Тәртіп сақшыларының дерегінше, Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан отбасының шырқын бұзатындарға қатысты екі мыңнан астам тиісті ұйғарым шығарылып, 258 адамның спиртті ішімдік ішуіне заң жүзінде тыйым салыныпты. Есірткіге және алкогольді ішімдікке құмар тағы 156 жеке тұлға наркологиялық диспансерде мәжбүрлі түрде ем қабылдауға бағытталған. Мұның барлығы – тәуекел тобында тұрған жанжалқой еркектерді жуасытудың амалы. Үйде жиі жанжал шығаратын 718 ер-азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, соның жүзден астамы отбасындағы қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін жазаланған. Зорлық-зомбылықтың мұндай түрі көптеген отбасында қайталана беретіні хақ. Себебі зардап шегушілердің көбі материалдық тұрғыдан отағасына тәуелді. Соның кесірінен көптеген әйел күйеуінен қанша жәбір көрсе де, полицияға берген өтінішін кері қайтарып, қылмыстың қайталануына өздері себепкер болады екен.
Биыл 1 шілдеден бастап полиция органдары тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстыратыны мәлім. Жаңа түзетулер жәбірленушілер өтініш бермей-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісін бірден тіркеп, хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады.
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, Қылмыстық кодекске енген өзгерістер 19 мамырда заңды күшіне енсе, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңашылдықтарды 1 шілдеден бастап іс жүзінде қолдануға болады.
Жаңа өзгерістерге сәйкес тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады. Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласуға байланысты сотта тоқтатылып қалады екен. Мұндай жағдайлар көбіне отбасының шырқын бұзатын азаматтардың, оның туыстарының «сендіруімен» немесе қысымымен болатын көрінеді. Психологиялық қысым бұдан былай шектеліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді.
«Бұған дейін зардап шегуші өтінішін қайтарып алуына байланысты немесе мүлдем жазбаған уақытта тәртіп сақшылары жәбірлеуші азаматқа еш шара қолдана алмайтын. Ал есесіне заң бұзушы өзінің теріс қылығын кейін де жалғастырып, жазадан кез келген уақытта құтылып кететініне сенімді болып алады. Жыл басынан 718 әкімшілік іс жолданып, соның 357-сі татуласуға байланысты тоқтатылды. Өзгерістерге сәйкес енді бір мәрте ғана татуласуға болады. Отбасындағы жанжалқойға алғашқы жағдайда ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамалады. Ал әйелін тағы жәбірлесе, онда оның жазасы – 10 тәулік. Ұрып-соққаны үшін 10 тәулікке қамалып, онысын тағы қайталаған жағдайда 15-20 тәулікке уақытша қамау орнында ұсталады», деп түсіндірді Ж.Қайыров.
Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың баратын жері болмаса дағдарыс орталығына немесе қоғамдық белсенділерге хабарласса болады дейді мамандар. Оларға бұл жерлерде әлеуметтік, психологиялық және заң тұрғысынан көмек көрсетіледі. Мәселен, кейінгі бес айда Павлодар қаласындағы дағдарыс орталығы 27 әйелді балаларымен бірге қабылдаған. Сенім телефонына 48 қоңырау түсіп, барлығымен жұмыс жүргізілген.
«Шын мәнінде осы уақытқа дейін учаскелік инспекторлар отбасындағы жәбірленушілерді тек қорқытумен ғана айналысып келді. Шақырту болса, үйіне іздеп барып, шектеулі шараларды ғана қолдана алатынбыз. Павлодар қаласы бойынша күйеуінен таяқ жейтін, зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер жетерлік. Олардың кейбірінен айына бірнеше мәрте шақырту түседі. Кейбір ер-азаматтар жұбайларын аяусыз тепкінің астына алып, ұрып тастайтыны бар. Көбі арақтың кесірінен болатыны даусыз. 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру қылмысын жасауға байланысты жекелеген баптарына өзгерістер енгізілді. Кодекстің 106 және 107-баптарындағы біліктілік белгілерінде «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деп нақты белгіленген. Ол күдіктіні немесе қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Оның үстіне қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту алынып тасталып, енді тек 10 тәулікке қамалады. Мінез-құлыққа ерекше талаптар орнатуды бұзғаны үшін айыппұл да жойылып, қамаудың мерзімі 10 тәулікке дейін ұлғайтылды. Бұл жағдайда құқық бұзушылық қайталанса, азаматтар 20 тәулікке дейін қамауға алынады», дейді Павлодар қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Әсем Рахимова.
Қысқасы, бұдан былай отбасында тайраңдап, оғаш мінез-құлық көрсететін, әйелі мен бала-шағасына қол жұмсайтындар жазадан қашып құтыла алмайды. Жауапкершіліктің салмағы ауырлағанын сезген әлгіндей ер-азаматтар енді әр қадамын байқап басып, отағасы рөліндегі образын жақсарта түседі деп сенеміз.
Павлодар облысы