Үкімет • 26 Мамыр, 2023

Суармалы жерлерді игеру бақылауда

256 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы заңды қарады. Сондай-ақ суармалы жерлерді пайдалану және су үнемдеу технология­ларын енгізу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында Ауыл шаруашылығы министрінің баяндамасын тыңдады.

Суармалы жерлерді игеру бақылауда

Отырыс барысында Палата депутаттары «Мүгедектердің құқық­­тары туралы конвенцияға факуль­­тативтік хаттаманы рати­фика­циялау туралы» заңды қарап, ма­құлдады. Бұл құжат Мүге­дек­тердің құқықтары туралы кон­венцияға қосымша келісім болып саналады және аталған Кон­вен­цияны іске асыру тетіктерін белгілейді.

Осы заң жөнінде пікір білдір­ген Сенат төрағасы елімізде мүге­дек­тігі бар адамдардың құқық­тарын қамтамасыз етуге арналған әлеу­меттік саясат жүйелі әрі ке­шен­­ді түрде жүргізіліп келе жат­­қа­нын айтты. Сондай-ақ Пала­та спи­кері ерекше қажеттілігі бар аза­­мат­тарға қолдау көрсетудің ма­ңыздылығына және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемле­кет­­тік саясаттың негізгі басымдық­тары­ның бірі екеніне назар аударды.

«Ерекше қажеттілігі бар азамат­тардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғайтын институт­тарды және мехнизмдерді жетіл­діру – басты міндеттердің бірі. Бүгін ма­құлданған заң – осы жолда жа­салған маңызды қадам. Бұл Хат­тама Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Мүгедектердің құқық­тары жөнін­дегі комитеті ар­қылы мүгедектігі бар адам­дар­дың шағымдарын қарау үшін құқық­тық негіз қалыптастырады. Ал­дағы уақытта заң мүмкіндігі шек­теулі адамдардың құқықтары мен мүд­делерін қорғауға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Осы құжат арқылы БҰҰ жа­нын­дағы Мүгедек адамдар­дың құқықтары жөніндегі коми­теттің конвенция бойынша өздерінің құқықтары бұ­зыл­­ды деп мәлімдеген адам­дар­дың шағымдарын қарау құзыреті мойындалады. Атал­ған Комитет шағымды қарау қоры­тындысы бойынша нәтиже­лерді, түсініктемелер мен ұсыным­дарды тиісті қатысушы мемлекет­ке жібереді. Осылайша, Қазақ­станның Факультативтік хатта­маға қосылуы мүгедектігі бар азаматтар өздерінің экономикалық, әлеу­меттік және мәдени құқық­тарын халықаралық деңгейде қорғауын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар отырыс кезін­де Сенат депутаттары Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің суармалы жер­лерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі баяндамасын тыңдады.

«Облыс әкімдіктерінің алдын ала деректеріне сәйкес, биыл 1,5 млн га суармалы жерді игеру жоспарланған. Түпкілікті алаң көлемі егіс жұмыстары аяқ­талғаннан кейін нақтыланады. Со­ның 1 млн 126 мың га немесе жер­лердің 75 пайызы жерүсті әдісі­мен суарылады, 95,2 мың га  күріш алқаптарын су басу арқы­лы, 278,6 мың га алаңда немесе 13,3 пайызында заманауи там­шылатып және жаңбырлатып суа­ру жүйелері пайдаланылады», деді Е.Қарашөкеев.

Ведомство басшысының айтуын­ша, суды аз қажет ететін және монодақылдардың алаң­да­рын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, биыл жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алаңын 14,8 мың гектарға азайту жоспарланған.

«Сонымен қатар күріш дақыл­д­ары бойынша күрт төмен­деу әлі байқалған жоқ. Негізгі себеп – дақылдың әлеуметтік маңызы, сондай-ақ Қызылорда облысы топырақтарының тұздануы. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстарға тоқталғым келеді. Біріншіден, инвестициялық субсидиялау шең­берінде фермерлердің су үнем­деу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфра­құры­­лымды жүргізуге жұмсаған шы­ғын­­дарының 50 па­йызы өтеле­ді. 2020-2022 жылдары 1232 жоба іске а­сы­рылып, 29,4 млрд теңге қар­жы бөлінді. Осы мақсатта облыс­тардың өтінімдері бойынша 2023 жылы 18,4 млрд теңге көзделген.

Екіншіден, өз қаражаты есебінен Қазақстанда жобаларды іске асыру мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, израильдік «Metzerplas» компаниясы осы күзде тамшылатып суаруға арналған құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қытайлық «Vodar» компания­сымен өзара түсіністік туралы ме­морандумға, сондай-ақ жаң­бырлатқыш машиналар өндірісі жөніндегі жол картасына қол қойылды», деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың соңына дейін жаңбырлатқыш машиналарды жинау және құрастыру цехын құру жоспарланған. Бұдан басқа компания Жетісу, Алматы және Павлодар облыстарында фермерлер үшін демонстрациялық алаң ретінде жаңбырлатқыш машиналарды орнатпақ. Сондай-ақ AFKO түрік компаниясы биыл жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыт ашады.

«Үшіншіден, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, мұнда бір текше метр суға бөлінетін субсидиялардың мөлшері тарифтердің пайыздық қатынасына қарай 50 пайыздан 85 пайызға дейін сараланған түрде белгіленеді. 2020-2022 жылдары 6,8 млрд теңге бөлінді. Осы мақсаттар үшін 2023 жылы 3,1 млрд теңге қарастырылған.

Мемлекет басшысы Жолдау­ларында әрқашан су ресурстарын есепке алуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты және Су кодексінің талаптарына сәйкес су беру жөніндегі субсидиялау қағи­даларына есептеу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде фермер­лерге жеткізілген судың көле­мін айқындау бөлігінде өзгеріс енгізілді.

Сондай-ақ Аудиторлық пала­таның нұсқамасына сәйкес суару әдістеріне байланысты су беру бойынша субсидияларды саралау жұмысы жүргізілуде, яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алады», деді Е.Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, республиканың суар­малы жерлерін мелиора­ция­лық мониторингпен қам­ту мақ­сатында өткен жылы гидрогеологиялық-мелиора­ция­лық қызметтің құрылымы оң­тай­ландырылды.

«Кешенді жұмыстарды орындау нәтижелері бойынша жай-күйі жақсы санатқа шамамен 1,4 млн га, орта санатқа – 545,4 мың га және төмен сантқа – 366,2 мың га жатқызылды. Сортаңданған жерлердің алаңы шамамен 798,4 мың га құрады, оның ішінде қатты сортаңдану дәрежесінде – 133,6 мың гектар. Мұндай жерлердің негізгі алаңдары Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Жетісу облыстарында орналасқан.

Бұл жерде қазіргі уақытта эрозияға байланыс­ты 29,3 млн га іс жүзінде одан әрі пайдалануға жарамсыз екенін атап өткім келеді. Бұл ретте жыл сайын 5 млн гек­­тардан 7 млн гектарға де­йін­гі алаңда топырақтың сапа­лық сипаттамасын айқындау мақсатында ауыл шаруашылы­ғы жерлеріне топырақтық зерт­­­теу жүргізіледі», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сенат төрағасы су проблемасы көп салаға, оның ішінде шаруаларға айтарлықтай салдарын тигізетінін тілге тиек етті.

«Уақыт өткен сайын суарма­лы жерлерге қажетті судың тапшылығы артып келе жатқа­нын көріп отырмыз. Сенаторлар өңір­лерге барып, жергілікті тұр­ғындармен кездескен кезде де осы проблема жиі көтеріле­ді. Сондықтан бүгін айтыл­ған барлық ұсыныс осы оты­рыстың қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгі­зіліп, Үкіметке жолданады. Сенат бұл саладағы басым­дық­тарды іске асыру үшін Үкіметпен бір­лесіп жұмыс істеуге дайын. Суармалы жерлер – шаруа­лар мен ауылшаруашылық өндірушілері үшін өзекті мәселе. Сол себепті Сенат өңірлердің мүд­десін қорғай­тын Палата ретін­де осы бағытты әрдайым назарда ұстайды», деген Мәулен Әшімбаев барлық әріптестерін аталған салада жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуге шақырды.

Одан бөлек, Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Әли Бектаев ауыл шаруашылығындағы ескі әдістерге және отандық тұ­қым шаруашылығының төмен дең­гейіне қатысты пробле­ма­­лар­ды шешу жолдарын ұсынды. Ғалиасқар Сары­баев Жетісу облы­сындағы су шаруа­шылығының жай-күйіне және өңірдегі азық-түлік тапшылығы қаупіне алаң­даушылық білдірді. Де­путат атал­ған мәселе стра­те­гиялық нысандарды қаржы­ландыруды реттеу арқылы шешілуі мүмкін екенін жеткізді.

Геннадий Шиповских әс­кер­дегі жаттығулар кезінде қа­уіпсіздік ережелері жеткілікті деңгейде сақтала бермейтінін сынға алды. Депутат бұл мәсе­лені шешу үшін бірқатар шара ұсынды. Қайрат Тастекеев кә­мелетке тол­мағандар ара­сын­дағы қылмыстың өсуіне назар аударып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті. Ай­нұр Арғынбекова ядролық медицинаны дамыту саласында салааралық үйлесімнің жоқтығын айтты. Бұл онкологияны емдеу­ге арналған радиофармпрепараттар өндірісіне кедергісін тигізіп отыр. Осыған байланыс­ты сенатор тиісті нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау­ға шақырды. Алтынбек Нұх­ұлы ежелгі қолжазбаларды сақ­тау мәселесін көтерді. Сон­дай-ақ ол Қазақстанның түрлі ұйымдарында сақталған қол­жазба мұраларының тізілімін құру­ды, оларды қазақ және бас­қа тілдерге аударып, әлемдік ғылы­ми айналымға енгізуді ұсынды.