
Парламенттің бір топ депутаты жылдар бойы қордаланып қалған мәселені шешуге белсене кіріскендерін айтып хабарласты. Айтуларынша, каналдың қаржылық дербестігінен айырылуы оның техникалық жағдайына, кадрлық және әлеуметтік саясатына қатты әсер етіп отыр. Қазіргідей экономикалық күрделі кезеңде су арнасының жұмысын қалыпты ету үшін ондағы мамандардың тиісті материалдық және әлеуметтік жағдайын жасауға ұмтылу шарт. Алайда «Қазсушар» мекемесі Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы арқылы келген табыстың барлығын өзге өңірлерге бағыттап, арна бойына қызмет көрсетіп тұрған кәсіпорынды (Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы мекемесі Павлодар мен Қарағанды облыстары аумағында орналасқан) түксіз қалдыруда. Дербес заңды мәртебесі болмағандықтан, су арнасы мамандарды даярлау мен қайта даярлау жұмысын жүргізу, өз қызметкерлерінің жалақы деңгейін реттеу және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу мүмкіндігінен айырылып отыр. Құқықтық және қаржылық дербестіктің болмауы ондағы жабдықтарды реконструкциялау мен жаңғырту бойынша тиісті іс-шараларды атқаруға да үлкен кедергі көрінеді.
«Өткен жылдың 5 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқан аясында Қарағандыда сөйлеген сөзінде Қ.Сәтбаев атындағы каналдың қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін атап көрсетіп, Үкіметке осы мәселені зерделеуді тапсырған еді. Одан соң биыл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңейтілген кеңесте Президент су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарап, «Қазсушарды» қаржылық жағынан тұрақты ұйым етіп қайта форматтауды тапсырды. Бұл мәселені каналды алғашқы салушылар да, мамандар да қайта-қайта көтеріп жатыр. Осы ретте біз, Мәжілістегі «Amanat» фракциясының мүшелері Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдадық. Онда екі бірдей мәселені қарастыруды сұрадық. Біріншіден, «Қазсушар» кәсіпорынының құрамындағы рентабельді филиалдарды дербес қылып, жағдайы қиындауларын бөлектеп «оңалту шарасын» жүргізу қажет. Бәрін бірдей батпаққа тықпай, жөнге келмейтіндерімен айналысқан жөн. Бірақ барлық мекеме бір жүйеге бағынуға тиіс, мысалы, су комитетіне немесе су ресурстарын басқаратын жаңа холдингке. Екіншіден, «Қазсушардың» құрамында заңдылық және қаржылық еркіндік берсе, өзін-өзі ақтай алатын филиалдар қазірдің өзінде бар. Ол – Сәтбаев атындағы стратегиялық маңызы бар канал. Каналдың бірегей инфрақұрылымы мен қаржылық тәуелсіздігін сақтау үшін оған дербес заңды тұлға мәртебесін беру қажет. Бұл өз кезегінде кейінгі жылдары осы кәсіпорында қордаланған көптеген мәселенің шешілуіне мүмкіндік береді және су арнасы Астана қаласы мен Орталық Қазақстан аумағын су ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз етеді», дейді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.
Негізі су арнасының толық пайдалануға берілгеніне 60 жылдай уақыт өтіпті. Сонау 1962 жылдың ақпан айында Ертіс өзенінің сағасында, Белая деп аталатын өзен аумағына су арнасының құрылысын бастайтын құрылысшылардың алғашқы десанты түсірілді. Бұл тәжірибелі мамандар бұған дейін Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік нысандарды құрып, соның ішінде әйгілі Бұқтырма ГЭС-ін де тұрғызған. «Ертіс-Қарағанды» аталған арнаны қазудың алғашқы кезегі 8 жылға созылғаны мәлім. Онда 10 мыңдай адам бел жазбай еңбектеніп, құрылысшылар суды жоғарыға көтеру бойынша әрі ұзындығы жөнінен жер бетінде баламасы жоқ жаңа су артериясын қолдан құрды. Бұл идеяны алғаш қозғаған академик Қаныш Сәтбаевтың өзі болғаны себепті кейін тәуелсіздік алған соң су арнасына ғұламаның есімі берілді.
Кезінде су арнасының құрылысы үшін КСРО сыйлығын иеленген, бүгінде Павлодар облысының және Екібастұз қаласының құрметті азаматы Леонид Баталовты су шаруашылығында білмейтін адам кемде-кем. Леонид Иванович – канал құрылысындағы жер қыртысына алғашқы экскаватор шөмішін салған адам. Алғашқы мамандығы – экскаватор жүргізушісі. Қаламгер Қалмұқан Исабаев сипаттап жазған «Арман арнасындағы» барлық жер қазу жұмыстарында еңбектеніп, өмір бойы осы су торабында адал қызмет еткен жан. Арна құрылысы аяқталғанда ол механикаландырылған колонна бастығы орынбасарының деңгейіне жетті. Одан соң тапжылмастан 35 жыл бойы су арнасы кәсіпорынының павлодарлық филиалын басқарды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды да, 2000-жылдардың басындағы банкроттық процесті де бастан өткеріп, маңызы зор су торабының қаз-қалпында сақталып, осы күнге жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Саланың жілігін шағып, майын ішкен маман бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы мекемесі басшысының кеңесшісі қызметін атқарады. Мәселеге орай Леонид Ивановичті әңгімеге тарттық.
– Су арнасының құрылысы 1970 жылы аяқталып, ол жылына 1960 млн текше метр су беретін қуаттылықпен жұмысқа кіріскені есімізде. 1967 жылдың 28 қазанында алғаш рет Екібастұз қаласына су берілді. КСРО энергетика министрлігінің бұйрығымен «Ертіс-Қарағанды» кәсіпорны да құрылды. Ал 1975 жылы арна өндірістік жағдайдағы толыққанды қызмет көрсету саласына енгізілді. Бұл арна Павлодар облысының Май ауданындағы Белая өзенінен басталып, Қарағандыға дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы 458 шақырым болса, соның 380-дей шақырымы Павлодар облысының аумағында орналасқан. Су торабының бірегейлігі сол, 22 сусорғы стансалары суды төменнен жоғарыға қарай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. Сусорғы-қуат жабдықтары жылына шамамен 2200 млн КВт/сағат электр энергиясын тұтынатындықтан арнаның екінші кезегі – «Қарағанды – Жезқазған» бағыты жүргізілмеді. Яғни сол тұстағы мамандар мұны тиімді емес деп есептеді. Соның әсерінен арна бүгінде өз әлеуетінің тек 40 пайызын ғана пайдаланады, – деп түсіндірді арнаның техникалық ерекшеліктері жайында қарт құрылысшы.
Арна азаттық жылдарында үш мәрте банкрот бола жаздаған. Бірнеше жағдайдан әупірімдеп шыққанымен, ақыр соңы 2000 жылы банкрот болып танылып, қайта құрылымдаудан өтеді. Сол тұста мекеме «Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып аталды. Алайда арада 11 жыл өткенде ұйым республикалық мәртебесінен айырылып, «Қазсушар» РМК-ның филиалы болып қана қалды. Су арнасына қызмет көрсетіп тұрған кәсіпорындардың құлдырауы осы уақыттан басталып кеткені кездейсоқтық емес. Себебі «Қазсушар» РМК оны дербестігінен ғана айырып қана қойған жоқ, жыл сайын арна арқылы түсетін миллиардтаған теңге табысты жырып әкетіп, республикамыздың өзге өңірлеріне құйды. Ал арна бойында жылдар бойы еңбектеніп келген қызметкерлердің үлесіне ештеңе тимеді. Еңбекақы өспеді, технологиялық жабдықтарға күрделі жөндеулер жеткілікті жүргізілмеді. Бір ғана мысал 1 доллар 120 теңге болған уақытта су арнасы кәсіпорнындағы қызметкерлердің жалақысы 80-90 мың теңге еді. Ал қазіргі күні доллардың құны 440 теңгенің үстінде шарықтап тұрғанда мұндағы еңбекақы 120-130 мың теңгеден аспай тұр. Мұның салдарынан су арнасында талай жыл жұмыс істеген тәжірибелі қызметкерлердің барлығы жалақысы тәуір еңбек ұйымдарына кетіп қалды. Ал арна бойында штат бойынша 2 мыңнан аса адам қызмет етуі керек болса, «Қазсушар» оны 1 600-ге дейін қысқартып, онсыз да жағдайы келіңкіремей тұрған кәсіпорынды қос өкпеден қысып отыр.
«Қаржылық дербестігінен айырылған арнаның бүгінгі ахуалы өте нашар. Жыл сайын шамамен 2 млрд теңгеден аса табысымызды тартып алып, өзге аймақтарға құяды. Бұл барып тұрған әділетсіздік қой. Жергілікті жерде алынған пайда сол саланы дамытуға жұмсалуға тиіс емес пе?! Өкінішке қарай, «Қазсушар» ондай қадамға барар емес. РМК-ға қарайтын өзге еңбек ұйымдарының барлығы шығынды болып есептеледі. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, республикалық мекеме Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы суару жүйелерін жөндеуге халықаралық қаржы ұйымдарынан ұзақ жылға 316 млн доллар көлемінде (145,4 млрд теңге) несие алған. Қарыз қамытынан шыға алмай отырмыз. Не қызметкерлердің еңбекақысы өспейді, не әлеуметтік жағдайлары дұрысталмайды. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі кейінгі 10 жылда үлкен мәселеге айналды. Бүгінде кадр тапшылығы 25 пайыздан асып отыр. Жөндеу жүргізетін, қызмет көрсететін қызметкерлер саны өте көп қысқарды. Университет бітірген жастарды қабылдап, одан соң кәсіпорын қаражатына бір жыл біліктілігін жетілдіріп оқытамыз. Әлгі жас мамандар тәжірибе жинақтап алған соң маңайдағы «Бозшакөл», «Богатырь» секілді өндірістік кәсіпорындарға қашып кетеді. Себебі оларда жалақы бірнеше есе жоғары. Қаржы жеткіліксіздігінен сусорғы стансаларына дұрыс жөндеу де жүргізілмей келеді. Ондағы жабдықтарға жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Бір күні стансаларда жүйелі апат орын алса, су беру тоқтап қалуы ғажап емес. Басшылық бірегей нысандағы су тораптарын сақтап қалу үшін электртехникалық, гидромеханикалық және гидротехникалық жүйелердің кідіріссіз жұмысын қамтамасыз ете алмай отыр», дейді Л.Баталов.
Анықтағанымыздай, «Қазсушар» РМК 2015-2018 жылдары өз қажеттіліктері үшін арнаның табысынан 2,8 млрд теңге жырып алған. Бұл аталғандарға қоса, Теміртау қаласындағы «Апан» экологиялық полигонын, «Жәйрем-Қаражал», «Есқұла», «Үйтас-Айдос» топтық су құбырларын ұстап тұру да арнаның қаржылық міндетіне кіреді екен. Қарағандыдағы «Молодежный» жұмысшылар кенті мен Павлодар облысындағы Шідерті кентінің жылу және су желілерін де осы мекеменің табысынан қаржыландырады. Әлгі коммуналдық нысандардың заң бойынша жергілікті атқарушы биліктің балансына неге берілмей тұрғаны да түсініксіз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылына тұтынушылар арнадан 450-460 млн текше метр су сатып алып отыр. Сөйте тұра, әлсіз аумақтар үшін «донорға» айналған су арнасының қызметкерлері неге тәуір жалақы мен әлеуметтік пакеттерді иеленбеуі керек? Бұл сұрақтың қойылып келе жатқанына 12 жылдан аса уақыт өтті. Алайда проблема көтеріледі де, аяғы сиырқұйымшақтанып «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып қоя береді. Бұл тарапта Сәтбаев атындағы су арнасы стратегиялық тұрғыдан еліміздің бірқатар өңірі үшін аса маңызды екенін, оның жұмысында кінәрат шықса, зардабын отандық үлкен өнеркәсіптер, қалалардағы миллиондаған тұрғындар тартатынын ескеруіміз қажет. Бүгінде су арнасы Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласына тіршілік нәрін жеткізіп тұрған жалғыз су көзі екені, бұған қоса Теміртау металлургиялық комбинаты, Екібастұздағы қос МАЭС-тің бұған байлаулы тұрғаны назарға алынса игі. Оның үстіне арнадан Ақмола облысының Қорғалжын көліне, Павлодар облысының Шідерті алқабына жыл сайын су жіберіліп, көлтабандар мен суармалы алқаптарды қамтамасыз етіп тұрғанын неге ұмытамыз?
Болашақта Астана бағытында жаңадан салынатын Софиевка су қоймасына дейін Шідерті арнасынан су тармағы жүргізіледі. Бұл жұмыстар, атап айтқанда, жобалау, құрылыс және одан арғы қызмет көрсету Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына тікелей жүктелгені жөн болар. Ендеше су арнасының кәсіпорнын жеке құрып, оны дамытудың жөн-жобасы қайта жасалса деген тілек бар.
Түйіндеп айтар болсақ, Орталық Қазақстан мен елорданы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп тұрған су артериясы сенімді әрі дербес кәсіпорынға айналуы керек. Арна ұжымының әрең күнелтіп отыруы жарамайды. Кейінгі 12 жылда кәсіпорын дамудың инвестициялық бағдарламасы аясында жобаларын қайта-қайта ұсынып, онысы мемлекеттік сараптамадан өткен де көрінеді. Алайда жобаларды іске асыруға мемлекеттік ведомстволар құлықты емес. Жағдай осылай жалғаса берсе, алдағы бес-он жылда су арнасын ұстап отырған ұйым тарап кетуі әбден мүмкін.
Павлодар облысы