Қоғам • 25 Мамыр, 2023

Құжатсыз қалған қандастар

475 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» деп сөз тиегін ағытқан қандастарымыздың әділдік іздеп таң атырып, кеш батырып жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болған.

Құжатсыз қалған қандастар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл жөнінде қандастардың мүд­де­сін қорғап жүрген белсенді, «Qara Shanyrak-7» қоғамдық бірлес­ті­гінің төрағасы, заңгер Бәдигүл Мәруа былай дейді: «1999 жылы Қытайдан келгенмін, 25 жыл болды. Содан бері қандастарға көмек қолын созып келемін. Олардың проб­лемасына жаным ауырып тұ­ра­ды. Көбінесе заң тұрғысында кеңес беремін. Соның бірі, Шелек ауылындағы жағдай. Бұл бойынша азаматтар арызданып келді. Аза­мат­тық алуға құжатын өткізген адам­дар­дың алды 4 жылдан бері сабылып жүрсе, соңғыларына 3-4 айдың жүзі болған. Бұл тізімдегілердің бас-аяғын есептегенде 150-ге жуық отбасы, әр үйде 5-7-ден жан болғанда 400-ге жуық қандасымыз көші-қон қызметкерлерінің немқұрайдылығы мен алдап-арбауынан зардап шегіп келеді». Заңгер бізге өрескел заң бұзу­шы­лық туралы баяндады. Оның айтуынша, бес жылдай Дәулет Қожанов деген азамат Шелек ауылындағы көші-қон басқармасының бөлімшесінде қандастар құжатын қабылдап отырған. Алайда былтыр белгілі бір себеппен жұмыстан босатылған. Бірақ халық осы күнге дейін оны «бастық» деп ойлаған. Оған Қожановтың күнделікті түстен кейін келіп, құжат қабылдауы себеп болса керек.

«Соңғы жеті айда Қожановтың орнына Жігер деген азамат келген. Ол: «мен құжат қабылдауды білмеймін, бұл жұмыстың маманы емеспін. Сондықтан жоғары жақ бізге Дәу­летті жіберген, сол қабылдап жа­тыр»,  дейді. Енді мына мәселені қараңыз, заң бойынша азаматтыққа өткізгенде ұзап кеткенде 3 айда құжат шығу керек, яғни осы уақытта азаматтық алу керек. Атажұртын аңсап Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан келгендердің әлі күнге азаматтық ала алмай, шулап жүргендерінің себебі сол. Тағы бір заңсыздығы – қолында ықтиярхат болса салық төлемейді. Ал бұлардың әрбірі 13 800 теңгеден «Қазпошта» арқылы ақша төлеген. Бұл басқа облыс­тарда жоқ мәселе. Алматы облысында ғана осылай болып тұр. Екіншіден, көптеген отбасының Қытайдан келген азаматтық куәлігінің (виза) мерзімі өтіп кеткен. Үш айда дайын болуға тиіс құжаттар мерзімі 3-4 жылға созылып кеткен. Сонда олардың пас­порт мәселесі не болады? Оны Қытай консулдығы жасап бере ме, жоқ па, белгісіз. Азаматтықтың тәртібі бойынша кейбіріне визаларының уақыты бітіп кеткеніне байланыс­ты сот арқылы шешім қабылданып, 86 800 теңге айыппұл төлеген соң ғана құжаттарын азаматтыққа қайта тапсыру керектігін ескерткен. Бұған жол берген кім? Көші-қон басқармасы мамандарының салғырттығы емес пе? Олай болса, қандастарымыз неге шы­ғындалуы керек?» деген «Qara Shanyrak-7» қоғамдық бірлестігінің төра­ғасы, заңгер Бәдигүл Мәруа қан­дас­тардың сансыз сауалына жауап табу алмай дағдарып жүр.

Бәдигүл Қажыбекқызының айтуынша, құжатты қабылдап алғанда оның ішіндегі медициналық анықтамадан бастап, басқа елдің азаматтығынан бас тартуының бұрыс-дұрыстығын, отбасы тізімін, өмірбаянын түгел тү­ген­деп барып, қабылдау керектігін, бірақ жоғарыда аты аталған мамандар құжатты ашып та қарамай, тір­кел­гені туралы тілімдей қағазды да бермей, «тіркелдің» деген бірауыз құрғақ сөзбен жібере бер­ген­дігіне таңырқаулы. «Қабылдауға бер­ген әр құжат – біреудің жеке бас құжаты. Ол министрліктің, көші-қон­ның архивінде тұратын құжат. Жеке құ­жаттың жо­ғал­уы – үлкен қыл­мыс», дейді заңгер.

Бүгінде Шелектегі көші-қон бөлім­ше­сінен шыққан былықтың зардабын тартқан бір топ қандасымыз Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласы мен Алматы қаласындағы Алматы облыстық көші-қон басқар­ма­сы орналасқан Қабанбай батыр, 126 мекенжайының арасында табан тоздырып жүр. Ең сорақысы, жа­қында 14 күнге визасыз келген отба­сының да құжатын азаматтыққа қа­был­дап алуы. Ал визасыз адам еш­қашан да Қазақстан азаматтығын ала алмайтындығын айтқан Бәдигүл: «Бұл – заңды белшесінен басқандық», дейді.

Мәселенің мәнісін білмекке Алма­ты облыстық көші-қон басқар­масы жайғасқан ғимаратына арнайы бар­дық. Мұнда да құжатының ұшы-қиы­рын таппай, табан тоздырған қан­дас­тарымыздың біразын кезіктіріп, сөзге тартқан едік.

«2022 жылдың наурыз айында ұшақпен келдім. Келе сала тіркеліп, құ­жаттарды жиып, көші-қон бөліміне өткізген соң: «алты ай бақылаймыз», деді. Алты айдан соң бардым «өзім звондаймын, паспорттың көшірмесін тастап кет» деді. Осыдан өзге жауап ала алмадым. Ақыр соңында құжа­тым­ды таппай сандалып қалдым. Есікке барсам, онда жоқ, облысқа келсем мұнда жоқ. Шелекте Жігер деген жігіт тіркелгендігі туралы қағаз берген еді, оның өзі де дәлел болмауда», дейді Шелек ауылының тұрғыны Мәдениет Бердіқожа.

Ал Нұрлан Нәкен есімді қандас былай дейді: «Қытайдан келгелі жылға таяды. Ауада жүрміз. Құжатымызды сұрап алғашында аптасына бір барсақ, қазір күніге есік күзетіп жүрміз. Құ­жаттың кө­шір­мелерін 30 рет өткіз­ген шығар­мыз. Өткен жылы жел­тоқ­санның 6-сына дейін визаға тап­сыр­ғанбыз. Соны жолдамай, енді айыппұлы 86 мың теңге деп сотқа жіберіп жатыр, 2 адамға 170 мыңға жуықтайды. Өзім қайын ағаның үйінде тұрамын. Отбасымда 2 балам бар. Құжаттың жоғынан жұмыс та жоқ, айыппұлды қалай төлейтінімді біл­меймін?»

Дәл осы күй  Ердәулет Нұрахманның да басында бар. «Құжаттарымды 2023 жылдың сәуірінде Шелекке ықтиярхат алуға бергенмін. Одан бір ай өткенде сұрастырдық, содан бері «ертең, бүрсігүні» деп созылып келеді. Шелекке барсақ, құжатты Есікке әкетті дейді. Есікке барсақ, ол жерде ештеңе тіркелмеген. Жіптің ұшы жоқ, бір-біріне сілтеп, сандалтып қойды», деп ашынды қандасымыз.

Орын алған мәселеге орай, Алматы облыстық полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, по­лиция полковнигі Эльмурат Нұр­сеитовке жолыққанбыз.

«2023 жылдың мамыр айының 11-і күні Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасына қарасты Шелек ПБ ғимаратының алдында 25-ке жуық шетел азаматы жиы­лып, Шелек полиция бөлімінің Көші-қон қызметі бөлімшесінің жұмысына наразылық білдірді. Оқиға орнына барған Ал­маты облысы ПД Көші-қон қызметі бас­қармасының қызметкерлері істің мән-жайын анықтау барысында бел­гілі болғаны: шетел азаматтары 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алу, елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін Шелек ауылындағы ПБ Көші-қон қызметі бөлімшесіне құ­жат­тарын тапсырған. Аталған құ­жаттарды Ең­бекшіқазақ ауданы ПБ Көші-қон қыз­меті бөлімшесінің бұрынғы бас­ты­ғы, полиция майоры Д.А.Қожанов қабылдаған, алайда полиция майоры Д.А.Қожанов 2022 жылы 10 наурыздағы департамент бастығының №119 ж/қ бұйрығымен атқаратын лауазымынан босатылып, резервке жіберілген, қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданы ПБ ЖПҚБ учас­келік полиция инспекторының көмекшісі лауазымында қызмет ат­қа­рады. Жоғарыда аталған факт бо­йынша, жиналған 25 шетел аза­матының тоғызының өтініші қа­был­данып қарастырылуда, 2 азамат еліміздің азаматтығын алды, 14 адамның тапсырған құжаттарының бар-жоғының белгісіз болуына байланысты, Еңбекшіқазақ АПБ-ға қарасты Шелек ауылының полиция бөлімімен 14 азаматтың арызы қабылданып, АЕК-не тіркеліп, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр» деп жауап берді біздің сауалымызға Алматы облыстық полиция департаменті Көші-қон қыз­меті басқармасының бастығы Эльмурат Нұрсеитов.

Оның айтуынша, аталған факт бо­йынша істің мән-жайын жан-жақты, мұқият тексеру жүргізу мақса­тын­да Алматы облысы ПБ Жеке құрам жө­нін­дегі инспекциясы және Көші-қон қызметі басқармасының 2023 жылдың 15 мамырындағы №159 бұйрығымен қызметтік тексеріс жүргізілуде. Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданы ПБ-ның Көші-қон қызметі бөлімшесімен Шелек ауылында тұратын шетел аза­мат­тарының ел азаматтығын алуға, тұрақты тұруға берген өтініштері, уақ­тылы тіркеліп, қарастырылуда екен. Ал бұл мәселені Алматы облысы ПБ Көші-қон қызметі басқармасы қатаң бақылауға алған.

 

Алматы облысы