Әдебиет • 24 Мамыр, 2023

Сахалиннің Сангиі

648 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кешегі кеңестік кезеңде атақ-даңқтары аспандаған ақын-жазушылардың бір шоғырын шығармашылық аламанында ормандай көп орыстың өзінен ат оздырған өзге ұлт өкілдері құрағаны әмбеге аян. Талантымен төрткүл дүниеге танылған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Қайсын Кулиев, Давид Кугульдинов, Олжас Сүлейменов, Анатолий Ким, Анар Рзаев, Фазыл Искандер, Нодар Думбадзе, Грант Матевосян, Юрий Рытхэу секілді классиктердің кітаптары миллиондаған тиражбен тарады. Сонау Қиыр Шығыстағы Сахалиннің сарсүйек тұрғындары саналатын азғантай ғана нивхының маңдайға басқан мақтанышы Владимир Сангиді де сол саңлақтардың қатарына қоссақ қателеспейміз.

Сахалиннің Сангиі

Жетпісінші жылдардың аяқ жағында «Жұлдыз» журналында Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» атты повесі жарияланды. Тәржімелеген – Шерхан Мұртазаев. Телегей теңіздің ақ­жал толқындарымен алысқан адамдардың аянышты тағдыры, үлкендерден балық аулаудың әліппесін үйрену үшін қатерлі сапарға шығып, қалт-құлт еткен қайық үстінде үрейлі сәттерді бастан кешкен байқұс баланың күдер дүниесінен күдер үзбеген қайсарлығы жас жанымызды қат­ты тебіренткен еді. Алайда шы­ғарманың шекесіндегі «Владимир Сангиге» деген жазуға бәлендей мән бермедік.

Кейін есейе келе білдік. Шоқ­­­тығы биік шоң қырғыздың айрықша ілтипатына бөленген Сангиіңіз де «сау сиырдың боғы» емес екен. Кең-байтақ КСРО-ның шыған шетінде, Амур өзенінің сағасында, Охот теңізінің жаға­сында тіршілік етіп жатқан нивх дейтін аз санды халықтың айбоз ұлы көрінеді. Көп кешікпей қарымды қаламгердің тұшымды туындыларымен таныстық. Бері­де­ интернет арқылы ұлтының ұпайын түгендеу жолындағы қай­­­раткерлік қырларына қанық­тық. Жарықтық бүгінде сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға тая­са­ да әлі тұғырынан тайған жоқ. Отаршылдық ойранына­ ұшырап ана тілінен, салт-дәстүрінен айы­рылу алдында тұрған туған хал­қы­ның келешегі үшін күре­сумен келеді.

 

* * *

Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей тағдырдың тауқыметін тартқан тасбауыр жетімек ерте есейді. Әкесі әлдебіреулердің көрсетуімен ұсталып кетті. Асы­раушысынан айырылған отбасының күнкөрісі қиынға соқты. Анасы, соқыр әжесі, ағасы мен қарындасы ішер асқа жарымады. Жазушының «Алғашқы олжа» атты автобиографиялық әңгімесіндегі «Тоя тамақ жемеу біздің үйде әбден үйреншікті әдет болып алғалы қашан» деген жолдар соның айғағы сияқты.

Өксіп жүріп өскен өрен тоғыз­ға­ толғанда мектеп табалды­ры­ғын аттады. Алдымен нивхы­ша, артынан орысша оқыды. Оның өлеңмен «ойнауы» осы кез­де басталды. Балауса жырлары аудандық газетте басылды.

Жоғары білім алуды арманда­ған­ албырт жас алыстағы ақ түн­дер­ қала­сына аттанды. Ленин­градтың А.Герцен атындағы пе­да­гогикалық инс­титу­тындағы солтүстік халықтарына арнал­ған факультетке қабылданып, алға қой­ған мақсатына ақырындап жақындай түсті. Ой-өрісі кеңейіп, оң-солын айырды. Ашық аспан астындағы музей іспетті тарихи­ ша­һардың тағылымын танып білді. Эрмитаж, Кунсткамера, салтанатты патша сарайлары... Ға­жап! Бірінен бірі өтеді. Бірақ мұның есінде өмірін өзгерткен ерекше екі кездесу мәңгілік қалып қойды.

Бірде бұлардың институтына Михаил Дудин бастаған ленинградтық қалам­герлер қо­наққа келді. Қызықты кездесуге қатысқан Геннадий Гор оты­зыншы жылдары Солтүстік Са­халинде болыпты. Сол сапардан оралған соң «Юноша из далекой реки» хикаятын жазады. «Оның кейіпкері Василий ме­нің жақын туысым болатын», деп еске алады В.Санги Саха теледидарына берген сұх­батында. «Араларыңда нивхы бар ма?», деді ол залға қарап. «Бар», деп орнымнан көтерілдім. Содан маған әлгі кітабын сыйға тартты. Онымен қоймай, оқып болғаннан кейін пікір білдіруімді сұрады. Сонымен қойшы, біраз уақыт өткенде ол мені Фонтанка бойында орналасқан үйіне шақырды. Жасырып қайтейін, жас кезімде мінезім онша емес-тұғын. Әйтсе де әдеп сақтап шығарманың шындыққа жанас­пайтынын жұқалап жеткіздім. Өйткені автор жергілікті жағ­дайды жетік білмейтінін аңғар­дым. Жазушының жаңсақ кеткен тұстарына кеңінен тоқталдым. Сын-ескертпелерімді мұқият тыңдаған Геннадий Самойлович «Солай ма?» дегеннен әріге бармады. Бәзбіреулерге ұқсап тоңтеріс қылық танытпады».

Сарыауыз студенттің сағын сын­дырғысы келмеді ме, кім біл­сін? Әйтеуір әртүрлі уәж айтып әбігерге түспеген Геннадий Гор кенет тақырыпты басқа ар­наға бұрып «Сен, сірә, өзің де бірдеңе жазатын шығарсың. Қолжазбаңды әкелші, көрейін...» дейді. Алғашында ат-тонын ала қашқанымен, ақыры ақ қағазды айғыздаған шимай-шатпақтарын алып келеді. Екі күннен соң қай­та соққанында қо­лына тиген үш әңгіменің біре­уін, ұнат­қанын алға тартқан қарт қа­ламгер бірден Ленинградтағы балалар журналының редакциясына қоңырау шалып, «Қазір сен­дерге дарынды нивх жазушысы Владимир Санги өзінің әңгімесін апарады. Қолдау көрсеткенде­рің­ жөн» деп телефон тұтқасын ­қоя салды. Оба­лы нешік, ондағы­лар жас талапкерді құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытады. Осылайша, тырнақалды дүниесі оқырманға ойламаған жерден жол тартады.

Тағылымды тағы бір жүздесу жадында жиі жаңғырады. Оқу бағ­­дар­ламасы бойынша ұстаз­дары солтүстік халықтары фа­куль­тетінің студенттерін ұбатып-шұбатып КСРО Тіл білімі инсти­тутының Ленинград филиалына алып барады. Сәтін салып, арнайы сабақты салиқалы фольклорист, профессор Владимир Яковлевич Проптың өзі өткізеді. Деңгейі жоғары дәріс барысында ғұлама ғалым аудиториядағы шәкірттерді сөзге тартып, сыр суыртпақтайды. Ненецтер мен эвенктер көсіле сөйлеп, көкейдегі ойларын ортаға тастайды. Кезек нивхыларға келгенде не айтарын білмей, асып-сасқан Санги ұяттан екі беті өртеніп жылап жіберді. Содан жатақханаға жеткенше солығын баса алсашы. Көз жасы тыйылмай, көкірегі сыздады. Оңашада ылғи ойлайтын: «Туған халқыңның рухани мұрасынан мақұрым қалу қандай қасірет. Бабаларымнан мирас бар байлықты жинаймын. Өйте алмасам өлгенім артық!»

Осынау оқиға оның азаматтық ұстанымын айқындап, ұлттық рухын көтеруге әсерін тигізгені талассыз.

 

* * *

Ресейдің руханият ордасында мұ­ға­лімдік оқуын тауысқан Владимир Санги кіндік қаны тамған Сахалинге табан тіреп, ма­мандығы бойынша жұ­мыс істеді. Александров педу­чили­щесінде география пәнінен сабақ берді. Ногиль аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы болды. Қызмет бабымен қияндағы қыстақтарды аралап, теңізден нәпақасын терген қандастарының қатал табиғат жағдайындағы жанкешті тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ел арасынан ескі аңыз-ертегілерді жинады. Қысқасы, Мәскеуге қоныс аударғанда бо­ла­шақта жазатын кітаптарына қа­жетті материалдарға қоржы­нын қампитып қайтты. Ең бас­тысы, ел-жұртының ешкімнен кем­ еместігіне көзі жетіп, көңілі сенді.

Тұңғыш жинағы жарық көр­генде аузы дуалы Константин Федин ақсақал арқа-жарқа қуа­нып, «өз халқының жан дү­ние­­сін өзгелерге жайып салған нивхы өмірінің жыршысы пай­да болғанын» орталық басы­лымдардың бірінде жар сала жазып, көкі­регі ояу көпшілік­тен сүйінші сұрады. Өйткені қараңғылық кө­гінде жасындай жарқ ете қалған Владимир Санги балық аулап, бұғы баққаннан басқа да шаруасы шамалы, ақ қар, көк мұзда өсіп-өнген өр рухты тумаластарынан шыққан тұңғыш жазушы-тұғын. Ол әдебиетке ұзын саны 4 мыңнан әзер асатын ұлтын әйдік әлемге таныту үшін келді.

 

* * *

Итарқасы қияннан ізгі ниет­пен келген талант иесіне Мәс­кеу бәрін берді. Мәртебесі биік­теп, мансабы жоғарылады. Жазу­шылар одағының хатшысы, Ресей Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты. Жазғандары жария­ға жетіп жатты. Әкем-ау, әдебиет­пен айналысатын жазарманға бұдан артық не керек?

Сөйтсек, сүйегіне сөз сіңген Сангидің санасын тербет­кен сандаған мәселенің ең мәйек­тісі қалам қамы мен жеке ба­сының жетістігі емес екен. Ұлты­ның ұмытылған құндылық­тарын ұлықтау бірінші кезек­те тұрыпты. Сондықтан сола­қай саясаттың кесірінен қадым за­манғы қазыналарын жоғалт­қан халқының кем-кетігін түгендеуге білек сыбана кірісті. Қаламгерлігіне қоғамдық бел­сенді қарекетшілдігі қосылып, қыруар іс тындырды. Оның барлығын бірдей жіпке тіз­бей-ақ, кейбіріне тоқтала кет­кеннің өзінде әңгімеміз біраз жерге барады. Қысқаша қайыр­сақ былай: В.Санги жанын салып жүріп, Ленинград педагогика институтындағы сол­түстік халықтарына арналған фа­куль­тетті жабылудан сақтап қалды, нивхы әліпбиін жасап, мектеп оқулықтарын жазды, шаршамай-шалдықпай шап­қы­лап ауыз әдебиетінің үлгілерін жинады. Әйгілі жыршы Хыткуктің аузы­нан небір аңыз-ертегілерді жа­зып алды. Қырық жылдан астам уақытын бабадан мирас бай мұраны кейін­гі ұрпақтың жетесіне жет­кізуге жұмсады. «Сахалин нив­хыларының эпосы» атты керемет кітапты құрастырып қойып, қаншама қиналды. Себебі баспаға төлейтін қаржы табылмады. Басын тауға да, тасқа да ұрып тығырықтан шығудың жолын іздеді. Ақыры тапты-ау әйтеуір.

Ақша сұрап Сахалин облы­сы­­­ның губернаторы Иван Мала­ховтың та­бал­­дыры­ғын тоздыр­ды. Алайда үмі­ті ақталмады. Аймақ басшысы Южно-Сахалинскі­де өткен мәдениет қыз­мет­кер­ле­­рі­мен кездесуде «қайдағы бір этностық талап-тілектерді қана­­ғаттандыру өзінің лауазымдық міндетіне жатпай­ты­нын» асқан бетсіздікпен мәлім­де­ген. Есер сөзді естіген бойда қо­лын бір-ақ сілтеді: «Сенген қо­йым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын!»

Содан «өлмегенге өлі ба­лық­ жо­лығып» Жапониядан жа­ғым­д­ы жаңалық жетті. В.Сан­ги­дің арнайы жобасы Токио уни­верситетінің грантын жеңіп алыпты. Үзілген үмітті жалғаған жақ­сы­ хабардан соң ұзамай жа­пон­дар оған шақырту жіберді. Университет оқытушылары бөлек бөлме беріп, жұмысын жемісті аяқтауға мүм­кіндік тудырды. Әуелі «Сони»­ фирмасының көме­гі­­мен көне­ жыр-дастандарды цифр­­лық жүйе­ге көшірді. Артын­ша­ кітап етіп бастырды.

Ойдағысы орындалған Санги сонда көңілі көншіп отырып өзіне-өзі «Енді сен туған халқыңның алдындағы перзенттік парызыңды толығымен өтедің» депті төбесі көкке бір-ақ елі жетпей.

Бірақ... Осынау орасан зор еңбекпен шығарған фольклор феноменін бағалау былай тұрсын, оны оқи алатындар некен-саяқ. Өкінішке қарай, нивхылардың кейінгі үш буыны өздерінің ана тілінде сөйлей алмайды.

Әне, көрдіңіз бе, трагедияның түп­ төркіні қайда барып тірел­ге­нін.

Құдай бетін аулақ қылсын!

 

* * *

Отаншылдық сезімін әс­пет­­теп ода арнауға лайық Вла­ди­мир­ Санги «кісі елінде сұлтан бол­ғаннан, өз елінде ұлтан бол­ғанды артық көріп» сонау­ тоқсаныншы жылдардың орта тұсында сағындырған Саха­ли­ніне оралды. Мұнаралы Мәс­кеу­дің сән-салтанатына да, әбден сіңіскен әдеби ортаға да, мегаполистегі жайлы пәте­рі­не де пысқырып қарамады. Про­винцияда туып, Парижде өлу­ді­ көксейтін бұрынғы-соңғы қалам­дастары қалыптастырған тәр­тіп­ке­ бағынбады.

Қартайып қалғанына қара­мас­тан, өз руының көсемдігіне сай­лан­ған көшелі сабазың бүгінде ауылдастарымен бірге қарапайым тірлік кешуде. Қарап жүрмей, «Өзіңе оралу» атты атажұртты жаңғырту бағдарламасына бас­шы­лық етуде. Мақсаты – өр­ке­­­ниеттің асау толқындары жұ­ту­ға айналған ат төбеліндей аға­йындарын қайткенде аман сақтап қалу. Арда мінезді абызды арман-аң­са­ры­ адастырмай, алыстарға жетелей бергей.

Жастайынан зерек жампоз ежелден нивхылар мекендеген Сахалин жайында жазылған кітап­тарды тым ертерек парақ­та­ды. Көбісі, әрине, орыс саяхат­шылары мен әскерилерінің әр­түрлі жазбалары. Соларды оқып отырғанда атышулы аралдың ба­йырғы халқы жөніндегі теріс пікірлерге «жыны» келетін. Тіпті орыс әдебиеті әулие тұтатын Чеховтың өзі кейде ақиқаттан аттап кететініне іштей қатты қын­жылатын. «Сахалин аралы» ат­ты очеркінде классик гиляктар (орыстар нивхыларды осылай атаған) жөнінде көптеген дерек пен дәйектерді келтіреді. Жақсы да, жаман да...

Владимир Сангидің «Қайыр­лы­ маусым» атты романы бар. Оны кезінде Берік Шаханов келіс­тіріп қазақшаға аударған. Мұн­да жазушы нивхылардың үйлену салтына байланысты А.Чеховтың жазбасына ұтымды уәж білдіреді. Антон Павлович айтқандай, нивхыларда «брак считается пустым делом, менее важным, чем, например, попойка,­ его не обстовляют никакими рели­гиозным или суеверными обрядами» емес екенін көркем кестелеп береді.

Шынтуайтында, демография­сы­ деміккен жұрттарда көбею­ден­ артық арман болмайды. Ендеше, жойыла жаздап, еңсесі езілген нивхылар үшін үйлену қайдан әншейін нәрсе болсын.

Автор бұл кесек туындысында кезінде дүрілдеген кевонгтер тайпасының тұқымы қалай тұздай құрығандығын баяндайды. Оты лаулаған ошақта қалған қоламта секілді Касказик отбасы ғана баяғыда осындай ордалы ру болғанын еске түсіріп тұрғандай. Әйтсе де өмір-өзен өз арнасымен ағады. Тіршілік тоқтамайды. Ұрпақ қамын ойлаған әке екі ұлының бірін аяқтандырғысы келеді. Бұрын-соңғының жолымен көршілес тайпалардың біріне құда түсуге барған Касказик бастаған топ оқыс оқиғаларға ұшырайды. Ата салтынан аттамай атқарылуға тиіс кәделердің бәрі жасалса да, айлары оңынан тумайды. Өйткені заман да, онымен бірге қоғам да өзгерген. Отаршыл үстемдігін орнатқан орыстармен бірге астамдық пен арамдықтың неше атасы келді. Сауда-саттықпен айналысқандардың асығы алшысынан түсті. Ақшасы барлар айналасын билеп-төстеді. Бай мен кедейдің арасы алшақтады. Мына баянсыз құдалыққа да соның салқыны тиді. Атадан балаға жалғасқан әдет-ғұрыптар жаңа заманның запыран құстырар қулық-сұмдықтары алдында тізе бүкті. Бас кейіпкер Касказиктің кісі аярлықтай күйде қолын көкке жайып «Жұрт-ау, не болды? Мына дүние не болып барады? Не болып барады, жұрт-ау!» деп жер-көкті көшіре күңіренуі көп жайтты аңғартса керек.

Шұрайлы шығарма желісі сыртқы күштердің әсерінен әбден азып-тозған Сахалин аборигендерінің мұң-мұқтажы мен зар-наласын арқау еткен. Елдің болашағы бұлыңғыр тартқандағы тар жол тайғақ кешуі шынайы көрініс тапқан. Өлім мен өмір арпалысқан тағдырлар тайталасы оқырманды ойға батырады.

Жалпы, В.Санги туындыларында ескі мен жаңа егіз өріледі. Әсіресе арыдан жеткен асыл қазынадай этнографиялық элементтер, экологиялық этюдтер, мифологиялық мотивтер шынайы шебердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдардай көңіл сүйсінтеді.

 

* * *

2015 жылы «Литературная газета» тілшісіне берген интер­вьюінде Владимир Санги бы­лайша толғанады: «Адам өз өмі­рінің белгілі бір белесінде өзіне қан­дай жүк артылғанын сезіне­тін жағ­дайға жетеді. Дұрыс, со­лай болуға тиіс те. Бұл тек өзің­нің немесе отбасыңның ғана емес, бүкіл халқыңның алдындағы жауапкершілік. Өткелектерге толы өмір маған мынаны тым ерте ұқтырды. Егер мен нивхы әдебиетімен, жалпы халқымның тағдырымен айналыспасам, бұл істі басқа ешкім қолға алмайды. Егер мен нивхы әліпбиін жасамасам, жалғанда оны ешкім жасап бермес еді. Егер мен фольклор жинамағанымда, дүние жүзінің бірде-бір ғалымы бұған мойын бұрмас еді. Егер мен нивх болып тумасам, ана тілімді білмесем, «Сахалин нивхыларының эпосы» жарық көрмес еді... Көп жасағанның бір пайдасы – еліңе сіңірген еңбегіңгің жемісін көреді екенсің».

 

* * *

Әңгімеміздің әлқиссасын Шыңғыс Айтматовтың «...Тарғыл төбетімен» бастап едік. Сөз соңын да сонымен аяқтамақпыз.

...Бірде Айтматов Мәскеудегі Сан­ги­дің үйіне соғып, екеуі емен-жарқын әңгіме-дүкен құрады. Дастарқандағы дәм үстінде Владимир Михайлович әлемге әйгілі әріптесіне жер бетін басқан топан судың үстіне төс жүнін жұлып ұя салған Лувр үйрек жөніндегі аңызды айтады. Бұл Шықаңа қатты ұнап, алдағы уақытта осыны арқау қылып, бір дүние жазатынын, біткен соң оны алдымен бұған оқытатынын жеткізеді. Қосымша тағы бірдеңелерді сұрап, қойын дәптеріне түртіп алады. Ішкі түйсігі мықты ірі суреткер шынымен де өзіне беймәлімдеу таңсық тақырыпқа қалам тартып, «Дружба народов» журналында жаңа хикаятын жариялайды. Іле-шала Сангидің пікірін сұрапты. Қаламдастың қарымына ризашылығын білдірген нивхы жазу­шысы бірді-екілі сын-ескертпесін де іркіп қалмаса керек. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп болады емес пе? Көзімен көріп, қолымен ұстамаған дүние жайында жазу қашанда қиын ғой. Дегенмен шеберлікте шек жоғын Айтматов бұл жолы да дәлелдегені даусыз. Дүниеге келуіне тікелей себепші болған Владимир Сангиге арнаған бұл кесек туындысы Шыңғыс бәйкемізді кезекті шыңына шығарды. Неге екенін қайдам, алапат апаттар аранындай анау алып теңіз кейде маған ұсақ ұлттарды жалмап жатқан жаһандану атты жалма­уыздай көрінетіні бар...

 

* * *

Владимир Санги секіл­ді­ жазу­­шы­ның өмірі, шығар­ма­шы­лық жолы қазақ қалам­гер­ле­рі­не де үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз­дің кейбір жазу­шыларымыз жер­лес­терін мерей­тойлары тұсында ғана есіне түсіріп, ат мініп, шапан кию­ мақсатында іздей бастайды. Ал еліне өзі не бергенін айта алмай­ды.­

Санасы сергек Санги еліне қызмет етуді әлі күнге дейін басты міндетім деп есептейді. Тоқсанға таяса да, рухани тұрғыдан жүдеп-жадаған халқының жоғын жоқтап, топқа түсуден тартынбайды. Бәлкім, бұл ел үшін еңіреп туатын ерлердің екінің біріне бұйыра бермейтін еншісі болса керек.