Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Осы мерекені «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің ұжымы Ұлытау ауданы әкімдігі мен «Ұлы тағзым» қоғамдық қорымен бірлесіп, көнеден сол дәстүрді сақтап келе жатқан «Терісаққан көктемі» этнофестивалі» деген атаумен қолға алған болатын.
Бұл ауылдың ерекшелігі – ғасырлар бойы «Бие байлау», «Айғыр қосу» рәсімін сақтап қана қоймай, оны ауыл тұрғындары бір кісідей ұйымшылдықпен өткізіп келеді.
Сонымен қатар аталған іс-шара ауданның табиғаты қатал солтүстік аймағында орналасқан Терісаққан ауылына көптен күткен көктемнің алғашқы дәстүрлі мерекесіне айналған. Шынында да, осы уақытта әр үйдің маңында қазыққа желі тартылып, май жағылып, құлындары байланып, биелер сауылады. Сол жерде кереге тұтылып, оның панасына немесе көк майсаға дастарқан жайылып, ет, қуырдақ, бауырсақ, май, балқаймақ, құрт, ірімшік және т.б. ұлттық тағамдар қойылып, келген қонақтарға ұсынылады. Келген кісілер дәмнен ауыз тимес бұрын, үй иесіне «Байлар көбейсін!», «Ақ мол болсын!» деген жақсы ырымды сөздер айтып, дастарқанға жайғасады. Осының бәрі ұлтымыздың ырым-жоралғысының ұмытылмай, сақталып келе жатқанын көрсететін қуанышты жағдай емес пе...
Мерекеге еліміздің басқа өңірлерінен қызығып келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Игілікті іс-шара «Бие байлау» рәсімін тамашалаумен басталып, шеберлік сабақтары, ұлттық ойындар, жылқы жығу, асау үйрету өнерімен жалғасып, соңы кешкілік ауыл көркемөнерпаздарының концерттік қойылымымен аяқталады.
Мерекені тамашалаған әрбір адамның жүрегінде өзінің ұлтына деген патриоттық сезімі ұялайды. Себебі қазақтың ұлттық өнерлері: киіз басу, ши тоқу, бау тоқу, арқан есу, сонымен қатар, күбі ыстау, т.б. ауыл шеберлерінің қолымен жасалып көрсетіледі.
Бұл мерекеге ауыл тұрғындары үлкен дайындықпен барады. Мерекені олар қысқы соғымның шұрайлы қазы-қарта, жал-жаясын, қарынға салынған сары майын, құрт-ірімшігін сақтап күтеді. Сондай-ақ көршілес ауылдардан қонақтар келіп, киіз үйлерін тігіп, мерекенің жақсы өтуіне бір кісідей қолдау көрсетеді.
Терісаққан ауылынан бастау алған мереке 2012 жылдан 2016 жылға дейін аудандық деңгейде аталып өткен еді. Бірақ сол кездің өзінде аталған іс-шара облыстық, республикалық БАҚ-та насихатталып, өрісін кеңейте түскен-ді. Содан бұл мерекеге еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті АҚШ, Франция, Ресей, Украина, Польша, Бахрейн әмірлігі, т.б. мемлекеттерден туристер келе бастады. 2014 жылдан бастап, Терісаққанда ЮНЕСКО өкілдері – архитектор Елена Хорош, археолог Эмма Усманова, тарихшы-ғалым Ахмет Тоқтабайлар зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Осы дәстүрлі мерекеге байланысты 2018 жылы «Ұлытау» қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау: халықаралық тәжірибе және келешек» атты халықаралық семинар өтіп, оған ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра комитетінің сарапшылары, еліміздің, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның мәдениет саласының қызметкерлері қатысқан. Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Ұлытау» қорық-музейінің дайындауымен «Қасиетті Ұлытау: Терісаққан төскейі» атты кітап жарық көрді.
Бұл фестиваль кейін Ұлытау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан орталығында және басқа да ауылдарда «Көкмайса» атауымен жалғасын тапты.
Кейінгі кездері, яғни 2021 жылдан бастап осы мерекені республикалық және халықаралық деңгейде атап өтуі үшін, еліміздің өзге өңірлерінде, Түркия, Ресей мемлекеттерінде насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде, былтыр мереке Ақмола облысының Қорғалжың, Атбасар, Ерейментау аудандарында, Степногор қаласында және Павлодар облысының Шарбақты ауданында аталып өтті. Оны аталған өңірлерде биылғы маусым айында да өткізу жоспарланып отыр.
Тағы бір керемет жаңалық, жақында Түркияның Анкара қаласында ТүркСОЙ, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі және Анкарадағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен «Қымыз фестивалі» аталып өтті. Іс-шараға ТүркСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Астана қаласынан «Ұлы тағзым» қоғамдық ұйымы директорының орынбасары Нұрлан Омаров, Дүниежүзі қазақтарын дамыту қорының төрағасы Ерлан Байын, қазақ диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері, қазақ-түрік студенттері, Анкараның жергілікті халқы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Іс-шарада көрерменге қазақ халқының ұлттық сусыны – қымызды әзірлеу, желі тартып, құлын байлау, бие сауу, саумалды күбіге құю сынды шаруашылық жұмыс таныстырылды. Сонымен қатар ұлттық тағамдар әзірленіп, қазақтың ән-күйі орындалды.
Ұлытаудан бастау алған осы дәстүрлі мерекенің республикамыздың түкпір-түкпірінде, тіпті шет мемлекеттерде аталып өтуі керемет жаңалық. Қымыз-мұрындықты республикалық деңгейдегі мерекеге айналдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді, мәдени-рухани құндылықтарымызды жандандырып, сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – асыл парызымыз.
Баян ШАЙГӨЗОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының бас қор сақтаушысы
Ұлытау облысы,
Ұлытау ауданы