Үстіміздегі жылдың наурыз айының орта шенінде Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің өткен жиналысында еліміздегі өрт қауіпсіздігінің 2011-2013 жылдардағы жай-күйі мәселелері талқыланған еді. Онда соңғы екі жылда ғана Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері 55 сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғаны жөнінде жанға батар мәлімет берілді. Бұл, бәрінен бұрын, қаншама адамның құқы тапталып, жігері құм болғандығын көрсететін жайт еді. Бұған қоса, Төтенше жағдайлар министрлігінде өрт деректері бойынша қозғалған қылмыстық істерді тергеу барысы сын көтермейтіндігі айтылған. Аталған мерзім ішінде осы тектес 3 мыңға тарта қылмыс тіркелген. Және бұл қылмыс, орташа есеппен алғанда, күніне 50 пайызға өсе түсуде делінген-тін. Сөйтіп, оқиғаның орнын дұрыс қарамаудан, оны тексеруге атүстіліктен және аталған қылмыс түрін ашу амалын жетік меңгермегендіктен, бұл қылмыстардың 70 пайызы ашылмай қалады екен.
Енді, міне, Орталық коммуникациялар қызметіне Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко келіп, өзінің және аты мен заты дардай министрліктің өткен уақыт ішінде не тындырғанын айтып берді. Брифингте сөйлеген сөзінің тақырыбын: «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар» деп айқайлата атапты. Бір қарағанда, бәрі жап-жақсы, дұрыс секілді. Оның айтуынша, жағдай расында біршама түзелген секілді. «Жыл басында өткізген брифингте мен еліміздің Президенті «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын іске асыру аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында тұрған басым міндеттер туралы баяндағанмын», деп бастады сөзін В. Божко. Енді ол бұл жолғы журналистердің алдына келуінің мақсатын министрліктің қол жеткізген аралық нәтижелері туралы ақпарат бергісі келетінімен түсіндірді.
Сонымен, оның ұзақ-сонар баяндамасында үстіміздегі жылдың 11 сәуірінде «Азаматтық қорғау туралы» Заңға қол қойылғаны айтылды. Бұрын атап көрсеткенімдей, деді ол, аталған заңда Елбасының Жолдауда алға қойған «Қазақстан әлемде адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуы тиіс» деген міндеті баянды етіліп отыр. Заңда бұрын қолданыста болған нормалар ТЖ саласындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге сәйкестік келтіріліп, сондай-ақ, азаматтар мен аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірқатар жаңа шаралар мен тәсілдер көзделген. Сөйтіп, қазіргі уақытта «Азаматтық қорғау туралы» Заңды іске асыруда 103 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленуде (соның ішінде12 нормативтік құқықтық акт қабылданған).
Одан әрі Төтенше жағдайлар министрі Мемлекет басшысы Үкімет алдына бизнеске көмек көрсету бойынша маңызды міндеттер қойғанын қаперге салды. Бұл арада В. Божко Елбасының «Шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын ел экономикасы да нығаяды» деген сөзін келтірді. Және ол министрлік бизнеске әкімшілік қысымды азайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізетінін бірнеше рет айтқан едім, деді. Соған сай 177 рұқсат беру құжаты 165-ке азайтылған. 103422 кәсіпкерлік нысанды тексеру тоқтатылған. Ал осының бәрі барлық бақылаудағы жеке кәсіпкерлік нысандарының 65 пайызы екен.
Бұдан әрі министр ағымдағы жылдың ақпанында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы А.Мырзахметовпен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қысымды азайту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын көлденең тартты. Меморандум кәсіпкерлердің бірлескен қызметтің және өзара ақпарат алмасудың сындарлы, ашық, тиімді қағидаттарына сай бизнесті қолайлы жүргізудің институттық негізін қалыптастыру бойынша бірлескен және келісілген іс-әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында жасалыпты. Бұл орайда министрліктің аумақтық органдары кәсіпкерлермен кездесу санын арттыра түскен. Мәселен, бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлердің, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен 219 дөңгелек үстел, кездесулер және кеңестер өткен.
Бұдан кейін көптеген деректерді келтірген министр өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қызметіне тоқталды. Ал жоғарыда аталған Бас прокуратурада өткен жиналыста соңғы үш жылдағы өрт қауіпсіздігінің жай-күйі де талқыланған болатын. Талдау өрттің алдын алу жөніндегі жұмыстардың жеткіліксіз екендігін көрсеткен. Прокурорлар өрт қауіпсіздігінің нормалары мен ережелерінің бұзылуы салдарынан оның соңы түрлі өртке, орасан мүліктік шығындарға, адам өліміне әкеліп соқтырғанын анықтаған. Осы үш жылда елімізде 46024 өрт оқиғасы орын алған, онда 1464 адам, соның ішінде 174 бала қаза тауып, 1776 адам түрлі жарақаттар алған. Өрт салдарынан келген жалпы шығынның мөлшері шамамен 15,5 млрд. теңгені құраған. Осы деректерге сай бұл жолы министр де үстіміздегі жылы былтырғыға қарағанда өрттің 2,3 есе өскенін жасырмай айтты. Бұған қоса, материалдық шығын 2 есе өсіп, ол 20 млн. 634 мың теңгені құрапты. Сондай-ақ, 15 дала өрті тіркеліп, олар 19898 га жерді тып-типыл еткен. Соның салдарынан материалдық шығын 3 млн. 907 мың теңгені құраған. Қысқасы, 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда дала өрттерінің саны 73 пайызға өсіпті.
Бұл орайда құзырлы орган: «Ауылдық мекендердің 90 пайызы өрттен қорғану жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Өрт деполары ғимараттарының шамамен 65 пайызының пайдаланылғандығына қырық жылдан асқандықтан, олардың кейбірі апатты жағдайда деп танылған. Соның өзінде бұл көрсеткіштер еліміздегі өрт қауіпсіздігіне қатысты шынайы жағдайды толыққанды көрсете алмайды. Бұл аз десеңіз, өрт сөндіру бөлімшелерінің техникалық жарақталуы, нашар, алыс орналасқан елді мекендерді өрттен толыққанды қорғауға мүмкіндік төмен, ерікті өрт сөндіру құрамаларының жұмыстары тиімсіз» деген еді. Бірақ министр В.Божко баяндамасында: «Жергілікті атқарушы органдар өрттің алдын алу және оларды жою үшін ауылдық жерлерде саны 50 мың адамнан тұратын 4368 ерікті өртке қарсы құрылым құрды», деді. Әлгі еріктілердің иелігінде 363 өрт сөндіру автомобилі, 592 өрт сөндіру мотопомпасы, саны 4118 бірлік аспалы өрт сөндіргіш бар көрінеді. Жалпы алғанда, ТЖМ ерікті құрылымдардың техникалық жағынан жарақталуын нығайту үшін соңғы 3 жылда 44 бірлік өрт сөндіру техникасын жергілікті атқарушы органдарының теңгеріміне беріпті. Осының нәтижесінде табиғи өрттерді сөндіруге қатысу деңгейінің оң қарқыны байқалып отырса керек.
Сөзін В.Божко министрлік Мемлекет басшысының аталған Жолдауында алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша және елдің азаматтық қорғау деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретін болады деп түйіндеді. Көкейде біраз сауал қалды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».