Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Таяуда ғана «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысатын Үндістан Қарулы күштерінің бітімгерлік контингенті құрамында қазақстандық бітімгерлердің кезекті ротациясы жүргізілді. Біраз уақыт әлемнің «отты нүктесінде» міндетін атқарған жауынгерлер елге оралды. Алматы халықаралық әуежайында Таяу Шығыс еліндегі миссияны аяқтаған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясының «Шығыс» секторында орналасты. Олар БҰҰ мандаты аясында жаяу және мобильді патрульдеуді жүзеге асырды. Жол тосқауылдарының жұмысын ұйымдастырумен айналысты. Үнді контингентімен бірге басқа да міндеттерді орындады.
«Ливанда біз үнді батальонының құрамында болдық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бәрін жасадық. Шығыс секторының қолбасшысы мен батальон қолбасшылығы біздің әскери қызметшілердің қызметі мен жауынгерлік даярлық деңгейін жоғары бағалады», дейді бітімгерлік тобының командирі, аға лейтенант Темірлан Күмісбеков.
Бітімгерлік миссиясына қатысушылар елге оралғаннан кейін санаторий-курорттық емделуден өтеді. Содан соң олар тұрақты орналасқан жері бойынша қызмет атқаруға кіріседі. Осы орайда, бүгінге дейін Үндістан бітімгерлік контингентінің құрамында 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші Ливандағы миссияны орындауға қатысқанын атап өткен жөн.
Жалпы, қазақ ұландарының бітімгерлік миссияларына ішінара қатысып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Әсіресе, Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеcі болып сайланғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыс қарқын алды. Бүгінге дейін Ливанда бітімгерлікпен айналысу мақсатында елімізден бірнеше мәрте сарбаздар аттанды. Алғаш рет 2018 жылы 120 жауынгер UNIFIL-дің құрамында Ливандағы тыныштықты сақтау міндетіне кірісті.
Бітімгерлік күштер туралы мәселеде мынаны ескерген жөн. Еліміздің сарбаздары қақтығыс өрті күйіп тұрған аймақтарға бармайды. Ондай өңірлерге БҰҰ-ның «Бітімгерлік әлеуетінің дайындық жүйесінде» әбден ысылған әскер жіберіледі. Сонымен қатар қазақстандық сарбаздарды қақтығысқа толы аймақтарға жіберу жоспарда жоқ. Керісінше, бітімгерлік ротасының әлеуетін арттыратын, алайда дау-жанжалы аз өңірге жіберу көзделген. Себебі бітімгерлік операциясының қауіпті тұсы да бар. Ең алдымен, мұндай миссиялардың құны адам өміріне тең келуі мүмкін. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгерлік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан-ды. Сондай-ақ 2003 жылы Иракта да бір жауынгеріміз опат болды.
Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның бітімгерлік миссиясына қосқан үлесін жоғары бағалайды. Мәселен, Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы құрылғанына 75 жыл толуына орай Қорғаныс министрлігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы Өкілдігі және шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен іс-шара өтті.
Іс-шараны ашқан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгершілік миссиялары шеңберінде өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі БҰҰ-ның күш-жігерін қолдауы еліміздің сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Дипломат қолдау көрсеткені үшін серіктестерге алғыс білдіріп, Қазақстан БҰҰ аясында бітімгершілік қызметін одан әрі арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.
БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстанның ұйымның қызметіне белсенді қатысуын жоғары бағалады. Сондай-ақ Астана тығыз ынтымақтастық жылдарында бітімгершілік жолында өзінің тиімдігін дәлелдегенін және қазақстандық әскери қызметкерлердің жоғары кәсібилігін көрсеткеніне екпін берді. Шетелдік дипломат осындай миссияларда жеке тәжірибесі бола отырып, Алматыда жұмыс істейтін «Казцент» бітімгершілік оқу-жаттығу орталығы аясында бітімгершілік әлеуетті арттыру үшін елімізде жасалған жағдайларға ерекше назар аударды.
Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Хұсайынов, сондай-ақ миссияларға қатысқан қазақстандық бітімгершілер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосқан үлесі туралы мазмұнды ақпаратпен бөлісті.
Қазақстанның оң тәжірибесін атап өткен шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері біздің әскерилерге алғыстарын білдіріп, қолдау көрсетті. Отандық бітімгершілер БҰҰ-ның Ливандағы миссиясы аясындағы әрекеттері үшін жоғары баға берді. Осылайша, Үндістан Республикасының әскери атташесі сол елдің бригадасында қызмет ететін қазақстандық бітімгершілермен өзара іс-қимыл тәжірибесінің сәттілігін атап өтті. Бұл тәжірибені қазір басқа елдер де зерттеп жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуде маңызды қызметін атқарады. БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік миссиясы 1948 жылы Таяу Шығыста орналастырылды. Содан бері БҰҰ әртүрлі континенттерде 72 бітімгершілік операциясын өткізді, оған 2 миллионнан астам әскери қызметкер, полиция қызметкері және бейбіт тұрғын қатысты. Өкінішке қарай, соның 4 мыңнан астамы бейбітшілік жолында қаза тапты. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның 12 белсенді бітімгершілік миссиясында 87 мыңнан астам адам жұмылдырылған.
БҰҰ бітімгерлік қызметіне қатысу – Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағытының бірі. Өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мақсатында Қазақстанның бітімгершілік күштері 2014 жылдан бері БҰҰ миссияларына қатысып келеді. Олар қазір Ливан, Мали, Орталық Африка Республикасы және Батыс Сахарада абыройлы қызмет атқарып жүр.