Медицина • 30 Мамыр, 2023

Алты өңірде АИТВ жұқтыру дерегі артты

432 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан өңірлерінде адамның иммун тапшылығы вирусының таралу жағдайы жайлы жаңа дерек ұсынып, Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық стратегиясының көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алты өңірде АИТВ жұқтыру дерегі артты

Адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) инфекциясы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де өзекті мәселе болып отыр. Соңғы 10 жылдың ішінде ел бойынша аталған инфекцияны жұқтыру деректері 2 есе артты. Ал жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді.

Ажар Ғиният атап өткендей, ЖИТС-тен өлім-жітім алты өңірде орташа республикалық деңгейден жоғары. Олардың қатарында Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы бар.

«Қарағанды облысында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден төрт есе артық», деді министр.

Дәл осы аймақтарда АИТВ-ның таралу деңгейі ең жоғары.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы Қазақстан 2030 жылға қарай жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромын (ЖИТС) жою және жаһандық Стратегия мақсаттарына қол жеткізу бойынша бірқатар міндеттеме қабылдады. Бұл адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін барлық адамдардың 95%-ы өздерінің мәртебесі туралы білуі керек, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың 95%-ы емделуі керек және науқастардың 95%-ында ем тиімді болуы керек дегенді білдіреді.

щз

Десе де, Ажар Ғинияттың айтуынша, денсаулық сақтау және медициналық ұйымдардың күш-жігері АИТВ-мен күресте жеткіліксіз. Осы тұста ведомство басшысы науқастардың осы санатына медициналық көмек көрсетудің проблемалық мәселелерін атады.

«Қоғамда аталған инфекцияны жұқтырғандар мен халықтың негізгі топтарына қатысты стигма мен кемсітушілік сақталып отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының профилактикасы үшін әлеуеті жеткіліксіз пайдаланылады, ал олар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруда және АИТВ инфекциясының жаңа жағдайларын анықтауда маңызды рөл атқарады», деді А.Ғиният.

2022 жылдың соңында Қазақстанда АИТВ-мен ауыратын 30 558-ден астам адам өмір сүрді. 2022 жылы 3877-ге жуық жаңа жағдай тіркелді. Ведомство ұсынған ститистикаға қарағанда, еркектер әйелдерге қарағанда 2 есе көп сырқаттанады. Жалпы АИТВ жұқтырған науқастардың 82%-ы - 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. 

Айта кетсек, Қазақстанда аталған инфекцияның жыныстық жолмен таралуы басым (75%), ал инъекция арқылы жұқтыру деректері 20%-ды құрайды.