Абай облысы, Аягөз ауданында дүниеге келіп, Семей қаласында есейіп, өмірден өз бағытын қалыптастырған әйгілі өнер иесінің 80 жасқа толған мерейтойы туған жерінің төрінде дүбірлеп өтті. Ұлы өнердегі жолын 1974 жылдан Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бастаған Ғайникамал Мұқанқызының жерлестерімен кездесуге келгені Семей төріндегі айтулы оқиға болды. Өйткені аты мәшһүр актрисамен бірге өмірдегі, өнердегі өте сыйлас дос-жаран, әріптестері арнайы келіп, Абай театрында «Отыз ұлың болғанша...» спектаклін сахналады.
Спектакль қойылардан бұрын Әуезов театрының қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Саят Мерекеұлы, «Құрмет» орденінің иегері, өнер тарланы Ғайникамал Мұқанқызы және М. Әуезов атындағы театр драматургі Мұратбек Жақсылық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, мерейтой иесінің және өздерінің өнер жолында кездескен танымал тұлғалар жайында, куә болған оқиғалардан түйген ой-пікірлерін ортаға салып, мазмұнды сұхбат берді.
– Мен ең алдымен мерейтойымды туған жерімде өткізуге келгенде Семейімнің Абай облысының орталығы мәртебесін иеленіп, даму жолына түскенін көріп қуанып отырғанымды айтқым келеді. Өйткені Семей қашан да қазаққа ұлы Абайдың, Шәкәрімнің және қазақ әдебиеті мен өнерінде мол мұра қалдырған Мұхтар Әуезовтің ізі қалған қала ретінде де қастерлі. Сондықтан мен ендігіде қаланың да, жалпы туған топырағымның да болашағы зор деп ойлаймын. Осы тұрғыда араға 50 жыл салып келіп тұрсам да, бізді пойыздан түскеннен зор құрметпен қарсы алып, шынайы ықылас-ниетін танытып отырған Абай облысы әкімдігінің және Мәдениет басқармасының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді мерейтой иесі Ғ. Байқошқарова.
М.Әуезов театрының қоюшы режиссері Ә.Рахимовтың айтуынша, өмірін өнер жолымен ұштастырған адам жанкешті болуға тиіс. Алғашында дәрігер болуды жөн санап медицина институтына түскен Ғайникамал Мұқанқызының ол оқуын тастап, өнерге тәуекел етуі соның бір дәлелі іспетті.
– Бәлкім, бұ кісі оқуын бітіргенде жақсы дәрігер болар ма еді. Есесіне өнерге бастаған қадамы бекер болған жоқ. Қазақ театрының қарашаңырағы саналатын Әуезов театрында жүздеген рөлдерді сомдап, көрермен қауымды тәнті етті. Соның көбінде менің спектаклімде ойнады. Оның бір себебі әр режиссердің сахнада өнер көрсететін таланттар арасында ойы бір жерден шығатын, бірін-бірі қапысыз ұғатын мұраттастары болады. Солардың ішінде мен үшін қашанда орны төрде саналатын Ғайникамал апамыз және жақын аралас-құралас замандасым Саят Мерекеұлы. Ал, осы тұрғыда жолымыз түскен Семей топырағы біз үшін қашан да қасиетті. Біз үшін ғана емес, жалпы қазақ театрының негізі осы топырақта қаланды ғой. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымынан бастау алатыны баршамызға белгілі. Семейдің әр көшесінен Алаш тарихының лебі сезіліп тұратындықтан бұл сапарға үлкен дайындықпен келдік, – дейді Ә. Рахимов.
Ғайникамал Мұқанқызымен театр сахнасында да, кино өнерінде де көп жылдардан бері бірге қызмет атқарып келе жатқан актер Саят Мерекеұлының әсерлі әңгімесі де осы оймен жалғасып кеңінен өрістеді. Осыдан біраз жыл бұрын көрермен ойында тамаша әсер қалдырған «Қарашаңырақ» телехикаясында Саят Мерекеұлы әке бейнесін сомдаса, Ғайникамал Мұқанқызы оның жары, яғни, үш ұлдың анасы рөлін сәтті шығарғаны шындық.
– Біз Ғайникамал апай екеумізге театрда да, кинода да сәйкестік пе, әйтеуір, ерлі-зайыптылар бейнесін ойнау дөп келіп тұрады. Бірінші кезекте сахнадағы серігіңнің адамгершілік қасиеті, қарапайымдылығы, өзара түсіністіктің болуы маңызды рөл атқарады. «Қарашаңырақ» телехикаясынан бөлек, жазушы Асқар Сүлейменовтің аудармасымен жазылған Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» спектаклінде мен барон де Сатанвилл, ол кісі мадам Ве Сатанвилл рөлінде, Қалихан Ысқақтың «Жан қимақ» пьесасында мен Ғабдыкәрім болыс болсам, бұ кісі оның кіші әйелінің бейнесін сомдады. Бірге өнер көрсете келе айтарым – Ғайникамал апай өзінен кейінгі толқынның да жайын ұға білетіндігі, қандай рөлді сахналауға да ерекше дайындықпен келетіндігі бізге де үлгі-өнеге болып саналады, – дейді Саят ағамыз.
Абай облысы