде тілдей қағаз келді. Дуана іспетті жұпыны адам Садықбайға хатты ұстатты да жөніне кетті. Онда: «Әке, маған келмеңіз, өзім барамын» деп жазылған. Содан жеті ай дегенде стражниктер ауылды қайта тінте бастады. Көрші ауылдарды да сүзіп шыққан. Ауызы бос біреуі, зынданнан он шақты қылмыскер қашып, құтылып кеткенін айтыпты. Қашқан қылмыскерлер қатарында Сақ та бар.

 

* * *

Сақтың кейінгі өмірі туралы әңгімелер аңыз-ертегіге бергісіз. Жасаған жақсы ісін жарияламайды. Мақтанды, кердеңді, кербезді жаны жек көреді.

Он шақты өзбек-тәжікпен бірге кеткен Сақ Памир тауларына жол шеккен. Сол жақта қаруды ұстау мен атудың, сондай-ақ қолма-қол соғыстың неше тәсілін меңгеріп, екі жыл жаттыққан. Ол жө­нінде өзі тіс жармайды. Елге келіп, ауыл жігіттерін серік еткенде, таулы жұрт­қа жол түскенде, өрендері тәжік достардан там-тұмдап естіген әңгімелер бұл.

 

* * *

Сақ зынданнан қашқалы помещик үрей мен қорқынышқа ұрынып, атты үй қасындағы қоржын тамда ұстайды. Терезесін тас қып бекітіп, есікке дәу құлып салған. Ауыз үйде қазан-ошақ, ал қарсы бөлмеде ас әзірленеді.

...Айқасқаны ұрлауға келген Сақ үй қоршауына қарғып шықты. Сол-ақ екен, Қап тауының құбыжық іспетті тайынша­дай екі сабалақ төбеті ырсылдап лезде жетті. Сескеніп қалды. Үрмесін деп ұйық­қан қаншықтың ұнтақталған тезегін ша­шып жіберді. Қорған ішінде қамақта жүрген екі арлан төбет ұйыққан қаншық тезегіне мауығып, ұзақ ұйлығатынын біледі. Қоршаудан түсіп, қонақтар дуылдасып жатқан үйді айналып, қоржын тамға барды...

 

* * *

Сақ соққысынан талып түскен келін­шектің жамбасы отқа шыжғырыла күйіп­ті. Әйтеуір жаны аман. Ауыз үйге кейін кірген көмекші әйел шыңғырып, айғайға басқан. Аттың шұрқырай кісінеген үнінен секем алған помещик пен қонақтар апыл-ғұпыл далаға шыққан, әйелдің шыңғырық даусы бәрін шошытты. Артынан мылтық атылды. Таң атқанша ығы-жығы, айғай-шу болды. Атты адам әкетті ме, албасты әкетті ме, беймәлім!

Сақ сол кеткеннен тағы да мол кетті. Қай­да барды, не істеді, кіммен бірге жүр­­ді, немен тіршілік етті – ешкім біл­­мейді. Әр кез, әр жерден шыққан қауе­сетке қарағанда көрші өзбек, қыр­ғыз, тәжік, түрікмен елдерін кезіп жү­ре­тін кө­рінеді. Алтыатар шолақ мыл­тығы бар. Көргенін көздемей ататын қол­мерген. Дыбыс шыққан жаққа мылтық кезеп, шүріп­пені басса, тысыр еткен жер жастанады. Соңына түскен талай поли­цияның мой­нын бұрап, алтыатарға ілік­кеннің миын шашып, о дүниеге аттандырса керек.

Көрші елдердегі қарапайым адамдар арасында қайырымды қарақшы атанған деседі. Жетімдер мен жесірлердің жетіліп кетуіне сеп болған. Қысқы соғымға, жаз­ғы сауынға мұқтаж жандарға мал та­ратқан. Қолы ашық бай-бағландар мен қайы­рымды жандарға тимеген. Құлқын құ­лына айналған қара жүрек қызғаншақ байларға жаза кескен. Құдайдың ізгі қа­ғи­даларынан қашқан қорқаулардың мал-дүниесін үптеп әкетіп, әлсіздерге үлес­тірген. Осындай аңыз-ертегіге бергі­сіз, қызығы қым-қиғаш уақиға-әңгіме көп.

 

* * *

«Орда бұзар отызда» Сақ елге оралады. Бұл кезде тынышы кетіп, жыл сайын егіні жанышталып, малы түгел барым­таға түскен Иван помещик елден көшіп, мүл­де жоғалып, құрыған.

Ал полиция оны көрсе де көрме­ген, білсе де білмеген болды. Өзі келіп ұрынбаса тиіспейік деген сияқты. Сақ енді қалаулы қалыңдығын құшып, от басы, ошақ қасында бейбіт өмір сүре бастаған. Бірақ он жылда екі айналып соққан «Доңыз жұты» мен «Қой жұты» оны тағы да тыныш жатқызбады.

 Біздің ел тіршілік кешкен жер қан­ша мырза дегенмен, тегі шөл емес пе? Ұлы жұт келгенде жұқарып, жағдайы қиындап кететіні рас-ты. Мал баққан ел жұтта жүген-құрық ұстап қалғанда, Сақ қайтадан ат жалына қол артып, үзеңгіге аяқ салған. Еті тірі, білегі мықты өрен қасына ерген. Өрендер әңгіме айтқанда мұқым қауым көз жұмып, мол қызыққа бататын. Әттең-айы, бәрін тәптіштеп, таратып айтуға Сақтан тыйым бар.

Тау-тасты кезген, көрші елдердің бәрін көрген. Әйтеуір мал тауып әкеліп, елге таратып жіберетін. Қарашаға соқ­тықпай, қайырымы жоқ байдың малын айдап әкететін. «Бұл жануарды малданам деп ойламаңдар. Із кесіп іздеушісі келуі ықтимал. Сойып алып, азық қылыңдар. Ай жарымда тағы айналып соғармыз», деп жөнелетін.

 

* * *

Әуелде ішерге асы жоқ деген үйге бір мал әкелетін. Жұт күшейгенде көп адам ас-ауқатсыз қалды. Енді қасына серік ертіп бай, помещиктердің мал-дүниесіне тие бастады. Он-он бес үйге «ортақтасып жайғап алыңдар», деп үш-төрт ірі мал байлайтын. Бұл әдіс-амалды полиция аңғармай қалмады. Өз әлі жетпейтін еді. Сырдариядан көмек шақыртқан. Сөйтіп, отыз шақты полиция жасағы Болтайды торуылдауға көшкен. Әрине, ауыл адамдарына сездірмеді.

Бұл жолы Жызақ жаққа жортуылдаған Сақ түн жарымда екі серігіне екі-екіден жылқы жетелетіп келді. Ауылға топырлап бармас үшін екі мініс атты алып қалды. Төрт сойыс жылқысымен ауылға жаяу жіберді. Полиция Жайма көлді жағалап өте берген екінің бірі Сақ деп ойлап, қоршауға алған.

Екі атты тұсап, Айқасқаны бос қойған Сақ қара жерге енді жамбастап, аяқ соз­ған. Көл жақта мылтық атылды. Аты да бас көтеріп сол жаққа қадалып тұр. Бір пә­ленің болғанын білді. Асықпай ат жүгенін қайта салды, тартпаны мықтады. Ауылға ба­рар жолды айналып, қалың қарағашты қапталдай шауып, тұтқындарды әкеле жат­қан жасақтың дәл қарсы алдынан шықты.

Олжалы полиция жайбарақат. Жай жүрген Сақ жақындағанда ғана бір те­бініп, алтыатарды көздемей-ақ атып-атып жіберді. Қараңғы түнді осқылаған оқтың бірі де зая кеткен жоқ. Төрт по­лицияның басын паршалап, жер жас­тандырды. Жөпелдемеде сасып қалған жасақ шегінген бойы бейберекет қашып барады. Екі өренге қайта соққан Сақ, төрт жылқыны ауылға апаруды бұйыр­ды. Сөйтті де ес жиып оқ ата бастаған жасаққа қарай тура шапты. Шошай­ған бір-екі бас­ты, дыбыс шығарған екі-үшеуін тағы да атып түсірген бойы заулап өте шықты. Жасақ атқан он шақты оқтың бірі де дарымады. Ұзап барды да мылтықты ер қасына ілді, бір домалап аттан түсіп қалды. Шабысын тежеме­ген Айқасқа әрі қарайғы жөнін өзі біледі. Адамнан есті жануар.

Қарағаштарды қалқалап жаяу жүгір­ді. Тағы айналып ауыл жаққа өтті. Бұл жолы мылтығы жоқ. Есесіне екі қанжар, екі пышағы бар. Пышағы үлкен. Қажет болса балта орнына пайдаланады, жал­пақ қайқы. Атқаны мүлт кетпес Сақтан жүрегі шайлыққан жасақ, «көзсіз ер қай тұстан шауып келер» деп тырс еткен дыбыс шығармайды. Жасақ жасырынған жерге таяғанда аяқ ұшымен жүрелей жүріп, айналаға бажайлай қарайды. Бұл даланың әрбір дөңесі мен еңісін, бұтасы мен діңін бес саусақтай біледі. Қараңғыға қадалған қос жанары бәрін жарық күндегідей көретін сияқты.

Аяқ ұшымен жүріп тағы екеуін ба­уыздап салды. Тыпырлап шыққан дыбыс жаққа оқ жаудырып жүгірген полиция жасағы Сақтың қайыра ауыл жақ бетке өткенін ұқты. Өзі зым-зия жоғалған. Енді алға бір адым жүрсе өлтіре беретінін сезді. Таң сібірлей топталған жасақ он бір мәйітті арбаға тиеп Сырдағы қосына қарай кетті.

 

* * *

«Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын осылай көптің қаны төгілген еді» депті мерген бұл оқиға туралы өзіне Алладан жаза тілеп бет сипағанда. Ол кездегі өрен Мәулен, мергеннің аға досы Анзурдың әңгімесін еске алды.

Памир тауларының қалың жыныс етегінде орналасқан тәжік қыш­лақ­тарын торуылдап, қарапайым жұрт­­тан нәпақа айыратын жолтосар қарақ­шы­лар болыпты. Бірде ұзатылып ба­ра жатқан Анзур қызының керуенін Да­риус атты қарақшының тобы ша­уып, қыз амандығына ақылға сыймас құн сұрапты. Бұл өңірдегі Анзурдың құді­ретін білмейтін, ауған жақтан келген қарақшы екен. Әйтсе де артына ілескен қанқұйлылар қырық шақты көрінеді.

Осы қиын сәтте жортуылдан жолау­шы соққан Сақ аға досқа көмек қолын созыпты. Шолақ алтыатарды жала­ңаш­ жауырын ортасынан белге қарай беш­пент астына, екі қанжар мен екі пышақты саптамаға тығып Дариусқа жалғыз барыпты. Астына кесек, үстіне күміс ақша салған қоржынды аттан түспей Дариустың алдына лақтырған. Айқасқаға көз қадаған қарақшы «Сен кімсің!» деп сыздана сұрағанда, «Мен қазақпын» деп жайбарақат әңгіме бас­тапты. Ондағы ойы – қарақшының бәрін ашыққа шығару. «Астыңдағы ат та құнға кіреді» деп Дариус қоржынға еңкейді. Алтыатар мен қанжарды қатар суырып, қанжарды жауырынның жүрек тұсына лақтырып, бір мезетте биікте мылтық кезеген қарақшыны атып түсірді. Айқасқа ытырынғанша Дариустың қасындағы қарақшы қылыш шауып үлгерді. Қара сандағы ойық тыртық – сол.

Бұл кезде мысық табандап келген Анзурдың адамдары қарақшылар­ды қор­шап алып, атқылай бастаған. Қан саулаған жараға қарамай оңаша отырған Дилором қызды қағып алып қашты. Алдынан шыққанның бәрін атып түсірді. Оқ таусылғанда атты бос жіберіп, шатқалға жасырынды. Осы кезде етегін көтерген Дилором астыңғы көйлектен бір құлаш мата жыртып, қара санның жалбыраған етін жұлып, таудың емдік шөптері мен майлы топырағын жараға таңған. Өстіп жаны аман қал­ды. Қарақшының бес-алтауы құтылып, қалғаны өлім құшыпты. Анзурдың адамдарынан да шығын бар.

Ал ауыл жолының бойында полиция бастығы да қаза тапқан екен. Екінші бастық тағайындалғанда Сақ түн жамылып, үйіне түсіп, келісім жасаған. «Иван помещиктің жайын айттым. Жым болды. Ешкімге тимейді. Бірақ мен бірер жыл елде болмаймын» деп тағы да жалғыз жор­туылдап кетті. Бұл кезде көкек ша­қы­рып, жер түлеген. Төрт түліктің аузы көк­ке жетті. Енді екі-үш аптада пышаққа ілініп қалар.

 

* * *

Тағы бір аңыз Сақтың көз ілгенін ешкім көрмегенін айтады. Осыны қасына ерген өрендерден сұрағанда, көзін біз­дер де көрген Мәулен ақсақал: «Осы сұрақ­ты жеңгеме мен де қойдым. Мергеннің кірпігі айқасқанын ол кісі де көрмей өтіпті», дейді екен.