Зерде • 31 Мамыр, 2023

Қарабалықтағы қақтығыстың ақиқаты

334 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске Ырғыз, Көкшетау, Ұлытаудың, Троицкімен іргелес жатқан Қарабалықтың, одан өзге өңірлердің де азаматтары қатысқаны туралы деректер бар. Бұдан тар заманның қамытына басы сыймай, патша жарлығынан қысастық көріп, қудалауға ұшыраған қазақ жігіттерінің Торғай даласынан рух алып, пана тапқанын аңғаруға болады. Мәселен, 1916 жылдың қазан айында тек Торғай мен Ырғыз уездерінде 20 шақты көтерілісшілер жасағы құрылған. Осылайша, көтерілістің бас сардары Амангелді Имановтың әскері ұзын саны 50 мың сарбазы бар жер қайысқан үлкен қолға айналады.

Қарабалықтағы қақтығыстың ақиқаты

Сайым болыстың өлімі

Торғайдың топжарғаны атанған ақын Нұр­­хан Ахметбековтің «Аман­­гелді» дас­та­нында:

«Көнбеген зұлымдықтың

шарасына,

Жанғандар жауыздықтың

жаласына.

Тұтасып тұс-тұс жақтан

келіп жатты,

Батырдың асқар

таудай панасына.

Обаған, Үй бойы мен

Әйет, Тобыл,

Атбасар, Көкшетау мен

және Сібір.

Байқоңыр,

Алтықұдық, Қарсақбайдан,

Қосылып келіп жатты

топ-топ шоғыр.

Тоғызақ, Аққарға

мен Мағанайдан,

Қазанбас, Аман,

Ара Қарағайдан,

Бас болып Жантуардың

ер Есеті,

Екі лек қосын келді Қостанай­дан», деген жолдар бар.

Арқалықтағы Далалық өлке тарихы музейінің қызметкері, ақын Батырлан Сағынтаевтың айтуынша, Нұрқан дастанында аталған Жантуардың Есеті – Амангелді әскеріне келіп қосылған Қарабалық қосынының басшысы. Есеттің жазба естелігі Зияда Ижановтың «Аласапыран» кітабына да енген. Оны да Батырланнан алдық. Естелікте Қарабалықты билеп тұрған Сайым болыстың өлімі туралы былайша баяндалады: «Болыспен келіспей жүргенде қазақтан соғыс қара жұмысына кісі алынсын деген «25 июнь» жарлығы шыға келді. Сайым болыс жарлықты орындауға кірісті. Қазақта белгілі метірке жоқ. Сондықтан болыс ауылнайларды алып отырып, 19-38 жас аралығындағылардың тізімін жасады. Байлардан ат-тон, не 100-200 сом пара алып, балалардың тура жасын не кемітіп, не өсіріп, не жеңілдік алатын жұмыста деп көрсетіп, жалған сылтау­лармен қалдырып, олардың орнына жасы тура келмесе де кедей балаларын жібермек болды. ...Сондықтан ауыл жігіттері топ-топ болып жиылып, болыстың өзін өлтіру шарасын көздеді. Сайым елдің сұсынан шошынды. Басын қорғау үшін өз ауылындағы Қалмен Баянов, Досымханов сияқты жеті адамды уез орталығы – Қостанайға айдатып жіберді. Соларды айдатып жіберген 10 шіл­де күні болыс өз үйінен 20 шақырым жердегі Шарбақшы көліндегі құдасы Берден Таңсықовтың үйіне қонады. Біз жеткенше Тасболатов бастаған 200 жігіт Сайымды өлтіріп, қораға іліп қойған екен. Қорлықпен өлтіріпті».

Болысты өлтіргендердің ішінде аға­­йынды Камал, Мұхаметқали Жиен­таев­тар да болған. Мұхаметқали Жиен­тай­ұлының кенже ұлы Сансызбай Жиен­таев қазір Қостанайдағы Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы универси­тет­те жұмыс істейді, экономика ғылым­да­ры­ның докторы. Ғалымның айтуынша, әб­ден­ ашуға мініп алған жігіттер алдымен Сайым болысты ат құйрығына байлап сүй­реткен, арқан үзіліп кеткен соң бауыздап өлтіріпті. Бүлікшілер болыстың қолындағы тізімді алып, жойып жіберіп, үш ауыл старшинасының кеңсесін өртейді. Осы қақтығыстан кейін бір ауыл­най хабар-ошарсыз жоғалып кетеді.

«Патша үкіметі Қарабалық болы­сын­дағы көтерілісшілерге қарсы Троицк қала­сынан – 50, Николаев бекінісінен 10 адамнан құрылған жазалаушы жасақ жібе­реді. Мұздай қару құрсанған жазалаушы жасақ шықты дегенді естіген Камал Жиен­таев болыстың тізіміне ілінген 107 жі­гітті Құнаншапқанға жинап, түн жамылып отырып Торғайға қарай қашады. Құнаншапқан кейін Қарабалық ауданына қарасты Есенкөл кеңшарының екінші бөлімшесі болды. Қалың ағаштың арасына орналасқан табиғаты әсем жер. Қашқан жігіттердің арасында жүріске төзімді жылқыны айна қатесіз танитын, жер жағдайын жақсы білетін мықты барымташылар да болған. Олар жасақты ешбір шығынсыз аман-есен Амангелдінің әскеріне әкеп қосады», дейді профессор.

1916 жылы Мұхаметқали – жиырмада, ағасы Камал отыз жаста. Екеуі де қара жұмысқа алынатындардың тізімінде болған. Сансызбай Мұха­метқалиұлының қолында әкесінің жазбасы сақталып қалған екен. Онда: «Амангелді Иманов бізді «Міне, солтүстіктегілер де келді, бұл жақсы жаңалық» деп жылы шыраймен қарсы алды. «...Тамақтандырып, бір тәулік демалдырыңдар» деп бұйрық берді. Жаңа келгендерді бастап келген Камал Жиентаевты басқа болыс­тардан келген сардарлармен бірге киіз үйге жиналысқа алып кетті. Одан кейін біздің жасақ Жыланшық өзенінің жағасына жіберіліп, онда жүйелі әскери дайындық басталды. Қасымызда Бестөбе болысынан 5 жа­саққа бөлініп 500-ден астам атты әскер тұрды. Біздің жасақта 107 адам болды. Айнала 15 шақырымға дейін қарауыл жасақтары орналастырылды, олар жүйелі түрде ауысып отырды. Амангелді тәртіпке қатты болатын. Көп ұзамай тәртіп орнап, жасақ бас сардардың бұйрығын бұлжытпай орындайтын ұйымшыл, бірақ нашар қаруланған жасаққа айналды. Амангелді Иманов ұзын бойлы, кең иықты адам еді. Оның даусы әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Ол тым ақырын, бірақ өте сенімді, адамды өз күшіне, істеп жатқан ісінің дұрыстығына сендіріп сөйлейтін. Мұны біздің жасақ бірден сезінді...», деп жазылған.

Ағайынды Жиентаевтар 1916 жыл­­­дың­ шілдесінен бастап екі жылдан­ ас­­там уақыт Амангелді жасағында бол­­ған. Қарабалық болысының жа­сақ командирі Камал Жиентаев ке­йін Әліби Жангелдиннің сенімді серік­те­рінің біріне айналады. Бұл туралы В.Макотченко, А.Айтмұхамбетов, И.Тер­новой, Н.Жұмабаев секілді қоста­най­лық тарихшы-ғалымдардың зерттеу­ еңбек­терінде жан-жақты жазылған. К.Жиен­таевтың жасағы Қарабалыққа 1918 жылы қарашада Торғай қаласы ақтар­дан азат етіл­ген­нен кейін ғана қай­тып­ оралып, бейбіт тір­шілікке араласа бастайды.

 

Кейкінің мылтығымен ойнаған бала

Мұхаметқали Жиентайұлы кейін Екін­ші дүниежүзілік соғысқа аттанып,­ Смо­ленск үшін болған сұрапыл шайқаста оң аяғынан айырылып, елге оралады.

«Біз сол соғыстан кейін тараған ұр­пақ­пыз ғой. Мен ес білгелі үйдің төбе­сін­де бір ескі мылтық жатты. Бала кезі­мізде сәбет-неміс болып екі топқа бөлініп алып, соғысып ойнайтынбыз. Мен әлгі бердеңке мылтықты ұстаймын. Оғы жоқ, бірақ кәдімгідей сарт-сұрт етіп атуға дайын тұрғандай көрінді. Ауылға жақын жерде ұшқыштар бөлімшесі бар еді. Сол маңайдағы полигонда бос гильзалар шашылып жататын. Енді балалық қой, бірде соларды жинап, мылтыққа оқ жасап, атып көргеніміз бар. Бердеңке тарс ете қалып, көзімнің алды көк түтін болып кетті. Оны естіген әкем, сол күні кешке мылтықты алып қойды», деп еске алады Сансызбай Мұхаметқалиұлы.

Майдангер әке ертеңінде екі егеу алды­рып, күні бойы отырып әлгі бер­дең­кенің тұтатқыш тоқпағын алып тас­тайды. Айтпақшы, жоғарыда айтылған Аман­кел­ді әскеріне қосылған 107 адамның бір­не­шеуінің ғана мылтығы болыпты. Соның біреуін Камал Жиентайұлы ұста­ған­ екен.

«Қарудың тарихын әкемнен кейін ба­рып естідім. Амангелді сарбаздары Тор­ғай­ды алғаннан кейін, әр жасақта қазан көтеріліп, ас беріледі. Оқшаулау жерде тынығып жатқан Қарабалық жасағына, қасында құлан қыпшақ Кейкі бар, бас сардардың өзі келеді. Бір емес, екі бірдей батырдың келуі – қатардағы сарбаздар үшін ұлы мереке. Емен-жарқын әңгіме айтылып, екі батыр сарбаздардың өнерін тамашалап біраз отырады. Көңілді сәттің бірінде Қарабалық жасағының ішіндегі пысықтау біреуі «Кейкі, аға, біздің арамызда сіз туралы айтылатын аңыз көп. Бұдан кейін сізбен кездесе аламыз ба, бір Алла ғана біледі. Айыпқа бұйырмаңыз, осы мүмкіндікті пайдаланып, қолқа салғым келіп тұр. Осындағы сарбаздар мергендігіңізді өз көзімізбен көрсек, арман не?!» дейді. Жас жігітті қолдай кеткен көпшілік те батырды қолқалай бас­тайды. Кейкі қарсысында отырған Камал бапамның бердеңкесін ала салып, анадайда ұшып бара жатқан құсты көздемей-ақ атып түсірген екен. Әкем кейде «бұл бекер бердеңке емес, бұл Кейкі батыр ұстаған мылтық», деп отырушы еді марқұм. Ол кезде Кейкінің кім екенін білмейміз. Құдды ертегінің батырындай елестетуші едік», дейді ғалым-ұстаз.

Сағынбай аға үйдің кенжесі болған­дық­тан, әкесі бетінен қағып көрмепті. Қан­ды қырғыннан әупірімдеп аман шық­қан майдангер араға біраз уақыт салып өз­і алып қойған мылтықты баласына қай­тарып береді.

«Әкем майдангер болған соң, жылда тоғы­зыншы мамырда біздің үйде міндетті түр­де бір қой сойылып, қонақасы бері­ле­тін. Бұл күні әкем марқұм не сұрасам да­ тауып әкеп беретін. Ең алғашқы вело­сипедімді де осы күні алып берді. Сондай мерекенің бірінде әлгі атуға жара­май қалған бердеңкені тағы сұрап алдым. Содан қолымнан тастамайтын болдым. Ауылдың шетінде қалың шағыр өсетін, күзде сол шағырдың ішіне жасырынып ойнап жүріп, қалай жоғалтып алға­ным­ды­ білмей қалдым. Бүкіл бала жабылып әрі іздеп, бері іздеп, ақыры таба ал­мадық. Кейде сол кезде балалықпен жо­ғал­тып алмағанымда, қазір жергілікті музей­лердің бірінде құнды жәдігер болып тұрар ма еді деп өкінемін», дейді профессор.

 

Қостанай облысы